Жетісу – инвестиция тартуға қолайлы өңір. Аграрлы облыстың ауыл шаруашылығы саласынан бөлек, туризм, логистика саласында да әлеуеті жоғары. Соңғы 7 айда 188,2 млрд теңге инвестиция тартылған. Көп ұзамай инвесторлардың көмегімен қос бірдей су электр стансасы салынбақ. Одан бөлек, жүгеріні терең өңдейтін зауыт қажеттілігі туып отыр. Қазір осы салаға қаржы құюға ниетті инвесторлар ізделіп жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты биылғы Жолдауында инвестиция мәселесіне арнайы тоқталды. «Дүниежүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажет шара» деді.
Облыстағы қолайлы табиғи-климаттық жағдай жасыл энергетиканы дамытуға мүмкіндік беріп отыр. Сарқан ауданының Басқан өзенінде салынып жатқан екі бірдей су электр стансасы – осы бағыттағы бірегей жұмыс. Қуаты жылына 76,5 млн кВТ/сағ болатын екі жобаға 9,3 млрд теңге инвестиция тартылып, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылмақ. Облыста белгіленген қуаты 210,5 МВт болатын жаңартылған энергия көздерінің 15 нысаны бар болса, соның 4-еуі Сарқан ауданы аумағында орналасқан.
«Лепсі, Сарқан, Басқан өзендерінде 4 станса жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, «Baskan Power» ЖШС-ның «Басқан ГЭС-2» және «Басқан ГЭС-3» жобаларының құрылысы жүріп жатыр. Қазір жұмыстың шамамен 90%-ы тәмамдалды. Нысандар алдағы қазан айында салынып бітіп, іске қосылады деп жоспарланған. Мұндай жобалар біз үшін аса қажет. Біріншіден, аймаққа инвестиция тартылады, екіншіден, тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары ашылады, үшіншіден, электр қуатының өндірісі артады», дейді Сарқан аудандық кәсіпкерлік бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ақан Иманжанов.
Екіаша ауылдық округіне қарасты аймақта салынған екі су электр стансасын басқару жүйесі тұтастай автоматтандырылған. Нысандар заманауи құрылғылармен толықтай жабдықталған. Қазір «Басқан ГЭС-2» нысанында 27 адам жұмысқа кірісті. Ал екі станса толық іске қосылғанда тұрақты жұмыспен қамтылған азаматтар саны 50-ге жетеді.
ГЭС-ке жұмысқа орналасатындардың қатарында Екіаша ауылының тұрғыны Күнтуған Мұқашев та бар.
«1986 жылы Қарағандыдағы энергетика институтын «энергетика» мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Ауылға келген соң мамандық бойынша жұмыс табылмай, дәнекерлеуші болдым. Енді міне, ауылымыздың іргесінен су электр стансасы салынып, мамандығым бойынша жұмыс көзі шығып отыр. Тұрақты жұмысқа алынатын азаматтар қазірден-ақ өндірістік-тәжірибеден өтіп жатырмыз. Арамызда энергетика мамандығын бітірген ересек азаматтар да, ауылға оралған дипломды жастар да бар», дейді ауыл тұрғыны.
Екіаша ауылдық округінің әкімі Дәулет Дүйсенбековтің айтуынша, ауылда 3 мыңға жуық тұрғын бар. Елді мекен халқы негізінен егін салып, мал өсіреді. ГЭС құрылысы басталғалы жергілікті азаматтар тұрақты жұмысқа орналасып, табыс тауып отыр. Сондай-ақ «Baskan Power» ЖШС өз қаражатына Екіаша ауылының тұрғындары үшін елді мекенге бау-бақшалық су жеткізетін «Әлімбай», «Қайран» каналдарының 37 шақырымын жаңғыртып, 7 шақырым ауылішілік жолға жөндеу жүргізуді қолға алған.
Жалпы, өңірде биыл қуаттылығы 42,1 МВт болатын жаңартылған энергия көздерінің 3 жобасын аяқтау жоспарланған. Соның 2-еуі Сарқан ауданында, 1-еуі Ескелді ауданында орналасқан. 2026 жылға дейін тағы осындай 8 нысанды іске қосу межеленіп отыр. Жақында Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыровтың облысқа жасаған сапары кезінде де инвестиция мәселесі талқыланды.
«Қытаймен шекаралас экономикалық аймақтарда көлік-логистикалық бағытты жандандыру, өнеркәсіп аймағын дамыту, сауда-саттықты өркендету бағытында көптеген жоба бар. «Қорғас» аймағына газ тарту жұмыстары қолға алынып жатыр. Көксай мыс кен орнында құны 1,4 трлн теңге болатын ауқымды жоба іске асырыла бастады. Жасыл энергетика бағытында да тартымды бастамалар бар», деді аймақ басшысы.
Өңірдің инвестициялық әлеуетін еселеп арттыруға болады. Әсіресе агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, көлік және логистика, туризм, баламалы энергетика, жер қойнауын пайдалануды дамыту қажеттілігі байқалады. Сол сияқты екі арнайы экономикалық аймақ – «Достық» және «Қорғас» шекаралық аймақтарының жүзеге аспай жатқан мүмкіндігі қаншама.
«Біріншіден, бізге жүгеріні терең өңдейтін зауыт қажет. Осы салаға қаржы құюға ниетті инвесторлар іздейміз. Жетісудың жері жүгері өсіруге өте қолайлы. Егер зауыт салынса, оны шикізатпен өңір шаруашылықтары толық қамти алады. Екіншіден, өңірге құс фабрикасы керек. Облыста қазір бір ғана құс фабрикасы бар, оның өзі тек жұмыртқа бағытында жұмыс істейді. Үшіншіден, балық өңдеу саласына да инвестор тарту өзекті. Сіздер тарапынан осы үш мәселеге ерекше назар аударылып, әлеуетті инвестор тарту жағынан қолдау көрсетілсе дейміз», деді Б.Исабаев.
Айта кетейік, Жетісу облысы құрылған сәттен бастап 89,4 млрд теңге сомаға 86 инвестициялық жоба іске асырылып, 2 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Биыл 2,9% өсіммен 375 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Өткен жеті айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 188,2 млрд теңгені құрады.
Инвестиция комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұловтың айтуынша, елімізде халықаралық цифрлық инвестициялық платформа әзірленіп, іске қосылған.
«Онда елімізде шетелдік инвесторлармен бірігіп жүзеге асырылу көзделген инвестициялық жобалар туралы мәліметтер орналастырылып, жобалардың іске асырылу барысына мониторинг жасалып, өңірлер рейтингі түзіліп отырады. Сонымен қатар платформада шетелдік инвесторлар өз ұсынысын қалдыра алады. Бұл ұсыныстар тиісті орган тарапынан қарастырылып, инвестормен байланыс орнатылады. Платформа әлі де жетілдіріледі», дейді.
Мемлекет басшысы айтқандай, Үкімет жанындағы Инвестициялық штабқа ауқымды құзырет беріліп отыр. Бұл қадам металды терең өңдеу, мұнай-газ-көмір химиясы, туризм, энергетика және машина жасау сияқты маңызды салалардағы жобаларды жүзеге асыру қарқынын арттыруға жол ашпақ.
Жетісу облысы