• RUB:
    5.16
  • USD:
    530.24
  • EUR:
    543.97
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Қыркүйек, 2024

Ұстаз өнегесінің өлшемі

76 рет
көрсетілді

«Немерелерім маған еліктеген болуы керек. Екеуі мұғалімдікті таңдап, еліміздің саналы ұрпақтарын тәрбиелеуге атсалысып жүр. Әрқашанда адал болыңдар, сонда жолдарың ашық болады деп айтып отырамын. Тағы бір немерем Түркістан индустриалды-педагогикалық колледжінде оқып жүр. Егер нақты осы саланы таңдаған болсаң оқуыңды одан әрі қарай жалғастырып, біліміңді жетілдір деп кеңес бердім. Президенттің тапсырмасымен педагогтердің мәртебесі өсіп, жалақылары көбейіп жатыр. Енді осыған сай мұғалімдер де қызметтерін үлкен жауапкершілікпен, адалдықпен атқарса деген тілегім бар».

Қырық жылдан астам уақыт білім саласында еңбек еткен Жарқынбек Құлбайымбетов осы­лай дейді. Иә, бүгінде зейнеткер ұстаз­дың немерелері Ұлбала мен Махаббат ата­сының жолын жал­ғап, ұстаздық етіп жүр. Жалпы, Құлбайымбетовтер әуле­тін педагогтер династиясы деуге болады. Шаңырақтың отанасы, жарты ғасыр өмірін ұстаздыққа арнаған, Гүлзина Базарбекова математика пәні­нің мұғалімі болып еңбек еткен. Ал Жарқынбек ақсақалдың қарындасы Әсем­гүл Құлбайымбетова қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» демек­ші, бүгінде қыздары – Гүлмира мен Ләззат та әке-ана жолын жалғап, шәкірт тәрбие­леп жүр. Келіндері Майра Жүсіпова география пәнінен сабақ берсе, Гүлнұр Құлбайымбетова қазақ тілі­­нің маманы. Үш буын ұрпаққа ұстаз­­­­дық еткен бұл әулеттің жалпы еңбек өтілін есептесеңіз, 150 жылдан асады екен.

Қасиетті Түркістан қаласында білім саласының дамуына елеулі үлес қосқан, саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған, сексеннің сеңгіріне шыққан Жарқынбек ақсақал өзін тың, ширақ сезінеді. Өткенді еске алып, бүгінгі қоғам өміріне, еңбектің бағалануы, еңбек адамының алар орнына қатысты да өз көзқарасын білдірген ақсақал маман­дық­тың жаманы жоқ екенін айтады. Ал ең асылы – ұстаздық деп есептейді. «Шәкірттің ұшқыр қиялын қияға самға­татын, білім қайнарымен сусындататын да ұстаз. Қазақтың қайсар ұлы Бауыржан Момышұлының «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді» деген сөзінің жаны бар. Барлығы да мұғалімнің бізге берген сарқылмас білімі мен баға жетпес тәрбиесінен бастау алады емес пе?», дейді Жарқынбек ақсақал.

Кейіпкеріміз Жарқынбек Құлбайым­бетов 1941 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданына қарасты Шойтөбе ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң, 1964 жылы Шымкент қаласындағы ­педагогика институтын физика, математика пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдайды. Еңбек жолын Түркістан қаласындағы В.Куйбышев орта мектебінде бастайды. Азаматтық борышын Ресейде өтеп келген соң Сырдария орта мектебіне мұғалім болып орналасады, әрі сырттай оқыту мектебінің кеңес беру бөлімінің меңгерушісі болып еңбек жолын жалғастырады. Білікті маманға қашанда сұраныс жоғары. Жарқынбек Құлбайымбетұлының қарым-қабілетін ескерген басшылық оны 1969 жылы Түркістан қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі қызметіне шақырады. Араға екі жыл салып, қаланың білім саласына көптеген жаңашылдық енгізген маман С.Сейфуллин атындағы орта мектептің директоры қызметіне бекітіледі. Осы мектепте жиырма жылдай қызмет атқарған Жақаң мектептің мате­риалдық-техникалық базасының нығаюына, кадр сапасының артуына, оқушылардың жоғары деңгейде білім алуына жағдай жасайды. «С.Сейфуллин атындағы мектеп 1974 жылы пайдалануға берілді. Үлкен, жаңа, заманауи мұндай мектеп Түр­кістанда болмаған еді. Мен басшы­лықта болған жылдары сол мектепте қызмет атқарған мұғалімдердің жетеуі өзге білім ошақтарына директор болып барды. Бұл да көп жайды аңғартады. Сол керемет мектепте директор болғаныма, ондағы білікті ұстаздармен бірге жұмыс істегеніме әлі күнге дейін қатты қуанамын, сағынамын», дейді ардагер ұстаз сол бір жылдарды еске алып.

Білікті басшы 1984 жылы аудандық білім бөлімінің меңгерушісі қызметіне та­ға­йындалады. Ал 1987 жылы аудандық білім бөлімі облыс көлемінде үздік деп та­ныл­ған. Жарқынбек Құлбайымбетұлы 1999 жылдан бастап Түркістан қалалық білім бөлімі меңгерушісінің орынбасары, М.Әбенова атындағы орта мектеп дирек­торының тәрбие ісі жөніндегі орын­басары болды. Қ.А.Ясауи атындағы халық­аралық қазақ-түрік университетінің жаны­­нан ашылған «Түркістан» лицейі­нің дирек­тор­лығына 2002 жылы тағайын­дал­ды.

«Сол жылдары мектептерде Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі басталды. ҰБТ көрсеткіші бойынша 2003 жылы респуб­ликада мектебіміз ең үздік 100 мектептің ішінде 37-орынға ие болды. Келесі жылы 20-орынға көтерілдік. Ал 2005 жылы оқушылардың ҰБТ қорытындысы жоғары көрсеткішке жетіп, нәтижесінде үшінші орынға бір-ақ шықтық. Бұл бүкіл ұжымның тынбас еңбегінің жемісі болатын», дейді Жарқынбек ұстаз.

Мамандығына адалдық танытқан ұстаз зейнеткерлік демалысқа шыққан соң да қарап отырмады. Тәжірибелі ұстазды 2005 жылы өзі еңбек еткен С.Сейфул­лин атындағы №4 орта мектеп­тің басшылығына қайта шақырды. Үш жылдан соң талай білімді, тәрбиелі шәкіртті түлетіп, білім саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған Жарқынбек ұстазды мектеп ұжымы үлкен абыроймен құрметті демалысқа шығарып салды.

Ақсақал бүгін де қоғам өмірінде бел­сенді, «Amanat» партиясы Түр­кіс­­­тан қалалық филиалы саяси бюро­сы­ның мүшесі, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғамдық кеңестің мүшесі, қалалық білім саласы бо­йынша бірлестіктің төрағасы. Саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған кейіпкеріміздің шәкірттері бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде, шетелдерде түрлі салада қызмет атқарып жүр. Еңбегі жоғары бағаланған ұстаз «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «КСРО-ның оқу-ағарту ісінің озық қызметкері», «Қазақстанның оқу-ағарту ісінің озық қызметкері», «Ы.Алтынсарин» төсбелгілерінің, ел Тәуелсіздігінің мерейтойлық медаль­да­рының иегері. Ал 2004 жылы «Жыл адамы», «Түркістан қаласының Құрметті азаматы» атанды.

– «Ұстаздық еткен жалықпас, үйре­ту­ден балаға» демекші, әлі де оқушы­ла­рымды, ұжымымды қимаймын. Кезінде басқа жұмысқа ауысып кетуге мүмкіндік болды. Түрлі ұсыныстар айтылды. Бірақ мен өз мамандығымнан алыстағым келмеді. Барлығынан бас тарттым, ол үшін өкінген емеспін. Еңбек жолымда қарапайым мектеп мұғалімінен бас­тап, директордың орынбасары, директор, басқа да лауазымды қызметтерді атқардым. Бүкіл өмірімді осы ұстаздыққа арнадым. Құдайға шүкір, еңбегім еленді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Құрмет» орденін де алдым. Бір сөзбен айтқанда, марапаттан кенде болған жоқпын. Осының барлығы таза еңбектің арқасында келген дүние, абырой. Әрине еңбектің әділ бағаланғаны, марапат та керек болар. Алайда халықтың алғысы, шәкірттерімнің жетістігінен артық үлкен мәртебе, марапат жоқ, – дейді Жарқынбек Құлбайымбетов.

Білім сапасын арттыруға, білім жүйесіндегі өзгерістерге үнемі мән беріп, өз ой-пікірін айтып отыра­тын, бақытын ұстаздықтан тапқан, 4 ұл, 3 қызды тәрбиелеп өсірген Жарқынбек Құлбайымбетов – бүгінде 31 немере, 27 шөберенің атасы.

 

Түркістан облысы