Павлодар облыстық №1 перинаталдық орталығындағы неонатология қызметінің мамандары кейінгі жылдары нәресте денсаулығын жақсарту бағытында оң тәжірибелерге қол жеткізіп отыр. Заманға сай жабдықтардың тілін меңгерген ақ желеңділер уақытынан бұрын туған шақалақтарды қатарға қосу мақсатында күні-түні күреседі.
Елімізде дамуында кемістік пайда болу қаупі жоғары балаларды ерте диагностикалау және ерте абилитациялық көмек көрсету қажеттілігінің мәселесі өзекті. Өмірдің алғашқы айларынан бастап дұрыс жүргізілген диагностика мен түзету өзгерістерді жеңілдетіп қана қоймай, жаңа бұзылыстардың пайда болуына жол бермейді әрі баланың өмір сүру сапасының жақсаруына қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Жалпы, неонатологтің негізгі міндеті – жаңа туған нәрестенің жағдайын бақылау. Мұндай маман анасы баланы дүниеге әкелу сәтінен бастап, перзентханадан шыққанша бірге жүреді.
– Өте аз салмақпен шала туған балалардың әрі қарай өмір сүріп кету жағдайлары кейінгі жылдары жақсара түсті. Соған орай скрининг жасағанда түрлі аурудың диагнозы анықталған жайттар да көбейді. Негізі облыста босанатын әйелдерге дәрігерлік көмек беретін мекемелер Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында орналасқан. Біздің орталықта жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетудің үшінші деңгейі ұйымдастырылған. Жыл басынан облыста 6086 сәби дүниеге келсе, олардың 365-і шала туған. 46 баланың салмағы 1500 грамға дейін болды. Салмағы өте аз боп туатын сәбилердің тірі қалу көрсеткіші бүгінде 68 пайызды құрайды. Жүктіліктің 34 аптасына дейін жарық дүние есігін ашып қойған кішкентайлар перинаталдық орталықта ем қабылдайды. Егер аудандарда немесе екінші деңгейлі перзентханада бала шала туса, оны біздің медициналық авиация бригадасы шұғыл түрде осында жеткізеді. Кейінгі 8 айда осындай 40 бала түсті, – дейді мекемедегі неонатология қызметінің басшысы Жаңылай Қапанова.
Мұндағы мамандар әлгіндей балалардың өмірі үшін күресіп, барлық күш-жігерін соған жұмылдырады. Бұл жерде сәбилерге неонатальді скрининг, аудиологиялық скрининг, офтольмологиялық скрининг жүргізіледі. Мұндағы мақсат – баланың бойындағы ақауларды дер уақытында анықтап, оларға ем тағайындау. Шала туған балаларда көбіне өкпе жетіспеушілігі, респираторлық дистросиндром, бас сүйек ішіне қан құйылу, бронх-өкпе дисплазиясы, туа біткен пневмония, хирургиялық аурулар жиі тіркеледі. Сондай-ақ ретинопатия аурулары да жиілей түскен. Мәселе мынада, шала туған шақалақтар ұзақ уақыт өкпені тыныс алдыратын аппаратта жатқанда, оттегі мөлшерінің тым көп болуынан көз жанарының тамырлары зақымданады. Сөйтіп, көз аурулары пайда болады. Немесе ол туабітті пайда болуы мүмкін.
– Орталықта көз дәрігері бар. Ол балаларды туғаннан бақылай бастайды. Кейде көз жанары кемістігімен туғандарда біраз уақыттан соң көздің ішкі тор қабығының ажырау қаупі туындайды. Ондай балаларға операция тағайындалады. Жыл басынан әлгіндей 15 балаға операция жасалды. Жансақтау бөлімінде 18 төсектік орын қарастырылған болса, жаңа туған балалар патологиясы бөлімшесінде 60 төсектік орын бар. Ұйым қызметкерлері сәбилердің ана сүтімен қоректенуін қатаң қадағалайды. Сәбиді омырауға салу, омырау сүтін дұрыс сауып берудің ережелерін аналарға үйретеміз. Осындай қамқорлық іс-шараларының нәтижесінде орталығымыз «Балаға сүйіспеншілікпен қарайтын аурухана» атағын иеленді. 2018 жылы катамнез кабинеті ашылған еді, онда стационардан үйіне жіберілген сәбилердің әрі қарайғы дамуы бақыланады, – дейді Жаңылай Ғалымжанқызы.
Мекемедегі патология бөлімшесінің жас дәрігері Бақытгүл Қайратова жалпы перинаталдық орталықтың әр бөлімшесінде ненатолог мамандар бар екенін жеткізді. Айтуынша, егер баланың салмағы кемі 500 грамм болса, оны қалыпты жағдайға дейін дамыту мүмкін болады. Көп сәбилер туғаннан кейін тыныс алу жүйесі дамымай, оттегі аппаратына жалғанады.
– Шала туған шақалақты немесе ауырып қалған нәрестені жатқызуға арналған, оттегіні автоматты түрде беретін әрі жайлы температуралық режімді сақтап тұратын кувез құрылғысы бар. Баланы ішіне орналастырған соң қажетті температураны, ылғалдылық нормаларын баптаймыз. Бұған қоса былтыр респираторлық көмек көрсететін жаңа құрал-жабдықтар әкелді. Бізге ауыл-аудандардан да жүкті аналар көп келеді. Баланы кесар тілігімен алу жағдайлары жиі кездеседі. Сондай уақытта мамандар кәсіби көмек түрлерінің барлығын жұмылдырады. Бала жатырда жатқан кезеңде өміріне қауіп төндіретін факторлар анықталған жағдайда да жүргізілетін үрдістер бар. Соның барлығы белгілі бір кезең ішінде жүзеге асып отырады. Мұндай әдіс-амалдар ана мен бала өмірін аман сақтап қалуға мүмкіндік беріп отыр, – дейді жас маман.
Дәрігерлер кез келген ана жүктілікті алдын ала жоспарлағаны дұрыс деп есептейді. Ал жүктілік кезеңінде барлық факторды бақылауға алып, дәрігер мамандардың бақылауында болуы керек. Мамандардың ақыл-кеңесіне үнемі құлақ түріп, ықтимал қауіпті жайттардың алдын алып отырса, өмірге дені сау сәби әкелудің мүмкіндігі арта түседі.
ПАВЛОДАР