Қостанайдағы Лев Толстой атындағы облыстық кітапхананың екінші қабатында ерекше кітап музейі бар. Мұнда екі мыңнан аса кітап, оның ішінде осыдан кем дегенде екі ғасыр бұрын жарыққа шыққан көне басылымдар, әлемге әйгілі шығармалардың көлемі шырпының қорабындай ғана кішкентай кітапшаға сыйып кеткен шағын үлгілері сақтаулы тұр.
Мұндай кәдесый кітаптардың қатарында Әлішер Науаидың «Фархад-Шырын» дастаны, Антон Чеховтың әңгімелер жинағы да бар.
Мұражайдағы ең құнды жәдігердің бірі – Абайдың 1945 жылы Мәскеуде Мұхтар Әуезовтің алғысөзімен орыс тілінде жарық көрген таңдамалы шығармалар жинағы. Бұл кітапқа ұлы ақынның қырық шақты өлеңі мен «Масғұт», «Ескендір», «Әзім әңгімесі» поэмалары, қара сөздері мен дана сөздері енген.
Музейдің бір бұрышын әлем әдебиеті жаухарларының түпнұсқасынан дәлме-дәл көшірілген репринтті басылымдар, ағылшын, неміс, француз, татар тіліндегі кітаптар, көне энциклопедиялық сөздіктер толықтырып тұр. Ал өлкетануға арналған бөлімге Тобыл-Торғай өңірінде туған белгілі қаламгерлердің шығармалары қойылған. Музейде әр кездері Қостанайға ат басын тіреген көрнекті жазушылардың қолтаңбасы қалған кітаптар да баршылық.
«Қателеспесем, 1994 жылы Қостанайға Шыңғыс Айтматов келді. Осы жерде үлкен кездесу өтті. Шығармашылық кештен кейін ұлы жазушы бізге өзінің «Боранды бекет», «Жанпида» романдары енген жинағын тарту етіп, кітаптың ішкі мұқабасына қолтаңба жазып берді. Көрнекті ақын Мәриям Хәкімжанованың қолтаңбасы бар кітап та музейдің құнды жәдігерлерінің қатарында тұр. Ал мына энциклопедиялық сөздік 1890 жылы басылып шыққан. Мынау – 1805 жылы шыққан орыс тілі оқулығы. Ұлы классиктердің көзі тірісінде жарық көрген кітаптар да бар. Мысалы, Виктор Гюгоның «Париж Құдай-анасының ғибадатханасы» атты мына кітабы жазушының көзі тірісінде басылып шыққан. Бұл кітаптар, кем дегенде, осыдан екі ғасыр бұрын жарыққа шыққан. Көне кітаптарға реставрация жасау өте қымбатқа түседі. Бізде ондай мүмкіндік жоқ. Сондықтан музей жәдігерлерін қолмен ұстауға рұқсат етпейміз», дейді облыстық кітапхана ішіндегі өлкетану әдебиеті бөлімінің маманы Светлана Қабиева.
Қостанай облысы