• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Елорда 12 Қыркүйек, 2024

Астана жұрты судан тарықпайды

131 рет
көрсетілді

Былтыр көктемде елордада судың қысымы төмендеді. Қалаға тиісті суды тәулік бойы тасымалдауға сорғы-сүзгі стансалардың әлеуеті жетпеді. Жағдайды мезгілінен бұрын ескермеген жергілікті әкімдік келеңсіздікті урбанизациямен, тұрғын үйлердің көбейгенімен байланыстырды. Күзде қысым реттелгенімен, суды бірнеше ай белгілі уақытпен алып үйреніп қалған жұрттың күмәні біразға дейін сейілмеді. Абырой болғанда биыл қалада жоспардағы тағы бір сорғы-сүзгі станса іске қосылған соң, былтырғы тосын жағдай қайталанбады. Біз судың қысымы келер жылы, арғы жылы қалай болар екен деген сауалмен «Астана су арнасының» жаңадан салынған №3сорғы-сүзгі стансасынан хабар алған едік.

Елорда су тапшылығын қалай шешті?

Былтыр қала халқы судың жайына алаңдай бастағанда, біз елорданы сумен қамтып отырған «Астана су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына барып, мән-жайды бақы­лап қайтқанымыз бар. Сонда сорғы-сүзгі стансасына келетін судың мөлшерін бағамдап, су тапшылығына стансамен қатар Астана су қоймасынан (Вячеслав) тартылған үш құбыр әсер ететінін білдік. Қаладағы екі сорғы-сүзгі стансасының әлеуеті тәулігіне 305 мың текше метр су өндіруге жетсе, станса­дағы мамандар жаз шықпай жатып қала­ға тәулігіне 330 мың текше метр су беру арқылы жоспарды жобалық қуатынан асырып орындауға мәжбүр болды.

Осы мезгілде жергілікті әкімдік Астана су қой­масынан Теміржолшылар тұрғын алабы­на жаңа су құбыры тартылып, «Интер­национальный» тұрғын алабында сорғы-сүзгі стансасы салынып жатқанын хабарлады. Екі жобаның бірі былтыр, екіншісі биыл аяқталған соң, қала халқы су тап­шылығынан құтылды. Біз барған №3 сорғы-сүзгі стансасының қауқары тәулігіне 105 мың текше метр суды тазартуға жетеді екен.

Сорғы-сүзгі стансасында қайнаған тіршілікті стансаның басшысы Талғат Бекмағамбетов және орынбасары Жаннұр Қабылбеков таныстырды. Бұл стансаға да су көзі Астана су қоймасынан келеді.

Мамандар суды 3 кезеңнен өткізеді. Бірінші – суға реагенттер қосу арқылы физика-химиялық тазалаудан өтсе, екінші – суды тұндырып, шөгінділерді ке­тіреді. Реагенттердің ішінде натрий ги­по­хлориті, коагулянт, флокулянт бар. Үшінші әрі соңғы кезеңінде суды сүзіп, ультракүлгін сәуле арқылы залалсыздандырады. Осыдан кейін ғана таза су сорғы арқылы тұтынушыға жетеді. Бірден суды араластыратын құрылғыға түседі. Онда суға хлор, коагулянт қосылған соң қоспа әбден араласып, 6 су тұндырғыш жетеді.

– Суды тазалайтын екі блок бар. Бірінші блоктің өндірістік қуаты – 70 мың текше метр. Екінші блоктің қуаты – 35 мың текше метр. Яғни сорғы-сүзгі стансасының қуаты қалаға тәулігіне 105 мың текше метр су беруге жетеді. Тұндырғышқа келген су реагенттің көмегімен химиялық реакцияға түсіп, көбік секілді біріне-бірі жабысып, түбінде қалса, бетіндегі таза су сүзгіге кетеді. Онда су кварц құмы арқылы сүзгіден өтіп, екінші мәрте залалсыздандырылып, екі таза су резервуарына жиналады. Ол резервуарлардың әрқайсысына 20 мың текше метрге дейін су жиналады. Таза су резервуарынан суды сорғымен тартып, ультракүлгін сәулелер арқылы тағы бір залалсыздандырып, қалаға жібереміз. Нақ қазір біз қалаға тәулігіне 80 мың текше метр су беріп жатырмыз. Су тапшылығы жоқ. Сорғы-сүзгі стансасы толық қуатында 100 пайыз жұмыс істеуге дайын, – дейді сорғы-сүзгі станса басшысының орынбасары Жаннұр Қабылбеков.             

 

Сорғы-сүзгі стансалары толық қуатында жұмыс істейді

Стансада суды залалсыздандыратын гипохлорит натрийді арнайы жаңа электриз қондырғылармен әзірлейді. Дайын гипохлорит натрийді резервуарда сақтайды. Одан гипохлорит натрийдің тиісті көлемін мөлшерлеуші сорғы арқылы келген судың құрамына қарай баппен қосып отырады. Біз таяқтастам жердегі қоймаға өтіп, гипохлорит натрийді өндіру үшін шикізат ретінде ас тұзын қолданатынын білдік. Стансада гипохлорит натрийді дайындап, суға қосқанға дейінгі кезең түгел автоматтандырылған. Қол күшін аса қажет етпейді.

Біз қаладағы сорғы-сүзгі стансалардың басшысы Талғат Бекмағамбетовті әңгіме­ге тартқанымызда, ол келер жылдары тұтынатын судың көлемі көбейсе, сорғы-сүзгі стансалары толық өндірістік қуатында жұмыс істеуге дайын екенін айтты. Қазір осы үшінші станса арқылы қаланың сол жағалауындағы тұрғын үйлерге су көбірек жіберіледі екен. Өйткені былтыр дәл осы сол жағалаудағы кейбір тұрғын үйлерде қысым төмендеп, жұрт әбігерге түскен. Стансадан қаланың құбыр жүйесіне қосылған екі құбыр бар. Әр құбырдың диаметрі – 1000 мм. Құбырдың суы қаланың сол жағалауына ғана емес, оң жағалауға да барады. Демек оң жағалауда тұтынушы көбейсе, оған да судың көлемі жетеді. Жоғарыда былтыр Астана су қоймасынан қалаға 4-құбыр тартылғанын айттық. Осы стансаға да су дәл сол 4-құбырдан келеді. Үш сорғы-сүзгі стансаның суды тазарту технологиясында да көп айырмашылық жоқ. Үшеуі бірдей талап, стандарт бойынша жұмыс істеген соң, үш жақтан келетін судың сапасы бірдей.

Басшылықпен сорғы-сүзгі станса­сы­ның әлеуеті жайында аз-маз пікірлескен соң, стансаның бірінші қабатындағы хи­миялық зертхана бөліміне беттедік. Мұн­дағы мамандар судың сапасын сағат сайын тексеріп отырады. Зертхананың аға лаборант химигі Айзада Әлкебаева судың құрамын тексерерде бірінші хлордан бастайтынын айтты. Хлор микроорганизмдерді өлтіру үшін қолданылады. Оның судағы үлесін мамандар арнайы үш реактив қолданып анықтайды. Сол қоспаларды бірінен соң бірін араластырғанда су әуелі күлгін түсті реңк беріп, кейін мөлдір, түссіз кейіпке қайта келуге тиіс. Тәулік бойы жұмыс істейтін зертханада мамандар судың мөлдірлігін күні-түні бақылап, тиісті сынамасын алып отырады. Егер судың құрамында өзгеріс байқала қалса, мамандар оны суды тазалаудың екінші кезеңіне жеткенше тиісті шаралар қолданып, реттеп қояды. Орайы келгенде нысанның екінші қабатындағы бактериологиялық зертханаға да өтіп, инженер-биолог Алина Қойлыбайдың сөзіне құлақ түрдік.

– Бактериологиялық зертхана таза және лас деп екі аймаққа бөлінген. Мұнда біз тікелей микроорганизмдермен жұмыс істейміз. Зертханаға келген сынамаларды әуелі тіркейміз. Кейін сынама терезе арқылы бірінші бөлмеден екінші, кейін үшінші бөлмеге өтіп, осы тізбекпен жалғаса береді. Әр бөлмеде ауаны тазалайтын лампалар орнатылған. Себебі сырттан ауа келмеуге тиіс. Мұнда паразитология бөлмесі де бар. Бактериологиялық зерттеу­лер күнде бір мәрте жүргізіледі. Себебі микроорганизмдер өсіп шығуы үшін термостатта тәулік тұруы қажет. Бір талдау жасап, бір сынаманы тексеру үшін тәулік кетеді. Сорғы-сүзгі стансасына келетін суда тірі организмдер бар ғой. Оларды ең бірінші залалсыздандырамыз, хлорлаймыз. Микроорганизмдерге хлордың, басқа реагенттердің қалай әсер ететінін бәрі-бәрін зерттеп отырамыз, – дейді А.Қойлыбай.

                                        

Сәтбаев каналынан құбыр тартылады

Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте қаланың бас жоспарында ескерілмеген кейбір түйткілдерді тізіп берді. Сонда Мемлекет басшысы су қоймасының алдағы жылдарда сарқылу қаупі барын, қойманың лайланып, лас­танып жатқанын айтты. Президент қойманың түбін тазалап, оны тереңдетуді, бөгетін толық тексеріп, нығайтып, оған Қ.Сәтбаев каналынан судың тұрақты келіп тұруын қамтамасыз етуді тапсырды. Астананы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін кейінге қалдыра беруге болмайтынын ескертті. Үкіметке әкімдікпен бірге Астананы сумен қамтамасыз етудің баламалы жолдарын қарастыруды жүктеді.

Иә, биыл көктемдегі төтенше жағдай­дан кейін еліміздің көп өңірі судан тарылмады. Астана су қоймасында да судың төмендегені байқалмаған. Әзірге оған алаңдамай-ақ қойса да болады. Ескінің аты ескі деген. Астана су қоймасының 1968 жылы салынғанын да естен шығармаған жөн. Жылдан-жылға қала халқы өсіп жатыр. Құрылыс қарқыны бәсеңдеген жоқ. Енді Ертіс-Қарағанды (Қ.Сәтбаев) каналынан құбыр тартылып, №4 сорғы-сүзгі стансасының жоба-жоспары мерзімінен кешікпей орындалса, алдағы 15-20 жыл қаланы алаңсыз сумен қамтуға болады дейді мамандар.

Саладағы тағы бір мәселе – маман тап­шылығы. Тасқын кезінде су шаруа­шылығы саласында білікті мамандардың тапшылығын Президент те айтты. Жуырда Жамбыл облысында Қазақ ұлт­тық су шаруашылығы және ирригация уни­верситеті құрылды. Енді сонда білім алған білікті мамандар саладағы біраз кемшілікті реттейді деп сенейік.

– Біздегі үш сорғы-сүзгі стансада 150-ден астам жұмысшы бар. Осыған зертханада жұмыс істейтін мамандарды қоссақ, тұп-тура 200-ге шамалайды. Стансаларды бөліп-жармаймыз. Қай стансада маман тапшылығы байқалса, соған басқа стансадағы жұмысшылар көмекке тартылады. Президент су мамандарының тапшылығын айтты. Иә, тапшы. Сондықтан біз маманды жұмысқа алғанда бірден ауыр жүк артпай, өзіміз үйретіп, өзіміз тәрбиелейміз. Бізге су мамандары қажет. Тек бізге ғана емес, су қоймаларына, су шаруашылығы бассейндеріне, егістікті сумен қамтып отырған мекемелерге де ауадай қажет. Мысалы, біз биыл жаңа стансаны іске қосқанда маман іздедік. Амал жоқ, таппаған мамандарды өзіміз үйретіп жатырмыз. Білікті маман болса, бірден жұмысқа алар едік. Жұмысшылардың жалақысын да қолдан келгенше көтеріп жатырмыз. Себебі салада білікті маманды ұстап қалуға оның жалақысы да жоғары болуы керек. Қазір Астана қаласында су тарифі ең арзан демесек те, ең төмен тарифтердің қатарында, – дейді сорғы-сүзгі стансасының басшысы Талғат Бекмағамбетов.

 

Суды үнемдеу үшін тарифті көтеру керек пе?

Биыл қалада судың тарифі шамамен 11 теңгеге қымбаттап, тұрғындар судың әр текше метріне 89,34 теңге төлесе, заңды тұлғалар үшін 326,69 теңгенің шамасында (қосымша құн салығын қоса алғанда). Әрине, бұл тарифті коммуналдық қыз­меттегі жарық, жылудың тарифімен салыстыруға мүлде келмейді. Қала тұрғындары ай са­йын суға орта есеппен 1-3 мың теңгенің шамасында төлесе, мұның өзі өзге өңірлермен салыстырғанда әжептәуір төмен. Егер судың бағасы еселеп көтерілсе, онда суды үнемдеп пайдаланатындар көбейіп, су жеткізетін мекемелердің жағдайы оңалар еді. Алайда жоғары тарифтің құны интернетке, жарыққа, жылуға, қоқыс шығаруға, тағысын тағы шығындарға ай сайын төлем жасайтын халықтың қалтасына жеңіл тимейді. Әсіресе көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға қиын болары анық. Қазір су тапшылығы бүкіл әлемді алаңдатып отырғаны даусыз. Судың жайы­мен әлемде геосаяси ахуал өршиді деген үрей бар. Су сарқылатын ресурс болған соң, оны үнемдеу керек. Мұндайда келешекті ойлап, тарифтің бағасын еселеп көтеру арқылы су үнемдейміз десек, әуелі суды үнемдеп пайдаланатын технологияларды іске қосып, оны тұрғындарға үйрету қажет. Мұның барлығын Су ресурстары және ирригация министрлігі, жергілікті әкімдік, су мамандары кеңесіп, әлі саралай жатар.

«Астана су арнасы» мемлекеттік комму­налдық кәсіпорнының сорғы-сүзгі стансалары стратегиялық нысан саналады. Стратегиялық нысан болған соң талап қатаң, келеңсіздікке жол бермейді. Бірінші станса күрделі жөндеуден 2017-2018 жылдары өтсе, екінші станса 2011 жылы пайдалануға берілді. Мұндай стансалар оңай тоқтамайды, тіпті десеңіз ғасырға жетуі мүмкін.

Қала халқы көбейіп, тұрғын үйлер іркес-тіркес салынып жатқан елордада сорғы-сүзгі стансалардың қуаты бәлен жылға жетеді деп ешкім кепілдік бере алмайды. Тіпті келер жылы судың тұтыну көлемін шамалап болжағанмен, дөп басып айту қиын. Егер қала әкімдігі былтырғы қателіктен сабақ алған болса, суға қатысты ауқымды жобалар мерзімінен кешікпеуге тиіс. Ал жаңадан салынатын стансаның нақты жоба-жоспары белгілі болса, ол туралы кезі келгенде хабарлаймыз.