• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Еңбек 12 Қыркүйек, 2024

Құмды ауылдағы кәсіпкерлік

375 рет
көрсетілді

Шалқар ауылдық округінің Жылтыр және Талдықұм ауылдарында бірнеше шаруа қожалығы, 18 жеке кәсіпкер, 3 кооператив тіркелген. Ауылдағы жеке кәсіп­керлер төрт түлік малдың өнімдерін ұқсатып, құрт-май, ірімшік-сүзбе жасап, қымыз ашытып, түрік айранын шығарып отыр. Олар артылғанын Шал­қар қаласына, көршілес аудандарға, облыс орталығына сатылымға шы­ғарады. Жылтырда көлік жөндеу орталығы, тігін цехы да ашылған. 700-ге же­тер-жетпес адамы бар ауылда екі жыл ішінде «Ауыл аманаты» жобасымен 129 млн теңгенің 20 жобасы мақұлданған. Мектебінің 89 оқушысы бар.

Өнім әрі арзан, әрі дәмді

«Ауыл аманаты» жобасы басталған­да тұрғындар құжатын дайындауға өзіміз кірістік. Құжат жинау кезінде кейбірінің несие тарихы дұрыс болмай жатады немесе кепілге қояр мүлкі орталықтандырылған базадан шықпай жатады. Сол үшін несие мақұлданып кеткенше басы-қасында жүрдік. Кей­бірі мемлекеттік бағдарлама арқылы қаржыландыруды тұтынушылық несиемен шатастырды. Әр үйді аралап түсіндірудің арқасында жұмыс­сыз азаматтардың жаңа іс бастауға құлшынысы артты. Алайда бір қиыны – кепілге қоятын ауыл үйлері ескі, саман кірпіштен тұрғызылғандық­тан, банк­тер қабылдағысы келмейді. «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік кор­порациясының мамандары Жыл­тырға келіп, бірнеше кездесу өткізді. Нәтижесінде, осы ауылдың 18 тұрғыны 2,5%-бен несие алып, кәсіп бастады. «Ауыл аманаты» жобасының артықшылығы – алғашқы жылы несие төлеуден босатылса, келесі жылы оны ай сайын ғана емес, тоқсан сайын, алты айда немесе бір жылда жинап төлеуге болады. Біз кәсіпкерге жер телімін беріп, су өткізуге көмектестік. Ауылымызда осы бағдарламамен несие алып, тауық, бөдене өсіріп, жұмыртқасын сатып отырған кәсіп иелері де бар. Олардың өнімін қорап-қорабымен сатып алып кетіп жатады. Жеке кәсіпкерлерімізді Ақтөбедегі «Табыс» базарында өтетін жәрмеңкеге баруға үгіттейміз», дейді ауыл әкімі Бек Тілеулесов.

Ауыл өнімінің бағасы арзан бол­ған­­дықтан, бірден өтіп кетеді екен. Бұл сату­шыға да, сатып алушыға да тиімді. Жеңіл­де­тілген несиеге сиыр, жылқы, ешкі сатып ал­ған тұрғындар жаз бойы құрт, ірімшік, сүт, айран, сары май, қаймақ, қымыз са­тып, қаражат жинайды. Жылтырда қол­дың сары майы 5 500 теңгеден сатылады.

 

Кәсіпкерлер көбейсе, бюджет ұлғаяды

Бір кезде тұрғындары жаппай көшіп кеткен Жылтырда тіршілік оянып келеді. Жеке кәсіпкер көбейген сайын ауыл бюд­жетіне төленетін салық та өседі. Өйткені төртінші деңгейлі ауыл бюджеті көлік, жер, жеке кәсіпкер салығымен толығады.

«Біздің ауылдық округ бюджеті осы жы­лы 3 млн теңгеге ұлғайды. Өсім «Ауыл ама­­­наты» жобасымен несие алып, кәсіп бас­­та­ған шаруа қожалықтары, жеке кәсіп­­­кер­­лер, кооперативтерден түскен табыс са­лы­ғы есебінен көбейді», дейді Бек Тілеу­лесов.

Өткен жылы Шалқар ауылдық округі­нің бюджеті 1 млн 500 мың теңгені құраса, бір жылдың ішінде 3 млн теңгеге ұлғайған. Құм­ды алқапты, шөбі сирек өсетін, Бор­сық құмдары етегіндегі шөлейтті ауылдың негізгі мәселесі – малға беретін құрама жем, арпа-бидай тапшылығы. Оның сырттан жеткізу бағасы қымбат. Қыс жайлы болған жылдары төрт түлік құм арасын жайлап, қорада көп тұрмаса, алапат боран мен бет қаратпайтын ақшұнақ аяз туғанда малға жемшөп көп керек. Ауыл кәсіпкері Бауыржан Қарпов Қостанайдан арпа-бидай, арзандатылған жем әкеліп, екі есе арзан бағамен ауылға сатады.

Малдың шөбін шаруа қожалықтары өздері шабады. Биылғы көктемдегі еріген қардың мол суы, жазғы жаңбыр құмды белдеулерді жасыл бояуға бояп, тақыр жерге де шөп шыға бастаған. Бүгінде ­аудан орталығында бір төктің бағасы 700-750 теңгеден сатылса, шаруа қожалықтары шапқан шөбін ауылдастарына 650 теңге­ден береді. Ауылдық округтің тағы бір мәселесі – қойшы, малшының жетіспеуі.

«Көктем туа салысымен қожалық иелері мал бағатын адам іздейді. Олар отбасылық малшыларға 250-300 мың теңге жалақы ұсынады. Малшыларға жалақысын дұрыс төлемейді деп те айта алмаймыз. Өйткені заңды тұлға ретінде тіркелген қожалықтар жұмыскермен келісімшартқа отырып, оның зейнетақы жарнасы мен еңбекақысын аударады. Алайда көп жағдайда ішімдікке үйір, үйсіз-күйсіз жандар қыста қорадағы малды қарауға жалданса, жаз шыға тас­тап кетеді. Елсіздегі қожалық малын бағуға келгенде, осындай жағымсыз жайт қалыптасты. Шаруа қожалықтары шөп шабу науқанында 200 мың теңге жалақыға тракторшы таппайды», дейді ауыл әкімі.

 

Құм тоқтату

Жылтырдың іргесінен енген сусыма құм ауылды басып келеді. Бұл – Аралдың бұйрат құмдарымен жалғасып жатқан Үлкен Борсықтың бір шеті. Тау-тау болып үйілген көшпелі бұйрат құмдардың бетін қайтаруға экология­лық бағдарлама керек. Құм тоқтатудың бас­ты амалы – шөлге төзімді, тамыры терең жиде, тораңғыл, сексеуіл сияқты бұталар отырғызу. Былтыр осы ауыл көшелерін басқан құмды тоқтатуға аудандық бюджеттен 7 млн теңге қаржы бөлінген. Тапсырысты ауданның бір кәсіпкері ұтып алып, 5 млн 700 мың теңгеге құм басқан үйлердің іргесін тазартып, көлікке тиеп шығарды. Енді ауылдың бір қапталындағы құмдарды шығаруға биыл аудандық бюджеттен 2 млн теңге бөлініп, тендер жарияланды.

Тегін сары құм тұрғын үй мен ауылда салынып жатқан әлеуметтік нысандардың іргетасы мен қабырғасын тұрғызуға пайдаланылады. Былтыр ауыл азаматтары, жеке қожалық иелері қосылып, өз ортасынан қаражат шығарып, ауыл шетіндегі 20 гектар алқапты қоршап, ішіне қарағаш, сексеуіл, татар үйеңкісі, жыңғыл көшеттерін отырғызған. Кәсіпкер Ермекбай Ахетұлы екі жерден ұңғылап, 18 метр тереңдіктен тұщы су шығарып, су айдайтын мотор орнатқан. Жаз бойы кезектесіп көшеттерді суарған.

«Біз бұл жерге жиде, тораңғыл, сексеуіл көшеттерінен де өзге шөлге төзімді ағаштар отырғызғымыз келеді. Құмға жақсы өсетін татар үйеңкісі жер­сін­ді. Жылауық тал да жақсы тамырлана­ды. Құмнан ұңғы қаза бастағанда 1,5 метр тереңдіктен әуелі беке су көрінді. Беке су – қатты лайланған, ащы су. Одан әрі те­рең­дегенде бірте-бірте тазарып, тұ­щы­ла­на түсті. Тұщы су қоры бұйрат құм­дар­­дың астына жиналады», дейді Бек Тілеу­лесов.

 

Жылыжай мүмкіндігі

«Ауыл аманаты» жобасымен табысты жұ­мыс істеп жатқан кәсіпкерлердің бірі – Серік­­болсын Жексенбаев кәсібін 2018 жылы бастаған. Екі жыл бұрын «Ауыл ама­­н­­аты» бағдарламасымен тағы несие алып, жазғы жылыжайдың бесеуін салыпты. Оның «Green hоuse» кешені Жылтыр ауы­­­­лы­­ның шетінде, тасжолға жақын ор­на­­ласқан.

Жас кәсіпкердің құмның бетіндегі жылыжайда өсірген қияр, қызанақ, құл­пы­най, түрлі дәмдеуіш шөптерін аудан тұр­ғындары қысы-жазы сатып алады. Шалқар аудандық жастар ресурс­тық орталығының басшысы Айбек Ембер­ге­нов­пен бірге Серікболсынның жылыжай кешеніне келдік. Қатар-қатар орналасқан бес жылыжайдың бірінде қияр, екіншісінде қызанақ, үшіншісінде салат жапырақтары, төртіншісінде көк жуа мен аскөк, басқа да дәмдеуіштер өсіп тұр. Іші қапырық ыстық. Өсімдік тамы­рын қорғау үшін жерге қатар-қатар қара пластик жамылғы төселген. Аптап ыстық­та су үнемдеу технологиясын пайдала­на­тыны көрініп тұр. Осы тәсіл өсімдік қатарында арамшөптің көбейіп, артық судың далаға ағып кетуін болдырмайды.

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан университетін агроном мамандығымен аяқтаған жас кәсіпкер жылыжайда көкө­ніс өсіру тәжірибесін өз қателігінен сабақ ала жүріп үйренгенін жасырмайды.

«Жылыжайда құлпынай, көкөніс өсіруді бірге бастаған жігіттер тастап кетті. Қиын деп тастай берсек, бұл шаруаны кім істейді? Негізі әр ауданның өз жылыжайы болған кезде жыл бойы жұртты жас көкөніспен қамтамасыз етер едік. Құнарсыз, сусыма құмның бетіне көкөніс өсіру оңай емес. Талай күредік, бетіне саз жайдық, қарашірінді топырақ төседік. Көктемде ауылдың мал қораларынан шыққан көңді жаямыз. Өйткені жыл сайын топырағын ауыстыру керек. Жазда өнімімізге аудан орталығында бәсекелестік жоғары. Жұрт жазға қарай көл жағасына бақша егетін болғандықтан, қияр-қызанақ көбейеді де, бағасы түседі. Соған қарамастан, мейрамханалар біздің көкөністі жақсы алады», дейді Серікболсын.

 

Ақтөбе облысы,

Шалқар ауданы