• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Құқық 13 Қыркүйек, 2024

Электронды білезіктің тиімді тұсы

72 рет
көрсетілді

Қылмыстық атқару жүйесінің күнделікті қызметінде заманауи техникалық құралдар мен арнайы мақсаттағы ақпараттық жүйелерді пайдалану – қауіпсіздіктің жоғары деңгейін және жазаның тиісті дәрежеде орындалуын қамтамасыз етудің өзекті де жаңашыл тәсілі. Бұл технологиялар нақты уақыт режімінде нысандарды қашықтан көріп отыруға мүмкіндік беріп, бақылаудың тиімділігін арттырады және қылмыстардың алдын алады. Сондай-ақ өмір сүру жағдайын жақсартуға, қайталанатын қылмыстар деңгейін төмендетуге және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға көмектеседі. Бұл әдіс пенитенциарлық мекемелерге қойылатын заманауи талаптарға жауап береді және қылмыстық сот төрелігі саласындағы озық үрдістерді паш етеді.

Сонымен қатар мұндай техно­логияларды қылмыстық ат­қа­ру жүйесіне енгізу заңна­ма­лық және техникалық аспектілер­ді кешенді талдауды, оларды тиімді қол­дану үшін пәнаралық көзқарасты талап етеді. Отандық және шетелдік тәжі­рибені зерттеу озық тәжірибе­лер­ді анықтауға және оларды белгілі бір елдің жағдайына бейімдеу бойын­ша ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік бе­реді. Осылайша, қылмыстық атқару жү­йесінде озық технологияларды қол­дану олардың қызметін жетілдіріп қана қой­май, жалпы қылмыстық сот төре­лігі жү­йесін реформалаудың жаңа мүм­кін­діктерін ашады.

Электронды білезіктер алғаш рет АҚШ-та жасалып, қолданылды. Ал­ғашқы құрылғыны 50-жылдары Гарвард университетінің ғалымдары жасаған. Ал оны тәжірибе жүзінде қолдану 1983 жылы басталды. Қазіргі уақытта қамау­дағылар мен шартты түрде мерзімі­нен бұрын босатылғандарды қашықтан бақылау – АҚШ-тағы түрме жүйесінің шығындарын азайтудың ең кең таралған әдістерінің бірі. Электронды бақылау құралдарын (ЭБҚ) пайдалану тәртібі мен шарттары әр штатта әртүрлі және бұл мәселе бойынша бірыңғай заңна­ма­лық база жоқ. Ол, әсіресе жыныстық қылмыс жасағандарды түрмеден шық­қаннан кейін бақылау үшін, сондай-ақ жәбірленушілерге жақындауға тыйым салатын сот шешімдерін орындау үшін белсенді түрде қолданылады. Осыған ұқсас ережелер Францияда да бар.

Жыл сайын АҚШ-та шамамен 150 мың адам, соның ішінде сотталғандар мен тергеудегілер 50 штаттың 49-ында қолданылатын электронды білезіктерді киеді. Кейіннен ЭБҚ енгізу мен қолда­ну тәжірибесі басқа да елдерге тарай бас­тады. Ұлыбритания оны 1989 жылдан, Швеция 1994 жылдан, Нидерланд 1995 жылдан, Франция 1997 жылдан және Бельгия 1998 жылдан бастап пайдаланып келеді. Швецияда үш айға дейін бас бостандығынан айырылған барлық тұтқын ЭБҚ алуға өтініш бере алады. Германияда электронды білезіктерді шартты түрде мерзімінен бұрын боса­туға жататын барлық адам таңдауға құқылы, ал соңғы шешімді прокуратура қабылдайды.

Бүгінде сотталғандарды бақылауға ар­налған электронды білезіктер – әлем­нің 60 елінде қолданыста. Тұтқындар­­ды бақылауға арналған құрылғылардың күрделілігі әртүрлі. Ұялы байланыс ар­қылы бақылау сотталғанның үйінде орна­тылған қабылдау құрылғысы арқы­лы жүзеге асырылады. Бұл құрылғы адамның бөлмеге кіріп-шығу уақытын қадағалап, кестенің бұзылуын немесе оны бұзу әрекетін тіркейді. Мұндай ба­қы­лау құрылғысы қалалар үшін жа­рам­ды, бірақ ұялы байланыспен қам­тыл­маған ауылдарда тиімсіз.

Біздің елімізде ЭБҚ қолдану Қыл­мыстық атқару кодексі, Қылмыстық іс жүр­гізу кодексі, Үкіметтің 2005 жылғы 11 ақпандағы №97 қаулысымен бекі­тіл­ген Әкімшілік қадағалаудағы тұлғалар­ды есепке алу ережесі, Үкіметтің ­2014 жылғы 15 тамыздағы №511 қау­лы­сы­мен бекітілген Пробация қызме­тін ұйым­дастыру қағидалары, «Қазақстан Рес­публикасының қылмыстық атқару жүйесі және ішкі істер органдары пробация қызметі пайдаланатын элек­трондық қадағалау құралдарының тіз­бесін бекіту туралы» Үкіметтің 2014 жылғы 7 қарашадағы №1180 қаулысы секілді бірқатар номартивтік құқық­тық актілермен реттелген. Бұл ережелер елімізде электронды білезіктерді қолданудың құқықтық негізін құ­рай­ды және сотталғандарды тиімді бақы­­лау­ға әрі қайта қылмыс жасау оқиға­ла­рын азайтуға ықпал етеді. Қылмыс­тық атқару кодексінің 69 және 169-бап­тарына сәйкес, Пробация қызметі мен ішкі істер органдарының қызметкер­лері сот­талғандар мен шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар­дың тұрған жерін тиісті бақылау және қадағалау үшін ЭБҚ пайдалануға құқылы.

Елімізде электронды бақылау құрал­дары көбінесе Қылмыстық атқару жү­йесі комитеті саласында пробация субъек­тілеріне қатысты кеңінен қол­да­ны­­­лып келеді. 2022 жылы жазаны ауыс­­тыру бойынша 3 660 ескерту жасалса, оның 364-і ЭБҚ арқылы жүзеге асты. Сотқа ­4 305 материал жолданып, оның 199-ында ЭБҚ мәліметтеріне сүйеніп шешім шығарылды.

Электронды білезіктерді қолдану­дың шетелдік және отандық тәжірибе­сін талдау қоғамға елеулі қауіп төндір­мей­тін адамдарға қатысты электрон­дық бақылау құралдарын қолданудың орындылығы туралы оң қорытынды жасауға мүмкіндік береді. ЭБҚ қолдану тергеу изоляторлары мен қауіпсіздігі барынша төмен мекемелердегі адамдарды бостандыққа шығаруға, сол ар­қылы түрме контингентін азайтуға кө­мектеседі. Бұған аталған білезікті тағып, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын енгізу арқылы қол жеткізіледі. Сол арқылы сотталғандар мен тергеудегілерді ұстауға жұмсалатын шығындар, оның ішінде қылмыстық атқару жүйесі меке­­мелеріндегі тамаққа, киімге, жәр­­­дем­ақыға, медициналық қызмет көрсе­туге және басқа да материалдық қажет­тіліктерге арналған шығындар азаяды.

Қашықтан басқару мүмкіндігі про­бация қызметінің жұмысын оңтай­ландыруға мүмкіндік береді, адамдарды тұрғылықты жері бойынша тексеру қажеттілігін және рейдтер санын азайтады. Сонымен қатар бұл сотталғандардың жұмыспен қамтылуын арттыруға ықпал етеді. Өйткені олардың бостандық­та жұмыс істеу мүмкіндігі бар, бұл өз кезегінде материалдық шығынды өтеуге және әлеуметтік оңалту жағдайын жақ­сартуға септеседі.

Сонымен қатар ЭБҚ қолдану соттал­ғандарға отбасымен және қоғаммен әлеуметтік-пайдалы байланыстарды сақ­тауға мүмкіндік береді. Бұл олардың түзелуіне ықпал етеді және қайта қыл­мыс жасау ықтималдығын азайтады. Пробациялық бақылау немесе балама бұлтартпау шарасы шарттарын бұзу, бас бостандығынан айыру мен қамауға алуды саралауға мүмкіндік беретін неғұр­лым қатаң шараларды қолдану үшін негіз бола алады. Сондай-ақ сотталғандар мен күдіктілердің лауазымды тұлғалармен байланысын барынша азайтып, азаптау және қатыгездікке ұшырау қаупінің алдын алады.

Дегенмен ЭБҚ қолданудың бірқатар қиындығы да жоқ емес. Соның бірі – кей жерлерде интернетпен қамтудың нашарлығы. Мұндай аумақтарда ЭБҚ-ны тиімді пайдалану қиын. Бұған қоса білезік көлемінің добалдай болуы әрі тағып жүруге қолайсыздығы, бата­рея­ның әлсіздігі бақылауға алынған адам­дардың наразылығын тудырып жүр. Сонымен қатар ЭБҚ-ны жалға алғанда жеке деректерді қорғау талаптарының бұзылу қатері қатар жүреді, ал бақы­лауға алынған адамдардың орна­лас­қан жерін онлайн бақылау үшін бір­ың­ғай платформаның болмауы ин­­те­г­ра­цияланған стратегиялық гео­ақпа­рат­тық платформаны құруды талап етеді.

Электронды білезіктерді пайда­ланудың тиімділігін арттыру әрі пайдалану үшін бақылауға алынған азаматтар­дың орналасқан жерін онлайн бақылай­тын бірыңғай оператор қажет. Дербес деректер қауіпсіз ортада сақталуы үшін оған тек құқық қорғау органдарының қызметкерлері ғана қол жеткізе алатындай ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес деректерді сақтау схемасы да әзірленуі керек. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру, жазаны орындау және әкімшілік қадағалау үдерісі кезінде әр­түрлі құқық қорғау органдары үшін ЭБҚ қолдану­дың құқықтық негіздерін біріздендіру қажет.

Елімізде және шетелдерде элек­тронды бақылау құралдарын қолда­нуды талдау қылмыстық атқару жүйе­сінің тиімділігін арттыруда осы техно­логиялардың айтарлықтай әлеуетін көр­­сетеді. Қауіпсіздік деңгейін, бақылау­дың және сотталғандарды әлеуметтік оңал­тудың тиімділігін айтарлықтай арт­тыруға сеп болады. Бұл шаралар – қыл­мыстық атқару жүйесін реформалау, қоғамдық қауіпсіздік қажеттілігі мен сот­талғандардың құқықтары арасын­дағы тепе-теңдікті сақтау жолындағы маңызды қадам.

 

Дариана БИСЕКЕШЕВА,

Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының аға оқытушысы