Алматы облысының дәрігерлері босанғаннан кейін қабыну үдерісі салдарынан бүйрегі істен шығып, төрт тәулік комаға түскен ананың өмірін аман алып қалды.
Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасына Райымбек ауданынан жаңа босанған әйелдің жағдайы нашарлағаны туралы шұғыл хабарлама келіп түскен бойда АККА дәрігерлері мен мамандары уақыт созбай санитарлық авиациямен Нарынқол ауылына ұшып жеткен.
Жергілікті дәрігерлердің айтуынша, әйел жүктіліктің 36 аптасында бел аймағындағы және іштің төменгі бөлігіндегі қатты ауырсыну туралы шағыммен ауруханаға түскен. Дәрігерлер шұғыл кесарь тілігі операциясын жасап, әйел салмағы 3390 грамм қызды дүниеге әкелген. Операциядан кейін сегізінші күні науқас баласымен қанағаттанарлық жағдайда ауруханадан шығарылған. Алайда бір аптадан кейін жас ана аудандық ауруханаға қайта түсті. Әйелдің күйеуінің айтуынша, кенеттен есінен танып, үйде құлап қалған.
Нарынқол аудандық ауруханасына жедел жеткен босандыру орталығының директоры Г.Жұмадуллаева, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің меңгерушісі М.Балтаев, тамыр хирургі Ғ.Бақтыбаев, гемодиализ бөлімшесінің меңгерушісі М.Қағазбаева, кардиолог дәрігер А.Тұрсағатова ес-түссіз жатқан науқасқа медициналық көмек көрсетеді.
«Қысқа уақыт ішінде науқастың жүрегі төрт рет тоқтады. Жүргізілген реанимациялық іс-шараның нәтижесінде, жергілікті реаниматолог пен Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының мамандары пациенттің жүрек-қантамыр қызметін сәтті қалпына келтірді», дейді АККА кардиолог дәрігері Айгүл Тұрсағатова.
Науқастың жүрек қызметі қалпына келтірілгеннен кейін республика көлемінде бейінді штаттан тыс мамандарының қатысуымен телемедициналық консилиум ұйымдастырылды.
«Науқаста қабыну үдерісі тез дамып, ағзадағы көптеген мүшелердің асқынуы байқалып, соның салдарынан бүйрек жеткіліксіздігі пайда болды. Науқас бірден «prismaflex» гомеостазды экстракорпоральды түзету аппаратына қосылды. Бұл – септикалық шоктың ауыр жағдайында бүйректің зақымдануы бар науқастармен жұмыс істеуге арналған арнайы құрылғы. Аппарат бізге 72 сағат бойы терапевтік плазмалық алмасуды және бүйректі алмастыру терапиясын ұзартуға мүмкіндік берді, оның ішінде: метаболизм өнімдерін жою, сұйықтықты шығару, қышқыл-негіз балансын бақылау, электролит балансын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді», дейді нефролог дәрігер Майра Қағазбаева.
Мамандар аудандық ауруханада төрт тәулік бойы медициналық көмек көрсетіп, вазопрессорлардың дозаларын азайтып, желдеткіште санитарлық авиация желісі бойынша бесінші тәулікте гемодинамиканы тұрақтандыру үрдісі анықталғаннан кейін науқас АККА реанимациясына ауыстырылды.
«Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Л.Серікбаевадан ауыр халдегі әйел туралы ақпарат алған сәттен бастап қажетті диагностикалық әдістермен, дәрілік заттармен және мамандармен қамтамасыз етуге қатысты шараларды бірлесіп ұйымдастырдық. Мамандардың үйлесімді жұмысы мен кәсібилігінің арқасында қазіргі уақытта науқас өзін жақсы сезініп, жалпы палатаға ауыстырылып, хаттамаға сәйкес емдеуді жалғастырып жатыр. Мұндай жағдайларда, әдетте, өлім-жітім қаупі өте жоғары болады. Әріптестерімізбен бірлесе біліктілік танытып, күш-жігермен науқасты құтқара алғанымызға қуаныштымыз, ол көп ұзамай ауыр зардаптарсыз балаларына оралатын болады», деді АККА директоры Эльмира Берікова.
Жалпы медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етудің маңызы зор. Сол орайда өңір дәрігерлерінің өлім аузында жатқан анаға тез арада көмекке келіп, жан-жақты біліктілік танытуы бүгінгі медицинаның жетістігі екендігі сөзсіз.
Алматы облысы