• RUB:
    5.28
  • USD:
    480.61
  • EUR:
    534.53
Басты сайтқа өту
Қоғам Кеше

Ортақ Түркі әліпбиі: Декларацияға қол қойылды

70 рет
көрсетілді

Осы айдың 9-11 күндері Әзербайжанның Баку қаласында Халықаралық Түркі Академиясы мен Түрік тілі қоғамы бірлесіп ұйымдастырған Түркі әлемі ортақ әліпбиі комиссиясының үшінші отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Халықаралық Түркі Академиясы мен Түрік тілі қоғамының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Маңызды жиынға түбі бір бауырлас елдерден Түркі мемлекеттері ұйымы тарапынан құрылған ортақ әліпби комиссиясының мүшелері қатысты. Негізгі мақсат – екі жылдық бірлескен жұмыс нәтижесінде жинақталған білім мен тәжірибені пайдалана отырып, түркі тілдеріне ортақ әліпби үлгісін әзірлеу болды.

Жиын барысында ғалымдар алғаш рет 1991 жылы ұсынылған латын қаріпі негізіндегі «Ортақ түркі әліпбиі» жобасы жан-жақты қарастырды. Комиссия мүшелері аталған жобаны жетілдіре түсуді көздейтін көптеген ұсыныстарға қатысты егжей-тегжейлі талқылаулар жүргізіп, қажетті қорытындылар жасады.

Қажырлы жұмыстың нәтижесінде 34 әріптен тұратын ортақ түркі әліпбиі туралы ұсыныс бойынша келісімге қол жеткізілді. Әр әріп түркі тілдерінде кездесетін әртүрлі фонетикалық дыбысты білдіреді.

Басқосудың осылайша табысты аяқталуын тарихи сәт ретінде бағалауға болады. Ортақ түркі әліпбиінің дамуы түркі халықтарының тілдік мұраларын сақтай отырып, өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайта түсуге ықпал ететіні даусыз.

Халықаралық Түркі Академиясы мен Түрік тілі қоғамы түбі бір түркі мемлекеттерінің үкіметтері мен комиссия мүшелеріне осы үдеріске қосқан зор үлестері үшін ризашылығын білдіреді.

Барлық тиісті мекемелер ұсынылып отырған ортақ түркі әліпбиін жүзеге асыруға белсенді түрде қолдау көрсетуге шақырылады.

Аталған үшінші отырыста қабылданған «Ортақ түркі әліпбиі декларациясын» жариялап отыр.

Декларация ағылшын тілінде дайындалып қабылданды, түсінікті болу үшін әзербайжан, қазақ, қырғыз, түрік және өзбек тілдеріндегі бейресми аудармаларымен қоса берілді.

Комиссия Түркі мемлекеттері ұйымы (TМҰ) Хатшылығының үйлестіруімен Түркі Академиясының жанында жұмыс істейді. Комиссия құрамы ТМҰ-ға мүше және бақылаушы елдердің сыртқы істер министрліктері арқылы ресми түрде белгіленген мүшелерден тұрады.

Комиссия өз шешімдерін тұрақты диалог пен кеңесу арқылы және Комиссия мүшелері арасындағы консенсус негізінде қабылдайды. Комиссия шешімдері кеңес сипатына ие және тиісті органдарға ұсыныс ретінде беріледі.

Ортақ Түркі әліпбиі жөніндегі декларация (ағылшын тілінен бейресми аударма)

Біз, Түркі әлемі ортақ әліпби комиссиясының (бұдан әрі – Комиссия) мүшелері Түркі Академиясы мен Ататүрік атындағы Мәдениет, тіл және тарих жоғары кеңесіне қарасты Түрік тілі құрымының ұйымдастыруымен және Түркі мемлекеттері ұйымы хатшылығының үйлестіруімен ұйымдастырылған үшінші отырысын 2024 жылдың 9-11 қыркүйегінде Бакуде өткіздік. Бұл жиынымыздың мақсаты – түркі тілдері үшін ортақ әліпби бойынша келісімге келу және түркі халықтары арасындағы қарым-қатынас пен мәдениет және білім беру салаларындағы тәжірибе алмасуды арттыру жолындағы ортақ талпынысымызды одан әрі жалғастыру.

Біз, Түркі әлемі ортақ әліпби комиссиясының мүшелері Нахчыван келісімшарты мен «Turkic World Vision 2040» бағдарламасында атап көрсетілген және түркі халықтары арасында тілдесуді одан әрі жеңілдету үшін әліпби және терминологияда бірізділікке қол жеткізуді көздейтін мақсаттарға сәйкес, Түркі Академиясын құру туралы келісімшарттың 2-бабында белгіленген барлық түркі тілдеріне ыңғайлы ортақ әліпби құрастыру міндетіне сай, Түркі әлемінің лингвист ғалымдары, ағартушылары мен мәдениет өкілдерінің түркі халықтарына ортақ әліпби әзірлеу бойынша осы уақытқа дейін атқарған орасан зор еңбегін мойындай отырып, Түркі халықтары арасында бірлік, өзара түсіністік пен ынтымақтастық рухын нығайтуды көздей отырып, Бәріне ортақ стандарт жазу жүйесіне ұмтылу барысында бірегей тілдік ерекшеліктерді сақтаудың маңыздылығын ескере отырып, 2023 жылғы 29 мамырда Астанада және 2024 жылғы 6 мамырда Бакуде өткен Комиссияның алдыңғы екі отырысының қорытындыларын назарға ала отырып, Ортақ түркі әліпбиін пысықтап, соңғы нұсқасын әзірлеу жолында ыждағаттылықпен жұмыс атқардық.

Пікірталас барысында ортақ әліпби бастамасына қатысты түрлі аспектілерді жан-жақты талқыладық. Нақтырақ айтсақ, біз:

1991 жылы ғалымдар ұсынған, түркі тілдерінің фонетикалық алуандығы ескерілген және үйрену мен қолданудың жеңілдігін қамтамасыз ететін латын графикасына негізделген 34 әріптік ортақ түркі әліпбиі жобасын қарастырдық, заманауи лингвистикалық зерттеулерге негізделген тұғыр ұстана отырып, 34 әріптен тұратын ортақ түркі әліпбиі жобасының күшті жақтары мен жетілдіруді қажет ететін тұстарына назар аудардық, түркі тілдерінің әрбіріне тән тілдік ерекшеліктеріне мұқият көңіл бөле отырып, ерекше фонетикалық белгілерді бір әліпбиде қамтуға тырыстық, бір фонемаға бір әріп деген қағиданы басшылыққа ала отырып, үйрену мен қолдануға ыңғайлы, әрі барынша анық әліпби жасауды мақсат еттік, негізгі латын әліпбиінде таңбаланбаған дыбыстарды дәл көрсету үшін арнайы таңбаларды енгізу қажеттілігін мойындай отырып, осы белгілер үшін стандарттарға сай тәсілдерді қолдануға келістік.

Декларацияның негізгі мақсаты – Комиссия қол жеткізген келісімді рәсімдеп, латын графикасына негізделген Ортақ түркі әліпбиінің қабылданғандығын растау:

 

IPA

ST

   

IPA

ST

   

IPA

ST

Aa

[ɑ]

[ɑ]

 

[ɯ]

[y]

 

Rr

[r]

[r]

Bb

[b]

[b]

 

İi

[i]

[i]

 

Ss

[s]

[s]

Cc

[ʤ]

[ǯ]

 

Jj

[ʒ]

[ž]

 

Şş

[ʃ]

[š]

Çç

[ʧ]

[č]

 

Kk

[k]

[k]

 

Tt

[t]

[t]

Dd

[d]

[d]

 

Qq

[q]

[q]

 

Uu

[u]

[u]

Ee

[е]

[e]

 

Ll

[l]

[l]

 

Ūū

[ʊ]

[ū]

Әә (Ää)

[æ]

[ä]

 

Mm

[m]

[m]

 

Üü

[ʏ]

[ü]

Ff

[f]

[f]

 

Nn

[n]

[n]

 

Vv

[v]

[v]

Gg

[g]

[g]

 

Ññ

[ŋ]

[ŋ]

 

Yy

[j]

[j]

Ğğ

[ɰ]

[ɣ]

 

Oo

[о]

[о]

 

Zz

[z]

[z]

Hh

[h]

[h]

 

Öö

[œ]

[ö]

       

Xx

[χ]

[x]

 

Pp

[p]

[p]

       

IPA: Халықаралық фонетикалық әліпби

ST: «Советская тюркология» журналының (1974) редакциялық алқасы қабылдаған латын графикасына негізделген халықаралық фонетикалық транскрипция

Барлық мүдделі тараптарды осы ұсынысты белсенді түрде қолдауға шақырамыз.

Декларация түркі халықтары арасындағы ынтымақтастық пен интеграцияны ілгерілету жолындағы ынта-жігердің бір көрінісі ретінде Түркі мемлекеттері ұйымына мүше және бақылаушы мемлекеттің тиісті мекемелеріне таратылады.

Декларация ағылшын тілінде дайындалған және оны басқа тілдерге аударуға болады.

Декларацияға 2024 жылғы 11 қыркүйекте Бакуде Комиссия мүшелері атынан Түркі Академиясының президенті, т.ғ.д., академик Шаһин Мұстафаев қол қойды.