• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Туризм 17 Қыркүйек, 2024

Табиғатпен тілдестіретін жоба

123 рет
көрсетілді

Ұлан-ғайыр атырап, сол атырапта кездесетін аң-құстар, өсімдіктер, қыбырлаған жәндіктеріне дейін бәрі-бәрі біздің байлығымыз. Ал байлық дегенді оңды-солды шашпай, өзіміздің, келешектің қамы үшін сақтап, қызғыштай қоруымыз керек. Әсіресе табиғатта жойылудың аз-ақ алдында тұрған жануарлардың халі бізді ғана емес, әлем халықтарын толғандырады. Енді міне, сол табиғатта кездесетін аң-құстарға қызығатын, алаңдайтын тараптардың қолдауымен «Қазақстанның тұмса табиғаты» деп аталатын сайт ашылды.

Бағыты ақпараттық сайттардан бөлек муьтиме­диалық деректер базасының таныс­тырылымы Ас­танада өтіп, тақырыпқа сай фотокөрме ашылды. Сайт­тың атауымен ұйымдастырылған көрмеде жобаның дерек­қорына енген аң-құстардың жақыннан алын­ған фотосуреттері тізілген. Көрменің ашылу салтанатына осы жобаны үйлестіру үшін ­ел-жер аралап, тау-тас кезген кәсіпқой фотографтар да қатысты. Енді сапалы сурет­тер топтастырылған көрмені қала тұрғындары мен қонақтары «Сарыарқа» ойын-сауық орта­лығының 2-қабатында 25 қыркүйекке дейін тамашалай алады.

Жоба авторларының айтуынша, сайт зоология бағытында талаптанып жүрген жастар­дың ғылымға қызығушылығын оятып қой­май, еліміздің биологиялық алуан түрге бай фаунасын сақтаудың маңызын жұртшылық­қа насихаттайтын таптырмас құрал болуға тиіс. Жобаны «EcoForming» экология және білім беру қоры «Шеврон» компаниясы­ның демеушілігімен, Қазақстанның Зоология институты және «National Geographic Qazaqstan» журналының қолдауымен іске асырады.

Авторлар осы сайт арқылы елімізде мекен ететін жануарлар дүниесін табиғатқа жанашыр қауымға жақынырақ танытып, аңдар мен құстардың бірегей фотоларын ұсынады. Сайтта әрбір тіршілік иесінің түр-сипаты мен ерекшеліктерін танытатын жо­ғары сапалы портреттік фотолардан бөлек, энциклопедиялық шағын ақпараттар ұсы­нылады. Фотогалерея жоба барысында әлі сан түрлі жаңа фотосуреттермен толығады.

«EcoForming» қорының өкілі Қанат Абашевтың айтуынша, «Қазақстанның тұмса табиғаты» веб-сайты келешекте студенттер мен оқушыларға ғана емес, еліміздің фаунасын зерттеуге қызығатындар үшін де көрнекті әрі бағалы дерекқор қызметін атқарады.

– Иә, бұл сайт ұзақмерзімді жоба. Сайт­қа еліміздің әр аймағында кездесетін жануар­­лар­дың табиғатта түсірілген сапалы портрет­тік фото­суреті шағын ақпараттармен қосып жарияланып отырады. Жобаға кәсіби шебер фотографтар қатысты. Олардың еңбекте­рін көріп тәнті бола­сың, сүйсінесің. Сайт әуелдегі мақсаттан айны­май, дами береді деген үміттеміз, – дейді Қ.Абашев.

Деректер базасы енді ашылып, алғашқы фотосуреттер жуырда ғана жарияланғаны­мен, жобаның жұмысы одан ертерек басталып кеткен. Алдымен кәсіби фотографтар елдегі ең ірі саналатын Алматы мен Қараған­ды қаласындағы хайуанаттар бағына бар­ған. Онда кәсіби мамандар жойылудың алдын­да тұрған, өте сирек кездесетін аңдарды түсір­ген. Фотографтар мұнымен тоқтамай, Ақмола облысындағы «Қорғалжын» қорығын­дағы құстарды апта бойы бақылаған. Кейін Алакөл, Зайсан, Іле-Балқаш резерваттарына, «Алтынемел» Ұлттық та­биғи паркіне барып, аң-құстардың бейнесін мей­лінше жақыннан алуға тырысқан. Сөйтіп, фото­­графтар 150-ден астам аң мен құстың сапалы су­ретін сайлаған. Осының ішінде шамамен 70-ке жуық фотосурет жаңадан ашылған сайтқа жария­ланған.

–  Сайт қазақ, орыс, ағылшын тілінде оқыр­ман­дарға қолжетімді. Құрылымы сүтқорек­ті­лер, құстар, бауырымен жорғалаушы­лар, қосме­кен­ді­лер, балықтар, жәндіктер деп, ­6 са­натқа бө­­лінген. Яғни мұнда елімізде кезде­се­­тін әрбір аң-құс, жәндіктер биологиялық ­түр­ге қарай бөлек-бөлек топтастырылған. Мы­са­лы, сайтта сүрқоректілерді ашатын болса­­ңыз, мониторға сүтқоректілердің түр-түрі шыға келеді. Олардың түрін, қайда мекендейті­­нін, ­санын бәрі-бәрін энциклопедиялық ақпа­рат­­тан оқып қаныға аласыздар. Бұл – оқыр­ман­дардың белгілі бір жануар түрін лезде табуына жәрдемдеседі. Ел аумағында ұя басатыны бар, жыл құстары, өтпе­лі құстар – бәрін қосқанда 500-ден аса құс­тың түрі кездеседі екен. Ал оған даланың аңда­рын қоссақ, тағы біразға барып қалады. Біз сол аң-құсты түген­деп, сапалы фотосуреттерін жария­лауға кіріс­тік. Әлі алда атқаратын жұмыс көп. Көп­ші­лікке қолжетімді сайт оқушыларға, студент­­тер­ге және жалпы табиғат жанашыларына пай­далы болады деген үміттеміз, – дейді бел­­гілі журналист, «National Geographic Qazaqstan» жур­налы­ның жауапты редакторы Айбын Шағалақ.

Ескеретін жайт, сайтқа тек елдің аймағында кездесетін аң-құстардың сапалы фотосы мен деректері жарияланды. Жоба үйлестіруші­лері алда сайтты тағы көптеген фотосуретпен көмкеріп, дамытып, жоғары сапалы бейнежазбалармен толықтырамыз деп отыр. Елімізде алғаш рет ашылған бағыты, мақсат-мұраты бөлек сайт қолдаушылар мен қолданушылар үшін табысты болсын деп тілейміз.