Шымкентте сауда-логистикалық орталығы аумағында бөтелкедегі кока-кола, салқын шай, ауызсу өндіретін жаңа зауыттың өндірістік екі желісі іске қосылды.
Салтанатты жиында қала әкімі Ғ.Сыздықбеков, Түркістан қаласындағы Түркияның бас консулы И.Пак, АҚШ-тың Қазақстандағы бас консулы М.Еркин, ССІ компаниясының Орталық Азия мен Кавказдағы аумақтық директоры Э.Гюзель сөз сөйлеп, құттықтау тілектерін арнады. Кейін қонақтар дәстүр бойынша кәсіпорынның қызыл лентасын қиып, өндірісті іске қосудың батырма түймесін басты.
«Әлемге әйгілі сусынның Шымкентте шығарыла бастауы шынында қала үшін тарихи оқиға. Жаңа кәсіпорын тек мегаполистің емес, еліміздің экономикасы үшін де оң әсерін тигізеді. Бұл ірі жобаның инвестициялық құны – 27 млрд теңге. 150-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Ірі кәсіпорынның пайдасы бюджеттік салық табысының өсуіне де ықпал етеді. Еліміз бойынша Үкіметтің қолдауымен қаншама кәсіпорын ашылып жатыр. Соның ішінде инвесторлар көмегімен Шымкентте бүгін жаңа өндіріс орнының өндірістік желілері іске қосылды. Қала әкімдігі шетелдік және жергілікті инвесторларға мейлінше қолайлы жағдай жасап келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша мегаполистің экономикасына 600 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Ал олардың өндірген өнімі бір триллион теңгеден асып кетті. Осының бәрі қарқынды еңбектің жемісі деп білемін», деді шаһар басшысы.
Түркістан қаласындағы Түркияның бас консулы И.Пак екі бауырлас елді тек экономикалық қана емес, сондай-ақ рухани байланыстар да жақындастыратынын атап өтті. Сондықтан Қазақстан – Анадолы елі үшін қашан да маңызды әріптестің бірі. Бүгінгі таңда түрік инвесторлары дәрі-дәрмек өндірісінде, азық-түлік, қонақүйлерді басқару ісі, құрылыс, басқа да салаларда жемісті еңбек етіп келеді. Жуырда түрік кәсіпкерлерінің қатысуымен мегаполисте ірі агрожоба қолға алынса, бүгін тағы бір тамақ өндірісі бойынша үлкен жобаға қолдау көрсетілді.
Одан бөлек, АҚШ-тың Қазақстандағы бас консулы М.Еркиннің айтуынша, әлемдік бренд кока-кола сусынының елімізде өндіріле бастағанына биыл 30 жыл толды. Осы жылдар аралығында ел экономикасына 100 млрд теңгеден астам инвестиция құйылды. Қосымша мыңдаған жаңа жұмыс орны құрылды. АҚШ-тың бас консулы еліміз бен Американың іскер азаматтарымен кездесіп, пікірлесіп тұратынын мәлімдеді.
ССІ компаниясының атқарушы директоры Э.Гюзель Шымкенттегі жаңа кәсіпорын кока-кола өндіретін еліміздегі үшінші зауыт екенін атап өтті. Ол осынау маңызды жобаны іске асыруға қолдау білдірген ел Үкіметіне, қала әкімдігіне алғыс білдірді. Сонымен бірге АҚШ пен Түркияның Қазақстанмен арадағы жылы дипломатиялық қарым-қатынасының нәтижесінде осындай ірі жобалар іске асырылып жатқанын жеткізді. ССІ компаниясы Алматы облысында, Астанада кока-кола сусынын өндіретін зауыт салған. Кейінгі он жылда олардан республиканың бюджетіне түскен салық кірісі 260 миллиард теңгеге жуықтады. Еліміздің ішкі жалпы өнімінің жарты триллион теңгеге жуық қаржысын ССІ-дің экожүйеге қосқан үлесі құрайды. Ал кока-кола шығаратын зауыттардағы жұмысшылар саны он мың адамнан асып жығылады. Жаңа кәсіпорынмен бірге елімізге заманауи технология келді.
Coca-cola Icecek компаниясының Орталық Азиядағы үкіметаралық байланыс пен коммуникация бойынша директоры Әлима Исембаеваның айтуынша, ССІ келешекте инвестиция көлемін ұлғайтып, Шымкенттегі кәсіпорын мүмкіндігін кеңейтуді жоспарлап отыр. Кәсіпорындағы 150-ден астам еңбеккердің бәрі де жергілікті тұрғындар. Компания оларды инженерлік пен басқару, сондай-ақ басқа да мамандықтар бойынша оқытып даярлады. Кәсіпорын бір жылда 283 миллион литр алкогольсіз сусын шығаруға қауқарлы. Өндірістік желіде кока-кола мен фьюс шай, таза ауызсу өндіріледі. Компания жергілікті нарықты бағамдап көреді. Егер сұраныс туындап жатса, жоғарыда айтқанымыздай, кәсіпорын өндірістік қуатты арттыруға дайын. ССІ өкілі мәлімдегендей, мегаполистің алкогольсіз сусындар өнімімен еліміздің оңтүстік өңірі толық қамтамасыз етіледі. Жылына ССІ-дің екі зауытында 1 миллиард литр кока-кола, фьюс шай, пико шырындары өндіріледі. Соның өзі тұтынушыларға жетпей қалып жатыр екен. Нарық сұранысын қанағаттандыру үшін мегаполистен үшінші зауытты ашуға шешім қабылданыпты. Оның үстіне Алматы облысынан оңтүстік өңіріне сусындар тасымалдауда жол қиындығы да бар. Статистика бойынша кока-кола өндірісінен еліміз Орталық Азияда бірінші орын алады екен. Сонымен бірге сусындар жергілікті жерде өндірілгендіктен, оның бағасы да арзан болуы мүмкін. Ең бастысы нарықта бұл өнімдерден тапшылық туындамайды. Кока-кола бүкіл әлемге тараған АҚШ-тың бренді болғанымен, оны дүниежүзінде өндіру, технологиясын іске асыру, қаржы құюмен түріктің ССІ компаниясы айналысады. Түрік инвестициясының рөлі де осында. Осы ретте инвестициялық жобаның ел экономикасына берер пайдасы – жаңа жұмыс орындарының ашылуы, жаңа технологияның келуі, бюджеттік салық түсімдерінің артуы мен нарықты тиісті өнімдермен қамтамасыз ету.
АҚШ-тың еліміздегі бас консулы М.Еркин өткен жылы екі мемлекеттің арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың табысы 3,4 миллиард долларды құрағанын жеткізді. Кейінгі жылдары АҚШ инвестициясы 35%-ға артқан. Ол Америка мен Қазақстан арасында сауда саласы бойынша арнайы комиссия жұмыс істейтінін де мәлімдеді. Оның мақсаты – іскерлік қарым-қатынастар көкжиегін кеңейте беру. ССІ компаниясы ашқан кока-кола зауыты осы іскерлік әріптестік аясында туған жаңа жоба. Бас консул АҚШ әрдайым елімізді сенімді әріптестерінің бірі ретінде қарайтынын атап өтті.
Айта кету керек, кока-кола зауытының құрылысы былтыр басталған. Кәсіпорын орналасқан аумақ сауда-логистикалық орталығы деп аталады. 136 гектар аумақты құрайды. Қазіргі таңда бұл өндіріс аймағын дамытудың екінші кезеңі басталды. Алкогольсіз сусындар шығаратын жаңа кәсіпорын осы екінші кезең жоспарының алғашқы бастамасы.
«Шымкентте ірі инвестициялық жобаның ашылуы тегін емес. Өйткені шаһарда инженерлік-инфрақұрылым жақсы дамыған, халық саны көп, өнімді өткізетін үлкен нарық та бар. Оның үстіне мегаполис Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізінің бойында орналасып, сауда-логистикалық хабтың рөлін ойнайды. Осының барлығы түптеп келгенде Шымкентті инвестицияға қолайлы өңірге айналдырып отыр. Жаңа кәсіпорын басқа өндірістерді алға сүйреуге әсер беретін күшке ие. Мәселен, қалада қағаз картондар, шыны бөтелкелер шығаратын өндіріс орындары бар. Сусындар шикізатына қажетті өнімдерді осы кәсіпорындардан алсақ болады. Бүгінгі таңда олармен тиісті келісімдер жасалып жатыр. Жоспар бойынша сауда-логистикалық орталығында жаңа кәсіпорындар пайда болады. Ол үшін жергілікті атқарушы билік бар күшін салады», деді қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов.
CCI компаниясының салған инвестициясының нәтижесінде, 2030 жылға дейінгі тұрақты даму міндеттемесінде көзделгендей, еліміздің жалпы әлеуметтік-экономикалық өсіміне зор ықпал етпек. Сонымен бірге кәсіпорын қоршаған ортаға тарайтын зиянды қалдықтарды айтарлықтай азайтатын озық технологияларды қолданысқа ендіретін болады. Өндіріс орны жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған арнайы бағдарламаларды да іске асыруға дайын. Еліміздегі шетелдік инвесторлардың көшбасшысы саналатын ССІ компаниясы бүгінгі таңда елімізде 13 мыңнан астам тікелей және жанама жұмыс орындарын құрып отыр. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан осынау зор үлесі үшін ССІ бірнеше жүлделі сыйлықпен марапатталғанын атап өткен жөн. Ол: «Үздік салық төлеуші», президенттік «Парыз», «KGIR», сондай-ақ мемлекеттік-әлеуметтік жауапкершілік қызметі үшін берілетін сыйлықтар.
ШЫМКЕНТ