Ұлтымыздан шыққан аға буын композиторлар мектебінің негізін қалаушылар санатындағы кәсіби классик-композитор, халық шығармаларын сүйіп, құмарта тыңдаған Сыдық Мұхамеджановтың туғанына 100 жыл толды. Балалық шағы ауылдық жерде өткендіктен, жас талант Арқадан шыққан дарынды тұлғалар Ақан сері, Біржан сал, Мәди, Естай, Үкілі Ыбырай, Тәттімбет, Сайдалы сары Тоқа, Әбди, Қыздарбек, Сембек, Әбікен Хасенов, т.б. әндері мен күйлерін бойына сіңіріп өсті.
Композитор бірден музыкаға келген жоқ, мектепті бітіргеннен кейін 1947 жылы Киноактер техникумын тәмамдап, одан соң музыка училищесінің тарихи-теориялық бөлімін аяқтап, содан Құрманғазы атындағы консерваторияның композиция факультетіне профессор Евгений Брусиловскийдің класында оқып, толық 40 жылдан астам өмірін музыка жазуға ғана арнады. Музыкалық жанрдың бар саласында қалам тербеген классиктің 1964–1981 жылдар аралығында жазған «Айсұлу», «Жұмбақ қыз», «Ақан сері – Ақтоқты» опералары Алматыдағы Абай атындағы Опера және балет театрының сахнасында қойылды.
Вокалдық-симфониялық шығармалары одақтық және шетел мамандарының тарапынан жоғары бағаланды. 1960 жылы Қуандық Шаңғытбаевтың сөзіне жазылған, 8 бөлімнен тұратын «Ғасырлар үні» ораториясы – отыз жылға жуық үлкен сахналарда үзіліссіз орындалған, сонау «Ақтабан шұбырындыдан» бастап бүгінгі күнге дейін ұлт тарихын терең байыптап, тыңдаушы, көрерменге рух беретін, патриоттық сезімді оятатын үлкен музыкалық туынды. Қазақ ұлт аспаптар оркестріне арналған шығармаларының ішіндегі «Шаттық отаны» атты еңбегі алғаш Шамғон Қажығалиев, Алдаберген Мырзабековтердің дирижерлігімен Құрманғазы атындағы оркестрдің орындауында 1953 жылы алғаш рет тыңдарманға жетіп, оркестрдің шетелдік гастрольдерінде өте жоғары бағаланды. Ол әлі күнге дейін республикадағы барлық ұлт аспаптар оркестрлерінің репертуарларынан түскен емес.
С.Мұхамеджановтың скрипкаға, дауысқа, домбыра, қобызға арналған концерттері де жетерлік. Камералық аспаптарға арналған пьесаларының өзі оннан асады. Хорға арналған акапелла, кантата, поэма, марштары және бар. Жиырмаға жуық драмалық спектакльге арналып жазылған музыкалары республика театрларында осы күнге дейін орындалады. Оннан астам кинофильмге жазылған музыкасын естігенде, композитордың өзіне тән қолтаңбасын бірден тануға болады. Халық әндерін өңдеудің хас шеберінің фортепиано сүйемелдеуінде түсірген клавирлерін классик әншілер әлі күнге өз керегіне жаратуда. Дж.Байрон, Т.Шевченко, Р.Бейрус, С.Сейфуллин, И.Байзақов, С.Бегалин, М.Хәкімжанова, Қ.Аманжолов, М.Мақатаев, Т.Әбдірахманова, А.Шамкенов, Ж.Өмірбеков, Н.Баймағанбетов, С.Адамбеков, А.Бейсенов, Е.Әукебаев, Ж.Тұрбекова сияқты ақындардың сөзіне жазылған ән-романс дуэттері екі жүзге жуық. Ал Абай мен Қуандық Шаңғытбаевтың сөздеріне жазылған вокалдық циклдері – бағасы жоқ дүниелер. Мысалы, «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», «Өзгеге көңілiм тоярсың» атты туындысы, романс жанрында жазылған шығармалары – лирика мен сұлу әуеннің бір-біріне ерекше үйлескен шоқтығы биік туынды. Қуандық ақынның сөздеріне жазылған циклдеріндегі «Тербеледі тың дала», «Жарқырайды Теміртаудың оттары», «Есімде», «Әйтеуір, сол қыз – бір сұлу», «Уа, жеңгелер» атты әндері мен дуэттері әлі күнге дейін ел аузында.
С.Мұхамеджанов музыкасының ерекшелігі ұлттық негізден нәр алған иірім нақыштары, әуездік үнділігі, кәсіби әншілердің дауысына өте ыңғайлы мелодиясы тез көңілге қонып, есте сақталатынынан болуы керек. Ол кісіні өнер әлемі «Қазақтың Пуччиниі» деп атайды. Сондықтан болар, музыкалық колледждер, консерватория мен өнер университеттерінің оқу бағдарламаларына оның ария, ән, романс, дуэттері енгізілген.
Менің өнер жолымда Сыдық Мұхамеджанов ерекше орын алады және оның ұлы тұлғасы мәңгі есімде қалады. 1981жылы Римский-Корсаков атындағы Ленинград консерваториясын бітіріп келіп, Алматыдағы Абай атындағы Опера және балет театрына орналастым. Ол кезде театрдың көркемдік кеңес мүшелері: театр директоры Т.Өзбеков, бас дирижері В.Руттер, бас режиссері Б.Рябикин, бас хормейстері Б.Жаманбаев, бас балетмейстері З.Райбаев, бас суретші Г.Исмайлова, партия ұйымының хатшысы В.Яковенко, кәсіподақ төрағасы К.Бейсалиев, КСРО халық әртістері Е.Серкебаев, Р.Жаманова, Р.Бапов, Б.Төлегенова, Р.Абдулин, Мәдениет министрінің орынбасары Қ.Саудабаевтардың алдында Тұрғыт Османовтың дирижерлік етуімен опералардан бірнеше арияны симфониялық оркестрдің сүйемелдеуінде орындап бердім. Көркемдік кеңестің қызу талқысы мен шешімінен кейін, бақытыма орай, опера труппасына қабылдандым. Сол жылы театрдың жаңа маусымына композитор С.Мұхамеджановтың Ғ.Мүсірепов либреттосына жазылып біткен «Ақан сері – Ақтоқты» операсы қойылатын болып, көркемдік кеңестің шешімімен Ақан партиясын орындау үш тенорға – Н.Қаражігітовке, С.Байсұлтановқа және маған жүктелді. Содан қызу дайындық басталды да кетті. Әуелі бір айдан астам уақыт әрбір партияның мелодиясымен бірге сөздерін жаттау, клавирмен түгелдей танысу, бір айдай фортепианоның сүйемелдеуімен әрбір партияны орындауымен спектакль дирижері ән, романс, ария, ансамбльдерін қабылдап әрі қарай барлық орындаушының басын қосып (спевка)жатқа айтқызып қабылдағаннан кейін оркестрімен бірге қосылып айту басталады. Бәрін пысықтап алған соң, режиссер сахнада әрбір орындаушының образдарымен жеке-жеке жұмыс жүргізіп, әр актінің мизансценаларын көрсетеді. Спектакльде әрбір бейнені сомдайтын әншілер құрамы 3-4 адамнан тұрады. Күнде дайындық: өзіңді-өзің баптап, бар күш-жігеріңді сақтап, кәсіби әншілердің тамақ ауруы саналатын трахеит, фарингит, ларингитпен ауырып қалмауға тырысасың және бір-бірімізді сырттай байқап, бақылап, өзара кемшіліктерімізді байқап, толықтырып отырамыз. Орындаушылық өзара бәсекелестік деген осы. Бірінші тұсаукесер премьераны кім айтады – сол үздік. Спектакльдің дирижеры Валерий Руттер, режиссері Бәйтен Омаров, хормейстері Базарғали Жаманбаев, суретшісі Гүлфайруз Исмайлова, опера авторы Сыдық Мұхамеджановтардың талабы қатал, сын-ескертпелерін мүлт жібермеуміз керек. Сонымен, алты ай бойы дайындалған шығарманы костюм, грим, декорация партияларды орындаушы үш құрамды әншілерді барлық болмысымен көркемдік кеңес мүшелері бір тыңдап, Мәдениет министрі Жексембек Еркімбеков бір тыңдап, 1981 жылдың тамызында басталған спектакльге даярлық 1982 жылдың 23 қаңтарында мәресіне жетіп, көрсетуге жарнамалар ілінді. Бірінші премьерасын Ақан серіні – мен, Ақтоқтыны – Хорлан Халиламбекова, Жалмұқанды – Ғафиз Есімов, Хазіретті – Қырғызстан опера театрының әншісі Қуанычбек Құлматов, Мылқауды – «Қазақфильм» актері Димаш Ахимов, Сердәліні – Кеңес Бейсалиев, Қоңқайды Аманжол Жанбатыров айтатын болып шешілді. Спектакльдің алғаш қойылымына Ғабит Мүсірепов бастаған Жазушылар одағы, Еркеғали Рахмадиев бастаған Композиторлар одағы, бүкіл Алматының зиялылары түгел жиналды. Қойылым ойдағыдай өтіп, БАҚ-та жақсы баға берілді. Театр табалдырығын аттай сала менің тырнақалды бас партия орындағаныма да жылы пікірлер айтылды.
Содан жарты жыл өткенде Сыдық ағамыздың сұрауы бойынша Софы Сматаевтың либреттосына жазылған «Жұмбақ қыз» операсындағы Адақтың партиясын орындадым. Опера және балет театрында істеген 1981–1996 жыл аралығында 30-дан астам орыс, қазақ, Еуропа операларының бас партияларын айтып, театрдың бүкіл репертуарына ендім. Әлі есімде, 1984 жылы композитордың 60 жылдық мерейтойын өткізетін болып бір топ өнер адамы Жезқазған облысын араладық. Сыдық ағамыздың шашбауын көтеріп Композиторлар одагының хатшысы Тілес Қажығалиев бастаған әншілер: Хафиз Есімов, Алма Оспанова, Люция Төлешова, Зейнеп Қойшыбаева, фортепианода сүйемелдеушi концертмейстер Римма Кузмина – бәрімізді Жезқазған аэропортынан облыстық атқару комитетінің төрағасы Хамза Жұмабеков, облыс телерадиосының төрағасы Сәбит Байдалы және бір топ адам гүл шоқтарымен қарсы алды. Мұнан соң баратын жерімізге төрт ақ «Волгамен» аттандық. Әр елді мекенде өткен кездесу-концерттерде мерейтой иесінің операларынан үзінді, ән, романстарын орындаймыз. Тілес Қажығалиев баяндама жасайды. Композитормен жүздесуге, музыкалық шығармаларын тыңдауға келген халық залға сыймай кетеді. Жезқазған жерін аралап келе жатқанда сар далада жөңкіген мыңдаған жезкиікті көріп, таңғалғанымыз есімізде.
Сол елде өткен мерейтой сапарынан шабыт алып, рухтанып қайтқан композитор осы жылы өзінің 4-симфониясын, қазақ ұлт аспаптар оркестрімен орындалатын домбыра және қобызға арналған концерттерін, фортепианоға арналған концерттік вальстерін жазып тастады. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» операсы 2 бөлімді 4 картинадан тұратын клавирін аяқтадым, енді ойды пісіріп, патитурасына кірісемін, Қозының партиясын сен орындайсың», деп маған ескертіп те қойған еді. Әр нәрсенің себебі бар. Е.Брусиловский, А.Жұбанов, Л.Хамиди, М.Төлебаев, П.Аравин сынды аға буын композиторлар арасындағы шығармашылық бәсекелестік пен кейде күрделі қатынастары одан кейінгі Е.Рахмадиев, С.Мұхамеджанов, Ғ.Жұбанова, Н.Тлендиев, Қ.Қожамияров толқынына әсер еткені белгілі. Бірақ сол бәсекелестік аталған композиторлардың бір-бірінен қалыспай, өзін-өзі қамшылап, небір қомақты музыкалық туындылар жазуына ықпал етті. Бүгінде артында қалған олардың мол мұрасы театр, оркестр, жеке орындаушы өнер иелеріне әлі күнге дейін азық. Өкінішке қарай, бүгінгі композиторлар арасында шынайы шығармашылық бәсекелестік мүлдем жоқ...
КСРО халық әртісі атағын өз әріптестерінің соңынан алғандығы әсер етті ме, С.Мұхамеджанов өмірінің соңғы кезінде мінезі томаға-тұйық болып, денсаулығы нашарлап, дімкәстана берді. Бірде маған «Жұмбақ қыз» операсындағы Абылай бейнесі үшін мені «ұлтшыл» деп айыптап, сергелдеңге салды, ақырында инфаркт алдым...» деді. Осыны айтқанда өнер тұлғасының жүзінен мұң көрген едім... Сыдық ағамыздың шығармасында Абылай аңсайтын еліміз тәуелсіздік алатын 1991 жылдың 3 ақпанында дүниеден озды.
1994 жылы композитордың 70 жылдық мерейтойы Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы «Ғалымдар үйінде» сол мәдени орданың елшіл басшысы Ғайникен Бибатырованың бастамасымен өткенін халық жақсы біледі. Ол мәдени-танымдық кеш «Сазың кетпес құлақтан» деп аталып, оны жүргізу маған бұйырған еді. Кештің алғы сөзін атақты «Елім-ай» романының авторы, «Жұмбақ қыз» операсының либреттосын жазған, хан атын атауға болмайтын заманда спектакльге Абылай бейнесін енгізген, халық бәсінде батыл да биік жазушы, ақын Софы Сматаев айтты. Сол шараға Жезқазғаннан арнайы келген Сыдық ағамыздың 93 жастағы әкесі Мұхамеджан ақсақал концерттің соңында сөз алып: «Айналайындар, Сыдығым өлген жоқ, қазақ халқы аман болса, ол да мәңгі жасай береді» деп, жиынға келген жұрттың көңілін босатқан еді. Содан бері қанша жыл өтті, композитордың артында қалған өшпес музыкалық мұрасы әлі де орындалып келеді, орындала да бермек.
2013 жылдың наурызында Еуразия ұлттық университеті «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің бастамасымен өткен кездесуінде қоғам қайраткері, Еңбек Ері, марқұм Еркеғали Рахмадиев: «Сыдықтың мерейтойлары аталып өткен жоқ, не бір көшеге, не бір өнер ғимаратына есімі берілген жоқ, кеше ғана оның музыкасын, ән романстарын айтып жүр емес пе едіңдер, көзі жұмылғаннан кейін оны ұмытқандарың ба?» деп біраз басшының есігін тоздырдым. Біздің тұлғаны бағалауымыз әлі дана Абай берген сипаттан аспай тұр ғой», деп өкінішті сөзін жеткізген еді. Ерағаң айтып кеткен аманат әлі де арман болып тұрғанын неге жасырамыз? Еліміздің баға жетпес рухани қорына енген Сыдық Мұхамеджановтың шығармалары – тұнып тұрған мөлдір бұлақтай, ұлттық нақышы қанық классикалық дүниелер. Кеңес империясы құлап, мемлекетіміз тәуелсіздік алған кезеңде дәстүрді арқалаған халқымыз Сыдықтай композиторларын іздеді. Бірақ рухани кеңістіктің бостығынан, елдігімізді қор етуді қалаған түрлі ағымның белсенділігінен отандық музыка әлемін инкубатордан шыққандай бір-бірінен аумайтын, бүгін айтса, ертең еске түспейтін жылауық әндер мен ыңырсық әншілердің афро-америкалық, англо-саксондық эстрадасы жаулап алды. Осыны керемет көрген, бұған көзсіз еліктеп өскен жастардың санасы уланып, талғамы бұзылып бара жатқан үрдісті қазіргі алапат дерт «Эболамен» салыстыруға болады. Елді үйлесімділік пен сұлулыққа, тазалық пен шынайылыққа баураған Сыдық Мұхамеджановтай тұлғалардың мұрасы бүгінгі жасанды «жұлдыздардың» көз қарықтырар жарығының астында, көлеңкесінде қалуы ұлт музыкасына, шын өнер иелеріне жаны ашитын адамдарды бейжай қалдырмауы керек.
Қазір қалада қаптаған машинаның шаң-тозаңына уланған мына заманда эфир мен сахнаны жаулап алған жасанды әншілерден халық ығыр болды. Шаршады. Мұны қалай қойдырамыз? Жер бауырлап кеткен ән әлемінің беделін қалай көтереміз? Осы сұрақтар өнер адамдарына да, жалпы халыққа да қойылып тұрғандай. 2022 жылы «Хабар» агенттігінің сол кездегі төрағасы Берік Уәлиге барып, кабинетінде «Тербеледі тың дала», «Әйтеуір, сол қыз – бір сұлу», «Қырманға кел, қалқатай» әндерін ыңылдап айтып, «Бұл кімнің әні?» деп сұрадым. Ол жұлып алғандай: «Әрине, Сыдық Мұхамеджанов», деді. «Олай болса, бауырым, Сыдық Мұхамеджановтың осы күнге дейін мерейтойлары аталмай келеді. Енді екі жылдан кейін жүз жылдығы болады. Соған орай, композитордың «Сазың кетпес құлақтан» атты жеке-дәріс концертімді түсіруге атсалысуыңды сұраймын», дедім. Берік Уәли сөзінде тұрып, Ұлттық кітапхананың ақ роялі бар бөлмесінде, пианист-концертмейстер Любовь Глинканың сүйемелдеуінде түсірілген дәріс-концертті «Еларна» арнасында көрсетті.
Былтыр Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекбаевтың қабылдауында болдым. Осы облыстың Шет ауданының тумасы Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдығын өздеріңіз бастап берсеңіздер, аруағы риза болар еді. Әкім сол жерде облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайынов, Мәдениет басшысы Еркебұлан Жұмекеновке композитордың мерейтойын өткізуді келесі жылдың жоспарына енгізуге тапсырма берді. Композитордың көзін көрген үш опера, оратория ән-романстарынан үзінді видеоларды осы жылдың басынан өзімнің Facebook парақшамда жариялап келемін. Осыны байқаған «Абай» телеарнасының «Ұмытпаймыз» бағдарламасының авторы және жүргізушісі Жаңылхан Асылбекқызы мені арнайы Алматыға шақырып, сұхбат алды. Онда біраз мәселені айтып, ой бөлістік.
Ұлы композитордың мерейтойы еліміз бойынша кең көлемде аталып өтіліп, оның музыкалық шығармалары орындалып, насихатталады деп сенеміз. Бұл ретте Сыдық Мұхамеджанов тұлғасы және өнері асық пен жасықты тануға өлшем бола алар еді деп ойлаймыз.
Кенжеғали МЫРЖЫҚБАЙ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор