«Қазіргі Ұлытау – ежелгі рухани самғаулар мен саяси шоғырлануға куә болған қашанғы қара орын», дейді халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы. Әңгімеміздің әлқиссасын заманымыздың заңғар қайраткерінің осы пайымдауымен бастағанды жөн көріп отырмыз. Алаштың аға тауы, даланың ақ отауы саналған қастерлі қоныс, қасиетті мекен адамзат тарихымен астасып жатқан тамырлы тарихымен қымбат. Ол – тұтас қазақ халқының табысқан төбесі, ұйысқан іргесі. Өткен күннің көкжиегіне көз тастап, көңіл аударсаң, бұл жерге қай қағанат, қай хандық тағзым етпеді дерсіз. Әне, арбаға мүйізді жылқы жеккен «күнбасты адамның» кірмембес ауыр қолынан басталған тарихи тізбек сақтардың салқам керуенімен жалғасып, хан Жошының ұлысына ұласып жөңкіп барады. Ал артынан... Ұлытаудың мәртебелі биігіне мәңгіліктің туын қадаймын деп салтанаты жарасып келе жатқан тәуелсіз еліміздің көрінісі менмұндалайтындай. Осы орайда Мемлекет басшысының «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумында сөйлеген сөзі ойға оралады. «Тарихы терең Ұлытаудың қадір-қасиетін бағалай білу – баршамызға ортақ парыз. Сондықтан Ұлытаудың тарихы мен тағылымын жастар тәрбиесі мен отаншылдықты, ішкі туризмді дамытуға пайдалану керек», деген сөзі осы қасиетті мекенге жолға шығып, дала дидарын көзбен көріп, көңілмен түйсінуге бел буғызды.
Жезқазған еліміздегі түсті металлургияның ірі орталығы ретінде танымал. Сол себепті мұндағы еңбекшілердің негізгі кәсіп түрі – кен игеру, яғни көбісі шахтерлер. Бұған 1998 жылдан бастап өндірістік бағдарламамен жұмыс істеп келе жатқан «Қазақмыс» корпорациясының ықпалы зор. Мұны қалаға алғаш келген адам ұшақтан түсе салысымен әуежайдың алдындағы жарнамалық баннерлерден, автобус сыртындағы жазулардан айқын аңғарады.
Ал біз Жезқазған қаласындағы іссапарымызды «СтепЛаг» аспанасты музейіне барудан бастадық.
СтепЛаг: трагедия тағылымы
«Степной» лагері 1948 жылдың қыркүйек айында Қарағандыдағы әскери тұтқындарға арналған Қарлаг территориясының бір бөлігін қамтыған Жезқазғандағы әскери тұтқындарға арналған №39 лагері негізінде құрылған. 1954 жылдың 10 маусымындағы мәліметте, мұнда 34 ұлттың өкілдері, барлығы 21 090 тұтқын отырған. Олардың басым көпшілігіне «Отан сатқыны» ретінде тыңшылықжасағаны, көтеріліске қатысқаны және «саяси бандитизмге» қатысы бар деген айып тағылған.
Экскурсия жетекшісі, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің экономика және Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы Қабдол Әуезов мұндағы тәртіптің басқа түзету орындарынан өте қатаң болғанын, мерзімін өтеушілерді адам төзгісіз ауыр еңбекке салғанын атап өтті.
Иә, қазір тарихи ескерткіштің орны әбден тозған. Ғимараттың қабырғалары қопарылған. Есік, қақпаларының көбі қиратылған. Бұған себеп 1954 жылы болған «Кеңгір көтерілісі» дейді.
Бұл туралы тарих былай деп толғанады. 1953 жылдың 27 наурызында кеңес өкіметінің кең ауқымды амнистиясы жарияланады. Амнистия бес жыл мерзімге дейін сотталғандарды тегіс босатты. Ал саяси тұтқындардың көпшілігінің сотталу мерзімі 10 жылдан 25 жылға дейінгі аралықты қамтығандықтан, бұл жеңілдікке іліккен жоқ. Күткен үміттері ақталмаған соң, сотталушылар арасындағы наразылық толқулары толастамай, арты көтеріліске ұласқан. Үш айға созылған ереуіл күшпен басылып, қаншама қан төгілген. Бізге тарихи орынды таныстырып жүрген Қабдол Әуезовтің айтуынша, ғимарат осы кезде бүлініп, опырыла берген.
Іріген ірге, сынған кірпіш, құлаған қабырғаларды көріп көңілің еріксіз құлазиды. ГУЛАГ жүйесінен жазықсыз жапа шеккен тұтқындардың қаны мен тері тамған тарихи ескерткішке тиісті дәрежеде жөндеу жұмыстары жүрмей тұрғаны қынжылтады.
Зымыстан заманның зынданына түсіп, зығырданы ішінде қайнап, жоқтыққа сіңіп кете барған қайран есіл ерлер...
Құлағымда құрбандарға бағышталған Құран мақамы...
Алаша хан: мұқым ұлт мұрағаты
Алаша хан кесенесі
Жезқазған қаласынан шыққаннан кейін алты Алаштың арғы бабасы саналатын Алаша ханның кесенесіне бет түзедік. Алаша ханның өмірде кім болғаны, қайда туып, қашан өлгені туралы ғалымдар арасында пікір бірқыдыру. Кейбірі Алаша хан кесенесінде Шыңғыс қағанның жатқанын мәлімдесе, кейбірі мұнда қазақ ханы Ақназар Қасымұлы жерленген дейді. Тарих маманы болмағаннан кейін, кесімді пікір айтудан аулақпыз. Әйтсе де, мұнда қазақ халқының ұлы бір рухани ұстынының жатқанына шүбә келтірмеу керектігін ішіміз сезеді. Осындай ой ағынымен жүзіп келе жатып, кесенеге келіп жеттік.
Кесене Ұлытаудан бастау алатын Қаракеңгір және Сарыкеңгір өзендері косылар тұстағы биік жотада тұр. Күмбездің салыну стиліне қарап, ғалымдар оны Х–ХІІІ ғасырдағы оғыз-қыпшақ заманындағы сәулет өнері үлгілерінің қатарына қосады. Аумағы 9,73 м х 11,9 м, биіктігі 10 м.
Алаша хан күмбезі өзінің оюлы қабырғаларымен көз тартады. Олар әр түсті және әр көлемді кірпіштерді үйлестіре қалау арқылы масаты кілемге ұқсас өрнектелген екен. Эксурсия жүргізушісінің деректеуінше, бұл стиль Ұлытау өңіріндегі өзінен кейін бой көтерген көптеген мазарға (Дүзен, Айранбай, Бұзау, Шегір және т.б.) үлгі болған көрінеді.
«Алаша хан һәм оның баласы Жошы хан турасынан қазақ арасында бар сөз» дейтін ел аңызында («Дала уәлаятының газеті», 1897, № 13-14, 18) мынадай ой-пікірлер бар: «Қазақ халқы да Алаша ханды өзі ер, әділ, ақылды болған соң жақсы көріпті». Немесе: «…Қазақ халқы өзіне ұнаған соң, Алаша хан мұнда қалған. Қазақ сол уақытта көшпелі екен. Ер, өзі шешен, зейінді адамды өздеріне бастық қылып қойып, қазақтар соның айтқанына ұйиды екен. Біраздан кейін Алаша хан ерлігін де, шешендігін де, зейіні барлығын да көрсетті. Өзінің қолымен Алаша хан жауды әрқашан жеңе берген. Әрі-беріден соң өзін қазақтар хан қойған». Аңыз түбі – ақиқат. Халық арасындағы бұл сөздерде шындықтың дәйегі барына сенбеске болмайды.
Сайып келгенде, Алаша хан – қазақ баласының тарихи жадының өлшемі, бет түзейтін құбыласы. Елдің айнасы, ерліктің айғағы осынау күмбезде тұр. Бағзы бабалардың ешқашан қайталанбайтын саусағының ізі, қолының табы оның бір кірпішінде генеологиялық ақпаратымыз яки мұқым ұлтымыздың мұрағаты жатыр.
Жошы хан: ұлылық ұлағаты
Жошы хан кесенесі
Сонымен, Алаша хан басынан қайтып Қаракеңгір өзенін өрлей солтүстікке бет қойып келе жатқанымызда сары сағым арасында қарая көрінген белгіге көз тоқтаттық. Бұл түркі дүниесін бір тудың астына біріктіріп, жарты жаһанды дәргейіне келтірген Жошы ханның көк күмбезі еді.
«Бісміллә» деп хан кесенесіне еңкейе кірдік. Кесененің ішінде екі адамның бейіті жатыр. Бірі Жошы хандікі болса, екіншісі ханның бәйбішесі, Керей хандығының билеушісі Тоғырылдың інісінің қызы Бектумыс қатынға тиесілі болуы мүмкін дейді тарихшылар.
Әрі қарай кесененің құрылымдық ерекшелігіне экскурсия жетекшісі Қабдол Әуезов тоқталды. «Жошы хан мазары порталды-күмбезді күрделі құрылыстар қатарына кіреді. Кескіні тік бұрышты, күйдірілген қызыл кірпіш, ғаныш, әк сияқты материалдар пайдаланылған. Аумағы 9,55 м х 7,25 м. Портал жақтаулары өрнекті кірпішпен безендірілген, киіз үйдің басқұрына ұксайды. Әшекейлі кірпіштердің ауданы 45 см х 45 см. Бұл кірпіштерде өрнек, ою да, жазу да болған», деді ол. Кейбір дерек бойынша, 1911 жылы Атбасар оязын басқарған бір ұлық өрнекті кірпіштерді сыпырып алып, мұражайға жіберген көрінеді. Бірақ мұндай кірпіштердің кейбір сынықтары аман қалған екен.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жошы ұлысының 800 жылдығын мемлекеттік деңгейде мерекелеп, оның ұлт тұтастығына өлшеусіз әсер ететінін айтып жатыр. Иә, Алтын орданың негізгі мұрагері ретінде мемлекеттік тарихымызды қазақ хандығынан да әрі Жошы хан заманынан тарқату – халықтың отаншылдық рухын көтеретін игілікті жоба.
Болашаққа деген осындай көңілмен бабамыздың әруағына бет сипап, Домбауыл ескерткішіне бет түзедік...
Домбауыл: ескі жұрт елесі
Домбауыл ескерткіші
Ортағасырлық сәулет өнерінің ерекше түрі – Домбауыл ескерткіші. Жезқазған қаласынан 54 шақырымдай жерде, Жошыхан мазарынан дауыс жетер жердегі қыр үстіне оғыз-кыпшақ заманында салынған айрықша құрылыс. Кесененің сыртқы пошымы киіз үйге өте ұқсас. Қозы Көрпеш – Баян сұлу кесенесін көрген жандар болса, Домбауыл ескерткішімен ұқсастығын анық аңғарады.
Домбауылдың тарихи тұлғалығы төңірегінде ел ішінде аңыз көп. Ұлытау ақсақалдарынан өзім естіген бір әңгіме мынау. Домбауыл – Шыңғыс хан билігі тұсында жас Жошының аталығы болған көрінеді. Оның аман-саулығына кепіл боламын деп, қаған алдында ант беріп, қасам ішіпті. Күндердің күні болғанда хан баласы құлан қуып жүріп, қапияда қаза болғанын білген Домбауыл шәкіртінен көз жазып қалғанына өле-өлгенше өзін кінәлап өтіпті дейді.
Кесененің ерешелігі – мұнда кісінің сүйегі табылмаған. Алайда ғалымдар бұл мәселені әлі де терең зерттеу керектігін алға тартады. Бейіттің белгісі болмағанымен, халық кесенені қасиет тұтып, ішінде ғұрыптық рәсімдер жасағанын айтады.
«Бірде ұлықтап өзіңді, бірде азалап,
Күңіренем келмес деп кімге ажал ат.
Күн қажалап іргеңді, құм мазалап
Жасырасың нендей сырды, мазарат?..»
Домбауыл ескерткішінен қайтарда кеудемізде осы бір өлең өрнегі өріле берді...
Қаныш үйі: ғизаттық ғимараты
Қаныш жәдігері
«Менің өмірімнің ең жарқын жылдары Ұлытау – Жезқазған өңірімен тығыз байланысты. Осы өлкеде жүргізген зерттеулерім, мені, қатардағы инженер-геологті академик қылып шығарды». Бұл – Қаныш Сәтбаевтың қазыналы Қарсақбай туралы айтқан жүрекжарды пікірі. Ғалымды ғаламшарлық деңгейге көтерген осы қасиетті мекенге біздің де табанымыз тиді. Қаныштың өзі тұрған, геологтермен бірге жұмыс атқарған үй-мұражайын көзбен көрдік.
1969 жылы сәуірде Қаныш Сәтбаевтың туғанына 70 жыл толуына орай ұлы ғалым 15 жыл тұрған үй мен бұрынғы кеңсесінің қабырғасы қосылып, мемориалдық мұражай болып ашылған екен. Осылайша, бүкіл қарсақбайлықтар үлкен шаңырақ санайтын киелі орын мәдениет ошағына айналған. Мұражай экспозициясын құруға ғалымның қыздары Ханиса, Шәмшиябану, Мейіз көп еңбек сіңірген.
Сонымен, үйдің ішінде Сәтбаевтың өмірі мен қызметін жан-жақты көрсететін, өлкенің өндірістік тарихын сипаттайтын деректер, қолжазба құжаттар, минералдар үлгілері, ғалымның еңбектері, ол жайлы жазылған әдебиеттер мен әр жылдардағы баспа материалдары жинақталған. Академиктің тұрмыстық заттарынан бастап, жұмысында қолданатын құралдарына дейін асқан реттілік, ұқыптылықпен көрушілер назарына ұсынылған. Ұлы ғалымның киім-кешегі, күнделікті қолданған, тұтынған заттарына дейін қаз-қалпында сақталған.
Жәдігерлерді қарап, Қаныш асып-таспай қарапайым ғана тұрмыс кешкенін байқадық. Экскурсия жетекшісі Зейпін Қазанбаева бізге мынадай қызықты дерек келтірді. Ғалымның зайыбы Таисия Алексеевна (Кошкина) Сәтбаева қысылған сәтте тақтай ретінде геологтің сызба үстеліне қамыр жаятынын айтып, көңілімізге жылы шуақ сыйлады.
Ғалымның қолының табы қалған, көзінің нұры тамған әрбір затты көзімізбен көріп, кейбірін қолымызбен ұстап көргенімізге өте қатты қуанышты болдық. Кім білер, Қаныштың қасиеті бізге де жұғысты болып қалар.
Осындай жып-жылы естеліктермен көңілімізді толтырып, Ұлытау сапарын қорытындыладық.