Тиімді сот жүйесі – құқықтық мемлекеттің негізі және азаматтық қоғам дамуының алғышарты. Ал сот реформаларын табысты іске асырудың шешуші бір факторы– кәсіби сот корпусының болуы. Кейінгі жылдары елімізде сот жүйесін жаңғырту, халықтың сотқа деген сенімін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Сот төрелігін күшейтуге және сот корпусының кәсіби деңгейін арттыруға бағдарланған қажетті құралдар әзірленіп, тәжірибеге енгізілді.
Алға қойған міндеттерді жүзеге асыруда судьяның кәсіби қызметін бағалау институтының алатын орны ерекше. Венеция комиссиясы, Еуропалық судьялардың консультативтік кеңесі және басқа да халықаралық ұйымдардың көзқарасына сәйкес, бағалау институтының басты мақсаты – судьялардың жұмыс сапасын арттыру арқылы елдің бүкіл сот жүйесінің сапасын көтеру.
Судьялардың кәсіби қызметін бағалау барлық елде өткізіледі. Бұл қатарда Аустрия, Бельгия, Болгария, Мажарстан, Германия, Италия, Литва, Латвия, Түркия, Португалия, Румыния, Франция, Словения, Англия, Финляндия, Ресей, Испания, Ирландия, Нидерланд, Швеция, Дания, Швейцария, Украина және басқа да елдерді атауға болады. Әрине, әр елдің бағалау құралдары мен тәсілдері айтарлықтай ерекшеленеді, бірыңғай көзқарас жоқ, бірақ бағалаудың мақсаттары – бірдей.
2019 жылға дейін Қазақстанда судьяларды бағалау «билеттер жүйесімен» жүргізілетін. Содан кейін озық халықаралық тәжірибені зерттеу нәтижесінде судьяларды бағалау институтының түбегейлі жаңа моделі әзірленді. Енді судьяның жұмысы сандық және сапалық жағынан, нақтырақ айтқанда, сот төрелігін жүзеге асыру, сот актілерін дайындау және сот үдерістерін жүргізу сапасы, сот жүктемесі, үдерістік мерзімдері және басқа да көрсеткіштер бойынша бағаланатын болды.
Судьяларды бағалауға судьялардың өздері сайлайтын, жеті мүшеден – облыстық соттардың үш судьясы, Жоғарғы соттың үш судьясы және отставкадағы бір судьядан тұратын Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия құрылды. Бағалау көрсеткіштері, оны жүргізудің тәртібі мен механизмі халықаралық стандарттар негізінде республика судьяларының пікірін ескере отырып әзірленген судьялардың кәсіби қызметін бағалау әдістемесінде көрініс тапты. Бағалаудың негізгі қағидаттары әлемдегі озық тәжірибеден алынған өлшемшарттардың ашықтығы, объективтілігі және әділдігі екенін атап кеткен жөн. Бұл әдістеме жоғары бағаға ие болып, тиімділігін көрсетті.
Объективті болуға адам факторының қатысуын барынша азайтып, IT мамандар тартылды. Олар арнайы ақпараттық сервистерді құрды, онда судьяның жұмысы туралы деректер жинақталады. Сот төрелігін жүзеге асыруға қатысты көрсеткіштер автоматты түрде қалыптастырылады, яғни барлық үдеріс автоматтандырылған, ашық және айқын.
2019 жылдан бері комиссия 2 мыңнан аса судьяның кәсіби қызметін бағалады. Бағалаудың жаңа әдістемесі негізділігін көрсетіп, белгілі бір деңгейде тәжірибе жиналып қалды. 2023 жылы Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі қолданыстағы бағалау жүйесін зерделеу мақсатында республикадағы барлық судьяның арасында анонимді сауалнама жүргізді. Нәтижесінде, қатысушылардың көпшілігі, 72%-ы бағалау рәсіміне оң көзқарас білдірді, 63%-ы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия ұсыныстарын пайдалы деп тапты. Бағалау институтын қайта қарау бойынша қолданыстағы заңнамаға бірқатар түзету дайындау кезінде осы сауалнаманың нәтижелері ескерілді. Сөйтіп, биылғы 5 шілдеде «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға судьялардың қызметін бағалау институтын одан әрі жетілдіруді көздейтін түзетулер қабылданды.
Түзетулер судьяның іскерлік және адамгершілік қасиеттерін бағалауға, соттан тыс жұмыс жүктемесіне қатысты өлшемшарттарды алып тастауды көздейді. Себебі судьяның басты міндеті – сот төрелігін жүргізу. Ал адамгершілік қасиеттер өлшемшарты Сот жюриі, Сот әдебі комиссиясы және жалпы отырыстар арқылы бағаланады. Көрсетілген өлшемшарттарды қысқарту комиссияға өз қызметін тек «сот төрелігін жүзеге асыру сапасы» негізгі өлшемшартын зерттеп, бағыттауға мүмкіндік береді.
Мерзімді бағалаудың бұрынғы 5 жылдық мерзімі сақталып, алғашқы бағалау мерзімі 1 жылдан 3 жылға ұлғайтылды. Тәжірибе көрсеткендей, бір жыл ішінде жас судьялардың кәсіби білімі мен дағдыларын толық әрі объективті бағалау үшін сот тәжірибесін меңгеруге үлгермейді. Басқа сотқа ауыстыру механизмі бойынша комиссия шешімдері нақтыланды. Атап айтқанда, бірінші сатыдағы судьялар үшін жүктемесі аз басқа сотқа ауыстыру, ал жоғары тұрған соттың судьялары үшін төмен тұрған сотқа ауыстыру туралы шешімдері қарастырылған.
Судьяның жұмысында кемшіліктер анықталған жағдайда ол Сот төрелігі академиясына біліктілікті арттыру курстарынан өтуге жолданады. Мұндай тәжірибе көптеген шетелде (Германия, Польша, Бельгия, Литва және т.б.) қолданылады.
Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия құрамы мен оны құру тәртібі қайта қаралды. Комиссия кәсіби деңгейі жоғары, абыройы мінсіз, судьялар қауымының арасында беделді және судьялық өтілі 20 және одан да көп жыл болған, яғни бағалаудан босатылған судьялардан қалыптасады. Комиссия құрамының жартысы жыл сайын қайта сайланады.
Жалпы бағалау емтихан немесе судьяларға әсер ету ретінде емес, керісінше, оларға тәжірибелі судьялардан тұратын комиссия тарапынан көмек беру, ынталандыру, біліктіліктерін арттыру арқылы сот төрелігін жүзеге асыру сапасын және сот корпусының сапалы құрамын арттыру құралы екенін түсіну қажет. Бағалау кезінде комиссия сот төрелігін жүргізу сапасының көрсеткіштерін зерделеп, судьяның әлсіз әрі күшті жақтарына өзінің назарын аударып, тиісті ұсыныстарды әзірлейді.
Халықаралық стандарттарға сәйкес комиссия судьяның қызметін бағалау нәтижелерін мансаптық өсу мен біліктілігін арттыру үшін белсенді түрде пайдаланады. Қабылданған шаралар заң талабына сай тәуелсіз жұмыс істеуге қабілетті, кәсіби күшті сот корпусын қалыптастыруға ықпал ететініне кәміл сенемін.
Есіркеп СЕЙІТЖАН,
Сот әкімшілігі Сот төрелігі сапасының мониторингі бөлімінің меңгерушісі