1 қаңтардан бастап енгізілген арнаулы әлеуметтік төлемге қазірдің өзінде 11 мыңнан астам адам өтініш білдірген, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Еңбекминіне сілтеме жасап.
Жыл басынан бері 11 126 азаматқа зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдарға арналған арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалған. Аталған төлемді тағайындауға жалпы 11 816 адам өтініш білдірген.
Арнаулы әлеуметтік төлемді тағайындауға ең көп Қарағанды, Қостанай және Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары өтініш берген.
Еске сала кетейік, арнаулы әлеуметтік төлем тағайындау үшін 55 жасқа толу және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымдарының болуы міндетті шарт болып саналады.
«Төлем зейнеткерлік жасқа дейін төленеді. Арнаулы әлеуметтік төлемдерді алу үшін еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналыспауға тиіс. Жұмыскерлер жеңіл жұмысқа ауыса алады, содан кейін олар жалақы мен төлем алады немесе демалысқа шығып, зейнетке шыққанға дейін арнаулы әлеуметтік төлем алады», делінген министрлік түсініктемесінде.
БЖЗҚ деректері бойынша, арнаулы әлеуметтік төлемді тағайындау үшін міндетті шарттарды ескере отырып, оған 2024 жылы 37 мыңнан астам жұмыскер үміткер бола алады. Жалпы төлемнің орташа мөлшері 208 мың теңгеден асады. Әрбір жұмыскер үшін төлем мөлшері БЖЗҚ-дағы жинақтарына байланысты есептеледі.