Биыл Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында қаржылық мәселелер туындады. Мұның салқыны қордан қаржы алып отырған медициналық ұйымдарды да айналып өтпеді. Қазір қор басшылығы мен жергілікті ұйымдар жағдайды ескере отырып, қаржыны үнемдеу жағын да ойластырып жатыр.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Әбілқайыр Сқақов Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық кеңесінде қаржыландыруға қатысты қалыптасқан мән-жайды ашып айтып берді. Спикер 8 айда қордың негізгі бағыттары бойынша іске асқан жұмыстың қорытындысын жасап, қысқамерзімді жоспар туралы мәлімдеді. Есепті кездесуге Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова да қатысты.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры – медициналық қызметтердің стратегиялық сатып алушысы әрі төлеушісі болғандықтан, Әбілқайыр Сқақов жыл басынан бері медициналық көмекті сатып алу қорытындысы мен оны медициналық ұйымдарға бөлу барысы туралы айтты. Биыл қорда сатып алу ойдағыдай, барынша автоматты түрде өтсе де, қаржыландыруға қатысты туындаған мәселелер бар.
«Тапшылықты айтар болсақ, бастапқы қаржыландыру бойынша – 116 млрд және бұрыннан келе жатқаны – 571 млрд теңге шамасында. Біз Денсаулық сақтау министрлігімен, жергілікті атқарушы органдармен бірге қаржылық тұрақтылық жоспарын бекіттік және қаражатты үнемдеуге бағытталған іс-шараларды қабылдадық. Қазір дағдарыс бойынша тапшылықтың 70%-ы жабылды. Алайда жыл соңына дейін қаражат тапшылығы түбегейлі жақсармасы анық. Ақшалай өтімділіктің болмауы – Денсаулық сақтау министрлігіне немесе Қорға байланысты емес объективті фактор. Жыл соңына дейін уақтылы төлемдер болмауы мүмкін», деп атап өтті басқарма төрағасы.
Бүгінде Қорда қаражат тапшылығы шығындарды және Қор қабылдаған міндеттемелерді оңтайландыру есебінен де шешіліп жатыр. Осылайша, Қор аса маңызды көмек түрлері бойынша қарыз сомасын 116 млрд теңгеден 27 млрд теңгеге дейін азайта алды. Сонымен бірге Қорда медициналық қызметтердің тарифтерін жетілдіру жұмыстары толастаған жоқ. Бес бағыт бойынша тарифтер қайта қаралып, күшіне енген. Тағы тоғыз бағыт бойынша жұмыс осы айда аяқталады.
Ә.Сқақов медициналық ұйымдарды бақылау нәтижелері, МӘМС қамту аясын кеңейту, Қордың ағымдағы жұмысы және кадрлық саясаты туралы да есеп берді. Соның ішінде цифрландыруға қатысты мәселелер сөз болып, қор басшысы кеңес мүшелеріне ахуалдық-талдамалық орталықтың жұмысын таныстырды. «Saqtandyru» ақпараттық жүйесі туралы хабарлады. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова цифрландыруға қатысты мәселелерді реттеудің маңызына тоқталды.
– Мемлекет басшысы цифрландырудың жетілмегенін айтып, бірнеше міндет жүктеді. Бүгінде саланың цифрлық трансформациясы бойынша Жол картасы бекітілді. Мемлекет басшысының қолдауымен Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығы Денсаулық сақтау министрлігіне қайта берілді. Бұл жүйені жетілдіру мәселелерін тезірек шешуге мүмкіндік береді деп ойлаймын, – деді министр.
Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық кеңес төрағасы Надежда Петухова Қорда ахуалдық-талдамалық орталықтың іске қосылуы саланың тиімділігін арттырып, медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға септесетінін айтты.
– Қор тұрақсыз қаржылық жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр. Біз Қордың медициналық ұйымдардың жұмысына, қаржыландыру әдістеріне, оларды бақылау бойынша нақты түсінігі, ұстанымы бар екенін көрдік. Қор Денсаулық сақтау министрлігімен бірге ортақ мақсаттарға жетуге ұмтылатынын байқатып отыр. Расында, денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді реттеуге келгенде бірлесіп тындырған іс нәтижесін береді, – дейді Н.Петухова.
Қоғамдық кеңесте Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Ә.Сқақов келер жылдың жұмыс жоспары туралы да баяндады. Ашықтық пен есептілік қағидаларына негізделген жоспар медициналық қызметтердің бірыңғай сатып алушысы мен төлеушісі ретіндегі басымдықтар бойынша нақты қадамдарды қамтиды.