Арал Қарақұмы – Арал теңізінің солтүстік-шығысында жатқан құмды шөл. Арал маңы мен Торғай үстірті аралығының бір бөлігін алып жатыр. Аумағы – 35 мың шаршы шақырым шамасында. Бұл құм алқабы бор және палеоген жыныстары үгілуінің нәтижесінде түзілген. Ғылым солай айтады. Қазір оған жел айдап әкелген құрғаған теңіз табанының құм шөгінділері қосылып келеді. Алқап беті солтүстіктен оңтүстікке қарай бірте-бірте аласарып, Арал маңында жағалық құм белдеуіне ұласып жатыр. Одан жоғары Көлқұдыққұм, Жіңішкеқұм, Алайғырқұм, Үлкенқұм орналасқан.
Бір жақсысы, Арал Қарақұмы жер асты суына бай. Тұщы суы жер бетінен 2-3 метр тереңдіктен шықса, емдік-шипалы артезиан суы бор және палеоген жыныстарының қабаттарында, яғни 100-200 метр тереңдікте жататын көрінеді. Олардың минералдану дәрежесі де (тұщы, кермек, ащы) әр түрлі. Сондай-ақ Арал Қарақұмының климаты тым континенттік, құрғақ. Қыс ортасы, қаңтар айында орташа температура – 12-14С, ал шілдеде – 25-26С.
Қарақұм жерінде қыста қар тым жұқа түседі. Қалыңдығы 5-6 сантиметрден аспайды. Жылдық жауын-шашын мөлшері де төмен. Мұндағы сусыма құмды алқаптар мен ойпаңдар арасынан сор ұшырасады. Арал қаласынан 18 шақырым жерде орналасқан Шижаға елді мекені де осы құмды аймаққа жатады. Яғни Арал маңы құмдарының бір бөлігін алып жатқан ауыл. Ауыл мен мал жайылымының ортасы таза аппақ құм.
«Бұл жерде мал азығына жарамды сексеуіл, көкқасқа, жусан, қияқ сияқты жергілікті климатқа төзімді өсімдіктер жақсы шығады. Төрт түлік малды өсіруге қолайлы орта», дейді Шижаға ауылындағы Елеу Көшербаев атындағы №57 орта мектептің директоры Надежда Әбішева.
Оның сөзінше, кейінгі жылдары Шижаға ауылының құм төбелері бейресми туристік орынға айналған. Алыс-жақын өңірлерден келушілер жазғы мезгілде көп болатын көрінеді. Сонымен қатар құмның емдік қасиетін атап өтпеу мүмкін емес, әсіресе буын аурулары мен бойдағы салқынды шығаруға шілде-тамыз айларында емделушілер осында ағылады. Құмға көміліп, ем алады. Өйткені ел ішінде шілдеде «құм піседі» деген ұғым қалыптасқан. Нағыз дертке шипа болатын кез де осы мезгіл.
Тіректі елді мекен саналатын бұл Шижағада екі мыңнан аса халық бар. Тіршілігі тікелей мал шаруашылығына қатысты ауылға келіп, жазық даласын бетке алсаңыз, шегі жоқ көрінетіндей шөл далаға жолығасыз. Тура араб шөліндегідей.
«Шижаға құмдары туралы тек сырттай естіп жүрдім. Қызылорда облысында тұрсам да аймаққа қарасты Арал ауданындағы Шижаға жол түспепті. Ақыры тәуекелге бел буып былтыр барып келдім. Тамаша жер. Туристер қызығатындай өлке. Сурет пен түрлі бейнесюжет жасауға таптырмайды. Тіпті атағы жер жаратын әншілердің бейнебаянына осы құмды түсірсе де әбден жарасады. Жергілікті тілмен айтсақ, Шижағаның шеге құмы деп аталады. Бұл – біз сырттай қызығып жүрген Дубайдағы құмды шөлден кем емес. Егер жергілікті жерде ұйымдастырып, түйемен осы құм үстін аралауға туристерді тартсақ, ұтылмасымыз анық. Өйткені мұндағы құм өте таза әрі киімге жұқпайды. Емдік қасиеті де бар. Тек насихаты аздау болып тұр», дейді облыс тұрғыны Нұрлан Тәшімтегі.
Расымен де осындай өркеш-өркеш болып жатқан құмды өлкеге өзімізден бөлек, шетелдік қонақтардың да қызығатыны анық. Тек соны ұқсату керек. Әлгі айтқанымыздай, араб елдеріндегі сафариден (араб тілінде саяхат деген мағына) кем түспейтін Шижағаның шеге құмын өзіміз насихаттамасақ, өзгелер келіп жарылқамайтыны белгілі.
«Мысалы, Дубайға барған отандастарымызға қолға үйретілген түйеге мініп, шөл даланы аралауды ұсынады. Әрине, оның арзан тұрмайтыны белгілі. Шижаға мен Аралға кіреберіс жерлерге осындай жарнама тақтайшаларын іліп, сондай-ақ әлеуметтік желілерде бейнероликтер арқылы насихат жүргізсек, ел туризмін дамытуға мол септігі болар еді. Қазірдің өзінде бір-бірінен естіген жұрттың осында жиі ағылатыны сондықтан. Жалпы, еліміз көлемінде орман да, тау да, шөлді құм да жетерлік. Табиғат бәрін берген бізге. Бірақ мұндай ғажап мекендер көбіне-көп тасада қалып жатыр. Өкініштісі де осы», дейді Нұрлан Тәшімтегі.
Ержан ҚОЖАС,
журналист