• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 20 Қыркүйек, 2024

«Сары тентек» сарыны

806 рет
көрсетілді

Тентектіктің теориясы жоқ. Жүре келе жұғатын емес, туа сала тұнатын бұл мінезді ақын қауымының арқалап жүретіні бар. Буырқанып, бұрсанған бойындағы бұла күш ақылдың арнасына түссе, қаламынан күркіреген жыр туады. Алайда ақын өлеңді ешкімге де соқтықпай, момын қалпында жазса да болады емес пе? Орыс ақыны Сергей Есенин бұған былай деп жауап береді: «Жасырмаймын, тентек болған шығармын, жарқынырақ жану үшін мен, бәлкім». Қазақтың да Есенин секілді ақ сары жүзді ақыны бар. Ол өзінің асаулығын былай деп түсіндіреді: «Пәтуалы ақсақалы аз елде, мен еріксіз «Сары тентек» атандым». Біздің бүгінгі әңгімеміз қазақтың «сары тентегі» – ақын Қуаныш Мақсұтов хақында болмақ.

Жақында кейіпкеріміздің ав­­торлы­ғымен жарық көр­ген «Құт» атты кітап қо­лы­­мызға түсті. Мұнда Қуаныш Мақ­сұ­товтың өлеңдері, бардтық әндері мен көсемсөзі топтастырылған. Айтыста ата­ғы шыққан ақынның бұл жолы жазба поэзиядағы көркемдік өрісіне арнайы тоқталып, танымдық талдау жасауды жөн көріп отырмыз.

Шығармашылық зертханадағы қалам­герлік қайнар тақырыбын зерттеуден алдын интермәтін ұғымымен таныс болған жөн. Асылында, кез келген шығарма өзінің иесіне (авторына) басыбайлы тиесілі ме? Иә, десеңіз әдебиеттанушы Ролан Барт сізді теріске шығарады. Ол айтады: «мәтін – өзінің әуелгі тегін жоғалтқан көптеген мәтіннің өзара астасуы», «осылайша, әрбір мәтін – асылында, интермәтін», деп және қосады. Демек сіз бен біздің жазған, тіпті ойлаған дүниеміз – бізге дейінгі жинақталған тәжірибелердің қайта жаңғыруы. Неміс философы Ханс-Георг Гадамердің сөзінде жоғарыдағы ойға тиянақ табамыз. «Кез келген сөздің мағынасы оның өзінде емес. Ол (сөзді айтады) өзінен бұрнағы айтылған сөзге және кейінгі айтылар сөзге сілтеме жасайды. Осылай болғанда ғана сөз өзінің түпкі мазмұнына жетеді» дейді ол. Мұқағали тілімен айтқанда, ақын – күпі киген халық өлеңін шекпен жауып өзіне қайтарушы.

Кез келген қаламгердің шығар­ма­шылық үдері­сіндей, Қуаныш Мақсұтов өлеңдерінде де әуелі халық ауыз әдебие­тінің, одан кейін өзі оқыған аға буын өкілдерінің бедері көрінеді.

Ақын өнердегі алғашқы қадамын айтыс сахнасынан бастағаннан кейін, өлең­дерінде байырғы жыраулардай арна­сы­нан асып-тасып жатқан тас­қын­ды бай­қауға болады. Кей тармағында буыннан асып кетеді, кей тармағында саналы түр­де тежейді. Алайда барлығында да музы­ка­лық ырғақтың, өзара үйлесімдік, жа­ғым­­ды жарасымдылықтың үлгісін көресің.

Қуаныш Мақсұтовтың өлеңдеріндегі негізгі салмақ көркемдікте емес, оның қайшылықты идеясында. Бұл тұрғыда Қадыр Мырза Әлінің стилі аңғарылады:

«Сұлулар өте бергенде,

Сүзіле келіп қарайсың.

Әдемі қызды көргенде,

Ақылды қызды аяйсың!»

десе, Қуаныш Мақсұтов бұл ойды дамытып, тереңдетіп әкетеді.

«...Жылап, жұбанып, тасынам,

Жыр болып жұртқа ашылам...

Ақын жігітті көресің

Бақытсыз қыздың қасынан».

Әрине, мұнда ақын жанының траге­диялық күйін түсіндіру идеясы тұр. «Ақын­дар адамзатпен дос болмайды, жал­ғыз-ақ сырын сөйлер қаламына» деген Мағжанның мұңы жатыр мұнда.

Қуаныштың бұғаулыққа сыймайтын асау басы махаббат тақырыбына келгенде жуасиды, жұм­сарады. Исраил Сапарбай тәржімалаған Сергей Есениннің өлеңі ойымызға оралады:

«Қанша күнді қалғып-мүлгіп қарсы алдым,

Қанша күннің құрдымына құйылдым...

Алғаш рет махаббат деп ән салдым,

Алғаш рет тентектіктен тиылдым».

Ақын ондай жағдайда өзін жермен жек­сен етіп жерлейді. Лирикалық кейіп­керін құдайлық деңгейге көте­ріп, өзін толық бағыштайды.

«Мен – Ұсқынсыз!

Сен – Сұлусың керемет!

Ойсыз тобыр іздемейді мені елеп.

Бар мақсатым – Сені алаңсыз аймалау,

Одан артық маған арман не керек?»

Осы тұста ақынның психологиясынан Виктор Гюгоның «Париж Құдай-ана ғибадатханасы» романындағы ­Ква­зи­модо­ның мінез-құлқын аңғара­мыз. Ол айтады:

«О, Люцефер, рұқсат бер бір сәт қас қағым,

Сипайын қолмен Эсмеральда шаштарын».

Иә, қазақтың бел­гілі ақыны Қуаныш Мақсұтов шығар­ма­шылығына арналған талдауымыздың бір ұшқыны – осы. Алдағы уақытта автордың қаламынан тағы да тұрпаты бөлек тұжы­рымға толы өлеңдерін күтеміз.