Президент Жолдауында экономикадағы күрмеуі қиын күрделі мәселелерді нақты ашып көрсетті. Экономиканың дамуына үлес қосатын әрбір сектор қамтылды. Несие жүйесі, фискалды саясат, банктердің экономикадағы объективті үлесіне баса мән берді.
Қазір екінші деңгейдегі банктердің корпоративтік секторға, соның ішінде шағын және орта бизнеске қосып отырған үлесі көңіл көншітпейді. Несиемен қаржыландырудың ішкі жалпы өнімдегі үлесінің 25-28% болуы – экономикалық нарықтық бағытты ұстанған мемлекет үшін төмен көрсеткіш.
Еуропада, тіпті өзіміздің көршілес елдерде банктердің экономикадағы қаржыландыру үлесі 55-60%-ды құрап отыр. АҚШ-та 80%-ға дейін жеткен. Бұл нені көрсетеді? Банктер экономикаға несие бере отырып, қаншама әлеуметтік мәселені шешеді. Жаңа жұмыс орындары, кәсіпорындардың ашылуы арқылы бюджеттің кіріс бөлігін құрайтын салықтық базаны қалыптастырады. Инфляцияның тежелуіне, нарыққа төленетін несие қаржысының төмендеуіне әкеледі. Мемлекет басшысы Жолдауында нақты секторға несие ойдағыдай берілмейтінін айтты. Халықаралық сарапшылар дерегіне сүйенсек, біздің банктер ресурсқа бай елдер ішіндегі ең көп пайда табатын банктер санатына кіреді. Біздегі банктер беретін несиесінің 70%-ы – тұтынушылық несие. Яғни несие негізінен халыққа ұсынылады. Бұл өте қауіпті.
Тұтынушылық несиеден гөрі экономиканы, бизнесті несиелендіретін қаржы көздерін қарастыру маңызды. Ол үшін бизнестің де, халықтың да ұсынысы ескеріліп, заңда қарастырылғаны дұрыс. Заңда ұлттық мүдде бірінші орында тұруы қажет. Сондай-ақ бәсекелес орта болып, халықаралық банктердің де үлесі артуы керек. Жақсы нәтиже бәсекеден ғана туады, ал ол өз кезегінде сапаға әкеледі. Қорыта айтқанда, экономиканы дамытатын қандай несиелер бар, соның барлығы «Банктер туралы» Заңға енгізілуі керек.
Жыл басынан бері банктер 1 трлн 38 млрд теңге табыс тапқан. Жоғарыда айтқанымыздай, мемлекетке түскен үлес аз. Сондықтан осы саладағы салық мөлшері әділ бекітілуі керек. Банк акционерлері дивидендіне сәйкес салық төлеуге тиіс. Президент бұған қатысты «Банктерге мемлекет көрсеткен көмек тұрғысынан қарасақ, бұл өте орынды ұстаным» деді. Демек не нақты секторға несие береді, не қомақты салық төлейді. Осындай қатал заң қабылдайтын болсақ, макроэкономикаға оң әсері тиеді. Себебі осыған дейінгі заңдардың бәрі банктер мүддесіне ғана жұмыс істеп келе жатыр.
«Бұл құжатта экономикалық белсенділікті қолдау және финтех саласын қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы керек. Қазір қолданып жүрген заң шамамен 30 жыл бұрын қабылданған. Ол кезде заман да мүлде басқа болды», деген болатын Мемлекет басшысы.
Банктерге мемлекет тарапынан осы уақытқа дейін үлкен қаражат құйылды. Осы күнге дейін мемлекет банк секторын демеп, қаншама қаржы құйды. Мысалы, 2009 жылы 10 млрд доллардан астам көмек көрсетілді, теңгенің теңгерімділігін сақтау үшін 6 млрд доллар ақша бөлінді. Тіпті банктің қайта құрылымдау үдерісін қалыптастыру үшін жәрдемдесті. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, «бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» деген түсінік бар. Яғни мемлекет керек уақытта банктерге көмектесіп, дағдарыстан шығуға жағдай жасаса, олардың да экономикаға қосатын үлесі артуы керек. Егер банктер болашағын елмен байланыстырса, бұл оларға үлкен мүмкіндік. Үкіметтің бизнестік ортаға, инвестициялық климатқа жасап отырған жағдайы біз секілді дамып келе жатқан мемлекеттерден анағұрлым жоғары. Экономика дамыған сайын банктердің де кәсібі өрлей түсетінін ұғыну керек. Сол арқылы халықтың төлем қабілеттілігі артып, қайтарылмай жатқан қаржының да қайтарылуы тез болады.
Салық органдары Үкімет пен Ұлттық банк арасындағы үйлесімділік жоқ екенін көрсетіп отыр. Өйткені қазір бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатыр. Яғни салық салу, салық салынатын базаның аздығы, жиналатын салықтың аздығы, сондай-ақ салықтардың бюджеттің 65%-ын ғана құрайтыны бюджеттің толық орындалуына кері әсерін тигізіп отыр. Ұлттық банк тек қайта қаржыландыру мөлшерлемені көбейту-төмендетумен ғана шектеліп, Үкіметке нақты іс-шаралар жиынтығын ұсыну, оларды бірігіп шешу, инфляцияның қауқарын төмендету, банктер беретін несиелерді төмендету сияқты қордаланған мәселелермен тиісті деңгейде айналыспай отыр. Егер фискалды органдар мен Ұлттық банк арасында қатаң түрде теңгенің тұрақтылығын қалыптастыру бойынша жұмыстар жүзеге асқанда мұндай мәселе тумас еді. Инфляцияны түсіру тек Үкіметтің емес, тиімді несие саясатын жүргізетін Ұлттық банкке де қатысты.
Шағын және орта бизнестің ІЖӨ-дегі үлесі 7% ғана. Оны 2026 жылға дейін 15%-ға дейін көтеруге тапсырма берді. Бұл өте орынды. Өйткені шағын және орта бизнес бірінші кезекте салық салынатын базаның артуына, екіншіден азаматтарды жұмыспен қамтуға, үшіншіден, өзіміздің отандық тауар өндірушілердің санын көбейтуге әсерін тигізеді.
Бауыржан ЫСҚАҚ,
экономика ғылымдарының кандидаты