• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Зерде 24 Қыркүйек, 2024

Кершолақ атты Ер Шоштан

141 рет
көрсетілді

Тұлға ретінде танылып, аты аңызға айналған асқақ бейнесі ғасырлар бойы ел жадында сақталып келе жатқан, елім, жерім деп еңіреген ерлердің бірегейі – Шоштан Шегедекұлы.

Бізге мұра болып жеткен ел аузында сақталған шежіре тарихқа жү­гін­сек, найманның бағаналы аталығынан шыққан Кершолақ атты Ер Шоштан (халық осылай атайды) жерінің бүтіндігі, халқының тұтастығы үшін күрескен қайраткер, батыр.

Ер Шоштан (шамамен XV-XVI ғ.ғ. өмір сүрген) жаугершілік заманда тарыдай шашырап кеткен Бағаналы Найман елінің басын қосқан. Ақылды және қажырлы ісімен ежелгі ата қонысы Ұлытау аймағына елін қайта топтастырушы, сыртқы жаудан қалқан болған, ел тарихында өзіндік із қалдырған тұлға.

Талай тарихқа мұрындық болған мұрағат құжаттары Шоштанның әкесі Шегедек, ал анасы Бибігүл екенін айтады. Әңгімені Ер Шоштан есіміне қоса тіркеліп, қашанда Кершолақ атты Ер Шоштан деп атандырған кер тұлпарын қоса атау жайындағы деректен бастасақ.

Бірде ел жайлауға қонып, келіндер жағы ас қамына кіріседі. Мұндайда жеңгелерінің өзеннен су әкелу үшін қайындарына қолқа салатын әдеті емес пе, алайда Шоштанға бата алмаған жеңгелері шешесі Бибігүлге жүгінеді. Шелегін алып суға кеткен Шоштан келгенде, ыдыстағы судың бетіндегі жүзіп жүрген жылқының құмалағын көрген келіндер суды төгер-төкпесін білмей Бибігүл шешесіне айтады. Ол Шоштанды шақырып алып, суды қай жерден алдың деп сұрайды. Бала шешесіне су алған жерін көрсетпек болып өзен жағасына келгенде, жусап жатқан көп жылқының өзен жақ шетінде тұрған кер биеге көзі түскен шешесі Шоштанға «балам, мына бие бүгін-ертең құлындағалы тұр екен. Құлыны ерге лайық болар» десе керек. Анамыз айтқандай, келер күні кер бие бітімі бөлек кер шолақ құлын туып, оны сол күннен бастап Шоштан баптап, өзіне серік етеді. Міне, осыдан барып Кершолақ атты Ер Шоштан сөзі шыққан десе, кейбір деректерде Кербалақ атты Ер Шоштан деп те кездеседі. «Кер балақ» деген теңеу қыран құстарға тән секілді. Ал, кер құлын шолақ болып туды дегені шындыққа жанаспайтын сияқты. Негізі кер шолақ деген дұрыс, өйткені қазақ батырлары шапқанда кедергі келтірмес үшін жаугершілікке мінген тұлпардың құйрығын түйіп қоятыны белгілі. Ел қамымен ерден түспеген Шоштан бабамыздың да кер тұлпа­рының түйілген құйрығы шешілмесе керек.

Кершолақ атты Ер Шоштан бабамыз­дың өмір сүрген уақыты да талайлардың талқысына түскенін білеміз. Қалай дегенде де Шоштан бабамыз асқан батыр, кемеңгер адам болғаны тарихтан белгілі. Бізге жеткен шежіреде Бибігүл анамыз Шоштанға жүкті кезінде жолбарыстың жүрегіне жерік болған деседі. Содан бабамыз Ер Шегедек жолбарыс­ты ұстап, тірідей алып келіп, жүрегін жарып анамызға ұсынған. Дүниеге келген Шоштан бабамыз тумысынан балуан денелі, жолбарыс жүректі, арыстандай айбатты болып өсіпті. Ол бала кезінде-ақ найза, қылыш, садақ сияқты қару-жарақты меңгеруде алдына жан салмаған екен. Өсе келе жауларымен соғысу тәсілдерін де жетік меңгерген деседі.

Шоштан ерліктері жайында мұрағат қорында сақталған мына бір дерекке назар аударсақ. Жаугершілік заманда үйір-үйір жылқыны барымталап кеткен қалмақтардың соңынан қуып, жалғыз шапқан Шоштан әлі буыны қатпаған жас болса керек. Артынша, ұлын майып етер деп қорыққан әкесі Ер Шегедек те атанға қонады. Бапталып бабында тұрған Кершолақ желдей жүйткіген күйі қуғындағы жылқыларға әні-міне дегенше жетіп келеді. Екпіндетіп келген күйі қалың жылқының алдын айналып өтіп, жылқыны кейін қайыра бастайды. Баланың бұл ісіне күле қараған қалмақтың бірі сойылын көтеріп Шоштанға тұра ұмтылады. Шоштан сойыл алып ұмтылған қалмақты допша домалатып, қас пен көздің арасында олардың 12 жігітін сұлатып салған екен. Шоштанның мысы басып, қаһарынан сескенген барымташылар кейін шегінеді. Мұны көрген олардың бас батыры Гүрбелжін нар маядай ақырып, жас баланы жекпе-жекке шақырып, ортаға ойқастай шауып шыға келеді. Оның кісі бетіне қарай алмайтын сұсты, екі иығына екі кісі мінгескендей кесек бітімінен көпшілік тайсалады екен. Бірақ Шоштан тайсалмай, қайраты тасқындап, күшіне күш қосылғандай айбарланып кетеді. Әшейінде алдына келгенді аударып тастайтын Гүрбелжін қаққан қазықтай қалшиып, жас балаға соққы дарыта алмайды. Қолындағы 12 батпан күрзісін көтергенше Шоштан шашақты найзасын Гүрбелжіннің өңменінен өткізіп үлгереді. Мұны көрген қалмақтар бас сауғалап, бет-бетіне бытырай қашады. Қаптағайлап ұрандаған Шоштан қызылбастарды қыр асырып қуып тастап, қайта келген соң Гүрбелжіннің құба торысын және 12 атты әкесіне сыйға тартады. Шегедек ұлының батырлығына риза болып, батасын береді. Қалың бағаналы елі ерлігіне риза болып, сол сәттен бастап оны Ер Шоштан атаған деседі. Шоштанның алғашқы ерлігі осындай айтулы оқиғадан басталған.

Ер Шоштан бұрынғы ерлердің ұстаған салтын жалғастырып, маңайына әр елден ержүрек жігіттерді жинап, әскер құрып, Сарыарқадан қызылбастарды қуып шыққан.

Сарыарқа өңірінде өмір сүрген батыр бабамыз ат тұяғы жететін жерлерге дейін елін жауларынан қорғауға қатысқаны, қамқор болғаны, бағаналыдан басқа ағайындардың шежірелерінде де айтылады.

Шоштан деген есімінің өзі естіген жауларына қорқыныш, үрей туғызған. Деректерде Шоштаннның азан шақырып қойған есімі – Торышайық болатын дейді.

Шоштан шамамен Кетбұғалардан екі ғасырдай кейін өмір сүрген адам деген де жорамал бар. Кетбұғаның 1260 жылы қыркүйектің 3-інде Сириядағы Айн-Джалуд (бүгінгі Назарет) қаласы маңында жорық үстінде қайтыс болғаны белгілі.

Кетбұға шайқаста опат болғаннан кейін, соңына ерген Балталы, Бағаналылардың елі күші басым мамлюктердің қолынан қайғылы қырғынға ұшырайды. Ата қоныстан алыстағы жат жерде олардан туған бала-шағалар жетім қалып, рулы елдің басына зобалаң заман туады.

Арада бірнеше жыл өткен соң, ол жақтан келген наймандардың ізі шайбанидтер жерінен (қазіргі Өзбекстан) көрінгенін келтіреді. М.Тынышпаев өзінің «Материалы истории киргиз-казахского народа» атты кітабында (Ташкент, 1925 ж.) наймандардың шайбанидтер қарамағына енуі 1320-1330 жылдар шамасында болған деген жорамал айтады.

Содан екі ғасырға жуық уақыт өткенде, яғни XVI ғасырдан былай XVII ғасырдың басына дейін наймандар аса ықпалды саяси-әлеуметтік күшке айналып, ел билігіне араласа бастаған.

Бұл жерде де бейбіт заман ұзаққа созылмай, таққа таластың соңы наймандардың басына тағы да үлкен тауқымет әкелді. Наймандар екі-үш жылдай қарсылық көрсет­кенмен, тегеурінге төтеп бере алмай, аман қалғандары Сырдариядан бері өтіп, елін табуға мәжбүр болды. Шамасы, бұл 1625-1626 жылдары болған.

Осы аласапыран мезгілде, атойлап шыққан Ер Шоштан бар қиыншылықтарға қарамастан, кешегі Кетбұғадай кемеңгер бабалары ордасын тіккен Ұлытау өңіріне бағаналылардың басын жинап, іргелі ел болып қалыптасуына бар күш-жігерін аямай жұмсаған.

Деректе Ер Шоштанның өмір сүрген заманы Қазақ хандығын Есім хан («Еңсегей бойлы Ер Есім») мен Жәңгір хан («Салқам Жәңгір») басқарған кезеңдерде екенін келтірген. Шоштан ұрпақтарының шежіресін тарқатқанда да, өмір сүрген кезеңі осы уақыт шамасына келеді.

Қазақ жерінің әрісі мен берісін түгел шолып, жау бетіне қалқан болған Ер Шоштан жалғыз-жарымды, жетім-жесірді өз бауырына тартып, тәрбиелеп өсіріп, еншісін беріп, өз алдына бір-бір қауым ел еткен. Ер Шоштан бабамыздың игі істеріне ат салысқаны үшін оның бәйбішесі, анамызға ризашылығын біл­дір­ген ел есімін Мейірбике деп атап кеткен екен.

Жезқазған аймағы туралы тарихи-архео­логиялық деректерде, осы өңірде найман тайпасынан Бағаналы мен Балталы ғана тұратынын, олар Алтайдан Жезқазғанға қоныс аударғанда батыр Шоштанның бастап келгенін айтады.

Жоғарыдағы деректердің айғағы, Ер Шоштан бабамыздан кейінгі ұрпаққа өсиет болып қалған: «Уа, бауырларым! Төрт құбылаңды көрсетіп кеттім. Дүниенің төрт бұрышына дабысыңды жеткіздім. Төрт босағаңды Ұлытаудың шыңдарына бекіттім. Баса білсең, міне – жерің, баға білсең міне – елің», деген аманаты.

Кейінгі бағаналы ұрпақтары, кезінде Ұлытауда Ер Шоштан көтерген шаңырақ босағасының тірегі болған төрт абыз – аға сұлтан Ерденнің әкесі Сандыбай, Қадір би, Шегір би, Бабыр би төртеуі ел ішін әділдікпен билеген. Ұрпақтарынан шыққан Өтеміс, Орыс батырлар да бабасы аманат етіп кеткен елін, жерін жауларынан қорғауда ерліктің асқан үлгілерін көрсеткен.

Жоғарыда атап өткендей, Ер Шоштан Бағаналы елін Ұлытау өңіріне әкеліп орналастырып, өзі де осы өңірде мәңгілік мекенін тапқанына бұлтартпас айғақтар бар. Оған ықылым заманнан бізге жетіп өзгермей аталып келе жатқан Кершолақ атты Ер Шоштан бабамыз жайлаған жер-су аттары да куә бола алады. Ұлытау өңіріндегі Шоштан төбе, Шош­тан өзені, Шоштан тамы деген атаулар атақты батыр бабамыздың есімін бүгінгі күн­ге дейін ұмыттырмай жеткізген, кезінде за­ман­дастары қойып кеткен ескерткіштер деуге болады. Шоштан қорымы деген атау да бар.

Ер Шоштан туралы Ресейдің шығыс­танушы этнографтары В.Радлов, Г.Потанин, Мәшһүр Жүсіп Көпей, Ш.Уәлиханов, академик Ә.Марғұлан, А.Сейдімбек, О.Ошанов, т.б. елге танымал ғалымдардың, тарихшылардың, шежірешілердің де еңбектерінде айтылған. Бабамыз жайлы сөз қозғалғанда «Манас» эпосына да сілтемелер жасайды.

Сонымен қатар елімізге белгілі қалам­герлер Апбаз Қаражігітов пен Қуаныш Ахметов (әрі тарихшы) Ресей мұрағат­тарынан Ер Шоштан туралы деректер тауып, баспасөз беттерінде («Сарыарқа» газеті 13.03.1997; «Түркістан» газеті 31.01.2002) кең көлемді мақалалар шығарып, «Абыздар биігі», «Ұлы даланың Ұлытауы» атты кітаптарына енгізген.

«Бағаналы ұрпағының басын қос­қан,

Бабамыз Ер Шоштан ғой нағыз алып.

Еңбегі бабамыздың ұлан-ғасыр,

Санамен сараласам көңіл тасыр.

Ат тұяғы жетерлік жерді шарлап,

Халқы үшін қатерге тіккен басын», деген қазақтың халық ақыны Омар Қунақұлы «Кершолақ атты Ер Шоштан» дастанын жаз­ған. Ер Шоштан туралы Т.Шарманов, Ә.Шалқыбаев, Ө.Жаппархан, А.Дүтбайқызы, С.Қожамсейітов, К.Еңсебаев, Р.Бекетов, Т.Қ.Құлманов, С.Тайғарин, басқа да Ұлытау, Қызылорда, Қарағанды, Түркістан, Шығыс Қазақ­стан өңірлерінің зиялы азаматтары баспасөз беттерінде мақалалар жариялап, кітаптарына кіргізген.

Кейінгі жылдары Ер Шоштанның ұрпақ­тары да бабамыз туралы мағлұматтарды бір жүйеге келтіріп, елге кеңінен таныс­тырып, ұрпақтарының шежіресін баспадан шығарып, бабамызға арнап ас берді. Бабамыздың қорамсағы мен күміспен өрнек­телеген белдігі сақталған.

Деректерде Шоштанның ұрпақтары 1926 жылғы санақта 250 жеке шаруашылықты құрап, Жезқазған ауданының оңтүстік шекарасына, Телікөл маңында қоныстанғаны айтылады. Бұл санаққа сол кезде қазіргі көрші­лес Өзбекстан мемлекетінде тұрған ұрпақ­тары енбеген.

Батыр ерлігіне халықтың ықыласы мен ырзалығының көрінісіндей, 2007 жылы 21 желтоқсанда «Ұлытау» ғылыми орта­лы­ғының құптауымен, ономастикалық ко­мис­сияның ұсынысымен, Жезқазған қаласы әкі­мінің қаулысы және мәслихатының ше­ші­мі­мен, қаладағы көшелердің біріне Ер Шош­тан­ның есімі берілді. Көше Республикалық оно­­мас­­тикалық комиссияның тізіміне енгі­зіл­ген.

Мәдениет министрлігі жанындағы «Монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі идеялық ұсыныстарды қарау» комиссиясының 2021 жылы 11 қазандағы 8 хаттамасында, облыс әкімдігінің Ер Шош­танға Жезқазған қаласында ескерткіш орнату жөніндегі ұсынысын қарап, қолдау көрсетті.

Заң тұрғысында оң шешімдер шығарыл­ғаннан кейін ұрпақтары «Кершолақ атты Ер Шоштан» қоғамдық қорын құрып, бабамыз­ға ескерт­кіш орнатуға қаржы жинасты­рып, белгілі мүсіншілермен жұмыс жүргізіп ­жатыр.

Осындай тәрбиелік маңызы зор игі істерді жүзеге асыруға жергілікті атқарушы органдар, барша халық тиісті қолдау көрсетеді деген сенімдеміз.

 

Романқұл ДОСЖАНҰЛЫ 

Астана