Алматыдағы Ұлттық кітапханада Ақтөбе облысы «Ырғыз – Шалқар» тасжолы бойында орналасқан «Бөкенбайдың қарауыл төбесі» атанған тарихи орынға қатысты Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен ғылыми кеңес өтті. 2000 жылдың басынан Ырғыз – Шалқар тасжолы бойындағы Бөкенбай Қарабатырұлының қарауыл төбесі маңайында ХVІІІ ғасырда тарихи оқиғалар өткен, саяхатшылар жазбаларында қамтылған. Ғылыми кеңесте мамандар 1710 жылы Қарақұм құрылтайында бас сардарлыққа сайланып, Аңырақай, Бұланты шайқастарында қазақ жасақтарын бастағанымен, әлі күнге дейін тарихи бағасын алмаған Бөкенбай Қарабатырұлына қатысты зерттеулермен бөлісті. Сондай-ақ Самара – Шымкент тасжолы бойындағы шоқының атауына қатысты талас-тартыс өршіп келеді. Ғылыми кеңесте зерттеу жұмысы аяқталғанша шоқының басына мүдделі адамдардың өз бетінше белгі қоюына тыйым салынсын деген шешім қабылданды.
Бөкенбайтанудағы ақтаңдақтар
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының докторы Гүлбану Ізбасарованың хабарлауынша, 1803 жылдың 23 шілдесінде Я.Гавердовский бастаған Орынбор шекаралық комиссиясы мүшелері Бұхараға экспедицияға аттанып, жолда Ырғыз бойын, Аралдың сыртын қоныстанған қазақ рубасыларымен, соның ішінде Сырым Датұлы көтерілісіне қатысқан Қаракөбек Қосыбайұлы, Басықара, Кетебаймен жолығады. Алайда Бұхара сапары Аралдың солтүстігінен аспайды. Өйткені керуенге Қожаберген Шатқалұлы, Әбілғазы Қайыпұлы тобы шабуылдап, біраз адамды тұтқынға түсіреді. Гавердовский жанындағылармен сытылып шығып, қыркүйекте Орынборға әзер жеткен. Саяхатшы бір жылдан кейін қолжазбаларында құм арасындағы Бөкенбай тауы, Бөкенбайдың қарауыл төбесі туралы жазады. Қарауыл төбе – ұшы сүйірлене біткен биік шоқы. Оның төбесінде тастар қаланған, топырағы әктас пен құмтас, беткі қабаты қызыл сазбен жабылған деп суреттейді. Осы төңіректе қалмақтар тықсырған кезде старшина Бөкенбайдың ауылы қоныстанғанын айтады. «Ресей отаршылдығы басталмай тұрғанда табын рулары Жайық, Еділ, Қалдығайты, Шыңғырлау, Жем, Темір өзендерінен Үстірт, Сам-Матай, Доңызтау, Бұхара, Хорезм, Сырдарияға дейінгі аралықта емін-еркін көшіп жүрген. Тарихшы И.Ерофеева 1725 жылға дейін жетіру тайпасы жазда шөмекей, төртқара және шекті руларымен бірге Ырғыз-Торғай өзендерінің арасындағы зор аумақты жайлағанын, олардың үнемі Еділ қалмақтарының шабуылына ұшырап келгендігін жазады», дейді Г.Ізбасарова.
ХVІІІ ғасырдағы қазақ ұлтының тағдыры сынға түскен кездегі Қарақұм және Ордабасы құрылтайы өткен жерлер, оған қатысқан тұлғалар тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзиннің «Бөкенбайтанудағы таңдақтар: тарихнамалық һәм деректанулық талдау» атты баяндамасында қамтылды. ХVІІІ ғасырдағы қазақ тарихына қатысты деректер Мәскеудегі Ресей мемлекетінің көне актілері, Ресей империясының сыртқы саясаты, Ресей мемлекетінің әскери-тарихи архивтерінде, Орынбор облыстық архивінде, Ресей Ғылым академиясы Санкт-Петербург филиалының тарих институтында сақталған. Ең құнды дерек – саяхатшы Яков Гавердовскийдің үш қолжазба журналы.
Бұхара сапары сәтсіздікке ұшырап, Орынборға кері қайтқан соң, 1804 жылы бірінші қолжазба журналын аяқтайды. Оның қолжазбалары Мәскеудегі Ресей мемлекетінің әскери-тарихи архиві мен Ресей Ғылым академиясы Санкт-Петербург филиалының тарих институтында сақталған. Екіншісі – 1806 жылы шыққан «Обозрение киргиз-кайсацкой степи» қолжазбасы. Алғашқы екі журналда таласқа түскен Бөкенбай шоқысы, үшіншісінде жоңғар басқыншыларына қарсы ұйымдасқан Қарақұм жиыны туралы жазылған. Бірер жылдан соң Яков Гавердовский Бородино шайқасында қаза тапты. А. Левшин 1865 жылы шыққан «Киргизская степь в Оренбургских ведомствах» жинағында Я.Гавердовский деректеріне сүйене отырып, «1723 жылы ақбоз атты құрбандыққа шалып, Әбілқайырдың хан сайланғанын» жазғанымен, Бөкенбай батыр, Қарақұм жиыны, Ордабасы туралы еш мәлімет жоқ. Мұхамеджан Тынышбаев 1927 жылы шыққан «Ақтабан шұбырынды» мақаласында бұл Ордабасыда өткен жиын деп баға береді.
Елші Тевкелевтің журналында Бөкенбай Қарабатырұлымен 86 рет, арғын шақшақ Бөгенбаймен 8 рет кездескені тіркелген. Өкінішке қарай, император елшісінің қанжығалы Бөгенбай сардармен кездескені жөнінде жазба жоқ. Ресей империясы сыртқы саясат архивінің 122-орында Тевкелевтің 1732 жылы 21 мамырда арғын шақшақ Бөгенбаймен кездескені жазылған. Кейін бірқатар зерттеушілер Тевкелевтің 1731 жылы табын Бөкенбаймен кездесуін шақшақ Бөгенбайға теліп жіберген.
1723 жылдың маусым айында Арал бойындағы Қарақұмда екінші жиын өтеді. Алайда осы құрылтай тарихта ескерусіз қалды. Бұл жерде де шатасулар басталды. Зерттеуші Ә.Диваев 1905 жылы жарияланған «Көк кесене» мақаласында Гавердовскийдің Қарақұм құрылтайына қатысты жазбасын толықтырып, 1723 жылы өткен ІІ Қарақұм құрылтайы (қаракесек жиынына) әлім, адай, беріш руларының белгілі адамдары, Тайлақ батыр мен ошақты руынан Саурық батыр қатысты деп жазған. Қаракесек құрылтайы немесе Қарақұм жиынынан соң қазақ жасақтары Уса Серен қалмақтарымен 1726 жылға дейін шайқасты.
Аңырақай шайқасы кезеңі сипатталған М.Тынышбаев мақаласында Әбілқайырдың хан сайлануын, ақбоз атты құрбандыққа шалу оқиғасын жаза отырып, бұл жиын Ордабасы тауында өтті дей келе, Түркістан өлкесінде осы жиынға қатысты аңыздың сақталмағанын ескертеді. 1884 жылғы Түркістан өлкесі картасында Ортабашы деген жер атауы кескінделген. Ортабасы ХІІІ ғасырдан келе жатқан атау, оның құрылтайға еш қатысы жоқ. Осылайша, Ордабасына қатысты отандық тарихнамада кеткен қателік Тынышбаевтан басталды. Кеңес тарихшысы М. Вяткин редакциясымен шыққан Қазақ КСР тарихы ІІ томының алғысөзінде жетіру бірлестігін ең ықпалды Есет батыр басқарғанын, шақшақ Жәнібек батырдың осы кезде аты шығып келе жатқанын айтады. М.Вяткин Бөкенбайды 1720 жылдардың батыры деп сипаттап, оның шайқасқа ең бірінші болып кіретінін, төрт ағасының соғыста қаза болғанын жазды. 1973 жылы шыққан Қазақ совет энциклопедиясында Бөкенбай батырдың ерлігін қанжығалы Бөгенбайға теліп жіберген.
Тарихшы Ирина Ерофееваның 1999 жылы шыққан Әбілқайыр хан туралы монографиясында тұңғыш рет Бөкенбай Қарабатырұлының есімі аталып, 1710 жылы Қарақұм құрылтайында оның бас сардарлыққа сайланғанын жазады. 2017 жылы Ирина Ерофееваның Бөкенбай батырға арналған монографиясы жарық көрді. Ол еңбекте Бөкенбайдың 1742-нің көктемінде өмірден озғаны айтылады. Тарихи оқиғаларды архив құжаттарымен зерделей келе, Жәнібек Исмурзин қателіктердің түп негізі – ХVІІІ ғасыр оқиғаларының терең зерттелмеуі, батырлардың өмір сүру хронологиясының анықталмауынан деп түсіндірді. Салдарынан Ақтабан шұбырынды жылдарында қол бастап, жаудың ең алдыңғы шебінде шайқасқан батырлар кейінге ығыстырылды. Отандық тарихнамада қайталанып жатқан қателік – фольклорлық шығармалар мен әуесқой зерттеушілер жазбаларының академиялық еңбектерге еніп кетуі дейді жас ғалым.
Я.Гавердовский еңбегінде 1710 жылы Әбілқайырды хан сайланды деп келтірген. Сондай-ақ 1711 жылы ақпанда құба қалмақ билеушісі Дондук тайшы воевода Чириковқа жазған хатында қарақалпақ арасынан оралған елшісінің башқұрт пен қара қазақтар Әбілқайыр сұлтанның басшылығымен патшаға қарсы соғыс ашуға даярланып жатқанын жазады. Тағы бір архив құжатында 1710 жылы кіші жүздегі қазақ ордасына 24 орыстың тұтқынға түскенін, олардың «біздің иеміз Әблқайыр хан» деп жазғаны сақталған. Тағы бір дерек көзінде 1720 жылы Қазақ ордасы шығыстағы жоңғар қоңтайшысына жасаған шабуылында 3 мың адамды тұтқынға алғаны көрсетілген.
Қарақұм жиыны қай жерде өтті?
Қазақ тарихының тағдырын шешкен Қарақұм жиыны екі рет болған. Бірі – 1710 не 1711 жылдың қысында, екіншісі 1723 жылдың жаз айында өтті. Қателік Я. Гавердовскийден басталған. Поляк саяхатшысы екі оқиғаны бір жылдың оқиғасы деп жазған. 1723 жылы қазақ рулары Ақтабан шұбырындыда жеңілгеннен кейін солтүстік Арал маңы, Ақтөбенің оңтүстік жағын қоныс еткені жырларда айтылады. Мәселен, Мұрат Мөңкеұлы «Есболай Борсық қыстап аман қалған» дейді. Қазақ рулары 1722–1725 жылдары Борсықта үш жыл қыстайды. Өйткені 1724 жылы Әбілқайыр соңындағы елімен Торғай, Ырғыз, Қарақұмға қашып келді. 1725 жылы Есет пен Бөкенбай батыр жоңғарға аманатқа алынған. Доржының Есет, Бөкенбай, Жәнібек туралы жазған хаты да архивте тұр. Өкінішке қарай, поляк Яков Гавердовскийдің 1804–1806 жылғы топографиялық картасын тарихшыларымыз жөнді пайдаланбай келеді. Осы картада қазақ қоныстары, зираттары, жер атаулары түгел ескі атауларымен тұр. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы Рахым Бекназаровтың айтуынша, Павел Рычковтың «История Оренбургского края» еңбегінде Ырғыз, Қабанқұлақ, Бөкенбай шоқысы кескінделген. «Осы аумақта екі биік төбе бар. Біреуі картада «Букамбай кумъ» деп, екіншісі «г. Буканбая маякъ» деп көрсетілген. Қызғылт құмтасты Бөкенбай шоқысы үстінде зират орны байқалады. Ертеде оның бетіне жақпар тастар қаланған тәрізді. Шоқыдан бірнеше шақырым жерде, картада «Букамбай құмы» деп көрсетілген жерде ортағасырлық қорған және қазақ молалары бар. Қазір тұрғылықты жұрт оның атауын білмейді. Сондықтан картографиялық деректемелерге қол жеткізіп, этнографиялық, ескерткіштану, археологиялық бағыттар бойынша зерттеу жұмыстары жүргізілуі қажет. Бөкенбайдың қарауыл төбесіндегі зират ХVІІІ ғасырдағы, не Алтын Орда дәуіріндегі, не ХІХ ғасырдағы бейіт болуы мүмкін. Орынбор, Санкт-Петербург, Элиста қалаларындағы мұрағат деректерін зерттеу керек. Өйткені Астрахан қаласындағы біраз құжат Элистадағы архивке көшірілді», деп қорытындылады Р. Бекназаров.
Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркіт Аяған Омбы қаласының архивінде де картографиялық деректер көп сақталғанын атап өтті. Өйткені 1913 жылы Омбының офицерлері қазақ даласына шығып, әскери-топографиялық карта жасап, оған даламыздың сай-саласы мен өзен-көлін, төбешігі, қыстаулары мен зираттарын түгел түсірген.
«1983 жылы Ырғыз ауданында музей ашар кезде Әбіш Кекілбаевқа бардым. Ол «Үркер» романын жазар алдында осы жақты аралағанын, жергілікті ақсақалдардың Бөкенбайдың қарауыл төбесіне алып барғанын айтты. Әбіш аға тама Есет батырдың жерленген жері анықталғанын, Әбілқайырдың Хан моласында жатқанын айта отырып, Бөкенбай батырдың құпия жерленгені туралы ел арасында сақталған деректі келтірді де, Бөкенбай туралы сұрастырып жүріңдер деді. Әскери инженер И.Ф.Бларамберг жасаған Ырғыз уезінің картасында Бөкенбай шоқысынан 7 шақырым қашықтықта Букамбай құмы деген жер бар. Ал Бөкенбай шоқысынан әрірек Темірастау мен Қабанқұлақ төбелерінің басында Бөкенбайдың қарауылдары тұрған деген аңыз бар», дейді ақтөбелік өлкетанушы Бекарыстан Мырзабайұлы. Оның айтуынша, Жөкей Шаңғытбаевтың «Бөкенбай батыр» дастанында батырлардың есімдері, жасағының саны айтылған. Кейін осы жырды Жәкібай жырау жырлаған. Оның нұсқасында Табын Бөкенбай, тама Есет батыр, жағалбайлының батырлары бірнеше мың қолмен Ырғыз өзені бойында отырған құлтас Нұрсейіттің ауылына түскені туралы айтылады. Жасақтың бағыты – Қарақұм. Қалың әскер келер алдында Нұрсейіт баласы Жолғұттыны жылқы іздеуге жібереді. Өйткені жасақ келер алдында жағымсыз түс көреді. Жолғұтты ауылына әскер келіп жатқанын екі күндік жерден естіп, соғысқа бара жатқан сарбаздарға ілесіп, 19 жасында қаза табады. Осы дерек «Бөкенбай батыр» дастанында және құлтас шежіресінде бар. Нұрсейіт тамы әлі де сақталғаны туралы құнды деректерімен бөліскен Бекарыстан Мырзабайұлы осы жазда Әлкей Марғұлан зерттеген жолдармен Қарақұмды аралап, Бұлантыға дейін жүріп өткен. Жергілікті ақсақалдар оған Қарақұм жиыны өткен «Құлжұмыр қасқа төбе» деген жерді көрсеткен. Бұл – айналасына қалың сексеуіл өскен үлкен алқап. Ортасында аттың қасқасы сияқты көрінетін биік шағыр төбеден 25–30 шақырым төңірек түгел көрінеді. «Бізді ертіп барған кісілер осы жерде 1726 жылы құрылтай өтті деп айтты. Осы жерде қаракесек рулары қалың әскерді төрт ай азықтандырған. Тарихшы Жәнібек Исмурзин қазақ-жоңғар қатынастары шиеленіскен кезде, 1710 және 1723 жылдары екі рет құрылтай өткенін айтып отыр. 50 мыңның шамасындағы әскер қыстай дайындалып, Бұланты шайқасына кірді. Жасақта қаншама сарбаз шейіт кетті? Архивте қалғаны тек әскербасылардың есімдері ғана. Сондықтан картографиялық зерттеулер керек. Кезінде Ғылым академиясының сирек қолжазбалар қорына қабылданған Жөкеш Шаңғытбаевтың 1500 жолдық дастанынан 4-5 парағы ғана қалған. Дастан жойылып кеткен. Оның жазбасы қолымызда болғанда, біраз деректен хабар берер еді», дейді ақтөбелік өлкетанушы.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Әжіғали осы жиында ертедегі жер-су атаулары, қазақ ескерткіштеріне қатысты маңызды мәселе көтерілгенін айтты. «Қазақ ескерткіштері мен топонимика жеріміздің негізгі айқындаушысы. Біз неге Я.Гавердовский мен А.Левшин деректеріне ерекше маңыз беріп отырмыз? Өйткені олардың заманында қазақтың архаикалық топонимикалық жүйесі сақталған еді. Ол жүйе ХІХ ғасырдың ортасында өзгерді. Мәселен, қазақ даласындағы Алшын тауының қай жерде екенін қазір ешкім айта алмайды. Жер-су атаулары ХІХ ғасырда қазақтар жартылай отырықшылыққа көше бастаған кезде өзгерді. Бұл – бөлек зерттейтін тақырып. Бүгінде қаншама ғылыми диссертация қорғалып жатса да, қазақтың архаикалық жүйесінің қалай өзгергені зерттеліп жатқан жоқ. Гавердовскийдің жазғанының көбі дұрыс. Енді Бөкенбай шоқысына кешенді экспедиция жүргізу керек. Бүгінде Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында қазақ ескерткіштану орталығы жұмыс істейді. Бізде тәжірибелі мамандар жиналып жатыр», дейді археолог-ғалым.
ХVІІІ ғасырдағы тарихтағы аттас тұлғаларға байланысты үлкен дау бір тұлғаның дерегін екіншісіне таңып қоюдан басталды. Бұл – деректанудағы жүйесіздік. Осы жиында картография мәселесі көтерілді. Қазақ даласының түсірілген карталары Ресейдің үш мұрағатында сақталған. Ғалымдар шетелдік мұрағаттардан дерек алу жүйесін бір ізге салып, орталықтандыру керек дейді. Алдағы уақытта отандық әрбір зерттеуші тапқан құжаттарын Ұлттық кітапхана не мемлекеттік архивке әкеліп өткізу керек. Әйтпесе, бір қорды бірнеше ғалым қарап, бірін бірі қайталайтын деректер алып келеді. Негізгі мақсат – шетел архивтерінен өзімізде жоқ картографиялық деректерді тауып, бір жүйеге жинақтау.
Алматы