• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным 25 Қыркүйек, 2024

Шыңғыз хан ата жұртына оралды...

943 рет
көрсетілді

«Ақыл сенбей сенбеңіз, бір іске кез келсеңіз», дейді хакім Абай.

Қазақ халқының тарихы түген­дел­меген, үзік-үзік, тіптен бір парасы өзгелер әңгімелеген шала-шарпы түсініктерден құрал­ған. Оның басты себебі, қазақ ­тарихы ниеттері бөтен, әркімнің қолында кетті.

 

Күні кеше Кенесары хан туралы шындықты айтқан, ғылыми зерттеу жасаған тарихшы Ермұхан Бекмаханов жазаланды, сотталды.

Алаш азаматтарының тарихи жазбалары шаң басып, архивте жатты.

Хандар, сұлтандар, хазіреттер туралы жазылғандар жария болмады.

Кеңес заманында «маман» деген тарихшыларымыз мардымсыз тақы­рып­тармен шұғылданып, тарих ғылым­дарының кандидаттары, докторлары атанды. Оған кінәлі тарихшылар емес, заманның ғылымға деген талабы солай болды.

* * *

Тәуелсіздіктен кейін ғана тарихшылар шын тарихпен шұғылдануға ниеттене бастады, бірақ тарих қателіктерге толы еді. Қазақ тарихын бұрмалау, көпе-көрінеу теріс пайымдауларға салу коммунистердің арнайы бағытталған идеологиялық сандырақтары.

Қазақ тарихын Қазан төңкерісінен бастаңдар деген партия ұстанымы болған. Ар жағының қажеті жоқ. Жол түсіп Қазанда болдым, маған әріп­тестерім «Татар халқының және Татар­станның тарихы» деген кітапты сыйға тартты. Біз болсақ, бәрінің басын қосып, «Қазақ ССР тарихы» деген көп томдық шығардық, ол бекер іс болды. Татар ғалым­дары татар халқының тарихын бір бөлек, кейінгі Татарстан тарихын бір бөлек зерттеген.

Осындай жағдайда қайдағы төл тарих.

Біз қателесіп, қазақтың Қазан төңке­рісіне дейінгі тарихын феодализм тарихы деп түсіндік, тарихты солай зерттедік. Бұл басты қателік.

Феодализм еуропалық құбылыс, ол қазақ, түрік табиғатында болмаған ­феномен.

Одан бергідегі қателік тарихи тұлға­ларға қатысты. Сөздің тоқетерін айтсам, Шыңғыз ханға (кітапта осылай жазылған – Ғ.Е.), оның ұрпақтарына қатысты ­хикаялар. 

* * *

Шыңғыз хан кім дегенге, кеңес тарихшылары жауап бере алмады.­ Жұрт­­­шылық Шыңғыз хан туралы В.Янның «Шыңғысхан» романы, Исай Калашниковтың «Сұм заман» рома­ны, одан кейін Ілияс Есенберлин шығар­ма­лары арқылы оқып білді. Мұның бә­рін­де Шыңғыз хан моңғол, оның түрік, қа­зақтарға қатысы жоқ тұлға. Алайда Шың­ғыз хан әскерлерінің 99 па­йызы керей­лер, наймандар, жал­айырлар, мұ­ғұл­дар, алшындар, үнгіттер, т.б. қазіргі қазақ этносын құрап отырған тайпалар.

Шыңғыз ханнан кеңес тарихшылары іргелерін қаншама аулақ салғандарымен, шындығы сол, ол қазақтың терең тари­хының басты кейіпкері.

Сол Шыңғыз хансыз, оның баласы Жошы хансыз біз қалайша тарихы­мыз туралы мағыналы ақпараттар бере алмақпыз.

Айтарым, Шыңғыз ханды қазақтың арғы тарихына қатысты тұлға ретінде зерттеу, тану – қажеттілік.

Шыңғыз ханды, оның үлкен ұлы Жошы­ны тану енді басталды деп ойлай­мын, бұл – маңызды тарихи-мәдени оқиға.

* * *

Түрік халықтары және Шыңғыз хан туралы ХІV ғасырда парсы тілінде орта­ғасыр ғалымы Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» атты еңбегі жазылды.

Аталған кітапты саясаттану ғылым­дарының докторы, жазушы Ержан Исақұлов Ираннан алып келіп, оны араб, парсы, шағатай тілдерінің маманы Зәріпбай Оразбай парсы тілінен тікелей қазақ тіліне аударды. Кітап 2018 жылы «Фолиант» баспасынан бес том болып жарық көрді.

Кітап әлі терең ғылыми талқыға түскен жоқ. Бұл еңбекті еңсеру осал шаруа емес, менің бес томмен бір қабат танысқаным қаншама уақыт алды деңіз.

Бес томды асықпай оқу керек. Оны деректі тарихи жанр деуге болады. Баяндау стилі тартымды, тек қана алдын-ала тарихи оқиғалармен және тарихи тұлғалармен қысқаша болса да таныстығыңыз болуы шарт. Баяндаулар арасында өлеңдерден үзінділер келтірілген, олар адам болмысы туралы ұлағатты сөздер, кісіні еріксіз ойлантатын оқиғалар, тұлға­лар, олардың арасындағы туыстық, аға­йындық, кісілікті мәселелермен қа­тар, адамшылыққа жатпайтын қылық-пиғылдарда баяндалып, тіптен сыни көзқарастар да айтылады.

Кітапты оқып отырып, адами жағ­дайларға қатысты оқиғаларға тап болып қана қоймай, олардың ішіне енгендей сезінесің, себебі шығарма біз сияқты өз заманында ғұмыр кешкен адамдар тарихына арналған.

Кітап бұдан 700 жыл ілгеріде жа­зылған, бұл қалай десеңіз де, аз уақыт емес. Айта кетейін, біз әлі күні кешегі тәуелсіздігіміздің тарихын жаза алмай келеміз, сірә тарихты тарихқа тым жақын тұрып жазу мүмкін емес.

Қазіргі заманның тарихын жазушылар әлі өмірге келген жоқ. Жағдайларды салыстырып көрсек, «Жамиғ ат-тауарих» ең­­бегін негізге алсақ, Шыңғыз хан 1227 жылы дүниеден қайтты. Жошы хан 1227 жы­лы әкесінен жеті ай бұрын дүниеден озды.

«Жамиғ ат-тауарих» авторы дүниеге 1247 жылы келіп, 1318 жылы қайтыс болған. Шыңғыз хан дүниеден өткен­нен кейін жиырма жылдан кейін туған. Шыңғыз хан туралы оқиғалар мен Рашид ад-диннің жазбаларының арасы шамамен 50-60 жыл.

Бұл уақытта Шыңғыз хан туралы көп мәселелер айтылып, уақыт өз сараптамасын жасап үлгерген.

«Жамиғ ат-тауарихтың» құндылығы осында.

Бұл кітап бізге дейін 700 жылдай өмір сүріп келді. «Жамиғ ат-тауарихпен» бәйгеге түскен еңбек жоқтың қасы. Керісінше, кейінгі жазба авторлары, міндетті түрде, осы кітапқа сүйенеді, сілтеме жасайды.

Кітап алғаш рет орысшаға ауда­рылған кездегі (1936-1960) орын алған бұрмалаушылықтар мен қателіктерді аудармашы Зәріпбай мырза нақты көрсетіп берді. «Жамиғ ат-тауарих» қазақ тіліне сапалы аударылған. Бұл түрік халықтарының, әсіресе Шыңғыз хан әулеті мен оның жеке өзі туралы таптырмайтын теңдесі жоқ шығарма. 

* * *

«Жамиғ ат-тауарихтағы» деректерге сүйене отырып, өрбітіп айтатын әңгіме көп. Мен оларды өзгелердің еншісіне қалдыра отырып, оқырман назарын екі келелі мәселеге аудармақпын.

Біріншіден, Шыңғыз хан қазіргі Қазақстан аумағында, Бұқтырманың Ертіске құятын өңірінде дүниеге келіп, қазақ жерінде жерленген. Бұл жаңалық, біз Шыңғыз ханды өзге өңірден, әсіресе Моңғолиядан іздейтінбіз.

Екіншіден, «моңғол» деген жасанды лексика екеніне көзіміз жетті. «Жамиғ ат-тауарихта» Шыңғыз хан түріктің мұғұл тармағынан шыққаны туралы әлденеше рет мағлұмат берген. Және де оған қоса айтарым, Шәкәрім қажы «Қазақтардың түп атасы» деген шежіресінде мұғұл тайпасы бастау алатын Мұғұл деген адам Оғыз ханның немересі дейді.

Есен бұға билік еткен өлкенің аты әдебиеттерде Моголистан деп қате жазылып келді. Шындығында ол Мұ­ғұлс­тан билеушісі еді.

Қорыта айтқанда, Шыңғыз хан ата жұртына оралды. 

* * *

Кейінгі жылдары тарихтануға кәсіби тарихшылармен бірге өзге білім сала­сы­ның азаматтары араласып, мамандана бастады. Әрине, бұл үдеріс те арнайы талқылап, зерттеуді қажет етеді.

Кәсіби маманданбаған азаматтар тарихи үрдістерді, тарихи тұлғаларды танып, біліп зерттеуде айтарлықтай нәтижелерге жетіп отыр. Соның біре­гейі саясаттану ғылымдарының докторы, жазушы Ержан Исақұлов кейінгі кездері, әсіресе Шыңғыз ханға қатысты айтарлықтай зерттеулер жасап үлгерді. Оның қаламынан 2021-2022 жылдары «Шыңғыз хан» деген қазақ және орыс тіліндегі көлемді кітаптар жарық көрді. Ол кітаптарды жазуда Ержан Исақұлов Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» еңбегін негізге алған.

Ержан мырза биыл «Жамиғ ат-тауарихтың» қазақ тіліне аударылған нұсқасын орыс тіліне қотарып шықты. Және ол кітаптарды ықшамдап, фак­симилесіз, екі томдық етіп жарыққа шығарды. Осы кітаптарды насихаттау­да да оның еңбегі зор. Ол ешқандай мемлекеттік институттармен бірігіп жұмыс атқармай, өзінің жеке ынтасымен Шыңғыз хан туралы даулы мәселеге мықты араласып кетті. 

* * *

Шыңғыз хан туралы аңыз да, ақиқат та мол. Ол бір күні таусылып қалатын тақырып емес. Шыңғыз хан туралы қаншама автор өз тұжырымдарын ұсынса, олардан соншама мәселелер өрбіп шыға бермек. Себебі Шыңғыз хан – әлемдік тұлға. Ол түркі халықтарына ортақ тарихи жағдайларға қатысты кәдімгі оқиға кейіпкері.

Біз жоғарыда айттық, Шыңғыз хан туралы көптеген аңыз, оқиғалар ойдан құралған немесе біреулердің айтқан-жазғандарына сүйенген. Ол жазбалардың дені шындықтан алыс.

Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» атты 2 томдық кітабы қазақ және орыс тілдерінде жарық көруі шы­ғыс­танушы ғалымдар үшін таптыр­май­тын жаңалық. Ендігі жердегі мәселе «Жамиғ ат-тауарих» еңбегін терең ғы­лыми, тарихи сараптамаға салып, оның эпистемологиялық жанрға жататын көркемдік қуаты бар шығарма екенін тануымыз қажет. Бұл шығармада баян­­дау, проза, сонымен бірге қуатты поэ­зия бар. Хұлағу ханның Бағдатқа жорығы кезіндегі баяннан мысалдар келтірейін. 

* * *

«Ай жарығы өлең шашырар жылдам кезде,

Күннің көзі көрінбей тұрған кезде (149-б.).

 

* * *

Мен сені аспан көгінен төмен құла­тамын,

Арыстандай төменнен жоғары бір атамын.

Сенің патшалығыңда ешкімді тірі қалдырмаймын, біл мұны,

Қалалар мен ауылдарыңды тапсырам отқа бір күні (149-б.)

* * *

Әскеріңмен, батылдықпен, ойыңменен ең ізгі,

Жаулап алам деп тұрсың ба көкте тұрған жұлдызды (150-б.)

 

* * *

Патша жүрегі жұмсақ тартып данышпанның сөзінен,

Қызғалдақтай гүлдеп кетті білімі мен сезімнен (156-б.)

 

* * *

Қазақ елінің бар өңір­лерінде, әсіресе Қара­ғанды, Жез­қазған (қазіргі Ұлытау облы­сы), Пав­лодар, Абай облысы, Шығыс Қазақстан өңір­ле­рінде Шыңғыз хан және оның әу­ле­тіне қатысты артефакттар әлі де жеткілікті.

Семей мен Абай ауда­нындағы Қарауылдың орта шенінде Орда тауы бар.

Орда деген Астана деген секілді мемлекеттің орталығы. Сірә, ол Ақ Орда­ның бір астанасы болса керек (арна­йы зерттеген жөн). Ақ Орданың ха­ны Баян хан болған (Ырыс ханның ұр­пағының бірі). Ол кезде Ырыс ханның ұр­пақ­тары қай жерді мекен етсем десе, бар билік қолда, сонда Баян хан қазіргі Баян­ауылды таңдаса керек, содан хан ме­кен еткен жер Баянауыл атанып кеткен.

Шыңғыз ханның ақ Ертіс бойын жай­лап, көшіп-қонып жүргені тарихи шындық.

Қазіргі Абай облысында Шыңғыз есімімен аталатын тау бар, ол туралы хакім Абай былай дейді. «Шыңғыз ханға қазақтар «Құтты болсынға барыпты. Бірақ қай жерде болғаны мағлұм емес, сүйтсе де осы Шыңғыз тауында, әскер Қарауыл өзенінің бойында жатып, он екі рудан он екі кісі «Хан» деген үлкен биіктің басында, ақ киізге Шың­ғызды отырғызып, хан көтерген дей­ді. Тауының Шыңғыз аталып, биігі хан аталмақ себебі де сол болса керек» (Абай. 2-том. Алматы: «Жазушы», 1995, 223-б.).

Шәкәрім қажы бұл 1203 жылы болса керек дейді (655-б.).

Шыңғыз тауларынан әрі тура тарт­саңыз алдыңыздан қазіргі Ұлытау облысы ашылады. Атқа күндік жол. Неге бұл өлке Шыңғыз ханды, оның жауынгер ұрпақтарын қызықтырды. Жезқазғанда не көп жез, темір көп. Ол заманда жез, темір алатын рудалар жер бетіне жақын болатын. Ол жерде жез, темір өндірісі жолға қойылған. Айталық, Бату хан жүздеген мың әскермен Батысқа жорыққа аттанғанда, әр сарбаздың қолын­дағы қылышы мен найзасын есеп­­­тесеңіз қанша тонна жез, темір керек еді. Соның бәрі – Жезқазғанда. Сол себепті Жошы кесенесі, әрине, әкесі Шыңғыз ханның нұсқауымен салынған, ол онда Алаша хан кесенесінде кім жатыр дегенге келсек, жақсылап ойланған жөн.

Алаша хан кесенесі Жошы хан кесе­несіне қарағанда бертіңгі және асқақ.

Біреулер уәж айтады, бұл Жошы ханның ұрпақтарының біріне арналған деп. Мүлдем келісуге болмайды.

Жошы хан ғимаратынан асқан кесене салынбайды, салынса тек бірақ адамға – әкесі Шыңғыз ханға.

Шыңғыз хан баласы Жошыдан жеті айдан кейін қаза болды деген дерек бар.

Олай болса, әкесінің сүйікті тұңғыш баласы Жошының қасына жерлеу қажет деген шешімнің неге өміршең болмауы керек.

Неге Шыңғыз ханға ата-бабасы, әрі ба­ласы жатқан жерден жырақ жер ізде­луі керек. Таза ақылға сыйымсыз жай. 

* * *

Шыңғыз ханның жерленуі туралы жұрт аузында аңыз бар. Аңыз бойынша Шыңғыз хан ұрпақтарына өсиет ­айтыпты.

– Мені тереңге жерлеңдер, үстінен ат айдатып тегістеңдер.

Ешкім білмесін деп, ұрпақтары солай жасаған шығар, бірақ әлемді билеген Шыңғыз хан осылайша қара жерге «жұтылып» кетуі мүмкін бе? Жоқ.

Ол данышпан адам, өзі өткенмен соңынан сөз қалдырды. Ол сөз өзі жауға шапқандағы қуат беретін ұраны – Алаш.

Ұран сөз ханға айналды. Алаша хан мазары осылайша өмірге келді.

Шыңғыз хан Алаша хан кесенесі түбінде, тереңде ме, әлде оң, не сол бағыт­­­т­­арында ма? Оны сезімтал құрал­ғымен келер ұрпақ іздеп табады. Себебі Шың­ғыз ханның мумияланған денесі құрт-құмырсқа жүрмейтін минералдар ішінде қаз-қалпында жатуы қисынға келетін шындық. Шыңғыз хан Алаша хан кесенесінде жерленген деген болжамды тұңғыш айтқан, осы өңірді жетік білетін академик Қаныш Сәтбаев.

Алаша хан кесенесін мұқият зерт­тесеңіз, оның көп жылдар, ғасырлар бойы күзетіліп келген «әскери қамал» екеніне көзіңіз жетеді.

Бұған қосарым сол Жезқазғанда Хан Ордасы деп аталатын қамал-қорған болған, қазір орны бар. Ұлы тау деген құлағымызға сіңісті болып кетті, оның үстіне қазір бұл жерде Ұлы деп атайтындай тау жоқ. Алатау немесе Хан Тәңіріндей. Жезқазғандағы тау тау емес, қырат, тегі Ұлық тақ болса керек.

Хан Ордасында барлық хандар Ұлықталған, соңғысы – Кенесары хан. Неге бар хандар сол өңірде ұлықталады деген сауал туады. Жауабы, олар біледі осы өңірде, нақтылы қай жер деп айта алмаймын, көкелері Шыңғыз хан жерленген. Тегі Алаша хан кесенесі төңірегі.

Анығында бұл өңірдің дұрыс аталуы Ұлытау емес Ұлықтау өңірі деген пікірдемін. Хан Ордасының орны бар, оны жергілікті мамандар турист болып барғандарға көрсетеді. Кезінде жан-жағы биік дуалдармен және сумен қоршалған. Сол жерден басталатын тегіс алқапта Құрылтайлар өтетін.

 

P.S. Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарих» еңбегі туралы сөзіме, Ұлытау деп аталатын Жезқазған өңірі туралы бір пікірімді қоспақпын.

Жезқазған өңіріндегі (қазіргі Ұлытау облысы) Жошы ханға кесене тегі ХІІІ ғасырда ­салынса керек. Айтарым, кесене құндылығы «Жамиғ ат-тауарихпен» пара-пар десем артық айтқандық емес.

Жошы кесенесі тасқа түскен – мәтін. Оқысаң, бұл Жошының тарихта болғаны ­туралы құжат.

Жошы – Шыңғыз ханның үлкен баласы. Талантты қолбасшы.

Қазақ хандарының бәрінің бабасы. Жошы түріктің мұғұл тармағына жататын қият тайпасынан шыққан.

Өтеміс қажы «Шыңғыз-наме» шығармасында Жошы хан Ұлық таққа жетті деген мәлімет бар (18 б). Бұл Ұлытаудың бұрынғы аталуы.

Ұлық тақ пен Ұлытау туралы маман, тарихшы, тілшілер зерттеулер жасағаны дұрыс болар еді.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2021 жылы «Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институтын» ашты. Құптарлық жағдай.

Жошы қазақ хандарының (қазақтардың) бабасы болса, оның әкесінің қазақ халқына қандай бөтендігі бар. Егер мәселе осылай болса, Жошының әкесі Шыңғыз ханнан іргемізді неге аулақ саламыз. Баласы жақын, әкесі бөтен, олай шаруа бітпейді.

Төл тарихымызда, сіз қалайсыз ба, қаламайсыз ба, әлемдік мемлекет құрушы Шыңғыз хан тұлғасы асқақтап тұр емес пе? 

 

Ғарифолла ЕСІМ,

академик, жазушы