• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 25 Қыркүйек, 2024

Денсаулық сақтау жүйесіне реформа қажет

113 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы қоғамдағы көкейкесті мәселелердің тамырын тап басқан, еліміздің өркендеуіне, жаңғыруына негіз болатын сал­мақты тұжы­рым­­дарымен ерекшеленген құжатқа айналды.

Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті қол­дау, ауыл шаруашылығын қаржы­ландыру, банктердің эконо­ми­каға көбірек қаржы құюына жағдай жасау, салық саясатын қайта қарау, бюджет тапшы­лы­ғы мәселелерін шешу жолына тоқ­талды.

Сондай-ақ Президент атом электр стансасын салу бойынша жалпыхалықтық референдум өтетінін жеткізді. 6 қазанда ел азаматтары өз ұстанымдарын білдіреді. Ал мемлекет «халық үніне құлақ асып», оңтайлы шешім қабылдамақ.

Атом электр стансалары – әлемдегі электр энергиясының маңызды көздерінің бірі. АЭС салу заман талабы екенін көр­сетіп отыр. Экологиялық және экономикалық тұрғыда тиімді. Қоршаған ортаға түтін мен күл бөлмейді. Энергия алуда, оны үнем­деуде үлкен әлеуетіміз қа­лып­тасады.

Мамандардың ендігі міндеті – әлемдік тәжірибелерді жұртқа түсіндіріп, табысты энергия туралы айту. Алдағы айда өтетін маңызды референдумда отандас­тарымыз өз таңдауын жасайды деген сенімдімін.

Сондай-ақ Президент ден­саулық сақтау саласына биылға бөлінген соманы да атап өтті, бұл – шамамен 3,3 трлн теңге бюджет қаражаты. Ақиқа­тын­да, бүгінге дейін бұл ақшаны медициналық ұйымдар толық ала алмады. Өйткені осы жыл­дың басында басталатын қаржы­лан­дыру тек 2024 жылдың мау­сым айында жүргізілді. Осын­дай жағдайлардан кейін меди­циналық ұйымдардан қандай сапа, қандай нәтиже күтуге болады? Сонымен қатар Міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру (МӘМС) негізінде қаржы­ландыру Тегін медицина­лық көмектің кепілдік берілген көлеміне (ТМККК) қарағанда бірнеше күн бұрын келді. Сондықтан мәселенің бас­ты себебі – медициналық ұйым­дар­ды қаржыландырудың ұзақ­­­­­қа созылуы, яғни уақтылы қар­жы­ландырмауда болып отыр.

Сонымен қатар Президент айтқан қазіргі ақпараттық бағ­дарламалардың дәр­­мен­сіз­дігі мә­селесі бар. Олар­дың кем­ші­­ліктері мен жетілдіріл­ме­геніне байланысты ақпараттық жүйелер арасында интеграция жоқ. Бұл, әрине, бүкіл респуб­лика көлемінде медициналық ұйымдардың жұмысына кері әсерін тигізеді. Сондықтан бірыңғай мемлекеттік медици­на­лық ақпараттық жүйені құру өте маңызды.

Мемлекет басшысының тап­сырмасын орындау үшін Ден­саулық сақтау министрлігі 2025 жылдан бастап 2027 жылға дейін ТМККК және МӘМС медициналық қызметтер пакет­терін қайта қараудың кезең-кезеңдік үдерісін жоспарлап отыр. 2027 жылға қарай меди­циналық көмектің Бірыңғай пакеті құрылады. Оның ішінде, атап айтсақ, жұқпалы және паразиттік аурулар кезінде ТМККК (жедел жәрдем, пал­лиа­тивтік көмек, әлеуметтік ма­ңызы бар ауруларға күдік, АИТВ, туберкулез, психиатрия, онкология және онкоге­ма­тология, орфандық аурулар, вирустық гепатиттер ке­зінде амбулаториялық дәрі-дәр­­­мекпен қамтамасыз етілген әлеу­меттік көмек, қан және оның компоненттерін өндіру, сақтандырылмағандар үшін шұ­ғыл стационарлық көмек) минималды пакеті бар. Сондай-ақ МӘМС базалық пакетіне Ме­дициналы-санитарлық ал­ғаш­қы көмек көрсету және меди­­ци­на­лық көмектің барлық басқа түрі кі­реді.

ТМККК-дан босатыла­тын қара­жат мемлекет жар­налары­на және үнемі көте­рі­летін тариф­­терді арт­тыруға, сондай-ақ ТМККК-ны қар­жы­ландырудың аса тап­­шы­лығын жабуға бағыт­та­ла­ты­нын атап өткен жөн. Ме­ди­ци­налық көмектің Бірың­ғай пакеті 2027 жылдан бастап ТМККК – 30%, МӘМС – 70% ара­қатынасын қамтамасыз ете­тін қаржыландырудың сақ­тандыру мо­де­ліне көшуге мүм­кіндік бере­ді.

Бұл нақты шығындарды ескере отырып, медициналық қызметтерге тарифтерді қамта­масыз етуге, медициналық кө­мек­тің сапасы мен қолжетім­ділігін арттыруға жол ашады.

Әрине, еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне реформа қа­жет, бірақ оны міндетті меди­циналық сақтандыру жүйесін реформалау арқылы жүргізу керек.

 

Гүлдара НҰРЫМОВА,

Мәжіліс депутаты