«Ғасырлар бойы музыкадағы драмалық жаңа идеялар мен формалардың пайда болуы туралы қызықты мәліметтер осы кітапта деп ойлаймын...». Бұл физика саласы бойынша 2004 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Дэвид Политцердің қазақ музыканты Рахат-Би Әбдісағиннің жақында ғана Германияның «Springer» баспасынан жарық көрген «Кванттық механикалар және Аванд-Гардтық музыка» атты су жаңа кітабының мұқабасына жазған сөзі.
Әлем ғалымдарының оң бағасын алып үлгерген аталған кітап туралы жақсы пікірлер көп. Соның бірі профессор Ян Стюарттің «Музыка мен физика арасындағы терең метафоралық байланыстарды зерттеуге ойландыратын, ынталандыратын өте ерекше зерттеу еңбегі дер едім. Оқып шығуға кеңес беремін» дегені де жай пікір емес.
Расында, қазіргі заманда физика мен музыка арасындағы үндестікті, өзара байланысты терең түсіндіріп беретін еңбектер көп емес. Қазақ музыкантының осы саладағы ізденісін бүкіл әлем қуана қабылдап жатса, бұдан артық не бар! Сіздерге сүйіншілеп отырған кітап Батыс әлемін таңғалдырған ұлы музыканттар Стокгаузен мен Кейдж шығармаларындағы Гейзенбергтің белгісіздік қағидатының симфониялық жаңғырығы ма деген ұлы сұрақтарға ерік бересіз. Қалай десек те бұл кітап осы үлкен сұрақтарды қойып қана қоймайды, сонымен қатар қазіргі физика мен заманауи музыка арасындағы алшақтықты ашатын пәнаралық байланыстарды зерттей отырып, өз жауабын, нәтижесін ұсынады. Автордың бірегей әдістемесі математика мен физика тілін музыкалық танымда түсіндірумен байланыстыра отырып, тың көзқарасын білдіреді.
Тіпті бұл кітап физика мен музыканың шекарасынан аттап, ХХ ғасырдағы заманауи физика мен авангардтық музыканың тығыз байланысына үңіледі. Автор сан жылдық зерттеулер арқылы кванттық физика және салыстырмалылық сияқты революциялық идеялардың өмірдің барлық аспектілерінде қалыптасқанын, тіпті тереңдей түссек, қазіргі физика мен заманауи музыканың қарым-қатынасы тек кездейсоқтық емес, олардың пайда болуы мен дамуын да үндестіретін байланыс болғанын көрсетеді.
Әр мемлекеттегі әртүрлі оқырмандар мен тәжірибелі сарапшыларға арналған бұл кітап анықтық пен стильді сақтауға талпыныс жасағанын аңғарамыз. Жаңашыл зерттеу жұмысын заманауи физика мен музыка арасындағы байланыстарды зерттеумен ғана шектелмей, сонымен қатар ғалымдар, музыканттар және осы салаға қызығушылық танытатын аудиторияға бірегей көпір қызметін атқарады.
Рахат-Би Әбдісағин – үш опера және 150-ден астам музыкалық шығарманы өмірге әкелген жаңаша стилдегі музыкант. Оның симфониялық шығармалары Берлин филармониясы, Карнеги Холл және Wiener Konzerthaus сияқты әйгілі халықаралық орындарда қойылған. Ол алғашқы білімін еліміздің оқу сахналарында бастап, одан ары итальяндық танымал музыкалық оқу орындарында магистрлік қорғап, композицияның озық әдістерін меңгерген. Әлемге танымал композитор Тристан Мурайл оның кітабын оқыған соң «Бұл – таңғажайып кітап» деген ізгі тілегін білдіріпті. Әлемді мойындатсам деген арманы бар қазақ баласының бұл еңбегін біз де таңғажайып көңіл күйде қабылдадық.