Алтайдан әлемнің түкпір-түкпіріне қанат жайған қалың түрік баласы бауырластығын үзбей, бірлігін мық шегедей мығым сақтап келеді. Түбірлес елдердің қашанда тілегі бір, бағдары берік.
Елордада Қазақстандағы Әзербайжанның мәдени күндері аясында Ұлттық академиялық кітапханада Әзербайжан әдебиетінің бұрышы ашылды. Кітапхана қоры бауырлас елдің классикалық және заманауи әдебиетімен, ел мемлекеттілігінің қалыптасу тарихымен, салт-дәстүрлеріне қатысты материалдармен, соның ішінде ақын, ойшыл Мұхаммед Физули, Мырза Фатали Ахундов, Гусейн Джавиди, жазушы Анар Рзаев кітаптарымен, тағы басқа құнды дүниелермен толықты. Сондай-ақ кітапханалық-ақпараттық қызметті одан әрі дамыту, халықаралық кітап алмасу мүмкіндігін қалыптастыру мақсатында Ұлттық академиялық кітапхана мен Әзербайжан Ұлттық кітапханасы арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Іс-шарада Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы екі елдің тығыз әдеби байланысын тілге тиек ете келе, бауырлас елдің белгілі қос қаламгеріне Қазақстан Жазушылар одағының құрметті мүшесі куәлігін табыс етті. Рухани шараның соңы Әзербайжанның халық жазушысы Эльмира Ахундованың «Зарифа және Гейдар Алиевтер. Мәңгілік махаббат» атты кітабының тұсаукесер рәсіміне ұласты.
Әдеби кештің тізгінін қолға алған жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқар бауырлас түркі елдерінің қарқынды дамып келе жатқан рухани байланыстарына тоқталып, қонақтарға сөз ұсынды. Алғашқы болып сөз алған Әзербайжанның Мәдениет министрі Адиль Керимли туысқандық таңбасы мен кітаптың маңызын айтты.
– Кешеден бері Астанада Әзербайжан күндері өте табысты өтіп жатыр. Мәдени өміріміздің жарқын үлгісін көрсететін қос кітаптың тұсаукесерін жасау – екі халықтың тарихи, мәдени тұтастығының айғағы деп білемін. Әзербайжан мен Қазақстан қаншама жылдан бері достық қарым-қатынасты берік сақтап келеді. Бізді ортақ тарих, ұқсас мәдениет пен дәстүріміз жақындастырады. Бүгін Әзербайжанның халық жазушысы Эльмира Ахундованың «Зарифа және Гейдар Алиевтер. Мәңгілік махаббат» кітабының тұсауын кесіп отырмыз. Бұл жай ғана әдеби кітап емес, ішіне толағай қазына жасырған бірегей дүние, – деді министр.
Мұнан соң Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті төрағасының орынбасары Роллан Құспан қонақтарға құшағымыздың айқара ашық екенін баян етті.
– Жалпы, осы іс-шаралардың барлығы бауырлас қос халықтың ортақ тарихының, ортақ мәдениетінің үлгісін көрсетіп отыр. Кешегі Физулидің 530 жылдығына арналған жинақ, бүгінгі Әзербайжан әдебиетіне арналған бұрыштың ашылуы, түркі халықтарына ортақ тұлғасы Гейдар Әлиев жөніндегі кітаптың тұсаукесер рәсімі өтуі – өзара ынтымақтастықтың белгісі. Мәдени, әдеби тараптың қай-қайсысынан болсын, Қазақстанның бауырлас елге құшағы ашық. Ғасырларға көш тартқан үлкен құндылықтарымыздың оқырмандары арта берсін дегім келеді, – деді ол.
Тамыры тұтас екі халық өкілдері бір-біріне сүйіспеншілік сезімін білдіріп, өзара тілге құрмет көрсетті. Мәселен, Қазақстандағы Әзербайжан елшісі Агалар Атамогланов қазақ тілінде ой өрбітіп, қонақтардың қошеметіне ие болды.
– Қазақстан мен Әзербайжанның сан ғасырлардан келе жатқан ортақ салт-дәстүрлері бар. Еліміздің халық жазушысы Эльмира Ахундованың ұлттық көшбасшымыз Гейдар Алиевті зерттеудегі еңбегі орасан. Көбіміз білетін бұл тарихи тұлға туралы қаншама кітап жазылған, ал бұл жинақ айрықша тіл, стилімен ерекшеленеді, – деді елші.
Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова түрік тілінде сөз сабақтап, кітап авторына ақжарма алғысын білдірді.
– Қадірлі Гейдар Алиевтер отбасының бақыты, қилы тағдыры тек әзербайжан елінің жүрегінде емес, барлық адамзат өмірінің мәдени-рухани өмірінде із қалдырды деп ойлаймын. Мұнда бір отбасының бақыты ғана емес, барлық халықтың бақытты өмірі жатыр. Осындай тамаша отбасының құпиясын, қыр-сырын ашып, өзгелерге насихаттай білген Эльмира ханым Ахундоваға алғысымды білдіремін, – деді Ақтоты Райымқұлова.
Рухани іс-шара соңында жазушы Эльмира Ахундова жаңа жинақтың таралымын өсіру туралы ұсыныс айтып, Астана оқырмандарымен арнайы кездесуге дайын екенін жеткізді.