• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 25 Қыркүйек, 2024

Ақселеу аманаты

182 рет
көрсетілді

Тағдыр маған халқымыздың біртуар ұлдарымен жақын болуды нәсіп етті. Қарағанды университетінде оқып жүргенімде академик Евней Бөкетов өзіне өте жақын тартты. Студент кезімде Ебекеңнің үйінде Әлкей Марғұлан, Ғабит Мүсірепов, Нұртас Оңдасынов сынды еліміздің аяулы перзенттерімен танысу, әңгімелерін тыңдау, сұхбаттасу бақытына ие болдым. Кейде мұнда қарағандылық ақсақал Жайық Бектұров пен облыстық газетінің жауапты хатшысы Ақселеу Сейдімбек те келіп тұратын. Алайда Ахаңмен қоян-қолтық араласуым елде емес, кейін Алматыда жалғасты.

Бір күні ұстазым академик Әбдуәлі Қайдар Ақселеу Сей­дім­бектің «Тауға біткен жалбыз» деген кітапшасын қолына қалам ұстап мұқият оқып отырғанын көзім шалды. «Ақселеудің кітабы ма?» деп сұрадым. Әбекең: «Иә, Ақселеу. Менің өсім­дік атауларын зерттеп, жинап жүр­геніме біраз жылдың жүзі болды ғой. Осы Ақселеуден басқа өсімдік атауларын, жалпы тілді, қазақтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлерін жақсы білетін адамды кездестірмедім. Қытайдан келген үлкен кісі болу керек өзі» десін. Мен іле-шала ол кісіні білетінімді көрсетіп: «Жоқ, аға, мен Ахаңды жақсы танимын. Ол қырыққа әлі жетпеген жас жігіт қой. Қара­ғанды жақтан, Жаңаарқадан» деп бастай бергенде: «Қойшы, Ерден, Қарағанды жақта осыншама тілді терең білетін адам қайдан болсын?» деген Әбекеңнің шорт кескені таңғалдырды. «Әбеке-ау, Ақселеу ағам Қарағандыдан Алматыға көшіп келіп, қазір «Со­циалистік Қазақстанда» жұмыс істеп жүргенін естідім. Рас болса, мен оны тауып алып, сізбен таныстырайын» дегеніме Әбдуәлі Тұғанбайұлы қатты қуанып, риза­шылығын жасырмады... Ұста­зым­ды Ақселеу ағамен таныстырып, өзім де жақсы араласа бастадым.

Әрі-беріден соң, Ахаңның «Күң­гір-күңгір күмбездер» деген кіта­бын орысшаға аударып та шықтым. ­1982 жылы үйлену тойы­ма Алматы­дан ауылға арнайы ұшып келіп, ­ниет-тілегін айтқан соң, қоңыр ­үнді домбырасын күмбірлете жөнел­ді, өзі шығарған бір күйін арна­ғаны әлі есімде...

Кеше ақпараттық кеңістікте 1991 жылы ғалымдар бірауыз­дан мақұлдаған, одан кейін отыз жылдан астам уақыт сәтті пайдаланып келе жатқан «Ортақ түркі әліпбиіне» өзгеріс енгізіл­ді деген хабарға байланысты есі­ме бір оқиға түсті. Өйткені латын әріпті әліпбиге көшудің басты мақсаты «үй ішінен үй тігу», басқа бауырлас елдер саналатын өзбек, түрікмен, әзербайжан, түріктің әліпбиіне ұқсамайтын бір ерекше жазуды жасақтау емес, керісін­ше, Ахмет Байтұрсынұлының сөзі­мен айтсақ, «басқа түркітілдес­терге жазу тіліміз түсінікті болудың мүкіндігінше жанастыру жағы­на қарап икемдеу». Ал өзгертіл­ген нұсқа бойынша, енді, мыса­лы, әзербайжанша qul «құл», qum «құм», bur «бұр, бұру, бұрмақ» сықылды мыңдаған сырт пішіні де, мағынасы да бірдей сөздерді бұдан былай қазақ дәл солай qul, qum, bur түрінде емес – qŭl, qŭm, bŭr деп жазуды жоспарлап отыр. Ақылға сия ма, ойла­нып көріңіздерші? Қайталап айтамыз, мағынасы мен сыртқы пішіні бірдей сөздерді өзгеріссіз жазудың себебі – тілдеріміздің бір-біріне жақындасуының, жанасуының кепілі. Сондықтан жазуымыздың бірізді, бірыңғай болуы шарт. Екінші ағаттық, ортақ түркі әліпбиінен қазақтың төл дауыссыз [w] дыбысының латын таңбасы – W әрпі алынып тасталған. Орыс тілінде бұл дыбыс болмағандықтан оны кейде «в» әрпімен (Кокчетав), кейде дауыс­ты «у» дыбысының таңбасымен (Актау) белгілеп жүрдік. Жиынға осы бұрынғы ескі емле дәстүрін сақтағысы келген бір жерлесіміз­дің қатысқаны көрініп-ақ тұр... Алайда ескі қателерді сақтау – тілге жасалған зорлық... Осыны баяғыдан Ақселеу Сейдімбек аға­­мыз жақсы білген. Еске түскен оқиғаға оралайын.

2006 жыл. Жуырда ғана Тіл комитетінің төрағасы болып таға­йындалған тұсым. Алдымдағы хатшы қыз асыға жүгіріп кірді: «Ерден аға! Бір факс келді! деп, – Ақселеу ағадан!». Қолында бір парақ қа­ғаз. ­Оқи бастадым. Әдеттегідей қолы­мен емес, компьютермен теріл­ген екен. Ресмилеу, салмағы ауырлау болсын дегені ғой ағам­ның, деп түйдім іштен. Ия, дәл солай, қолымен жазылған талай хатта­рын «Айналайын, Ерден» деп бас­тайтын ағамның бұл жолғы жаз­басы ерекше салқынқанды, ба­йыпты, мазмұнды екенін тү­сіндім. Өзіне ғана тән ой айқын­дығы, пайым тереңдігі, сөз саптау шеберлігімен қатар болашаққа алаңдауы, ел мен тіл мүддесін бә­рінен биік қоятын жан-дүниесінің толқуы көзге ұрып тұр.

«Құрметті Ерден Задаұлы Қажыбек!

Латын әліпбиіне көшу – қазақ халқы үшін тарихи қажеттілік. Ондай қажеттілікке қатысты мы­нан­­дай қисындарды алдымен атауға болады:

– Латын әліпбиіне көшу ар­қылы тәуелсіздігіміз баянды еті­ліп, азаттығымыздың ақыры қа­йырлы болады;

– Қазақ халқы отаршылдық зар­даптарынан арылу үрдісін жеделдете түседі;

– Қазақ тілі төл дыбыстық заң­дылықтарымен қауышып, әрі қа­рай дамуына жол ашылады;

– Әлемдік даму үрдісіндегі ­ком­муникациялық тиімділікке қол жететін болады;

– Түркілік тұтастана түсуге жол ашылады;

– Тағдырдың жазуымен шекара сыртында қалған қазақтардың рухани жат болмауына мүмкіндік туады;

– Орыс тілі мен орыс ділінің ұдайы соңына ілесіп келе жатқан мәдени-рухани кіріптарлықтан құтылуға жол ашылады;

– Сөйтіп, қазақ ұлты өз бетін­ше ой қорыта алатын, өзіндік құн­дылықтар туындата алатын ұлтқа айнала бастайды;

– Ең бастысы, латын әліпбиіне көшу – еліміздегі көптеген ұлт диаспоралары үшін қазақ­стан­дық патриотизммен, қазақ­стандық идеалмен рухтандырудың қуатты тетігі болады.

Осы айтылған қисындар кириллицада қалуды қолдайтын уәждердің қандайынан да сал­мақты екеніне дау болмаса керек. Рас, әліпби өзгертудің тарихи жа­уапкершілігі зор, аса күрделі мәселе. Ол үшін тілші, экономист, заңгер, тарихшы, әлеуметтанушы, педагог ғалымдардан мемлекеттік комиссия құрылуы керек. Олар атқарылар жұмыстың ауқымы мен шығынын, нақтылы мерзімін саралап көрсетіп, соның негізінде ресми шешім қабылдануы қажет.

Менің қысқа-қайырым пікірім осындай».

Біраз үнсіз отырып, ағама телефон шалдым. Кездестік. Көп сөйлестік...

Білек сыбана іске кірістік.

Бүгінгі бағыт – сол істеріміздің босқа кетпегенінің дәлелі.

Біздің бүгінгі тілдік рефор­мамыздың басты мақсаты неде? Не үшін әрпімізді де, емлемізді де өзгертуге бел будық? Екі Ахаң, ұлт ұстазы Ахмет Байтұр­сынұлы және кеше ғана жаны­мызда жарқырап жүрген жар­қын Ақселеу ағамыз айтқандай, «қазақ тілінің төл дыбыстық заңды­лық­тарымен қауышуын» (Ақселеу Сейдімбек), «тіліміздің сақталу қамын» (Ахмет Байтұрсынұлы) қамтамасыз етуге осы игі бас­таманы бастадық.

Иісі түркі елінің басын қосу­ға. Еңсемізді тіктеп, әлем сах­на­­сын­дағы орнымызға оралуы­мызға. Батпандап кіріп, мысқал­дап шығатын құлдық сана, отар­лық қамыттан, Ахаңша «мәдени-рухани кіріптарлықтан» арылуға.

Тіл – бастықсымақ әкім-қара­лар өзгеріс жасай салатын ойын­шық емес.

Тіл – ұлттығымыздың ірге­тасы, мемлекетіміздің бары, әр қазақтың ары, мақтанышы, болмысы ол.

Біз тіл арқылы, тілімізбен ғана адамбыз, қоғамбыз, елміз. Оны­мен ойнауға болмайды. «Бы­лай істесек, қалай болады?», «Бүйт­сек, қайтеді?» немесе анек­дот­тағыдай «бастықтың білгені», басшының айтқаны, мейлі, ол бастық иығымен аспанды тіреп тұрған патша болсын, олардың ойлағанындай болмайды – бұған да куә болдық қой – бұлардың бәрі тілге келгенде іске аспай­ды. Тіл бәрінен биік. Оның қағи­да­ты, тапжылмас даму заңдылығы бар. Таудан аққан судың ағынын­дай, теңіздің толқынын­дай, желдің екпініндей – оны ешкім өзгерте алмайды, оған қарсы ешкім тұра алмайды, оны тек зерттеу, дәріптеу, қабылдау, құрметтеу абзал. Тіл­­дің шырқын бұзбайтын, заң­да­­рына қайшы келмейтін замана ұсыныстарының кейбірі тілге еніп кетуі мүмкін, әлбетте. Алайда негізсіз, ойдан шығарылған, тілдік жүйеге кереғар «жаңалықтар» күресінге тасталатынына сеніміміз бекем.

Олай болса, Ақселеу Сей­дім­бек аманатына қиянат жасамай, халқымызға зорлықпен таныл­ған орфографиялық дағдылар­дан, «өлшенбей тігілген ол жері мен бұл жері бойға жуыспай, қолбырап, солбырап тұрған кең киім сияқты артық әріптері көп әліпбиден» (Ахмет Байтұрсынұлы) тез бас тартып, барлық жанашыр тіл ғалымдары бір пәтуаға келіп, адал сынға құлақ асқанымыз жөн. «Асығыстыққа жол бермеуіміз керек, біз тіліміздің мәртебе­сін арттыратын графиканы ғана қабылдаймыз» деген Қасым-Жомарт Кемелұлының сөздерін, «түр­кі жұрттары үшін бір әліпби түзеу деген мәселені – бір әліпбиді бәрі негізге алып, түркі жұрты­ның әрқайсысы өз тіліне үйлестіру деп түсіну керек» деген ұлт ұстазы­­ның ұлағатты кредосын басшылық­қа ала отырып қана абыроймен міндетімізді атқарайық деп барша игі жақсы-жайсаңдарға ой тастағым келеді.

 

Ерден ҚАЖЫБЕК,

ҰҒА академигі