Ғылым академияларының халықаралық қауымдастығы кеңесінің 37-мәжілісі өтті. Осы жолы Ресей Ғылым академиясының 300 жылдығына арналған Мәскеудегі іс-шараға Ресей, Қытай, Қазақстан, Беларусь, Армения, Вьетнам, Қырғызстан, Өзбекстан, Черногория, Әзербайжан, Куба елдерінің Ұлттық ғылым академиясының өкілдері қатысты.
Ғылым академияларының халықаралық қауымдастығы (ҒАХҚ) ТМД елдерінің ғылым академияларын, университеттерді және Кариб теңізі аймағынан Азияға дейінгі ірі ғылыми орталықтарды қамтитын 27 ұйымды біріктіреді. 2017 жылдан бері ҒАХҚ ұйымдастырушылық және әдістемелік қолдауды Беларусь Ұлттық ғылым академиясы жүзеге асырып келеді, оны Беларусь Ұлттық ғылым академиясы Президиумының төрағасы, академик Владимир Гусаков басқарады.
Жиында сөз алған Ресейдің ғылым және жоғары білім министрі Валерий Фальков құттықтау сөзінде ҒАХҚ мүшелерін Ресейдің ғылыми мега жобаларына қатысуға, сондай-ақ ҒАХҚ-қа мүше елдердің жас ғалымдарын қараша айында «Сириус» білім беру орталығында өтетін Жас ғалымдар конгресіне қосылуға шақырды. Ал Ресей Ғылым академиясының президенті, академик Геннадий Красников «Ресей Ғылым академиясының мерейтойы: 300 жылдық ұлы дәстүрлер» атты баяндамасында Ғылым академиясының құрылу тарихы, сондай-ақ оның қазіргі Ресейдің мемлекеттік ғылыми саясатындағы маңызды рөлі туралы тарқатып айтты. ҒАХҚ-ның академияаралық ынтымақтастықты нығайту жөніндегі жұмысы туралы Беларусь Ұлттық ғылым академиясы төралқасының төрағасы, академик Владимир Гусаков баяндады.
Кеңес мәжілісінде ҒАХҚ-қа мүше елдердің өкілдері де сөз алып, бірлескен жұмыс нәтижелері мен зерттеу жетістіктерін таныстырды. Өз кезегінде Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев академияның қызметі және ғылыми-технологиялық ынтымақтастықтың перспективалары жөнінде айтты. Ол Қазақстанның ҒАХҚ мүмкіндіктері нәтижесінде қол жеткізілген жетістіктерді жоғары бағалайтынын және ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бастамаларды толық қолдайтынын жеткізді. Сонымен қатар ҒАХҚ жұмысына жас ғалымдарды тартудың маңызын атап өтті.
«Қазақстан Президентінің жанындағы Ұлттық Ғылым академиясы – Ғылыми ашықтық пен халықаралық ынтымақтастық қағидаттарын ұдайы ұстанатын еліміздің жоғары ғылыми ұйымы. ҒАХҚ шеңберінде біз ТМД елдерінің академияларымен өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған ғылыми қызметтің стратегиялық бағыттарын дамытамыз, бұл бізге халықаралық ғылыми үдерістерге тиімді кірігуге мүмкіндік береді. Жас ғалымдарды қолдау – академиямыздың басты басымдықтарының бірі, өйткені біз олардан әлемдік ғылымның болашағын көріп отырмыз. Қазақстанның ҒАХҚ жас ғалымдар кеңесінің қызметіне қатысуы біз үшін стратегиялық маңызға ие, өйткені бұл зерттеушілердің кәсіби өсуіне, халықаралық жобаларға қатысуына, осыған қоса білім алмасуына жағдай жасауға жәрдемдеседі. Осы кеңес аясында жүзеге асырылатын ғылыми бастамалар инновациялық даму мен ғылыми жетістіктердің катализаторы болады», деді академия президенті А.Күрішбаев.
Оның айтуынша, ғылымның болашағы жас буынды ғылыми жұмысқа тартудың тиімділігіне тікелей байланысты. Қазақстан жас ғалымдарды қолдауға бағытталған жобаларға белсенді түрде қатысуға дайын. ҒАХҚ-тың ғылыми кеңестерінің жұмысын оңтайландыру бойынша ұсыныстарды қолдау, әсіресе ғылыми зерттеулерді үйлестіру және бірлескен бағдарламаларды әзірлеу бағытындағы күш-жігерді біріктірудің маңызы зор. Қазақстан үшін басым бағыттар саналатын экология, климаттың өзгеруі және су ресурстарын басқару саласындағы ынтымақтастықты күшейту керек.
Мәжіліс аясында Ұлттық ғылым академиясы мен Беларусь Ұлттық ғылым академиясы арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Тараптар бірлескен зерттеулер жүргізу және олардың нәтижелерін Қазақстан мен Беларусьте коммерцияландыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға келісті. Меморандум сонымен қатар идеялар, ақпарат, технологиялар алмасуды, екі елдің ғылыми инфрақұрылымын бірлесе пайдалануды қарастырады.
Дәстүр бойынша ҒАХҚ аясында ҒАХҚ-на мүше елдердің Жас ғалымдар кеңесінің (ЖҒК) кездесуі өтті. Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы жанындағы ЖҒК төрағасы Мақсат Жабағин және Ұлттық ғылым академиясының Пәнаралық ғылымдар орталығының директоры Қуантар Алиханов баяндама жасады. М.Жабағин баяндамасында Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясына қарасты Жас ғалымдар кеңесінің қызметіне тоқталды. Биылғы ақпанда еліміздің тәуелсіздік тарихында алғаш рет академия жанынан кеңестің құрылғанын, аталған кеңес қоғамның консультативтік-кеңесші органы саналатынын, негізгі мақсаты жас ғалымдардың құқықтарын қорғау және мүдделерін ілгерілету, олардың кәсіби мансабына жәрдемдесу екенін жеткізді.
«Ұлттық ғылым академиясындағы жас ғалымдар кеңесі Қазақстандағы ғылым саласындағы ең көне жастар ұйымы болып саналады. 1967 жылы 13 желтоқсанда ҚазКСР Ғылым академиясының сол кездегі президенті Шахмардан Есеновтің төрағалығымен жас ғалымдарының жиналысы өтті. Жиналыста ол «ҚазКСР Ғылым академиясындағы жас ғалымдармен жұмыс және олардың ғылымды дамытудағы міндеттері» тақырыбында баяндама жасады. Бұл ғылыми қоғамдастық арасында кең резонанс тудырды, академиялық жастар арасында жұмысты жандандыруға, жас ғалымдар кеңесін ұйымдастыруға (1968 жылдан бастап) және оларды басшылық позицияларға ілгерілетуге қуатты түрткі болды», дей келе академия жанындағы кеңестің міндеттеріне тоқталды. Оның баяндауынша, аталған міндеттерге нормативтік құқықтық актілер, Мемлекеттік бағдарламалар және олардың жобалары, олардың іске асырылу мониторингі; жас ғалымдар арасында пәнаралық және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту; әлемдік тәжірибе, қазіргі заманғы үрдістер негізінде және Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін ескере отырып, ғылымның басым салаларында ғылыми зерттеулердің өзекті және келешегі зор бағыттарын қалыптастыру; жас ғалымдардың әлеуметтік өмірінде және кәсіби дамуында туындайтын проблемаларға назар аудару, сондай-ақ түйткілдердің түйінін тарқату турасында ұсынымдар әзірлеу және енгізу жатады. Осыған қоса жас ғалымдардың жетістіктеріне назар аудару, ғылыми білім мен жаңа жетістіктерді дәріптеу, ғылыми ұйымдардағы жас ғалымдардың кәсіби өсуіне, іргелі және қолданбалы зерттеулерге белсенді қатысуына жәрдемдесу секілді міндеттерді шешу де аталған кеңесті түпкі мақсатына жетелейді.
Мәжіліс барысында өткен жылғы атқарылған жұмыстардың қорытындылары мен Жас ғалымдар кеңесінің жарқын болашаққа арналған жоспарлары талқыланды. Ұлттық ғылым академиясының таратқан ақпаратына сүйенсек, ҒАХҚ Жас ғалымдар кеңесінің алдағы міндеті – зерттеушілерді қолдау, ТМД елдерінің жас ғалымдар қауымдастықтары қызметін үйлестіруде тәжірибе алмасу және ҒАХҚ-на мүше елдердің ғылыми-технологиялық дамудың басым бағыттары бойынша бірлескен міндеттерді шешу үшін ғылыми ұжымдарды біріктіру механизмдерін әзірлеу.
Жиын соңында Ресей Ғылым академиясының Жас ғалымдар кеңесі, Біріккен ядролық зерттеулер институты Жас ғалымдар мамандар ұйымы және Ұлттық ғылым академиясының Жас ғалымдар кеңесі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Ұлттық ғылым академиясының таратқан ақпаратына сүйенсек, аталған келісім жастардың ғылыми ынтымақтастығын нығайту мақсатында теңдік пен өзара тиімділік қағидаттарына негізделген. Осы екіжақты келісім нәтижесінде тараптар ғылыми жетістіктермен алмасуды, бірлескен іс-шаралар ұйымдастыруды, жас ғалымдар арасындағы байланыстарды нығайтуды және ғылыми жобаларды инвестициялау арқылы қолдауды көздейді. Сонымен қатар бірлескен зерттеулер жүргізу мен олардың нәтижелерін екі елде коммерцияландыру үшін қолайлы жағдайлар жасау туралы уағдаласты. Келісімде технологиялармен алмасу және ғылыми инфрақұрылымды ортақ пайдалану мәселелері де қарастырылған.