Қазіргі жаһандану заманында білім беру, тек академиялық біліммен шектелмейді. Оқушылардың жаһандық мәселелерді терең түсінуі, сыни ойлау қабілеті, экологиялық білім, адам құқығы, этика (көркем мінез), өмір сүру қауіпсіздігі, медиасауаттылық һәм қаржылық сауаттылық секілді дағдыларды меңгеруі осы күннің маңызды талаптарына айналып отыр. Аталған дағдылар осы ғасырдың басты қажеттіліктерін толық қамтып, ел болашағына ықпал етеді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында білім беру жүйесіне ерекше мән беріп, жаһандық құзыреттердің маңызын ерекше атап өткен еді. Мемлекет басшысы сыни ойлау қабілеті мен білімділік қасиеті бар жастар – ұлт болашағын қалыптастырудағы негізгі фактор екенін айтты. Жастарды жаңа сын-қатерлерге дайындау және олардың әлемдік аренада бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету үшін білім беру жүйесінде кешенді реформалар жасалып жатыр. «XXI ғасырда білімді жастардың жаңа сын-қатерлерге дайын болуы аса маңызды», деген Президент білім беруді жаңғыртудың маңыздылығына баса назар аударған болатын.
Осы орайда биыл Arman-PV баспасы «Жаһандық құзыреттер» атты арнайы оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешен әзірледі. Аталған жоба 5-9 сынып оқушыларына арналып, заманауи білім беру талаптарына сәйкес дайындалды. Оқулық авторлары – еліміздің беделді педагог-ғалымдары, шебер әдіскерлер мен тәжірибелі ұстаздар. Олар оқушыларды қазіргі қоғамның талаптарына бейімдеп, қажетті құзыреттермен қаруландыруға бағыттайтын материалдар ұсынып отыр.
Атап айтсақ, «Этика және әдеп» бөлімінде оқушылар әділдік пен жауапкершілікті үйренсе, «Азаматтық және патриотизм» бөлімінен қоғам алдындағы міндеттерін терең түсінеді. Медиасауаттылық және қаржылық сауаттылық жалған ақпараттан қорғану мен отбасылық бюджетті тиімді басқаруға баулиды. «Өмір сүру қауіпсіздігі» төтенше жағдайларда өзін-өзі қорғау дағдыларын дамытып, «Экологиялық мәдениет» оқушыларды табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен экологиялық жауапкершілікке тәрбиелейді. Аталған бөлімдер жас өскіндерге еліміздің стратегиялық мақсаттарына сай білім беріп, оны күнделікті өмірде қолдануға мүмкіндік береді.
Білім беру саласында озық дамыған елдерді мысалға алар болсақ, мәселен, Финляндия білім беру жүйесі оқушыларды сыни ойлау, шығармашылық және дербес шешім қабылдау дағдыларына баулып, жоғары деңгейге көтерді. Бұл жүйенің ерекшелігі – оқушылардың еркін ой-пікір қалыптастыруына және шығармашылық қабілеттерін ашуға толық мүмкіндік береді. Ал АҚШ пен Ұлыбритания жүйелерінде медиасауаттылық пен қаржылық сауаттылыққа айрықша көңіл бөлінеді. Бұл елдер оқушыларды ақпараттық ортада дұрыс шешім қабылдауға, қаржылық сауаттылықты меңгеруге үйретіп, оларды жаһандық қоғамның белсенді мүшелері ретінде тәрбиелеуге басымдық береді.
Қазіргі таңда оқушылар жаһандық құзыреттерді қосымша сабақ ретінде өз қалауымен оқиды. Алайда бұл дағдылардың маңыздылығын ескеріп, уақыт өте келе жаһандық құзыреттерді негізгі пән ретінде оқыту қажеттілігі туындайтыны айқын. Бұл – болашақтың еншісінде, бірақ заманауи әлемнің талаптары мен өзгерістері осы құзыреттерді меңгеруді міндетті түрде қажет етеді. Сыни ойлау, медиасауаттылық және қаржылық сауаттылық секілді дағдылар – болашақ ұрпақтың қоғамда өз орнын тауып, табысты өмір сүруі үшін ең маңызды қабілеттердің бірі.
Arman-PV баспасынан жарық көрген оқулықтар, тек теориялық біліммен ғана емес, практикалық құзыреттерді қалыптастыруға бағытталған, бұл – жастардың келешекте табысты тұлға болып қалыптасуына көмектеседі. Осы құзыреттерді меңгерген ұрпақ – елдің дамуына және оның әлемдік аренада бәсекеге қабілетті болуына айтарлықтай үлес қосатын қозғаушы күш болмақ.
Айгүл БЕКБОЛАТОВА,
Arman-PV баспасының бас редакторы