• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Туризм 27 Қыркүйек, 2024

Әулиелі жер туриске де тартымды

73 рет
көрсетілді

Қайбір жылдары рухани сапармен Түркістан облысында болдық. Сапар басы Отырар ауданындағы Арыстан бабтан басталған еді. Облыс орталығынан 50 шақырымнан әрі жатқан Шәуілдірдегі киелі орынға қою қараңғыда жеттік.

Киелі кесенеге зиярат етушілер көп

Көпшілік білер деген оймен Арыстан баб туралы аңызға тоқтамаймыз. Әрі ел арасында тараған әпсана да көп. Бізге қызығы, оның жеті жайы (мәңгілік мекені немесе кесенесі) туралы айтылатын әңгіме. Аңызға сенсек, Арыстан баб өмірден өткенде оның мәйітін жер-жерден жиналғандар өз еліне алып кетпекке талас жүреді. Ақыры бір мә­міле болмаған сыңайлы. Құдайдың құдіретімен мәйіт жеті бірдей мүрдеге айналыпты. Жеті мүрдені жеті түйеге артып қоя берген. Міне, сол жеті мүрденің екеуі қазақ жерінде екен.

«Аңызда әулиенің жер жүзінде жеті жайы болса, соның екеуі – осы Қазақстанда. Аралдың Ақирегінде жатқан әулиенің орнын да жергілікті жұрт қатты әспеттейді. Біреуі – Қыр­ғызстанның Жалалабад қаласында, Иранда екі жайы бар. Мекке-Мәдинада бір мазары болса, сосын Израильдің Тель-Авив қаласынан 50 шақырым жерде бабаның осындай қасиетті орны кездеседі», деген еді жолсапарға бірге шыққан белгілі ғалым, әдебиеттанушы Серікбай Қосанов.

Таңғаларлығы, Түркістандағы Арыстан баб кесенесінде келушілерге барлығы ұйымдастырылған. Әрі мұнда туристер легі толассыз екені көзге көрініп-ақ тұр. Зәулім мешіт пен түрлі қонақжай, сырттан келгендерге дайын асхана, мұның барлығы жол бойын тізбектей орналасқан. Әрине, барлығы тегін емес. Мұнда еміне шипа іздеген де, өзіне нұрлы жол тілеген де, сәби үніне зар болғандар да, тіпті, күннен қорғар телпегі мен жылтырақ көзілдірігін таққан ұлты бөлек, өзге діндегі шетел­діктер де қаптап жүр. Мұның бәрі сол жол бойында, жоғарыда айтқан қонақүй мен дәмханалардың ­саудасын әбден қыздырып тұр.

Өз басым осы оңтүстік өңірдегі киелі бабалар басына келушілердің неге басым екеніне жауап та іздедім. Ең бастысы, мұндағы әр тарихи орынға инфрақұрылым жағынан көп жағдай жасалған. Су да, газ да, жол да жетіп тұр. Жарық көзі барлық жерге тартылыпты. Самсаған кәсіпкер сізге қажеттінің бәрін осында орналастырыпты. Тіпті, құрбандыққа шалар малды да осы жақтан табасыз. Айтып отырғанымдай, көп дүкен мен дәмхана сізді осылай қарсы алады. Өз елімізден де, сырт мемлекеттен де келетін туристердің осы аймаққа жиі соғатыны да – осы.

 

Ақиректегі Арыстан бабтың жайы қалай?

Қош, біз ендігі сөзді Қызылорда облысы Арал ауданындағы Ақбай ауылына жақын орналасқан Арыстан бабтың тағы бір жайына бұрсақ. Онда барсаңыз, сізге ең алдымен Ақбай ауылының дәл іргесінен көлбеңдеп Ақирек тауы көрінер еді. Ақирек десе дегендей-ақ, ауыл сыртын иректеле орныққан. Осы тауда Арыстан бабтың бір жайы бар дегеніңізге көп адам анық сене бермейді. Себебі насихатталуы тым аз. Көнекөздер бұл төңірек бұрын теңіздің орны дейді. Халық білетін аңызда айтылғандай, жеті мүрденің бірін артқан түйенің шөккен тұсына біз де бардық. Арыстан бабтың мәңгілік мекені бір кездері теңіз толқыны ұрған Ақиректің бір төбесіне салыныпты.

Мұндағы әулиенің басы қарапайым ақ таспен қоршалыпты. Қорым басында бабаның төрт құлақ тамынан бөлек, Бала әулие, Қыз әулие сынды киелі орындар, жергілікті, тіпті қарақалпақтың Қият руының құлпытастары да кездеседі. Бейітті жағалай жүрсеңіз, түрлі аң-құс пен қолданған бұйымдардың тастағы бейнесі көзге көп түседі.

Естуімізше, Отырарда көрген баба кесенесі басындағыдай мұнда келу­шілер жетерлік. Қыс айларында сирей­тіні болмаса, жаны қысылғанда әулие­ден медет сұрап келетін пенделер­­ден бөлек, ислам дініне мойынсынған мұсылман атаулының қарасы мұнда да мол. Көзбен көрген тағы бір нәрсе, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жолына 10 шақырым ғана қашықтықта жат­қан қасиетті жерге барар жолға көңіл шір­кіннің көншімегені рас. Адам түгілі, көліктің жоғары қарай өрлеуі қиын. Бұл – бір. Екіншіден, Ақбай ауылына жақын орналасқан баба қорымының басына бүгінге дейін электр жарығы тартылмапты. Тек күн батереялары бар. Айтпақшы, баба басындағы тү­неуха­наларды көбіне жергілікті ха­лық асарлатып немесе жеке адамның қол­дауымен тұрғызған. Осындағы жұрт бабаның мейір-шапағаты тисін деген себеппен киізін басып, төріне іліп, көрпе-төсегін қалыңдау етіп төсеп, келушілер пайдаланатын ыдыс-аяғына дейін молынан қойыпты. Мұндағы қиындық – ауызсудың тапшылығы. Демеушілер мен қайырымды жандар­дың қолғабысымен қолдан құйылған тасқұдыққа жақын ауылдан су тасымалданады.

Осындай жетіспеушілік болғаны­мен, қасиетті жерге барар адам қарасы көп. Әдетте, зиярат етуге ниет еткен азаматтар рухани астанамыз Түркістан­ға жақын орналасқан Отырар төріндегі Арыстан баб кесенесіне арнайы ат басын тіреуге тырысады. Оған бұл маңда арасы жақын киелі орындардың көптігі де себеп шығар. Бірақ Сыр бойындағы жұрт Аралдағы Арыстан баб туралы аңыздың түпкі негізіне сеніп келеді. Көргеніміз бен түйгенімізді саралай келе, баба жатыр деген сенімдегі қос мекеннің ахуалын қаз-қалпында беруге тырыстық. Енді осынау киелі мекенді гүлдендіріп, туризмнің дамуына дем беруге болмас па?

Біз бұған дейін атқарылған жұмысты да жоққа шығармаймыз. Ежелгі кесенелер мен көне қалалар орны өзгелер тамсанатын Рим, Мысыр, Қытай өрке­ниеттерімен иық тіресіп, шежірелі тарихтан сыр шерте алатыны анық. Бір жақсысы, барлық құнды жәдігер мемлекет бақылауына өтіп, қамқорлыққа алынды. Бұл да болса ұлт мұрасына адалдық танытып, көне тарихымызды жаңғыртуда атқарылған көптеген игі істің нәтижесі. Ал Арал топырағына табаның тие бере дәл алдыңнан көрінер Арыстан баб әулиенің кесенесі мен жан-жағын көркейтуді тиісті орындар назарға алса, мұнда ат басын тірейтін аға­йынның қарасы тіпті көбейеді деген сенім зор.

 

Ержан ҚОЖАС,

журналист