• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Қыркүйек, 2024

Жедел жәрдемге мұқтаждық көбейіп тұр

97 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында биыл жедел медициналық жәрдем шақыртушылар саны көбейіп тұр. Осы жылдың сегіз айында жедел жәрдем стансасына 230 мыңға жуық қоңырау соғылыпты.

Бұл ақпаратты хабар­ла­ған облыстық жедел ме­дициналық жәр­дем стансасының директоры Серік Орынбасаров өңірде меди­ци­на­лық жәрдем шақыртулар 5,5%-ға өсіп, олардың саны 229 097 бол­ғанын айтады.

Әдетте, стансаға соғылатын қоңыраулар 4 санатқа бөлінеді. Есінен тану, жүрек ритмінің бұзылуы, тыныс алу қиындауы, құрысу, ауыр жарақаттар, қан кету және т.б. жағдайлар шұғыл көмекті талап етеді. Оларға «103» бригадалары жедел аттанып, нор­­матив бойынша 10 минуттан 30 минутқа дейін жетіп, көмек көрсетеді.

Орал қаласында жедел жәр­дем қызметіндегі әрбір бригада бір тәулік ішінде орта есеппен 16-17 шақырту алып, жолға шығады екен. Ал ауылдық жерде тәулігіне 8-9 шақырту түсетін көрінеді.

– Бізге хабарласатын науқас­тардың 26,3%-ы – тыныс алу орган­дарының ақауы бар науқастар болса, қан айналымы жүйесі сыр­қатына шалдыққандар бар­лық шақыртудың 22,6%-ын құрайды. Сондай-ақ неврологиялық аурулар – 10,4%, жарақаттар мен жазатайым оқиғалар – 7,4%, жұқ­па­лы дерттер – 5,7%, асқазан-ішек аурулары – 4,6%, хирургия­лық сырқаттар – 3,6%, акушер­лік-гинекологиялық аурулар – 3,0%, зәр шығару жолдарының ­ауруы – 2,6% болып тұр, – дейді С.Орынбасаров.

Өңірде жер-жерлердегідей, қатты алаң­датып отырған бір мә­селе – жол-көлік оқиғаларының өсуі. Полиция департаментінің мә­лі­метіне қарағанда, 8 ай ішін­де 698 жол апаты тіркелген. Осы­ның салдарынан 64 адам қаза болып, 981 адам түрлі дәрежедегі жарақат алған.

«Көп жағдайда көлік жүргі­зу­шілері тарапынан жол ережесі тәр­тібі сақтала бермейді. Жүр­гі­зушілер арнайы көлікке жол бермейтін жағдай жиілеп кетті», дейді жедел жәрдем стансасының басшысы.

Осыған орай биыл тамыз айында өңірлік денсаулық сақтау басқармасы «Жедел жәрдемге жол бер» атты арнайы акция өт­кі­зуге мәжбүр болған. Акцияға «103» бригадасымен бірге жол-патрульдік полициясы, БАҚ өкілдері қатысты. Рейд барысында дыбыстық және жарық сигналдары қосылған жедел медициналық жәрдем көлігіне жол бермейтін көлік жүргізушілері анықталып, жазаға тартылды.

Несін жасырайық, соңғы кезде медицина саласына сын айтушылар да аз емес. Соның бірі – мамандардың біліктілігі мәселесі. Батыс Қазақстан облысында біраз жылдан бері медицина кадрлары жетіспейді. Кадр тапшылығын жою үшін жергілікті билік кешенді шараларды қолға алған. Олар – дәрігер мамандарын даярлау үшін облыс әкімінің гранттарын тағайын­дау, медицина мамандарына ар­нал­ған әлеуметтік жеңілдік­­тер. Со­нымен бірге өңірдегі бар медицина персоналының білік­ті­­лі­гін арттыру да үнемі жүргізіліп келеді.

Мысалы, жедел медицина­лық көмек көрсету сапасын арт­­ты­ру мақсатында станса қыз­меткер­лері арасында ауруха­наға дейінгі кезеңде (BLS, ACLS PALS, PHTLS) медициналық кө­мек көрсетудің халықаралық стандарттары бойынша 2 жыл сайын оқу-тәжірибе жұмысы ұйымдастырылып тұрады. Соны­мен қатар жедел жәрдем станса­сында симуляциялық кабинет жұмыс істейді. Онда медицина қызметкерлері шұғыл көмек көрсету дағдыларын пысықтайды. Кабинет ересектер мен балаларды реанимациялауға, трахея интубациясына, коникотомияға, көк­­тамыр ішіне және бұлшық ет ішіне енгізуге арналған муляждармен жабдықталған. Биыл тамыз айында симуляциялық кабинет үшін нақты жағдайларға барынша жақын оқытуға, меди­циналық персонал үшін ситуа­ция­лық міндеттерді модельдеуге мүмкіндік беретін мониторы бар көпфункционалды толық өл­шемді тренажер сатып алынған.

Ауылдық жерлердегі жедел жәрдем бригадаларының кәсіби даярлығын арттыру мақсатында 4 симуляциялық кабинет ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ биыл орталық станса базасында оқу-симуляциялық орталығы да ашылмақ. Бұл орталық жедел жәрдем қызметкерлерінің жаттығу алаңы болмақ.

 

Батыс Қазақстан облысы