Джордж Вашингтон университетіндегі әлем әдебиеті туралы кезекті дәрістен шықтық. Қараша айы демесек, қаланың кеші тым суық емес. Сырт көзге Вашингтон студенттер қаласы сияқты болып көрінеді. Қай көшеге, қай бұрышқа қарасаң, топ-тобымен жүрген студенттер шоғыры. Қасымда бірге келе жатқан жетекшім, профессор Питер Роллберг: «Былай жүрелік, ана жерде Пушкиннің ескерткіші бар, соның қасындағы орындыққа отырып, аз-кем әңгімелеселік», деді. Діттеген жеріне бардық. Шынымен де, анадайда Пушкиннің алып тас-бейнесі қасқайып тұр.
Сөзді профессордың өзі бастады. Ең әуелі «қазақтың қандай мықты жазушылары бар?» деп сұрады. Мен лезде Мұхтар Әуезовтен бастап Бейімбет Майлин, Жүсіпбек Аймауытұлы, Сәкен Жүнісов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, қазіргі Тынымбай Нұрмағанбетов, Төлен Әбдікке дейін тізіп айтып бердім. Тіпті олардың шығармашылығындағы жаңаша стильдер мен тың ойлар жөнінде де тоқталдым. Сәл үнсіздіктен кейін ол бетіме қарап: «Сен ренжіме, мен әлем әдебиетін тауысып оқыған адаммын, қазақ жазушыларынан Абайды, Мұхтар Әуезовті жақсы білемін, шығармаларын оқығанмын, ал сен атаған жазушылардың көбінің атын да білмейді екенмін, мықты жазушыларың болса, онда олардың кітаптарын, әсіресе романдарын неге ағылшын тіліне аудармайсыңдар?» деген заңды сұрақты қойды. Мен сол кеште ойланып қайттым. Әлгіндегі жетекшімнің сөзі біздің әдебиетіміздің Батыс қоғамында, әсіресе Америка топырағында насихатталмай жатқанын меңзеп тұр емес пе?
Өткен жылы «Мен де Әуезов сапар шеккен Вашингтонға бара жатырмын ғой, ол жазған «Америка әсерлерін» ала кетейін» деген оймен бір данасын алғанмын. Жетекшіміздің әлгі сұрағынан кейін «Америка әсерлерінің» ағылшынша нұсқасын сондағы профессорларға, қазақ әдебиетін оқығысы келетін америкалықтарға оқытып, олардың пікірін білейін деген оймен жұмыс істей бастадым.
Мұхтар Әуезовтің жолжазба кітабын ең алдымен Кристофер Кожм есімді америкалық профессорға апарып бердім. Ол кісі 2009-2014 жылдар аралығында АҚШ-тың Ұлттық барлау кеңесінің төрағасы қызметін атқарған. Қазір біз білім алған Джордж Вашингтон университетінің профессоры. Екі айдан кейін электронды поштама хат жазып, кітапты оқып болғанын, өз пікірін айтуға дайын екенін хабарлады. «Мұхтар Әуезовтің аталған сапарнамасын оқып шыққаннан кейін, менің өткен ғасырдағы АҚШ қоғамына деген түсінігім арта түсті. Әсіресе сырттан келген қаламгердің біздің мемлекетіміздің мәдениеті мен әдебиетіне, қоғамына қойған диагнозы қызықтырды. Қоғамтанушы ғалым ретінде мен оның екі мемлекеттің мәдени-тарихи байланысына терең үңілгеніне, өз ойын бүкпесіз жазып қалдырғанына тәнті болдым. Сонымен бірге ол америкалықтардың кешегі кеңес одағы құрамындағы елдердің әдебиеті туралы ештеңе білмейтінін де ашық жазады. Білмегендіктен, мұндағы журналистер конференция барысында қазақ, украин, орыс әдебиетіндегі өзге мықты шығармалар жөнінде дым ауыз аша алмай, тек «Доктор Живаго» романы туралы ғана сұрақтар қояды. Мұхтар Әуезов мырза бұдан сырт, АҚШ қоғамының технологиялық дәуірге бет алып бара жатқанын, қалалардың динамикалы бейнеге еніп, күн сайын дамып жатқанын да оқырманына ұсынады. Оған біздің елдегі кей кино мен әдебиеттегі бұзақылық сипаттағы туындылар мүлде ұнамайды. Қысқаша айтқанда, мен осы кітапты оқу арқылы қазақ әдебиетінде осындай керемет жазушы бар екенін білдім. Бұдан кейін қазақ әдебиетінің үздік шығармаларын оқуға уақыт табамын», деді ол ағынан жарыла.
Осыдан кейін біз «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының» қолдауымен «Әуезовтің Вашингтондағы күндері» атты шағын деректі фильм түсіруге кірістік. Түсірілім барысында Мұхтар Омарханұлы сапар шеккен Вашингтондағы Шекспир кітапханасы, Конгресс кітапханасы, Вашингтон мешіті, ол қонған Шорм қонақүйі, «Вашингтон Пост» газеті сияқты орындарға барып, Мұхтар Әуезовтің ізі қалған көшелермен жүріп өттік. Тіпті Джорджтаун қалашығындағы Тасүйге, мұражайына да арнайы бардық. Мұхтар Әуезов Вашингтон сапарында айналасына барлай қарап, әр құбылысқа, әр өзгеріске назар салғаны шындық. Тіпті ол Вашингтонда қандай ағаштар, гүлдер мен шөптер өсетінін, ағаштардың бұтақтарының қалай жайқалып тұрғанына да көз салады. Ойы жүйрік, санасы сергек қазақ жазушысына өзге елдің өзгеше кейіптегі қаласының тыныс-тіршілігі бөлекше көрінгенін оның жазбасынан оқи аламыз.
«Америка әсерлерін» арнайы уақыт тауып оқып шыққан Джордж Вашингтон университетінің профессоры Казуми Хома Мұхтар Әуезовті сонау студент кезінен білетінін айтып, ақтарылды. «Мен Әуезовтің атын Жапонияда жүргенде естідім. Сол кезде Ортаазиялық режиссерлердің туындылары Токиода қойылды. Солардың ішінде Мұхтар Әуезов шығармасының желісімен түсірілген бір фильм бар еді, ұмытпасам, қасқыр мен баланың өмірі жөнінде. Шынын айтсам, мен сол фильмді ұнатып көрдім. Шығарма желісіндегі қасқыр мен баланың арасындағы оқиғалар кімді болса да ойландырмай қоймас еді. Содан кейін мен осы жазушының шығармаларын оқуға аңсарым ауды. Жақында ғана оның қаламынан туған «Америка әсерлері» атты жолжазбасын оқып шықтым. Өз заманында аты шыққан қаламгердің шетелден, яғни алпауыт АҚШ-тан көрген-білгенін шығарма етіп жазып қалдыруы да – құрметтеуге татырлық іс. Бұл кітапты оқығандар Әуезовтің жазу стилімен ғана емес, оның туған елінің жағдайымен де танысады. Осы шығарма арқылы біз Американың, оның ішінде Вашингтон қаласының сол кездегі бейнесін көре аламыз. Бұл туындының берері көп».
Бір сәт қазақ жазушысы арнайы уақыт бөліп, Вашингтондағы мешітке де ат басын бұрады. Ол мұнда әр жұма сайын 17-18 мемлекет елшілері, елшілік қызметкерлерінің осы мешітке келетінінен хабардар болады. Әуезов мешіт имамына «мұнаралы мешіт болғандықтан, мәзін азанды қалай шақырады?» деп сұрақ қояды. Ал мешіт имамы «ол жөнінде қазіргі радиотехниканы пайдаланамыз», деп жауап береді.
АҚШ астанасындағы қысқа ғана үш күндік сапарында Мұхтар Әуезов тарихи және мәдени орындарды көп аралапты. Біз оның кітабын Конгресс кітапханасының қызметкері Джон Виксс ханымға көрсеткенімізде, ол мұндай кітаптан хабары жоқ екенін айтып, алда оқып шығуға ынта білдірді. Қалай десек те, қазақтың қабырғалы жазушысының шетелдегі, әсіресе Америкадағы оқырмандары жыл сайын көбейіп келеді.