Алматыда өткен KIOGE 29-халықаралық «Мұнай және газ» көрмесі мен конференциясында еліміздің былтыр 90 млн тонна мұнай өндіргені, оның 70,5 млн тоннасы экспортталғаны айтылды. Еліміз 2030 жылға таман мұнай өндірудің жылдық деңгейін 100 млн тоннаға жеткізуді көздеп отыр.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, Үкімет елдегі инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша дәйекті стратегияны ұстанады.
«Бүгінгі таңда біз жалпы инвестиция көлемі 9 млрд долларды құрайтын 6 келісімшартқа қол қойдық. Барлық мүдделі тараптарды осы салада бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырамыз. Қазақстан үшін қысқа және ұзақ мерзімге арналған тағы бір басымдық – көмірсутегі шикізатын терең өңдеу, атап айтқанда, мұнай-химия саласын дамыту. Жалпы, осы саладағы әлеуетті жобаларды мемлекеттік қолдау барлық қажетті инфрақұрылым мен салықтық преференцияларды, соның ішінде жер, мүлік салығы, қосылған құн және кедендік баж салығын қоса алғанда, 0%-ды қамтамасыз етеді», деді министр.
Жиынға қатысқан «ҚазМұнайГаз» (КМГ) басшысы Асхат Қасенов шетелдік серіктестер қызметіндегі отандық қамту үлесіне қатысты пікір білдірді.
«Халықаралық компанияларда отандық жеткізушілермен оффтейк-келісімшарттар жасауға қатысты процедура енгізілген. Жергілікті жаңа өндірістерді ынталандыру барысында халықаралық мұнай-газ компаниялары бұл мүмкіндікті пайдаланады деп ойлаймыз. ҚМГ отандық қамтуды қолдауға да көңіл бөледі. Мәселен, бірнеше апта бұрын полиэтилен өндіретін зауыт құрылысын бастадық. Оған баған-сплиттерді жеткізуді «АтырауНефтеМаш» ЖШС іске асырады. Жалпы, жыл басынан бері 83 оффтейк-келісімшартқа қол қойдық», деді.