• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Қазан, 2024

Құрметке лайық жандар

112 рет
көрсетілді

Бүгінде Батыс Қазақтан облысында 97 343 егде жастағы адам бар екен. Оның ішінде Екін­ші дүние­жүзілік соғыстың 10 ардагері, ЕДС арда­ге­­ріне теңестірілген 706 адам, 213 соғыс жесірі, 2 234 тыл еңбек­ке­рі өмір сүріп жатыр.

«Қарттардың мемлекет пен қо­ғам алдындағы еңбегін құр­меттеу, олар­­дың өмір сапасын арттыру тұр­ғы­сында қамқорлық көрсету – мем­ле­кет­тің бір міндеті. Сондықтан облыс­та аға буынның жағдайын жақсарту жө­­нінде 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір сүру туралы» өңірлік іс-ша­­ра­­­лар жоспары жасақталды», дейді Батыс Қазақстан облыстық жұ­­мыспен қам­туды үйлес­тіру және әлеу­меттік бағ­­дар­ламалар бас­қар­ма­сы бас­­шы­­сы­ның орынбасары Ділдәш Салауат­қы­зы.

Жоспар аясында Орал қала­сын­да, барлық ауданда қарттар күніне ар­нал­ған қайырымдылық ак­ция­ларын өткізу, меншік ныса­нына қарамастан, облыстың кә­сіп­орын­да­рын аталған шараға қаты­суға тарту, егде адамдарға мате­риалдық кө­мек көр­сету, арнау­лы әлеу­меттік қыз­мет көр­сету орта­лық­та­рын­да салтанат­ты іс-шаралар өткізу, кез­­­десулер ұйым­дастыру, сондай-ақ бас­­қа да қа­­­йы­рымдылық шараларын өткі­зу қа­рас­­тырылған. Соның ішінде 24 қыр­­­күйектен «Мейір­­бандық күндері» об­­лыс­­тық қайы­рымдылық айлығы бас­­­талды.

Ардагерлерді әлеу­меттік қорғау саласында өңірде бірқатар іс-шара атқарылып жатыр. Соның ең бас­тысы – ардагерлерге материалдық, әлеу­­меттік қолдау көрсету. Мәсе­лен, 2024 жылы жергілікті бюджеттен ЕДС-ның 14 ардагеріне – 1,5 млн теңге бір­­­жолғы әлеуметтік жәр­демақы тө­­лен­ген. Сондай-ақ Ленинград қор­ша­уында болған 1 адам, фашистік ла­герь тұтқыны болған 5 адам, кеңес ар­мия­­­сының ерікті жалдамалы құра­­мында бол­ған 1 адам – 120 мың теңге­лік кө­мекке ие болған. Бұған қоса 124 ЕДС жесірі – 30 мың теңге­ден, 2 421 тыл ардагері – 50 мың тең­ге­ден көмек алған.

Биыл облыста 380 зейнеткер тұрғын үй көмегімен, аз қамтылған зейнеткерлер атаулы әлеу­меттік көмекпен қам­тылды. Сондай-ақ жеке оңалту бағ­дар­ламасы арқы­лы мүгедектігі бар зей­нет жасындағы 2 736 тұлға әртүрлі техни­калық кө­мекші құралдармен, әлеуметтік қыз­мет­термен қамтамасыз етілді. Оның ішінде 86 адам протездік-ортопедиялық құралмен қамтылса, 296 адам санато­рий-курорттық емделуге жіберілген. Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалту бағытында 816 адам сурдо­логиялық, тифло­тех­никалық құрал­ға, 55 адам арбаға ие болған. Соны­­мен қатар жүріп-тұруы қиын 281 адам жеке көмек­ші қызметімен, 30 адам ым­дау тілі мама­нының қызметімен, 1 172 адам міндетті гигие­налық құрал­­дар­мен қамта­масыз етілді.

«Облыста қазір 12 арнаулы әлеу­меттік қызмет көрсету орта­лығы жұ­мыс істеп тұр. Соның ішін­де қарттар мен мүгедектігі бар азаматтарға арнал­ған 5 орталық бар. Бү­гін­ге дейін барлығы 5 512 адам ар­­наулы әлеуметтік қыз­мет­пен қам­­тылды», дейді Ділдәш Салауат­қызы.

Облыс аумағында бел­сенді ұзақ өмір сүру, денсаулық мәдениеті, қоғаммен байланыс бағыт­тарында жұмыс істей­тін екі орталық Бөрлі ауда­ны мен Орал қаласында ашылып, белсенді жұмыс атқарып тұр.

Мұнда егде жастағы адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, өнімді, белсенді ұзақ өмір сүруді ынта­ландыруға, қарттардың тәуел­­сіздігін қамтамасыз етуге, қоғам өміріне бейімдеуге жағдай жасал­ған. Орталықта кәсіби психолог, дәрігер, спорттық жаттықтырушы, заңгер, қазақ, ағылшын тілі мұға­лімдері, түрлі үйірме мамандары келушілерге қызмет көрсетеді. Қарттар ағылшын тілін оқып үйре­неді, компьютерлік сауаттылық курсынан өтіп, емдік дене шынықтырумен айналысады. Нәтижесінде, қарттардың қоғамдық бел­сенділігі артып, психо­­­ло­гия­л­ық-эмоцио­налдық жағ­­дайы түзеледі. Жыл басы­нан бері қос орталықта ­1 347 тұрақты келуші тіркелген.

Бұған қоса, Орал қаласында «Мәд­­е­ни-ағарту бірлестігіне» қарасты «Арай», «Атамекен», «Ақберен», «Бола­­шақ», «Балауса», «Бәйтерек», «Жұл­­дыз», «Өркен» комьюнити орта­лық­тары қария­­лармен де қоян-қолтық жұ­мыс істей­ді. Мәселен, «Арай» комьюнити орталығында смартфон сауат­тылығы үйірмесіне 10 қария қаты­сады. Бұл үйірме егде жастағы адам­­дарға смартфон бағ­­дарламаларын үй­ре­туге арналған. Ал «Атамекен» комью­нити орталығында «Атамекен» әже­лер вокал­дық тобы құрылған. Оған 12 әже қатысады. «Бәйтерек» комью­нити орталығы балалар мен жас­өс­пірімдердің бос уақытын тиімді өт­кі­зу­мен қатар, зейнеткерлер мен ардагер­лерге де түрлі бағыттағы іс-шара өткі­зіп тұрады. Орталықта 12 адамдық «Жайық тол­қындары» вокалдық тобы бар. Ал «Саламатты өмір салты» үйір­месі құ­рамында 65-75 жас ара­лы­ғын­­да­ғы 35 зейнеткердің басын қос­қан. «Ақ­берен» комьюнити орта­­­лығында 10 адам­нан құралған «Ақниет» әжелер ансамблі жұмыс істеп тұр.

Бұлардан бөлек, «Арда­гер» клу­бында халықтық «Ағалар әуені», «Ару аналар», «Әже сәлемі» во­кал­дық топтарымен қатар «Нарын сазы», «Асыл әжелер» вокалдық топ­­­тары түрлі іс-шарада сахнаға жиі шығады. Бұл топтарда 65 адам бар. Саламатты өмір салтын насихатт­ап жүрген «Шахмат» клубына күн сайын 30-35 адам келіп, бос уақытын мәнді өткізеді.

Мемлекеттің өркениетті бейнесі қарияларға деген құрметінен де көрініп тұрады. Қариясын риза қылған қоғамның болашағы да зор.

 

Батыс Қазақстан облысы