«Әрбір сәбиге мағыналы есім беру – ата-ана парызы» дейді бұрынғының да, қазіргінің де жауапты адамдары. Ел арасында кешегі күнге дейін нәрестеге ат қою сыйлы ақсақалдан, зиялы оқығаннан сұралатын. Ілгеріде мұндай құрметке молдалар (қазақ дін саласы адамдарын жинақтап осылай атайды) ие еді.
Алаш қайраткерлерінен қалған бір сөз бар: «Молданы православ дініндегі поппен салыстыра алмайсыз. Қазақта молда – бір мезгілде діни қызметкер әрі мұғалім» деген. Ендеше, ХХ ғасырдың 20–30 жылдарына дейінгі қожа-молданың әлеуметтік мәртебесіне біржақты баға беру қисынсыз. Оны айтамыз-ау, ислам құндылығынан бастау алатын кісі есімі кеңес заманында да үзілген емес. Бұған мысал жеткілікті.
Бүгінгі айтпағымыз – біртуар ғалым, әйгілі ректор Евней Арыстанұлы Бөкетовтің есімі туралы. Зерттеушілер пікірінше, тілдік қорымыздағы әр сөздің, әр есімнің генетикалық коды бар. Біз ылғи «Евней» атына келгенде күмілжіп қалатынбыз. «Бұл Еуропа, христиан әлемі сөзі ме?» деп. Аңызға жүйрік жерлестеріміз тіпті «Баласы тоқтамаған соң, бұл – ырымдап қойған есім. Түпкі мағынасы орыстың анайылау сөзінен шығады», дегенін өз құлағымызбен естігенбіз. Мұны айтқан – әжептәуір ғылыми дәрежесі бар адам...
Таяуда қаламгер Жақсыбай Самраттың естелік кітабы шықты. Соның ішінде «Ебіней» деген бір ауылдасының есімі аталады. Бұған қарап, «бұл ат солтүстіктегі ағайынға жат болмады ғой» деген ой түйдік (Е.Бөкетов те – Қызылжар өңірінің тумасы). Әрине, әр жұмбақтың жауабы, шешімі бар.
2015 жылы әйгілі дін қайраткері Сәдуақас Ғылманидың «Заманымызда болған ғұламалардың ғұмыр тарихтары» атты елеулі жинағы шықты. Мұнда Арқаның мен деген дін қайраткерлері әу баста Қызылжардың дінге жүйрік қалпе-хазіреттерінен сабақ алғаны жазылған. Олардың алдынан мыңдаған шәкірт өткені түсінікті. Сондай азаматтың бірінен Арыстан-әке перзентіне есім сұрағанда, молдекең «Сәбидің аты Ибн-Ғабиден болсын!» депті. Осы деректі қазіргі Шал ақын ауданының (ғалым туған жер) көнекөз ақсақалдары мен Ебекеңнің туған інісі Қамзабай ағамыз жеткізген екен.
Ат қоюшы қалпенің араб тіліне мықтылығы дау туғызбайды. Біз ғой, Еуропа мақамымен «ибн» дейміз, ал арабша ол «ибну» деп айтылады. Жалпақ тілмен түсіндірсек, «Ибну Ғабиден» – «Ғабиденнің баласы» (Ғабиденнен туған) дегенді аңғартады.
Неге Ғабиден (әуелгі мағынасы – дінге толық берілген, туынды мағынасы – қуатты, бақуат)? Ол қай Ғабиден? Мұны дәл болжап айту қиын. Мұсылман әлемінде дінге, ғылымға айрықша қызмет еткен Ғабидендер өте көп. Қалпе осыны еске алды ма, жоқ өз ұстаздары есімін құрметтеді ме – ол жағы беймәлім.
Енді Ибн Ғабиденнің «Ебінейге» (орысша Евнейге) айналып кетуі – Мұхамедханафияның Шоқанға, Ибрагимнің Абайға, Ғабдулғанидың Қанышқа айналғанындай оқиға. Қысқа қайырсақ, «Ибнудан» Ебіней шыққан.
Әлем тарихына «Ибн» атымен енген ғұламалар аз емес. Медицина атасы Ибн Сина (ХІ ғасыр), Еуропа философиясына олжа салған Ибн Рушд (ХІІ ғасыр), көне тарихымызды бедерлеп кеткен Ибн Фадлан (Х ғасыр) мен Ибн Баттута (ХІV), т.б. тұлғаларды кім танымайды?
Әрине, өз ғалымымызға келсек, әу бастағы «Ибн Ғабиденнің» – «Ибнейге», бұл нұсқаның – «Ебінейге» (немесе «Евнейге» айналуының тілдік-грамматикалық түсінігі бар. Мысалы, ықыасты (ихлас) жергілікті ауызекі тілде кейде «ехлас» деп те жатады.
Біз үшін маңыздысы – көрнекті ғалым, жоғары мектеп ұйымдастырушысы, аудармашы, жазушы, эстет Евней Арыстанұлы Бөкетов есімінің ақиқаты. Оның астарында дәстүр де, имандылық та, ізгі адами ниет те тұнып тұр. Кім біледі, Арыстан Тумырзаұлы мен Ұмсын Байжанқызына Құдай берген 14 перзенттің тоғызыншысы дүниеге келгенде азан шақырып ат қойған сауатты молда нәрестеге ғалым болуды тілеген шығар. Иә, есім-сойы Ибн Арыстан ибн Тумырза (ибн Бөкет) сәбиге болашақта Әбунасыр ибн Мұхаммед ибн Узлағ әл-Фараби жолы бұйырып тұр екен.
Айтуған ДОСБИ