• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Мирас 02 Қазан, 2024

Талаптыға тың тақырып

51 рет
көрсетілді

Алматыда көрнекті ғалым, археолог Кемел Ақышевтің туғанына 100 жыл толуына орай «Қазақстан археологиясының темірқазығы» атты көрме ашылды. Мемлекеттік орта­лық музейде шымылдығын түр­ген тағылымды жобада айтулы ғалымның шығармашылық мұрасы мен тіршілігінде тұтын­ған жеке заттары көп­ші­лік назарына ұсынылды.

Көрме музейдің археология, этнография, фотоқұжат­тар қорында сақталған біре­гей жәдігерлер негізінде жасақталған. Орталық музейде Кемел Ақышевтің шығармашылығы мен өмір жолына қатысты 160-тан астам экспонат бар. Ғалым өміріндегі басты оқиғаларды бейнелейтін фотосуреттер мен марапаттар да көрме төрінен орын алған. 

Қазақстан археологиясының тари­хы К.Ақышевтің есімімен тығыз бай­ла­нысты десек, ел аумағында жүргі­зіл­­ген ең ауқымды археологиялық қаз­ба жұмыстарында табылған таңдау­лы жәдігерлер ғалымның табанды ізде­нісінің жемісі.

К.Ақышев 1951-1952 жылдары бас­қарған Нұра экспедициясының Нұра, Шерубай-Нұра, Жақсы мен Жаман Сарысу өзендері аңғарларындағы қорым­дардан жиналған материалдар, Жетісу аумағындағы үйсіндердің материалдық мәдениетін бейнелеу­ге, оның эволюциясын бақылауға мү­мкіндік беретін ескерткіштерден жинастырылған жәдігерлер, Бес­шатыр қорғанындағы жерлеу ор­­нынан алынған Тянь-Шань шыр­ша­сының бірнеше бөренесі де экспозиция төрінен орын алған.

Әсіресе 1956-1991 жылдардағы Жетісу археологиялық экспеди­ция­сының материалдары айрықша мәнге ие. Сақтардың Сарытоғай қонысы­нан алынған материалдар (б.з. I-III ғ.), 1985 жылы түсірілген қыстаулардың топографиялық жобалары, суару құрылыстары, су диірмендері, ірі тас блоктардан жасалған қоршаулардың суреттері, әртүрлі кезеңге жататын Сұлу Қоян қорымының қазба материалдары, 1982 жылдың көкте­мінде Шеңгелді ауылының шетінен анықталған XIII-XIV ғасырларда өмір сүрген белгісіз Шыңғыс әулеті билеушісінің жерлеу орнына қатысты жәдігерлерді осы көрмеден тамашалай аласыз.

Көрменің ашылу салтанатында Мемлекеттік орталық музей директоры Рашида Харипова, отандық гума­нитарлық ғылымның дамуына және әлемдік мәдениетке зор үлес қосып, музей қорын баға жетпес қазыналармен байытқан Кемел Ақышевтің тұлғасы мен  шығармашылық мұрасы жас ізденушілер үшін үлкен зерттеулерге сұранып тұрған мазмұнды тақырып екенін атап өтті.

Сонымен қатар іс-шара барысында тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев, Ұлттық ғылым ака­демиясының  академигі Жәкен Таймағамбетов, тарих ғылымдарының докторы Александр Подушкин, ғалым­ның қызы Зарина Кемалқызы сөз сөйлеп, қайраткер ғалымның ең­бек жолы мен өміріне қатысты тың есте­ліктермен бөлісті.

 

АЛМАТЫ