• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
Тұлға Бүгін, 08:25

Нағыз тұлға туралы толғаныс

55 рет
көрсетілді

Жалпы, бізде тұлғатану – әлі күнге шешімін таппай отырған күрделі мәселе. Мұның солай екенін осыдан екі жыл бұрын, есімі еліне танылған көп зиялының бірі де емес, замандастары ерен еңбегін айрықша бағалап, «ұлт ұстазы» деп танып, даралаған, оны халқы құп көріп солай қабылдаған, бірдің бірегейі Ахмет Байтұрсынұлы атамыздың 150 жылдық мерейтойының кіндік қаны тамған туған өңірінде, әлгі карияларымыз айтатын: «жетім қыздың тойындай» деңгейде өткенінің куәгері ретінде өзіміз де анық аңғарғандай болып едік. Арада тағы екі жыл өткенде, биыл халқымыз ардақты азаматым деп ерекше құрмет тұтқан тағы бір аяулы перзенті – Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынның (дұрысы: Нұртас Оңдасынұлы Дәндібай болуы керек. – Қ.С.) 120 жылдығы республика бойынша атап өтілетіні хабарланып, содан бері өткен тоғыз айдың ішінде мерзімдік баспасөз бетінде осыған байланысты жарияланған бірнеше мақаланы оқығаннан кейін көзіміз одан әрі жете түскендей болды. Өз мүмкіндігімізге қарай сұрастырып көргенде, біз сөйлескен жастардың көбісі Нұртас Оңдасынұлының кім екенін білмейтін болып шықты. Ал «білем» дегендерінің таным-түсінігі: «кешегі өткен кеңестік дәуірде қазақ үкіметін басқарған көп басшылардың бірі болса ­керек» дегеннен аспады.

Н.Оңдасынов 1904 жылы Түркістан жерінде өмірге келген. Әкесі мен шеше­сінен бірдей айырылған жетім бала көрші өзбек байының бақшасын суа­рып, ауласын тазалап, малын бағысып күндік қорегін үзіп, барынша аштық пен жоқшылықтың тауқыметін тартып жүргенде «Ғани Мұратбаев Ташкентте жетім балаларға арнап мектеп-интернат ашыпты» дегенді естіп, жаяулап-жалпылап, соған барып, оқуға қабылданады. Осында Ғанидің өзімен танысады. Бар болғаны өзінен екі-ақ жас үлкен балаң жігіттің өзін қойып, өзгелерге қамқор болып, есейген ел ағаларымен тең деңгейде атқарып жатқан ғажайып ерлік істерін көріп-біліп қайран қалады. Бұрын тоя ішер тамақты ғана ойлайтын бала енді бар ынтасымен білім алуға кірісіп, кез келген қоғамдық жұмысқа бел шеше араласып, Ғанидай болуды армандайды. Оны өзіне ұстаз тұтып, айтқан ақыл-кеңесін тыңдап, тапсырмасын бұлжытпай орындап үйренеді. Ғани ашқан мектеп-интернат, одан кейін Орман шаруашылығы техникумын бітірген соң Су шаруашылығы инс­титутына оқуға түседі. Бірақ оны аяқтай алмай, сол кездегі жағдайға байланысты Орта Азиядағы жұмысшыларды жоғары оқу орнына даяр­лайтын факультетке мұғалім болып орналасады. Бұдан кейін әртүрлі лауызымды қызметтер атқарады. Құрамына қазіргі Павлодар, Семей, Шығыс Қазақстан облыстарының аймағы енген сол кездегі республикадағы ең үлкен облыста атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүргенде Алматыға шақырылады. Мұнда оны осыдан жарты жыл бұрын ғана өзін шығысқа ауатком төрағасы етіп жіберген, Орталықтың тапсырмасын асыра орындап, республиканы «ішкі жаулардан тазарту» үшін Сталинге арнайы телеграмма арқылы қосымша тағы да мың адамды атуға рұқсат сұрап асыра белсенділік танытқан, көп ұзамай сол мыңның бірі болып, өзі де «халық жауы» аталып атылып кеткен Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы Л.И.Мирзоянның орнына келген жаңа басшы А.Н.Скворцов қабылдап, «Сізді Халық Комиссарлар кеңе­­сінің төрағалығына ұсынып отырмыз, қар­сылық жасамаңыз» дейді. Күтпеген тосын ұсынысқа қапелімде не дерін білмей, абдырап қалған Н.Оңдасынов: «мен қазіргі атқарып жатқан қызметіме барғаныма да көп болған жоқ. Ел үкіметін басқарып кетуге мол тәжірибе керек қой» дей бас­тағанда А.Скворцов қолымен тоқтаңыз дегендей белгі беріп: «Сіз партияның солдатысыз. Бұл – партиялық тапсырма. Оны орындау – міндетің. Осымен сөз бітті» дегенді ерін ишаратымен танытып, алдындағы қағазын жинастыра бастайды.

Міне, осы күннен бастап Н.Оңдасы­новтың алдымен Халық Комис­сарлар кеңесінің, кейін Қазақ КСР Министр­лер кеңесінің төрағасы болған, 13 жылға созылған қызметі басталады.

Бұл кез – саясаттың сағат сайын құбылып, халықты белгісіз бір үрей баурап, қоғамда берекесіздік орныға бастаған ең бір ауыр жылдар еді. Н.Оңдасынов­тың алдында осы қызметті атқарған, әрқайсысы өз алдына ерекше жеке тұлға ретінде қалыптасып, елдік істерімен еліне таныл­ған қазақтың аяулы перзенттері: Мұха­медхафи Мырзағалиев, Нығмет Нұрмақов, Сәкен Сейфуллин, Ораз Исаев секілді арыстар «халық жауы» деген жаламен атылып кеткен-ді. Солардан қалған қанды креслоға енді өзі отырмақ. Бас тартсаң, сенің де жазықсыз құрбан болып жатқан «халық жауларының» біріне айналып, отызыңда опат болуың да бек мүмкін. Шегінерге жер жоқ. Жалғыз жол – ата қазақтың нартәуекелшіл батылдығымен іске кірісіп, тек алға ұмтылу. Қалғанын кезінде көре жатпақ.

Осынау батыл шешімге бел байлаған сәтте өзінің бала кезінен үлгі тұтқан, бар болғаны 23 жылдық ғұмырында қарапайым тұлғасымен артында өшпес із қалдырып, Орта Азия жастарының жалынды жетекшісі, Коммунистік жас­тар интернационалы Шығыс бөлімінің меңгерушісі, «Жас Алаш» газетінің тұңғыш редакторы секілді қызметтер атқарып, Шығыстың жарық жұлдызына айналған Ғани Мұратбаев ағасының өр рухы қол­тығынан демеп, алға жетелегендей, бәрін Ғаниша еңсеріп, көздеген мақсатына жетуге деген сенім пайда болды. Осы сенім жетегінде алғашқы күннен жұмысын жайлы кабинетте отырып тапсырма беруден бастамай, қасына екі көмекшісін ертіп, мөрін қалтасына салып алып, ел аралап, халық арасында болып, кез келген проб­леманы пайда болған жерінде қолма-қол шешуді әдетке айналдырады. Елдің ішкі жағдайын өз көзімен көріп, мемлекеттік маңызы бар күрделі зәру мәселелерді екшеп алып, негізгі күшті соған жұмылдырып, соларды дер кезінде жүзеге асырудың тиімділігіне қол жеткізеді.

Осылайша, ел басқару ісіне көндігіп, нәтижесін енді көре бастаған кезде Германияның кеңес одағының шекарасын бұзып, басып кірген тұтқиыл шабуылынан басталған қанды қырғын - әлемді шарпыған Екінші дүниежүзілік соғысқа айналады. Ел азаматтары соғысқа кетіп, бар ауыртпалық ауылда қалған қарттар мен әйелдердің, қабырғасы қатып үлгермеген жас балалардың иығына түседі. «Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін» деп, жан беріп, жан алысқан аласапыран шақ. Елдің елдігі, ерінің ерлігі сыналар осынау сұрапыл шақта үкімет басшысы ретіндегі өзіне жүктелер жауапкершілікті жете сезінген Н.Оңдасынов та туабітті бар қарым-қабілетін сарқа пайдаланып, ерекше іскерлік пен шешімділіктің үлгісін көрсете білді. Атқарар ісінің еліне, халқына пайдалы екеніне сенімі берік жанның қандай қиындықты болсын еңсеріп, ең алдымен ел басына түскен ауыртпалықты жеңілдетудің ең тиімді жолы ел азаматтарының Жеңіске деген сенімдерін орнықтыруға күш салды. Сөйтіп, бұл соғыста кеңес одағы­ның жеңетініне өзі де қалтқысыз сеніп, өзге­лерді де сендіріп, ес білген баладан еңкейген кәріге дейін ел-жұртын жаппай Жеңісті жеделдетер ортақ жұмысқа жұмылдырды.

Алдын ала қапысыз дайындалып келіп, бейбіт елге тосыннан тиіскен неміс басқыншыларының алғашқы кезде елдің басты қалалары Ленинград пен Сталинградты қоршауға алып, ентігін бас­пай ентелеңдей емініп, одақ астанасының іргесіне жетіп келгенде осыларға қалайда тойтарыс беріп, жау­ды талқандау жолында жан беріп, жан алысып шайқасып жатқан кеңес жауынгерлерін оқ-дәрімен, азық-түлікпен, жылы киіммен толық қамтамасыз ету қажеттілігі туғанда Қазақ­станның үкімет басшысы Мәскеуге арнайы барып, одақтық тиісті мекемелердің басшыларының әрқайсысымен жеке-жеке кездесті. Майдан аймағынан шалғайда жатқан Қазақстанда соғыс тудырған қажеттіліктердің бәрін өтеуге мүмкіндік бар екенін жан-жақты дәлелдеп, бүкіл жауапкершілікті өзіне алатындығына сендіріп, ақырында Сталиннің келісімін алып елге оралады.

Осының нәтижесінде «соғыс жылдары Қазақстанда түсті металлургия жоғарғы қарқынмен дамып, Балқаш мыс қорыту, Лениногор, Зырянов полиметалл зауыттарының өнімі бұрынғыдан да еселей арта түседі. Сонымен қатар Шымкент қорғасын, Ащысай, Қоңырат кеніштері, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, Жезқазған мыс балқыту комбинаты, Қарсақпай, Ертіс мыс қорыту зауыттарының бірі ұлғайтылып, бірі жаңадан тұрғызылады. Мойынты – Шу темір жолы салынып, Қазақстанда өнді­рілген соғысқа қажет өнімдердің майданға тез жеткізуге мүмкіндік туады. Бүгінгі аты әлемге әйгілі қара металлургия зауы­ты­ның іргесі сол кезде қаланып, оған «Теміртау» деген ат бергенде үкімет басшысы Н.Оңдасыновтың өзі көрінеді» (Г.Оразалықызы, «Egemen Qazaqstan» 21.06.2024). Осы өндіріс орындарына мыңдаған қазақ жас­тары жұмысқа тартылады. Бір Теміртау үшін ғана респуб­лика бойынша қазақтың екі мың жас жігіті комсомолдық жолдамамен Донбас пен Кузбасқа оқуға жіберіліп, олар елге металл қорытудың қыр-сырын меңгерген білікті маман болып оралады.

Сондай-ақ одақтың ірі қалаларынан Қазақстанға эвакуациямен келген есімдері елге танымал атақты ғалымдар мен өнер адамдарының білімі мен білігін пайдалану арқылы талабы бар қазақ жастарын оқытып, жан-жақты білімді мамандар даярлап алуды мақсат еткен үкімет басшысы Н.Оңдасыновтың тікелей араласып, қолдауымен осы соғыс жылдарының өзінде 16 ғылыми зерттеу институт ұйым­дастырылып, нәтижесінде 1946 жылы Қазақстанда тұңғыш Ғылым академиясы құрылып, оның президенттігіне Қаныш Сәтбаев сайланады. Мұның сыртында дәл осы соғыс жылдарында Қазақ мемлекеттік консерваториясы, Шет тілдер институты, тіпті одақта жоқ дара оқу орны Қыздар педагогика институты, Дене тәрбиесі инс­титуты, Шымкент технология институты (жабылып қалған жерінен Оңдасыновтың өзі тікелей И.В.Сталиннің қабылдауында болып, қайта аштырған) және облыстарда екі жылдық мұғалімдер институттары ашылады. Нәтижесінде, бұрынғы көшпелі тірлік кешкен қазақ елінің жастары аз уақыттың ішінде ана тілінде инженер, құрылысшы, геолог, мұғалім, дәрігер секілді қажетті мамандықтарды меңгеріп, халық шаруашылығының әр саласын дамытуға атсалысады.

Сондай-ақ Н.Оңдасынов соғыс бас­талған кезде «Ленфильм» мен «Мос­фильм­нің» эвакуациямен Өзбек­станға кеткелі жатқанын естіп, олардың басшыларымен тікелей өзі байланысқа шығып: «бар жағдайыңызды жасаймыз, Қазақстанға келіңіздер» деп шақырып алады. Келгендерді құрметпен қарсы алып, үкімет тарапынан кино түсіру алаңын жасап, әрқайсысын баспана, тиімді жалақы, жеткілікті азық-түлікпен қаматасыз етеді. Нәтижесінде, төрт жылдың ішінде отыз фильм түсіріледі. Бүкілодақтық кинематографистер институтының Алматыда болуының арқасында 1944 жылы «Қазақ­фильм» киностудиясы құрылып, қазақ кино өнерінің тарихы басталады.

Екінші дүиежүзілік соғыстың даңқ­ты қолбасшыларының бірі Бауыржан Момышұлының оны: «Нұрекең – ел басқарудың эталоны! Халқына барынша адал, таза, бар ынта-жігерімен қызмет еткен адам», деп бағалауы да осылардың бәрін нақты білгендіктен айтылса керек. Өйткені Баукеңнің өзі де кезінде сыйластықты қарым-қатынаста араласа жүріп, Н.Оңдасыновтың талай тағылымды істеріне тікелей куәгері бол­ған замандасы ғой. Бұған қоса қандай жағдайда да жалтармай турасын айтатын Бауыржанның жалпы жұрт білетін шыншылдығын қосыңыз. Осы орайда соғыс жылдарының тарихын жан-жақты зерттеп, ауыртпалығы орасан қиын кезеңде үкімет басшысының тікелей араласуымен осыншама жұмыстың атқарылғанын нақты деректер арқылы анықтап, қайран қалған белгілі тарихшы, марқұм Талас Омарбековтің «Біздің қазақ болып қалуымыз – Оңдасыновтай тұлғалардың арқасы» деп ой түюі де сол шындық мойындатқан тұжырым болса керек.

Қаһармандық танытқан арыс азаматтарды «халық жауы» атандырып, жаппай қырып салған отаршылардың өктемдігінен қорықпай, енді бұлардың басына зобалаң туып, одақтың ертеңгі тағдыры шешілер жаны алқымға келген қиын кезін пайдаланып қалуды көздеген Н.Оңдасыновтың Мәскеуге арнайы өзі сұранып барып, соғыс тудырған қажеттілікті өтеудің бар жауапкершілігін мойнына алған шешімділігінің нәтижесінде жүзеге асқан игіліктер екені даусыз. Егер ол сол кезде бұлай істемей, бас амандығын бағып, пәлесінен қорқып бұғып қалғанда, одақ құрамындағы ұлттық республикалардың күшейіп кетуінен өлердей қорқып, оларды өздеріне жан-жақты тәуелді етіп ұстауды мақсат еткен отаршылар соғыс жеңіспен аяқталғаннан кейін бағынышты елдің өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын, ғылымы мен білімін, әдебиеті мен мәде­ниетін жедел дамытуға мүмкіндік беретін мұндай игіліктердің бәріне бірдей рұқсат бермес еді. Соғыс тудырған алапат қауіптің одақ басшыларын сұрағанын беруге мәжбүр ететініне іштей үміт артып, өз елінің ертеңгі күні ділгір болар қажеттерін ерте ойлап, жанкештілікпен осылайша шешіп алуы – Н.Оңдасыновтың тек ұйымдастыру қабілеті жоғары іскер басшы ғана емес, сонымен бірге халықтық мүдде жолында басын бәйгеге тіге алар батыл да шешімді көреген басшы болғанын да айғақтай түседі.

Сондай-ақ ол – бір көрген адамын қабілеттік қарымын жаңылыссыз танитын қасиетімен де ерекшеленген басшы. Оның кезінде бір көргеннен танып, соның талантының танылуына тікелей өзі көмектесіп, жолын ашуымен бұл күнде есімі елге танымал үлкен тұлғаға айналған азаматтар да жетіп артылады. Бұл арада олардың бәрінің бірдей атын атап, түсін түстеп сараламай-ақ, нақтылық үшін солардың тек кейбіреулерінің есімде­рін атасақ та айтылғанның ақиқатты­ғын анықтау кім-кімге болсын қиындық ­тудырмаса керек...

Бірде Н.Оңдасынов Қостанай облы­сының Шөптікөл ауылына барған сапарында қонған үйінің терезесінің алдынан саз-балшықтан жасалған бірнеше малдың мүсінін көріп, мұны жасаған кім деп сұраса, осындағы бастықтың атшысы (ол кезде ауыл басшысында машина жоқ, атпен жүрген) бір бала екен. Баланы шақыртып алып, біраз әңгімелескеннен кейін оны өзімен бірге ала кетіп, қашан Алматының көркемсурет училищесіне орналасқанша өз үйінде тұрғызады. Кейін училищені бітірген соң, арнайы жолдамамен Харьковтың көркемсурет институтына жібереді. Нәтижесінде, Хәкімжан Наурызбаев атты қазақтың тұңғыш мүсін­шісін тәрбиелеп шығарады.

Енді бірде Мәскеуге барған сапарында КСРО ҒА-ның президенті В.Комаровтың қабылдауында болып, Алматыға эвакуа­циямен келген Ресей ғалымдарының көмегін пайдаланып, Қазақстанның өз Ғылым академиясын ашу қажеттілігін дәлелдеп, соған көмектесуін өтінеді. Соғыс тұралатқан елдің жағдайын қал­пына келтіруге Қазақстанның жер­асты байлығын игерудің аса қажеттілігін алға тартып, одақ мүддесі тұрғысынан айтылған дәлелдеріне қарсы уәж таппаған президент: «Ал, жарайды, ашайық, оны кім басқарады, президентке кімді қоймақсың», деп сұрайды, сендерде ондай ғалым жоқ қой дегенді аңғартып. Сонда Н.Оңдасынов ойласып жатпастан, бірден «ондай адам бар. Ол Том университеті­нің түлегі, геология саласының білікті маманы, зерттеу еңбектері жетерлік» деп, бар болғаны республиканың бас газетінде жарияланған бір мақаласын оқып, сол арқылы оның озық ойлы, аса білімді, ұлтжанды азамат екенін таныған, бірақ өзін жүзбе-жүз көріп таныспаған, сол кезде Жезқазған даласында экспедиция­да жүрген Қаныш Сәтбаевтың атын айтады. Оны жедел Мәскеуге ша­қырып, В.Комаровпен таныстырып, оның келісімін алады. Нәтижесінде, 1946 жылы Қазақстан тұңғыш Ғылым академиясы құрылып, оның тұңғыш президенті ­болып Қаныш Сәтбаев сайланады.

Н.Оңдасынов Лениногорға барған кезекті бір сапарында сонда жұмыс істеп жүрген жас маман Д.Қонаевты кездестіріп, арада болған әңгіме барысында оның қарым-қабілетін, ой-өрісінің кеңдігін жете танып, Алматыға келісімен бірінші хатшы А.Н.Скворцовқа айтып, өзіне өндірісті басқаратын орынбасар етіп алады, он жыл бірге қызмет атқарады. Нәтижесінде, Д.А.Қонаев отыз жылдан аса уақыт Қазақ кеңестік Социалистік Республикасын басқарған, үш мәрте Еңбек Ері атағын иеленген қазақ тарихындағы тұңғыш ірі тұлғаға айналды.

Ғажап!.. Осының бәрі – байлары тәркіленіп, кедейі аштыққа ұшырап, елі тығырыққа тірелгенде, жол көрсетер есті азаматтары жаппай «халық жауы» деген жаламен атылып, біріне-бірі ұласқан осындай кесепат нәубеттерге дүниежүзілік соғыстың қанды қырғынының қасіреті қосылып, халқы қалжырап, әбден титық­таған елдің үкіметін бар-жоғы он үш жыл басқарған бір кісінің, Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың тілшіге берген бір сұхбатындағы: «біз соғыс кезінде уақытпен санаспай жұмыс істедік. Кабинетте қондық. Үйге тек киім ауыстыруға ғана баратынбыз» деп өзі айтқанындай, әр істің нәтижелі орындалуын табанды талап етіп, күні-түні тыным таппай тындырылған жанкешті еңбектің жемісі. Бұған енді оның үкімет басшысы болғанға дейінгі, содан кейінгі атқарған қызметтері кезінде жүзеге асырған істерінің нәтижесін қосыңыз.

Сондай-ақ Сталин өлгеннен кейін билік басына келген КОКП Орталық коми­тетінің бас хатшысы ұр да жық даңғой Н.С.Хрущевтің Н.Оңғарсыновтың халқы алдындағы беделінен қаймығып, оны жасы жетпесе де зейнеткерлікке күштеп шығарып жібергенімен шектелмей, халқының ортасында болса бір күні залалы тиер деген қауіппен, ширек ғасырға жуық Мәскеуде жартылай үй қамағында ұстаған көрінеу қиянатына да мұқалмай, қайта соған ерегіскендей, ұрпаққа үлгі боларлық басқа бір жаңа қырынан жарқырай көрінуі де – ерекше бір ғажап құбылыс. Ол осы жылдары ғылым жолына түсіп, талмай іздену арқылы «Парсыша-қазақша түсін­дірме сөздік», «Арабша-қазақша түсіндірме сөздік» және «Араб текті қазақ есімдері» деп аталатын аса құнды ғылыми-зерттеу еңбектерін жазады. Бұл, сөз жоқ, бүкіл саналы ғұмырын еш алаңсыз, тек халқына қалтқысыз қызмет етуге арнаған жанның, онда да «сондай қиын аласапыран кездерде ел басқарсам да ешкімнің жаны мен қаны мойнымда жоқ – арым таза; ешкімге пара беріп, ешкімнен пара алғам жоқ – қолым таза; ешкімнің руын не жүзін сұраған емеспін, тек қабілетіне қарай қамқорлық жасадым – жүзім таза», деп қаймықпай айта алған, жанына пендешілік кірін жұқтырмай, халқына періштелік тазалықпен адал қызмет еткен ерекше жанның тұлғалық болмысын танытумен бірге оның ұрпаққа өнеге болар тұлғалық тамаша тағылымын да алға тартады. Қайтпас қайраттылық, таймас табандылық, айнымас адалдық бәрі бір өзінде. Еріксіз таңғаласың! Сонымен бірге бүкіл саналы ғұмырын халқына адал қызмет етуге арнаған осындай ірі тұлғаның өзін былай қойып, оның атын да білмейтін ұрпақтың өсіп келе жатқанын көргенде өксікті өкініш өзекті өртейді. «Шіркін-ай» дейсің осындайда, сонау ежелгі замандардан бергі: сөйлесе – сөздің шешені; бастаса – елдің көсемі, тындырған ісі – дос емі болған таңдаулы тұлғаларымыздың талғамды тағылымдарын елдің келешегі – жас өскін мектепте жүргенде-ақ оқып-біліп, жете танып, солардай болуды армандап, соларға еліктеп өссе ғой. Қазіргі таңда өз заманының Оңдасыновтары кең байтақ даламыздың әр өңірінен жарыса шығып, ел болып орнатқалы жатқан Әділетті Қазақстанның бір-бір алтын діңгегіне айналар еді-ау деген тәтті қиял көкірек кернейді. Сонда халық несібесін жырымдап жегенді қойып, миллиондап, миллиардтап опыра жалмап жатқан жалмауыз жемқорлық та болмас еді-ау деп армандайсың. Біздің сөзбасын «тұлғатанудан» бастап, оның ұрпақ тәрбиесіндегі жетекшілік тағылымына мән беріп, ой өрбітуіміз де осы арман тудырған қажеттілік болатын.

 

Қойшығара Салғараұлы,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты