Өткен жолы шетелге қыдыруға барған отандасымыз Италиядағы тарихи ғимаратқа заңсыз жазу жазып, жауапкершілікке тартылды. Осы оқиғаның артынша Грузияға барған тағы бір атыраулық келіншек Батумидегі Ботаника бағында өте сирек кездесетін бамбук ағашына атын жазып қалдырмақ болған. Шекара сыртында есімін ескерткіштерге қалдырамын деп, мемлекеттің абыройын айрандай төккен мұндайлардың ел ішіндегі ессіз әрекеттерін жіпке тізіп шығу мүмкін емес.
Вандализм және заң талабы
Кейінгі жылдары қарға адым жерге қоқысын төгуге ерінетін, қала берді қоғамдық орындардағы құрал-жабдықтарды жеті атасының кегі кеткендей қиратып кетуге құмарлық көбейіп барады. Таяуда ғана бір топ тұрғын қала келбетіне көрік беруге қойылған көрнекі мүсінді бір күнге жеткізбей қиратып тастаған. Бұл бұл ма, Ақмола облысы Бұланды ауданының Макинск қаласында жасөспірім Екінші дүниежүзілік соғыста және Ауғанстандағы соғыс жылдарында қаза тапқан интернационал-жауынгерлерді еске алу алаңында орнатылған гранит плиталарды талқандап кеткен. Мәселен, жыл басынан бері Астананың өзінде 270 бүлдіргі әрекеті тіркелген.
«Атың шықпаса, жер өртенің» керін келтіріп жүргендерге жауапкершілік жеңіл ме, әйтеуір айыппұл көлемін өсіру құқық бұзушыларды тәртіпке салуда септігін тигізе алмай отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы да Ұлттық құрылтай отырысында, жыл сайынғы халыққа Жолдаулары мен халықпен кездесулерде де үнемі айтып келеді. Соның салдарынан қоғамымызда ұдайы келеңсіз оқиғалар болып жатады. Айталық, даладағы, көшедегі вандализм, кейбір азаматтарымыздың тәртіпсіздігі, мәдениетсіздігі, неше түрлі тұрмыстық жанжалдар еліміздің халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтіретін болды. Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек», деді.
Биылғы Жолдауында да Мемлекет басшысы: «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе, жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Мен бұл туралы Ұлттық құрылтайдың отырысында айттым. Елдің болашағына кесірін тигізетін бес кеселге тоқталдым. Содан бері біршама жұмыс атқарылды. Вандализмге, лудоманияға тосқауыл қоятын заңдар қабылданды. Вейпке, яғни электронды темекіге тыйым салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесі қазірдің өзінде көрініп жатыр», деді.
Президент тапсырмасына сәйкес, былтырдан бастап вандализм актілері, қоғамдық және жеке мүліктің бүлінуі үшін жауапкершілік күшейтіліп жатыр. Мәселен, қазір елімізде вандализм мен жеке мүлікті бүлдіргені үшін күшейтілген заң жұмыс істеп тұр.
Жабайылыққа да қылмыстық жауапкершілік бар
Астана қаласы ПД Байқоңыр ауданының учаскелік полиция инспекторы Асқар Папышевтің айтуынша, мәдени-тарихи, рухани ескерткіштерді бүлдіру немесе қоғамдық орындардағы мүліктерді аяусыз, қасақана қирату, тонау әрекеті – жабайылық пен зұлымдықтың шектен шыққан бір түрі. Мұндай әрекеттің артында қаскүнемдік пен ашкөздік тұрады. Жабайылыққа жауапкершілік болмаса, оның соңы бұдан да сорақы құқық бұзушылыққа, арты қылмысқа апарады.
«Биыл Мәжіліс депутаттары бүлдіргі әрекеттер үшін Қылмыстық кодекске жауапкершілікті күшейту туралы бірқатар өзгеріс енгізді. Бұрын ұсақ құқық бұзушылық үшін 50 АЕК қаралса, қазір бұл әрекеті үшін 100 АЕК белгіленеді. Бүлдіргі әрекетке барса, 200 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Бұрын бұл 160 АЕК болып есептелетін. Ал айыппұлды төлей алмайтын болса, түзетуге жіберіледі немесе қоғамдық жұмыстарға тартылады. Бұрын вандализм үшін 40 күн айыптық қамауда жататын болса, қазір бұл 50 күнге дейін созылды. Бұған қоса бұрын қоғамдық орындарға жұмысқа тарту 160 сағатқа созылса, қазір 200 сағатқа дейін көбейді», дейді А.Папышев.
Сондай-ақ Әкімшілік кодекске сәйкес, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдеріне 15 АЕК-те айыппұл қарастырылған. Ал Президенттің биылғы тапсырмасына сәйкес, осы кодекске тағы күшейту енгізілді. Яғни бөтеннің мүлкіне зақым келтірсе, әкімшілік сотқа материалдар жинақталады. Сот құқық бұзушыдан келтірген залалдың шығынын толық өтеп беруге шешім шығарып, 200 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
«Қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларды зәбірлеу, намысына тигізетін сөз айту, ғимараттарды, тұрғын үй-жайларды, көліктерді, қоғамдық ортадағы ортақ мүліктерді бүлдіру, айналасындағыларға құрмет көрсетпеу, қоғамдық тәртіпті бұзып жеке адамдардың тыныштығын бұзатын іс-әрекеттерге де хаттама толтырылады. Ары қарай ұсақ бұзақылық бабына сәйкес сотқа жолданып, 20 АЕК-де айыппұл салынады немесе бес күннен он тәулікке дейін қамауға алынады. Іс-әрекет қайталанса, 15 күннен 30 күнге дейін әкімшілік қамауға алынады немесе 20 АЕК айыппұл салынады. Келтірген шығынға қарай жауапкершілік өсіп, айыппұл көлемі артуы мүмкін», дейді Асқар Серікбайұлы.
Әлем заңдарында аяушылық қарастырылмайды
Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы жалпыға ортақ ұлттық құндылықтар туралы айтты. Бұл – тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық. Оның ішінде вандализмді қоғамның кеселі ретінде атаған ол: «Бурабайдағы «Жұмбақтасты», Баянауылдағы «Кемпіртасты» қараңыздар. Ең жауһар жерлеріміздің сұлулығы шимайдың астында қалып жатыр. Үйдегі лифтіні, ауладағы ойын алаңын, көшедегі аялдаманы қиратудың қандай қисыны бар? Мұның бәрі – барып тұрған тәртіпсіздік, мәдениетсіздік. Өркениетті елдің әрбір азаматы қоғам мүлкін өз мүлкіндей қорғауы керек», деген еді.
Депутат Сергей Пономарев вандализм мен мүлікті бүлдіргені үшін күшейтілген жауапкершілікті жеткіліксіз болып отырғанын жеткізді. Өйткені айыппұл қамағы ешкімді қорқыта алмайды.
«Талдықорған қаласының маңында құрылыс тасы үшін ежелгі петроглифтері бар қалған қорғандар мақсатты түрде жойылып жатыр. Вандализмнің алдын алуға бағытталған 10 мыңға жуық іс-шара өткізілгенімен, оның арасында петроглиф жарғыштары мен металл детекторлары бар «жабайы археологтар» туралы бір сөз жоқ», деп отыр.
Ал мұндай бассыздық қазба жұмыстарын лицензиялауды және тарих ескерткіштері орындарында құрылысқа рұқсат беретін ғалымдардың жалған қорытындыларын ретке келтіруді талап еткен Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалмай отырғанын көрсетсе керек.
Бүлдіргілердің әрекетін айыппұл қамағы алдын алмауы әбден мүмкін. Әлемдегі ең қауіпсіз ел тізімінде көш бастап тұрған Сингапур 1966 жылдан бастап қоғамдық мүлікті бүлдіргендерге, графитти салып, ойына келгенді жасайтын бұзақыларға 2 мың доллар көлемінде айыппұл белгілейді екен. Сондай-ақ үш жылға дейін темір торға тоғытып, дүре соғу жазасы да қолданылады. Тіпті қоғамдық ортада тәртіп бұзған шетелдіктерді де алпыс күн айыппұл қамағына алып, қоғамдық ортада аямай дүре соғады.
Англияда да қоғам мүлкін бүлдіргендердің шығыны 5 мың фунт стерлинг болса, 2 500 фунт айыппұл төлейді. Шығынның көлемі бұдан асып кетсе, келтірген залалды толық өтеп, жарты жылға бостандығынан айырылады. Ал тарихи жәдігерлерді қорлағандар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады екен. Жапонияда да тарихи жәдігерлерді ластау мен қоғамдық орындардағы заттарға зиян келтіргендер 5 жыл түрмеге отырып, миллион иена айыппұл төлеуі мүмкін. АҚШ-тың көптеген штатында вандалдық әрекеттерге жаза қатал. Мұнда да жоғары айыппұл, қоғамдық жұмыстарға тарту мен бас бостандығынан айыруға дейін жауапкершілік қарастырылады. Еуропаның көптеген елінде жазалар қылмыстың ауырлығына байланысты айыппұлдан түрме мерзіміне дейін өзгереді. Демек қоғамдық тәртіпке түкіріп, ортақ мүлікті бүлдіруге үйірлердің тәртібін дүние жүзіндегі елдер майшаммен қарайды. Себебі жабайылыққа жауапкершілік жеңіл болса, зұлымдықтың алдын алу да қиынға соғары хақ.