Бүгінде Шығыс дереккөздері мен Еуропа мұрағаттарын зерттеген шығыстанушы ғалымдар Алтын орда, Қазақ мемлекеттігінің қалыптасуына қатысты тың мағлұматтар тауып, талай томға арқау болар материал қорын жинастырды. Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты ұйымдастырған «Шығыс дереккөздеріндегі қазақ мемлекеттілігінің феномені» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция Жошы ұлысының 800 жылдығына арналды. Ғалымдар Жошы ұлысы мен жалпы қазақ тарихының түрлі кезеңдері туралы ой бөлісті.
Институт директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Дүкен Мәсімханұлы қазақ хандығы кезеңі кеңестік заманда бұрмаланып, жете зерттелмегені туралы айтты.
«Тәуелсіздік жылдарында ғалымдарымыз бұл тақырыпқа тереңдеп, Қазақ хандығы Ұлы дала өркениетін қалыптастырушы Алтын орда мұрагері екенін дәлелдеген еңбектер жазды. Дегенмен атқарылар жұмыс әлі де баршылық. Шетел архивтеріндегі деректерді толық жинап болғанымыз жөн. Мемлекет басшысы Жошы ұлысының 800 жылдығын республика көлемінде атап өтуге тапсырма берді. Осы орайда Қазақ хандығының негізін қалаған Жошы ұлысының тарихына сол кездегі Ұлы даладағы өзгерістер, парсы, араб, қытай елдерімен қарым-қатынасы, Жошы ұлысы қандай жағдайда құрылды, оның арғы тарихы қалай өрбіді деген сұрақтарға жауап іздеу, оны негіздеу ғылыми ұйымдар мен ғалымдар, тарихшыларға үлкен міндеттер жүктеп отыр», деді Д.Мәсімханұлы.
Қазір Шығыстану институтында 100-ге жуық ғалым жұмыс істейді. Ғылым докторлары, кандидаттары, Phd мамандардың дені кем дегенде бір-екі тіл меңгерген. Институттың миссиясы Шығыс елдерін зерттеу болғандықтан, Орталық Азия аумағы, қытай, араб, парсы елдерінен көптеген құнды мағлұмат жиналды.
Институт директорының айтуынша, «Мәдени мұра» бағдарламасы жүзеге асқалы қытай, араб, түрік, парсы мұрағаттарындағы ежелгі және орта ғасырларға тиесілі деректердің көшірмесі жасалды. Бұл деректер институт мамандарының күшімен қазақ тіліне аударылып, ондаған том болып жарыққа шықты. Ендігі кезекте Ватикан апостол архиві, кітапханасындағы деректермен жұмыс істеуге келісім жасалып жатыр. Осыған байланысты алдағы төрт-бес жылда ежелгі, орта ғасыр, Қазақ хандығы кезеңіндегі деректерді жинап алу мүмкіндігі туып отыр. Мұнымен қоса Жапонияда ерекше өркен жайған түркология, Орталық Азия тарихына қатысты зерттеулерді игеру міндеті тұр. Күншығыс елінде, әсіресе, ежелгі қазақ тарихына қатысты, орта ғасырлардағы деректердің өте мол қоры бар. Сондықтан дереккөздермен жұмыс істеу әлі де жалғасын тауып келеді.
Жиын барысында тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА корреспондент-мүшесі Меруерт Әбусейітова қазақ тарихында Алтын орда, Жошы ұлысының құрылуына қатысты деректердің маңызды екенін алға тартты. Профессор атап өткендей, Қазақ мемлекеттігіне қатысты айналымға енбеген, беймәлім дерек көп. Осыған байланысты археографиялық экпедициясы барысында институт мамандары соңғы уақытта шетел қорларынан, архив, кітапхана, музейлерден көптеген құжат, визуалды артефакті, олардың көшірмесін елге әкелді.
«Бұл құжаттар біздің мемлекетіміздің құрылуы, Қазақ хандығына қатысты деректермен тығыз байланысты. Әсіресе XIII-XIV ғасырларға қатысты деректер Шығыс, Батыс Еуропа елдерінде көп кездесетініне көз жеткіздік. Бұл деректер сол кезеңде құрылған мемлекеттілікке зерттеушілер тарапынан үлкен қызығушылықтың болғанын айғақтайды. Зерттеулер, жазба деректер, визуалды артефактілер, карталар әлі де шетел архивтерінде жатыр. Қазіргі кезде ғылыми айналымға Ұлыбритания, Франциядан әкелінген, Швейцария музейлерінде сақталған хандар мен сұлтандарға қатысты артефактілер әскери, мәдени өнеріміз жайында көптеген тың материал қорына қол жеткіздік», деп атап өтті Меруерт Қуатқызы.
Институттың аға ғылыми қызметкері Бағдат Дүйсенов «Жошы ұлысы мен Мәмлүктер мемлекеті арасындағы тілдік-мәдени байланыстар» баяндамасында екі мемлекеттің мәдениеті мен тіліне қатысты ортақ құндылықтарға тоқталды. «Бұл байланыстардың зерттелуі келешек ұрпаққа мол ақпарат береді. Мәмлүктер мемлекетінде жазылған мұралардың тілін зерттеу түркітану ғылымында қыпшақтану саласының өзекті мәселесі. Қазақ және тағы басқа түркі тілдерінің тарихын тану үшін орта ғасырдағы Мысыр мен Шам мемлекеттерінде жазылып қалған жәдігерлерді танып-біліп, жариялау – бүгінгі күннің талабы. Әйтсе де бұл жадыхаттардың ғылыми айналымға түспей, қалып келе жатқан тұстары баршылық. Бабалардың басқа елде өз тілі мен ділін мемлекеттік деңгейде сақтап, құрметтеуін бүгінгі күні үлгі тұтып, рухани азыққа айналдыру ұрпақ парызы», дейді ғалым.
Жиын барысында еліміздің ғалымдарымен бірге шетелдік зерттеушілер де Шыңғысхан, Жошы ұлысының тарихы мен мәдениеті, сондай-ақ Еуразия далалық аймағымен шекаралас Иран, Қытай сынды ірі мемлекеттердің тарихы, көшпелілер мәдениетінің бүкіл әлемдегі орны, саяси оқиғаларды, сонымен қатар отандық шығыстану дамуының өзекті бағыттары мен Шығыс елдерінің саяси, мәдени және әлеуметтік-экономикалық мәселелерін зерттеу ісін қарастырып, алдағы зерттеулер парасына зер салды.
АЛМАТЫ