• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сұхбат 05 Қазан, 2024

«Полифосфат – экологиялық таза тыңайтқыш»

55 рет
көрсетілді

Ғалым Хасый Жамантіков экологиялық тазалықты сақтау мәселесін бұрын­нан айтып жүр. Ауыл шаруашылығы ғылым­дары­ докторының біре­гей ұсы­нысы – күріш егісіндегі топы­рақ экологиясын сауықтырып, «жасыл эко­но­мика» жүйесі ар­қы­лы органикалық егіншілікке көшу жайы. Жақында білік­ті ма­ман­мен сұхбаттасып, көкейдегі көп ойды нақтылаудың орайы келді.

– Бұл мәселені біраздан бері қоз­ғап келесіз. Бастаманың тиімді­лі­гі­не назар аударғандар болды ма?

– Топыраққа минералды ты­ңайт­­­қышты үзбей берсе, ондағы ор­га­никалық заттар жиынтығы – қара шірінді мөлшері азайып, тыңайт­қыш құрамындағы ауыр металдар, улы қалдықтар жиынтығын ыды­ратуға шамасы келмей, өнім сапасы төмендеп кететіні әлдеқашан дәлелденген. Әрине, оған жол беруге болмайды. Қызылордадағы күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу инс­титуты ұзақ жылғы зерттеу мен тәжі­ри­беден кейін топырақ құнарын артты­рудың дәстүрлі жүйесін ұсынып отыр. Табиғи құнар өсімдіктің өсуі мен жетілуіне қолайлы жағдай жасайды. Құнары азайған топырақта өсімдіктер өске­­ні­мен дамуы тежеліп, жетілуі ұзарып, өнім мөлшері азайып, сапасы нашарлайды. Органикалық заттар қосу арқылы қара шірінді мөлшерін айтарлықтай жоғарылатуға болады. Бірақ бізде осы топырақтану саласына аса бір мән берілмей келе жатқаны қынжылтады.

Су тапшылығына байланыс­ты­­ күріш егістігі көлемін азайтуға мәж­бүрміз. Осының әсерінен қамбаға түсетін өнім 30-35 пайызға дейін азаюы мүмкін. Бірақ күріш егуді шектегенмен жер құнарланып кетпейді. Өйткені бұрынғыдай табиғи тыңайтқыш жоқтың қасы. Барының бағасы минералды тыңайт­қыштармен бара-бар.

– Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ күріш сабаны мен қауызын компостау патентін иеленгенін білеміз. Ол қалай жүзеге асырылып жатыр?

– Сіздің айтып отырғаныңыз сығылған қалдық сабанға құрғағын қосып тиімді компост жасаудың патенті ғой. Бұл әдіс арқылы бидай сабанын күріш сабаны мен қауызы сияқты қолдан шірітіп, топырақты құнарландыруға болады. Бидайдың ұнталған сабан массасын комбайнға тіркелетін шөмеле салушыға жинап, ірі астаушаға төгуді ұйымдастыру­ға ­арнайы бригадалар құру керек бола­тын шығар. Бұл ғылыми тұрғыда аса жауапты жұмысты Сәкен Сей­фуллин атындағы Қазақ агротех­ни­калық зерттеу университеті ғалым­дары қолға алғаны абзал. Сабанын компостау арқылы бидайдың орташа өнімін 50 пайызға көтеруге болады екен. Бұған Қызылордадағы күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу инс­титуты ұсынысын рұқсатпен алып, қолданған дұрыс болар. Көп жыл қолданыста болған егіс топы­рағының құнары тың кезеңде­гісі­нен 40-45%-ға төмендейді. Біз соны та­би­ғи жолмен тыңайтудың жолын ұсы­нып отырмыз.

Компосты ылғал күйінде де, тү­йір­­­шік түрінде де жерге тереңдете сіңіру керек. Оның сарқынды сөлінен ерітінді жасап, арнайы құралмен өсімдік тамырына жеткізу де өнім көрсеткішін арттыра түседі. Осы бағытта ғылыми тәжірибелер жасауға Сәкен Сейфуллин атындағы ҚазАТИУ ғалымдарының әлеуеті толық жетеді. Бұл іс-шаралар жүйелі ауыспалы егіс жоспары шеңберінде орындалады. Ауыспалы егіс талаптарын сақтаудың өнім көлемі мен сапасына әсерін әркім-ақ біледі. Бірақ мына жағдайды да ескеруіміз керек. Жоңышқа мен бидай егілген жерде міндетті түрде фосфор элементі жетіспейді. Жоңышқа топыра­ғында азот пен өсімдік қал­ды­ғы қалатынын тағы ескерейік. Ауыспалы егіс тәртібі кезінде осы тыңайтқыш жетіспеушілігінен бидай сапасының кейбір қасиеті төмендеуі мүмкін. Оның үстіне ауыспалы егісте жоңышқа үлесі қомақты болғанымен, бактериялар оларды тез ыдыратып, құнарлық қорын онша өсірмейді.

Осы күні Қаратау фосфоритінен өндірілген фосфор тыңайтқыштары орта фосфатты болып есептеледі. Өндірісіміз фосфориттегі ауыр металдарды тыңайтқыш құрамы­нан азайтуға қол жеткізе алмай отыр. Бұл тыңайтқышпен бірге улы заттар мөлшері топырақта біртіндеп жиналып жатыр дегенді білдіреді. Қаратау фосфоритінің құрамынан улы заттарды тазарту үшін фосфор тыңайтқышының полифосфат топты тыңайтқышын өндіру керек. Ортафосфаттың 1 молекуласында бір PO4 қышқыл қалдығы болса, полифосфаттың 1 ірі молекуласында тығыз түрде орналасқан PO4 қалдығының ең азы 50, көбі мыңға жуықтайды. Полифосфатты тыңайтқышта ауыр металдар қалдығы жоқтың қасы әрі ол фосфорға бай экологиялық таза тыңайтқыш.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Мұрат ЖЕТПІСБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»