• RUB:
    5
  • USD:
    497.89
  • EUR:
    525.12
Басты сайтқа өту
Ұстаз 05 Қазан, 2024

«Төр – мұғалімдікі»

125 рет
көрсетілді

Біртуар ақын Мағжан Жұмабайұлы «Алты Алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» деп өсиет етті. Бағамдасақ, мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік, мәдени қуатты, бай болмағы – сол елдің адам капиталына тікелей тәуелді. Ал адам капиталының мықты болуы – тәрбие мен білімнен. Көп мәселенің мәнісі алдынан ғалым да, шахтер де өтетін мұғалімнің мәртебесі мен кәсібилігіне келіп тіреледі. Сол себепті мектеп жүрегі саналатын мамандардың кадрлық әлеуеті мен мемлекеттің қолдау мүмкіндігіне шолу жасаған едік.

Сандар сөйлегенде

Оқу-ағарту министрлігінің кейінгі дере­гіне сүйенсек, еліміздегі мемле­кет­­тік мектептерде 400 мыңға жуық мұға­лім еңбек етеді. Оның 33 пайызы – 20-35 жастағы жас мамандар. 22 пайыздан көбін егде жастағы тәжірибелі мұғалімдер құрайды. Ба­сым бөлігі, яғни 43 пайыздайы – 36-50 жас­тағы орта буын өкіл­дері. Ал ең азы – зейнет жасындағылар, олар орта білім ұйымдарында еңбек ететін педагогтердің 1,4 пайызын құрайды. Мұғалімдердің көбі – Алматы облысында. Аталған өңірде 33 мыңнан аса мұғалім оқушыларға білім береді.

Одан кейінгі орында 28 мыңнан көп педагогпен Жамбыл облысы тұр. Бұл көрсеткіштегі алғашқы үштікке Қызылорда облысы кіреді, онда 23 мыңға жуық мұғалім жұмыс істейді. Ал орта білім ұйымдарындағы мұғалімдер саны ең аз өңірлерге Абай облысы (12 мыңнан аса), Атырау облысы (13 мыңнан аса), Қостанай облысы (14 мыңға жуық) жатады.

Педагогтердің біліміне келсек, 343 мыңдай мұғалімнің жоғары білімі бар, 26 мыңға жуығы колледж дипломымен еңбек етіп жүр, 30 мыңнан көбі жоғары білімнен кейінгі білім алған, яғни магистратура немесе докторантура оқығандар немесе оқып жүргендер. Біліктілік санатына тоқталсақ, «педагог-модераторды» 102 мыңға жуық маман алған. Одан жоғары саналатын «педагог-шебер» біліктілік санаты 3400-ден аса мұғалімде бар. 75 мыңнан аса мұғалім – «педагог-зерттеуші», 115 мыңнан көбі – «педагог», 4,5 мыңы – «Екінші санатты», 3,6 мыңы – «Бірінші санатты», 2,5 мыңы – «Жоғары санатты». Мектеп директорларында біліктілік санаттарының атауы бөлек. Мысалы, 4,2 мыңы – қатардағы басшы, мыңнан сәл көбі – «басшы-ұйымдастырушы», 800-ден аса директор – «басшы-менеджер», 500-ге жуығы – «басшы-көшбасшы» санатының иесі.

 

Мәртебелі мамандық

90-жылдардағы тоқырау ке­зеңі­­нен кейін, оның үстіне тәуел­сіздіктің алғашқы және екін­ші онжылдығындағы жең ұшы­нан жалғасқан жемқор­лық­тың кесірінен білім саласы құлдырап кетті. Мұндай мәсе­ле­нің салқыны, әсіресе салаға сырттай оқығандар мен дипломды жеңіл жолмен алғандардың көптеп келуі мұғалімдерге деген қаншама уақыт бойғы қа­лып­тасқан оң көзқарасқа дақ түсір­гендей еді. 2019 жылы қабыл­данған «Педагог мәртебесі туралы» Заңы осы түйткілдің түйінін тарқатуға сеп болған-ды. Өйт­кені заң педагогтерге талапты күшейту, қолайлы жағдай жасау, олардың кәсіби өсуін ын­та­­ландыру жөніндегі жүйелі шаралар кешенін іске асыруға мүмкіндік берді. Мысалы, 2020 жылдан бастап мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім саласы педагогтерінің еңбекақысы екі есеге артты. Аттес­таттау қорытындысы бо­йынша мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік білім ұйымдарының 270 мыңнан аса педагогі білік­тілік санатына байланысты лауа­зымдық жалақысының 30-50% мөл­шерінде қосымша ақы алады. Директорлар біліктілік санатын растаған жағдайда ең­бек­ақысына тиісінше 30, 50 немесе 100 пайыз қосымша ақы төленеді. Тәлімгерлік, магистр дәрежесіне, сондай-ақ спорт секцияларын жүргізгеніне қо­сым­ша ақы жүйесі енгізілді, орта білім ұйым­дарында дәптер тек­сер­геніне қосымша ақы мөл­шері ұлғайтылды. Педагог­тер­­дің жүктемесі азайтылып, олар­дың еңбегін, сондай-ақ демалыс уақытын нормалау жүйесі енгізілді. 2021 жылдан бастап мұғалімдердің апталық сағат жүктемесі 18-ден 16-ға қыс­қартылды. Білім сапасын қам­тамасыз ету жөніндегі аумақ­тық департаменттер жанынан педагогикалық этика және пе­да­гог­тердің құқықтарын қорғау мәсе­лелері бойынша кеңестер құрыл­ды.

 

Үздіктерді үкілеу үлгісі

2012 жылдан бері «Үздік педагог» республикалық байқауы өткі­зі­ліп келеді. Жыл сайын ұйым­дас­ты­рылатын байқау нәти­жесінде осы уақытқа дейін 688 педагог жеңімпаз атанып, жоғарыда аталған заңға сәй­кес 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (биыл белгіленген мөл­шер бойынша 3 692 000 теңге) сыйақы алды. Мәселен, 2023 жылы 64 үздік ұстазға жалпы сомасы 220 млн 800 мың теңге көлемінде сыйақы төлен­ген.

Осыған қоса «Педагог мәрте­бесі туралы» Заңның 9-бабына сәйкес педагогтің аса үздік жетістіктері және Қазақстан Рес­пуб­ликасына сіңір­ген айрықша еңбегі үшін мем­лекеттік награ­далар, оның ішінде «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы беріледі. «Қазақ­­станның еңбек сіңірген ұстазы» құр­метті атағына ие болған педагогтерге де айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшерінде біржолғы сыйақы беріледі.

2023 жылы Мемлекет басшы­сының тапсырмасына сәйкес «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы іске қосылды. Сол жылғы кадр резервіне енген 207 педагогтің 148-і (71,5%) конкурссыз директор болып тағайындалды. Қазіргі уақытта 385 үміткер әңгімелесуден өткізілмек. Рес­публикалық кадр резервіне кірген педагогтер конкурстық рәсім­дерден өтпей-ақ лауазымдарға тағайын­далады. Сондай-ақ лауазымға тағайын­дау кезінде аттестаттаудан өтпей «бірін­ші санаттағы басшы» білік­тілік санаты беріледі.

 

Жас келсе – іске

Жоғарыда жазғанымыздай, білім саласындағы жас мұғалім­дердің қа­тары аз. Осы олқылық­тың орнын толтыру мақсатында 2021 жыл­дан бастап салаға жас бі­лікті мамандарды тарту ба­ғытында бірқатар шара қа­был­­данды. Атап айтқанда, педа­го­­гикалық бағыттарға грант саны артты (2022 – 15 273 грант, 2023 – 15 923, 2024 – 15 973); педагогикалық мамандықтар бойынша оқитын жоғары оқу орындарының студент­те­ріне шәкіртақы мөлшері 58 мыңнан 67 мың теңгеге дейін ұл­ғайтылды; педагогикалық ма­ман­дықтарға өту балы 50-ден 75 балға дейін көтерілді, бұл ретте педа­гогикалық мамандықтарға түсетін талапкерлердің ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа балы 115 балды құрады.

Қазір дарынды жастар арасынан педагогикалық маман­дық­тарға түсушілердің оң динамикасы бай­қалады. 2023 жылы 1797 «Алтын белгі» төсбелгісінің иегерлеріне грант тағайындалды. Жергілікті атқарушы органдар бөлген педагогикалық ма­ман­дықтар бойынша жоғары білімі бар мамандарды даярлауға ар­нал­ған білім беру грантының саны артып келеді.

«Педагог мәртебесі туралы» Заң­ның 12-бабына сәйкес  ауылдық жердегі педагогке тұрғын үй, оның ішінде қызметтік және (немесе) жатақханаға әлеуметтік кепілдіктер; заңнамада көзделген тәртіппен жеке тұрғын үй құры­лы­сына арналған жер учаскелері көзделген. Сонымен қатар ауыл­дық елді мекендерге кәсіптік қызметті жүзеге асыру және тұру үшін келген педагогке жергілікті өкілетті органдардың шешімі бо­йынша тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін көтерме жәр­демақы, әлеуметтік қолдау көрсетіледі.