• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Ұстаз 05 Қазан, 2024

Бастауыш сыныптың ағайы

208 рет
көрсетілді

Елімізде орта білім беретін мектепте 400 мыңдай педагог жұмыс істесе, соның 19 пайызы ғана ер-азамат. Сарапшылар «Мектепке ағайлар ауадай қажет» деп дабыл қаққалы қашан. Ал бастауыш сыныптағы педагогтер арасынан Ыбырай Алтынсариннің ізбасарын кездестіру тіпті қиын. Бірақ Астанада жас өскінге қалам ұстатып, партаға қалай отырудан бастап үйрететін ағай бар. Оның аты-жөні – Бекболат Уәли.

Жан-жағына таңырқай қарап, жүрек­сіне мектеп табалдырығын аттаған бала­ның алдынан ағайдың шыққаны да біртүрлі сияқты көріне ме? Жоқ. Еш­қандай да біртүрлі емес екен. Бұған Мұқағали Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназияға барғанда көзіміз анық жетті. Мектеп табалдырығын енді ғана аттаған отыз үйдің еркесін тәртіпке бағындырып, тәрбие мен білімді қатар беріп жатқан мұғалімді көргенде әжептәуір әсерленіп қалдық. «Әліппедегі» әріптерді ойын арқылы оқытып, кейін сұрақ қойып, оған оқушылар жамырай жауап беріп жатты. Не керек, балалардың білімге деген құлшынысы тілінен де, түрінен де көрініп-ақ тұр.

«Мектепте жүргенде-ақ мұғалім болсам деп армандайтынмын. Бірақ бас­тауыш сыныпқа сабақ беремін деп ойлаған жоқпын. 2003 жылы Қостанай педагогикалық колледжіне құжат тапсырар сәтте осы мамандықты таңдадым. Шекспирдің әйгілі сөзі бар ғой, «Кітап маған тақтан да қымбат» деген. Сол секілді жұмысымды ешқандай қызметке айырбастағым келмейді. Өз ісіңді ұнатсаң, оның қиыншылығы да қызық болып көрінеді емес пе? Он сегіз жылдан бері бас­тауыш сыныпқа жетекшілік етіп келемін. Шәкірттерімнің алдыңғы толқыны университет тәмамдап, отбасылы болып үлгерді. Олардың әр жетістігі – менің қуанышым», дейді Бекболат ағай.

Иә, тарыдай болып кірген жерден интеллектуалдық тұрғыдан таудай болып шығу жолында бірінші сыныптың үлес салмағы зор. Осы уақыт аралығында оқушы өзі байқап үлгермейтін бірнеше жетістікке жетеді. Сөйтіп, әр жыл сайын шыңдалып, қалыптаса келіп, он бір жылдан соң қанаттанып, алтын ұя мектебімен қоштасады. Сондықтан «білімнің негізі – бастауышта» деген ақиқат сөз.

Жүрек қалауын тауып, жұмысын «мамандықтың төресі» деп бағалайтын Бекболат ағай еңбек жолын Қостанай облысында бастапты. Кейін елордаға қызмет ауыстырған. «Тобымыздағы қырық қыздың ортасында тек екі жігіт болдық. Екінші жігіт қазір басқа салада еңбек етеді. Ер-азаматтар көбіне баста­­уыш сыныптың қиыншылығынан қашады. Өйткені әр баланы таңертең күтіп алып, сабақты ыждағаттылықпен оқытып, түсте киіндіріп шығарып салу расында оңай емес. Қарапайым қағидалармен бірге білім мен тәрбиені қатар меңгерту нағыз шеберлікті талап етеді», дейді Б.Мейрамұлы.

Оқушылардың еліктеп, үлгі етер тұлғасы – қашанда мұғалім. Олар ұста­зы­­ның бүкіл іс-қимылына, жүріс-тұ­ры­сына, сөйлеу мәнеріне, адаммен қарым-қатынасына еліктейді. Сондықтан жауапкершілігі мол, рухани дүниесі бай педагогтер ғана баланың жан дүниесіне әсер ете алады. Үзіліс кезінде «Әліппесін» құшақтаған оқушылармен әңгімелесіп, олардың да ойын білдік. «Балабақша да жақсы, мектеп те қызық. Бүгін біз «С» дыбысын үйрендік. «Сызғыш» деген сөз екі буынға бөлінеді. Өскенде мұғалім боламын. Ал біздің ағай тамаша», дейді балалар.

«Бастауыш сынып мұғалімі – ең жауапты, қиын да қызықты мамандықтың бірі. Оған әркімнің жүрегі дауаламайды. Ал енді осы салаға өзінің құлшынысымен келген Бекболат Мейрамұлының ең­бегі мақтауға тұрарлық. Балаларды ұйымдастыруы, құндылыққа негізделген сабақ өткізу әдісі бізді ерекше тәнті етті. «Балаларымыздың ер мұғалімнен сабақ үйренгені қандай жақсы», деп ата-аналар да қуаныштарын жасырмады. Өйткені қазір баланы үйде де, балабақшада да, мектепте де әйелдер тәрбиелейді. Сондықтан тұлымдары желбіреп, жүректері лүпілдеп, білім ордасын енді аттаған балақайларға ер-азаматтың әріп танытып, қалам ұстатып, көркем жазуға баулығаны өте маңызды», дейді мектеп директорының орынбасары Лена Омарханова.