Бүгін Қазақстанның таяу және алыс болашағы үшін өте маңызды күн. Республика халқы әлемдік ғылымның авангарды – атом энергетикасы жайлы таңдауын сарапқа салып жатыр.
Энергетикада диспетчерленетін қуат көзі деген термин бар екен. Мұны мен ойдан шығарған жоқпын, күні кеше атом саласының білгірі Мұхтар Жәкішевтің сұхбатынан естідім. Яғни, бұл көпшілікке түсінікті тілмен айтқанда тұрақты тоқ көзі.
Мысалы, бізде күн шақырайып, жел соғып тұратын өңірлер бар. Бірақ олар жыл он екі ай тұрақты емес. Бір сағатқа жел соқпай немесе күн бұлтты болып қалса, энергожүйе түгел тоқтайды. Әрине, біз көшедегі шамдарды, не қырдағы бірер үйді жарықпен қамтитын шағын қондырғылар туралы айтып тұрған жоқпыз. Олар базарда тұр, ешқандай проблема жоқ, ал да қолдана бер. Сосын бізде баламалы энергия көздерін қатар дамытуға тыйым жоқ қой. Жел қалағы да, күн панельдері де істеп тұр бірқатар жерде.
Бұл жердегі әңгіме өзегі – тұтас қалаларды, ірі өндіріс ошақтарын, әлеуметтік нысандарды үздіксіз мол қуатпен қамту жөнінде. Осы жерде ешқандай ішкі, сыртқы табиғи факторларға тәуелсіз АЭС-тің рөлі алдыңғы қатарға шыға келеді.
«Біз ұнатсақ та, ұнатпасақ та, қоршаған ортаға зиянды көмірқышқыл зат шығармайтын жалғыз «жасыл энергия» көзі – АЭС. Қалай десек те, адамзат баласы атом энергиясынан болашақта бас тартпайды». Бұл Тоқтардың пікірі емес, Мұхтардың пікірі.
Халық арасында кеңінен талқыланып жүрген газдан, көмірден қуат өндіруге келетін болсақ, бұлар да қоры жағынан шектеулі. Мұхтар Еркінұлының айтуынша, газ генерациясының «ғұмыры» әрі кетсе 20 жыл көрінеді. Көмірдікі де тым көп емес, әрі экологияға өте зиянды. Ендеше, күні ертең таусылатын қазба байлыққа келешегімізді қалай байлап қойып, қамсыз отырамыз?!
Бір сөзбен айтқанда, қаласақ та, қаламасақ та әлемнің экономикалық дамыған елдері бағыт ұстаған атом энергетикасына Қазақстан бір күні бәрібір бет бұруы тиіс болады. Ендеше ерте күнді кеш қылудың жөні жоқ. Менің таңдауым осы.
Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ,
Батыс Қазақстан облыстық «Приуралье» газетінің редакторы