«Педагог-шебер» Санат Мұсатай елімізде нақты пәндерді оқытуда көш басында тұрған, жарты ғасырдан астам тарихы бар О.Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебінде физика пәнінен сабақ береді. Физика бойынша олимпиадалық резерв командасының жаттықтырушысы.
Санат Сағатұлы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде физика магистрі дәрежесін алған. «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері», 5-ші және 6-шы халықаралық математика, физика және информатика мұғалімдері конкурсының жаттықтырушылар лигасының алтын медаль иегері. РФММ олимпиадалық резерв бойынша 2020 жыл тренері және 2023 жыл мұғалімі. Білікті ұстаздың марапттар қоржыны мұнымен таусылмақ емес. Бұл – өз ісіне шынайы берілген нағыз маман еңбегінің жемісі.
«Физика-математика мектебінде оқу – өте үлкен жауапкершілік. Мұнда оқушыларға қойылатын талап та жоғары. Дегенмен оқушылардың барлығы дерлік олимпиадаға қатыса бермейді. Өйткені, бірі ғылыми жобалармен айналысса, енді бірі робототехникаға, бағдарламалауға қызығады. Сондықтан мектеп мұғалімдері әр баланың қабілетіне қарай бағыт-бағдар беріп отыруға тырысады, соның ішінде олимпиадаға қатысудың орны бөлек», дейді тәжірибелі ұстаз.
Санат Сағатұлы бала кезден физикаға қызығып өскенін айтады. Ал саланы таңдауына инженер-электрик болып жұмыс істеген әкесі Сағаттың ықпалы зор болды. «Білім және еңбек», «Юнный техник», «Моделист конструктор», «Радио» журналдарын көп оқитын әке ісінің балаға үлгі болғаны анық. Ойын баласы көбіне табиғатты, ондағы құбылыстарды түсінуге тырысты. Ал мектепте, жоғары оқу орындарында алған білімі Санат Сағатұлының физика ғылымын терең тануына жол ашты. Білікті ұстаздары көрсеткен білім жолы адастырмады. Бүгінде өзі де осы жолда білімді ұрпақ тәрбиелеу ісіне белсене атсалысып келеді. «Физика күнделікті өмірде немесе табиғатта кездесетін қандай да бір мәселені қозғайды десек, оны тереңірек әрі дұрыс түсіну үшін оқушыларыма тақырыптық есептерді көбірек шығартуға, тәжірибеде көрсетуге тырысамын», дейді ол.
Санат Сағатұлының оқушылары жыл сайын физика пәнінен республикалық, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаз, жүлдегері атанып жүр. Олардың қатарында Халықаралық физика олимпиадасында (IPhO) РФММ оқушылары Нұрислам Тұрсынбек 2013 жылы күміс медаль иеленсе, келер жылы алтын медаль еншілеген, ал Марғұлан Нұрсағатов 2024 жылы күміс медаль иегері атанды. Биыл қаңтар айында өткен Халықаралық Жәутіков олимпиадасында 16 елден қатысқан 670 оқушының 194-і физика пәні бойынша сайысқа түссе, соның ішінде РФММ оқушылары физика пәні бойынша 1 алтын, 1 күміс, 6 қола медальға ие болды. Осы жылғы республикалық оқушылар олимпиадасының ақтық кезеңіне физикадан 10 оқушы жолдама алып, оның бесеуі алтын, біреуі күміс, төртеуі қола медаль және біреуі мақтау қағазына қол жеткізді. РФММ оқушылары олимпиадада ең көп медаль алып, мектеп республика бойынша 1-орынды еншіледі.
Санат Сағатұлының айтуынша, олимпиадаға дайындалатындарға жоғарғы курс физикасын меңгеруге тура келеді. «Оқушыларымыз физикамен бірге, жоғары курс математикасының кейбір тарауларын да қоса оқиды. Жоғары дайындықтан өткен олардың пәндік білімі ғылыми жобаларға қатысатын оқушылармен, тіпті университет студенттерімен салыстырғанда әлдеқайда озық деп мақтануға болады. Халықаралық олимпиадаларда жоғары көрсеткішке ие болып жүрген оқушыларымыз – мектептің де, ұстаздардың да мәртебесі», дейді Санат Сағатұлы.
Сапалы білім беруде заманауи техника мен технологияларды қолдану аясын кеңейту, мұғалімдерге өз пәнін оқытуда еркіндік, шығармашылық әдістерді қолдануға мүмкіндік беру де уақыт талабынан туындап отыр. Ұстаздардың айлық мөлшерін көбейту – дарынды, білімді жастардың мұғалім мамандығын таңдауына және ойы озық, заманауи технологияларды меңгерген жас ұстаздардың көбеюіне ықпал етері анық.
АЛМАТЫ