Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда, елімізде қала тұрғындарының көбеюі, яғни урбандалу үдерісі одан әрі жалғасып жатыр. Бірінші жартыжылдықта халқымыздың санындағы қалалықтардың үлесі 62,7 пайызға дейін артты, ал ауылдағы ағайынның қатары 37,3 пайызға дейін селдіреді.
Тұрғындары қалаға үдере көшкен талай ауылдың түтіні өшіп жатқаны бүгінде үйреншікті жағдай болып кетті. Ауылдық аумақтарды дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданған кезде елімізде 7 660 ауылдық елді мекен болса, арада өткен 20 жыл ішінде олардың саны 6 256-ға дейін азайды. Жыл сайын орта есеппен 70 ауыл жабылды. Бұл үрдіс биыл да үдеп тұр: 6 айда 48 ауыл атауы ел картасынан алынып тасталды.
Бір назар аударарлық жайт – айдың-күннің аманында оты сөніп, ойраны шыққан ауылдар демографиялық жағдайы жылдан-жылға нашарлап бара жатқан солтүстік және шығыс өңірлерде ғана емес, халық біршама тығыз қоныстанған аймақтарда да бар. Былтырдан бері Түркістан облысында – 26 ауыл, Қостанай облысында – 25 ауыл, Алматы облысында – 12 ауыл, Қарағанды облысында – 7 ауыл, Шығыс Қазақстан облысында – 6 ауыл, Абай облысында – 5 ауыл, Ақтөбе облысында – 3 ауыл, Батыс Қазақстан облысында 3 ауыл жойылды.
Урбандалу кез келген елдің экономикалық дамуы үшін маңызды құбылыс болып саналады. Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің мәліметіне қарағанда, дүние жүзіндегі ең дамыған әрі жерінің аумағы үлкен Америка Құрама Штаттары, Канада, Аустралия мемлекеттерінің урбандалу деңгейі 80 пайыздан асқан. Ал еліміз бағдар тұтып отырған Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттердің орташа көрсеткіші 77 пайызға жеткен. Көршілес Ресейдің урбандалу деңгейі – 74,6 пайыз, Қытайдікі – 60,3 пайыз, Өзбекстандікі – 50,4 пайыз, Қырғызстандікі 36,6 пайыз болыпты.
БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің бағалауы бойынша 2050 жылға қарай Қазақстанның урбандалу деңгейі 69,1 пайызға дейін көтеріліп, еліміздің әр 10 тұрғынының жетеуі қалада тұратын болады. Осы көрсеткіш табыс деңгейі жоғары елдерде 88,4 пайызға жетеді, ал кедей елдерде 50,2 пайыз ғана болады деп болжанып отыр. Әлемдегі орташа көрсеткіш – 68,4 пайызға, Орталық Азияда 66,2 пайызға дейін өспек.
Әлемдегі тоғызыншы аумақ саналатын байтақ еліміздің ерекшелігі – өңірлердің урбандалуы деңгейінің әркелкілігі. Бұл ретте өнеркәсібі өркен жайған Қарағанды (81,6 пайыз), Ұлытау (79 пайыз), Ақтөбе (74,9 пайыз), Павлодар (70,7 пайыз), Шығыс Қазақстан (66,6 пайыз) облыстары көш бастап тұр. Республиканың орташа көрсеткішіне (62,7 пайыз) Қостанай (62,4 пайыз), Абай (61,3 пайыз), Батыс Қазақстан (56,5 пайыз), Ақмола (56,4 пайыз), Атырау (55,4 пайыз), Солтүстік Қазақстан (48,9 пайыз), Қызылорда (46,9 пайыз), Маңғыстау (45,5 пайыз), Жетісу (44,6 пайыз), Жамбыл (43,4) облыстары әлі жеткен жоқ. Ал Алматы (16,2 пайыз) және Түркістан (24,7 пайыз) облыстарында қала халқының саны мүлдем аз.
Бірақ жоғарыда келтірілген статистикалық деректер еліміздегі урбандалу үдерісінің шынайы жағдайын айнытпай бейнелейді деп айту қиын. Себебі «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңға сәйкес, аудандық маңызы бар қалаларға, яғни шағын қалаларға өз аумағында өнеркәсiп орындары, коммуналдық шаруашылық, мемлекеттiк тұрғын үй қоры, оқу және мәдени-ағарту, емдеу мен сауда объектiлерiнiң дамыған желісi бар, халқының саны кемiнде 10 мың адам болатын елдi мекендер жатады. Шынтуайтында, қазір өңірлердегі 11 шағын қаланың тұрғындарының саны 10 мыңға жетпейді. Солардың ішінде, әсіресе Ақтөбе облысындағы Темір қаласының демографиялық тұрғыдан болашағы бұлыңғыр сияқты. Өйткені бұл шаһар халқының саны жылдан-жылға азайып, биыл небәрі 2 209 тұрғыны қалған. Сондай-ақ Ақмола облысындағы Степняк (4 130 тұрғын) және Державинск (6 848 тұрғын) қалаларының, Маңғыстау облысындағы Форт-Шевченко қаласының (8 780 тұрғын), Қызылорда облысындағы Қазалы қаласының (7 457 тұрғын), Солтүстік Қазақстан облысындағы Мамлютка (6 948 тұрғын), Булаево (8 547 тұрғын) және Сергеевка (8 118 тұрғын) қалаларының, Қарағанды облысындағы Қарқаралы қаласының (9 132 тұрғын), Абай облысындағы Шар қаласының (6 412 тұрғын) және Шығыс Қазақстан облысындағы Серебрянск (8 444 тұрғын) қалаларының қолданыстағы заңнамада көрсетілген өлшемшарт деңгейіне қашан жететіні белгісіз. Сондықтан да алдағы уақытта олардың бірнешеуінің мәртебесі өзгертіліп, ауылдық елді мекендерге айналдырылуы мүмкін. Есесіне тұрғындарының саны 10 мыңнан әлдеқашан асып кеткен әрі қала деп атауға әбден лайық ауылдар бар. Бір ғана Түркістан облысында олардың саны 50 шақты болып шықты. Қазіргі таңда республика бойынша 17 ауылға қала мәртебесін беру мәселесі көтеріліп отыр. Олардың ішінде Маңғыстау облысындағы Бейнеу (54 мың тұрғын), Түркістан облысындағы Қарабұлақ (50 мың тұрғын), Алматы облысындағы Ұзынағаш (47 мың тұрғын) сияқты ірі ауылдық елді мекендер бар.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына еліміздегі 6 256 ауылдың 3 500-і ғана даму әлеуеті бар тірек және серіктес ауылдық елді мекендер ретінде енгізілгені белгілі. Бұл урбандалу үдерісі алдағы уақытта да тоқтамай, шын мәнінде, «келешегі жоқ» деп танылған талай ауыл түбінде тарап тынатынын аңғартады. Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында 2027 жылға қарай елімізде 5,9 мың ауылдық елді мекен қалады, ал ауыл халқының саны 7,7 млн адам деңгейінде тұрақталады деп болжанғаны – соның айғағы.
Осы орайда ойланарлық мәселе бар. Бұл табиғи өсімі жоқ әрі көші-қон сальдосы теріс болғандықтан, тұрғындарының саны жылдан-жылға азайып, демографиялық жағдайы ерекше алаңдатып отырған Солтүстік Қазақстан облысына қатысты. Қазір бұл өңірдегі 635 ауылдың 307-сі ғана «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша дамытылып жатыр. Сөйтіп, бағы жанған елді мекендерге жергілікті ауыл тұрғындарының 87 пайызы тиесілі екенін ескерсек, қалған 328 ауылдың көпшілігінің тағдыры қыл үстінде тұрғаны анық. Өкінішке қарай, олардың ішінде 60-70 үйі ғана қалғанымен, әзірге орта мектебі жабылмаған қазақ ауылдары да бар. Мысалы, облыс орталығынан шалғайдағы Жамбыл ауданының Айымжан және Жаңажол ауылдары кезінде «Халық театры» атағын алған өнер ұжымдарымен аты шыққан іргелі елді мекендер еді. Осы маңайдағы өзге қазақ ауылдарының әуелі білім ошағының оты сөніп, одан кейін өздерінің де түтіні біржола өшіп жатқанымен, бұл екі ауылдың орта мектептері әзірге жұмыс істеп тұр. Тек әртүрлі себеппен оқушыларының саны жылдан-жылға азайып барады.
Ұлттық мүдде тұрғысынан пайымдап қарасақ, елдің шетінде, желдің өтінде орналасқан Қызылжар өңіріндегі жалпы білім беру ұйымдары әзірге жұмыс істеп тұрған Айымжан мен Жаңажол сияқты қазақ ауылдарын «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына кіргізіп, оларды урбандалу құрбандығына шалмай, аман сақтап, мемлекеттік қолдау шаралары арқылы дамытқан жөн болар еді. Әйтпесе, уақыт өте келе теріскейдегі талай ауданнан ана тіліміз бен ата салт-дәстүріміздің, ұлттық өнеріміз бен мәдениетіміздің қаймағы бұзылмаған бірде-бір қазақ ауылын – нағыз ел бесігін таппай қалуымыз ғажап емес.