• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Поэзия 09 Қазан, 2024

Тағдырлы жырдың тамыры

223 рет
көрсетілді

Мезгілдің тосын мінезін тосырқамай қарсы алып, жылдардың аптабы мен ақпа­нына қасқая қарап, даласынан даралық, тауынан даналық іздеген, тұтас ғұмы­рын кіндігімен байланған қазақ жұртының тағдырына түйіндеген тұ­ғы­рлы тұлға, көрнекті ақын, қабырғалы қайраткер Нұрлан Оразалиннің өлең­баяны мен өмірбаянының арасында көңілге көктемдей нұр құятын бір көзге көрі­не бермес, жібек жіптей есілген қасиетті байланыс бар. Оның тұтас шы­ғар­ма­шылығын зерделесең, «аттың жалы, түйенің қомында» андағайлап ат­қа қон­ған батырлар, алмас тілді ақындар, сөз бастаған шешендер, қол бас­та­­ған көсемдер көз алдыңда елес беріп, жұлдызың жарқырап, жаның жадырап жүре береді.

Қайраткер ақын Нұрлан Оразалин­­ді қазақ оқырманы, қазақ қоғамы танығалы да жылдар жылжыды, айлар ауысты, күндер қыр асты. Талай су ақты, талай құм көшті. Уақыт пен Кеңістік атты ұлы өлшемдердің жазирасынан Нұрлан өлеңінің ақ пырағын айнымай танисың.

«Беу, Құдірет!

Әу бастан Сөз қалап ем,

Боз ат мініп өтейін боз даламен.

Маған егер қонғаның рас болса,

Оян!

Сілкін!

Кеудеде қозғал, өлең!..» деп, маржандай тізіліп, төгіліп түскен, от пен суға қатар сүңгіп, сезім мен ойдың шуағына қатар көмілген, осыдан қырық бес жылдай бұрынырақта жазылған мына өлең осы сөзіміздің айғағы!

Оның алтын жалына түнде айдың жарығы, күндіз күннің сәулесі түсіп, ел-жұртымен етене болып кеткен. Тағылым мен таным – ақынның асар асуын, бел-белесін, қия-шыңын айқындап, даңғы­лын даралап, соқпағын саралап берген.

Қоғамдық формациялар алмасып, дәуір диір­мені сан асылымызды електен өткізіп жатқан тұста Нұрлан ақын «Адамзатқа аманат», «Құралай­дың сал­қыны», «Ғасырмен қоштасу», «Жан­ның дауысы», «Санадағы сарын» сияқты жыр кітаптарын бірінен соң бірін жариялап, Рухтың шамын жағып, егемен елдің есті сөзін айтты. Тірі өлең, жаңа сөз айтудың үлгісін көрсетті.

Поэзия – көркемдік көрігіне шың­дал­ған сыңғыры сұлу, сыры тылсым сөз өнері. Ол – көңілдің ерке толқыны, жан-жүректің жаңғырығы, тереңнің тербелген сыры. Әсемдік пен сұлулық атты қасиеттердің балама атауы. Сонау «Ерте көктем», «Сырнайлы шақ», «Сырғалы түн», «Беймаза көңіл» сияқты алғашқы жыр жинақтарынан бастап, қасиетті қазақ жырының шуағы мол нұрлы беттеріне, құрығы қалың сырлы тарауларына айнал­ған Нұрлан ақынның музасындағы арайлы айшығы, өрнекті өрнегі, машығы мен мәнері қалың ел, қара орман жұрттың талғам таразысына түскеніне де алпыс жылға жуықтапты.

Ақынның он томдық шығармаларына жазыл­ған алғысөзде көрнекті сыншы, академик Серік Қирабаев: «Нұрлан Оразалиннің шығармаларында лири­калық сезім мен драмалық тартыстан туған өмір философиясы сыр шертеді. Тек ой мен сезімнің арпалысы емес, жүрек пен жанның үндестігі, үйле­сімі сезіледі... Мұндай өлең жазу үшін ақын­ға талантпен қоса үлкен білім, биік парасат, өмір көріністерін байқағыштық пен оны терең талдай білу өнері керек. Өмір фи­ло­­­со­фиясы өлеңге осылай кіреді», деп жазады.

Осы жерде Жүсіпбек Аймауы­тұлы­ның: «Күшті ақын – әлеуметінің тіл қамшысы, сайламаса да табиғатымен сайланып шығарылған уәкілі, мұңын, зарын айтқызатын елшісі. Өз әлеуетін, өз табын ілгері сүйреуге, көтермелеуге, демеу­ге күшті ақындардың әсері тиген, әлі де ти­мекші», деген орамды ойлары еске түседі.

90-жылдардың ортасынан ауа ақын Нұрлан Оразалиннің «Атамұра» бас­пасынан «Құралайдың салқыны» атты өлеңдер мен поэмалар жинағы жарық көрді. Қанаттас, қаламдас ағаның елу деген елсізге еру қонған тұсы еді. Бұл жинақ – ұлттық поэзиямызға сөзсіз олжа салған талантты жырлардан тұратын өрісті көркем әлем. «Құралайдың салқынын» оқып отырып, өз басым кіл қаракөктің тұқымынан үйір айдағандай әсерде болып ем.

«Заман – сұрақ...

Далам – сұрақ...

Сұрақтардан түңілем,

Түңілем де өз кеудеме үңілем.

Өз мұңымды салыстырам өзгенің

өзекті өртер мұңымен...», деп басталатын, соқтасы тереңде жатқан осынау тағдырлы жырдың, көріп отырсыздар, жазылған кезі өткен ғасырдың өрті шапшып тұрған тоқсаныншы жыл. Әлем от оранып, төрткүл ғалам ыдыраған алып империяның орнында пайда болған тәуелсіз елдерді көкпарға сала бастаған күдігі мен күмәні қалың кез. Тағдыры тәлкекке айнала бастаған ордалы жұрттың бірі – Ұлы дала. Алаштың ұлы жұрты! Қазақтың ұлы мекені! Күні кеше ғана идео­логияшыл қоғамның сызып берген жолымен өнер жасап, өлең жазып үйренген елдің әдебиеті мен мәдениеті ғана емес, күллі қазақ елі белгісіз, беймәлім дәуірдің арбауы мен алдауына түскен тұсы. Жағасы жыртылып, жал-құйрығы қырқылып, панасыз қалған ауылдардың базар жағалап, күнкөріс іздеп, даладан қалаға ауған кезін қалай ұмытамыз? Екі ғасыр тоғысындағы осы бір өмір, заман ақиқатын Нұрлан ақын алғашқылардың бірі, бірегейі боп, өрті мен дерті қалың сұрапыл жырлар жазғаны жадымызда.

«Заман қашып барады, заман қашып,

әлдекімге бұрылып, амандасып;

әлдекімнің көзіне жас үйіріп,

жетегінде барады адам қашып...» – дейтін өлеңді оқып отырып, кезең, дәуір шындығын сезінбеу мүмкін емес еді.

«Көз алдымда – қураған іңкәр қайың,

көкірегім – жаралы сұңқардайын;

Заман қашып барады арпалысып,

шабандозы құлаған тұлпардайын...» (қыркүйек, 1992 ж.)

Мұндай Уақыттың удай ащы ақиқаты тудырған дәуірлік өлеңдер «Құра­лайдың сал­қы­ны» атты жыр кітабы­ның алтын өзегі еді.

«Ғарыш мінезді жырлар» атты осы кітабына жазған алғысөзінде заңғар жазушы Шыңғыс Айтматов: «Ақын қуанса шын қуанып, мұңайса шын мұңаяды. Оның бір жырдан екінші жырға көшіп отыратын лирикалық кейіпкерінің жан дүниесіндегі толғаныстар адамзат кеңістігіне көтеріледі. Ол аспанмен тілдессе де, жермен сырласса да, бір қызығы, сені етбауыр туысыңмен сөйлестіргендей, тілдестіргендей ерекше бір халге бөлейді», деп жүрекжарды сөзін айтыпты. Ақын көңілі аласапыран. Сезімнің серісі дегенімізбен, шын ақын – үлкен парасаттың иесі. Өзінің бойындағы жалқылық ойды жалпылық биікке көтере алғанда ғана ақын ірі болады. Абайдың тілімен айтқанда, «толық адам» болады. «Толық адам» ғана өз заманының толғақты сөзін айтып, толайым жырын жаратады.

«Құралайдың салқыны» – Нұрлан ақынның шығармашылықтың өрісін, биік белесін ғана танытар соны жырлардың топтама жинағы емес, дәуір тынысын кең толғаған, шынайы көркем поэзия­ның кемел әлемі. Кезінде біртуар ақын Тұманбай Молдағалиев: «Қолымдағы «Құралай­дың салқыны» деп аталатын қомақты кітабының ішінен үлкен ақынның ғана қолынан шығатын сүбелі, сүйкімді, терең тегеурінді жырларға көзім қуанды, көңілім толды...», деп жазғаны есімізде.

Жалпы, Нұрлан ақынның жырлары – мета­форалық тың бояуларға бай, көркем­сөз­дің өрті мен сертіне оранған, тамырын тереңнен тартар, ұлттық нақыш пен жал­пы­адамзаттық сарындарға негіз­делген поэ­зия.

Нұрлан Оразалиннің сойы бөлек, болмысы ерек, кесек туындыларының бірегейі – «Қарақазан ғасыр» драмалық дастаны. Көк аспан мен қара жер арасындағы уақыт атты ұлы кеңістік үшін қас-қағым сәт-айналасы 50-60 жыл ішіндегі бір әулеттің қасірет мұңын бейнелеу арқылы замана зауалдарын терең суреттейді. Ана мен ұлдың диалогі арқылы берілетін бөлімдерден бастап оқырман сезімін шарпыстырып, бірде күйіндіріп, бірде мұңайтады. Ақын кейде абыз болып толғап, рух болып тіл қатады. Шығарманың шынайылығы сонша, сол оқиғалардың ортасында өзің жүргендей әсерде боласың.

Поэзия – мәңгі жас жанр. Оның нәзік те құдіретті қасиеті арқылы оқушы көңіліне жапырақтың дірілі, бұлақтың сылдыры, күннің нұры, құстың үні құйылып жатады.

«Ертегідей ерте көктем,

Жүрегімді өртеп өткен.

Атам маған аңыз айтып

Өмірімді ертегі еткен.

 

Ертегідей ерте көктем...

Жүрегімді өртеп өткен.

Тәңіртауды жырға бөлеп

Сезім қылып шертеді еппен», дейді ақын.

Аспандай айдынды, қауырсындай жеңіл жолдар. Жиырмадан жаңа асқан бозбаланың бозала таңдағы бозторғай жыры. Әдемі емес пе?

Сол кездің жырқұмар қыз-жігіт­тері үлкенді-кішілі залдарда, студент­тік ауди­торияларда жиі оқылатын жас ақын Нұрлан Оразалиннің «Хали Гали», «Түнгі ырғақтар», «Жиырма жасым келеді...», «Түсін мені», «Теңселіп тұр түнгі аспан...», «Кетемін ертең» атты алғаусыз сезім, ақ махаббатқа толы жырларын әлі күнге сағынышпен еске алады. Қызыл-жасылы мол, өмірдің айдынынан ақ бұлақтай алқынған, аппақ шыңға талпынған тұмадай тұнық өлеңдер, сұлу сезімдер көркемдіктің көрігіне суарылған жырлар.

Өлең – өзгерген өмірдің айнасы. Осы бір «жазусыз қағидаға» бағынған мінезді Нұрлан ақынның уақыт, замана тынысын айғақтар жырларынан анық аңғарамыз.

«Жетінші құрылық», «Адамзатқа аманат», «Ғасырмен қоштасу», «Сана­дағы сарын» жинақ­­­тарының аты айтып тұр­ған­дай, ғасырлар қойнауы­нан көш-ке­руе­н тартып, тамырын тылсымға жібе­ріп, қазақ жырының жаңа тынысын ашқан, бүгінгінің бүтін сөзін айтқан жыр кітаптары.

Осыдан қырық жылға жуық уақыт бұрын жазыл­ған «Талбесік» дастанында ақын:

«Жарысуда Дүние – екі бөлек,

Санам екі бөлек,

Әнім екі бөлек,

Шамам екі бөлек,

Жаным екі бөлек...

Тығылады запыран өтіме кеп...

Талбесікте тербелген бүтін тірлік...

Қалай?

Қайтіп?

Бірі қап...

Біреуі шетінемек?!

Ақылыма сыймайды...

Мүмкін емес!

Өте шығар Тіршілік...

Бір күн елес!..» деп толғанады. Ақынның жан дауысы деген осы болар. Кеңістік пен уақыт, адам мен қоғам, махаббат пен парасат арасынан ақын өз сөзін айтып, өз биігін іздейді. «...Адам өмірі Бодлер жазған өлеңнің бір жолына татымайды», дейді Аку­та­гава Рюноскэ. Шын поэзияның мәңгілігін айт­қысы келді ме екен? «...Өмірге мынау өле бір ға­шық болмасаң, өлең де, жыр да болмас ән», дейді Нұр­лан ақын.

Тұтас алғанда байыпты да, байсалды, сүбелі де, сүйкімді, тылсымы көп тұнық жырлар көші көңілді көншітеді, көзді қуантады.

«...Бойыма үңіл – өрді көресің,

Шалғыны қалың келіскен.

Ойыма үңіл – төрді көресің,

Төрді көресің, Періштем!

 

Қаныма бойла – отты көресің,

жүрегім ыстық, өріс кең:

Жаныма бойла – көкті көресің,

Көкті көресің, Періштем!» дейді ақын.

Бұл – ғаламдық өре биігінен айтылған сөз, бұл – қазақ өлеңінің қасиетті беттері. Ұлы Абайдың «Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі», дейтіні осындайдан шығар!

Көрнекті ақын, Мем­лекеттік сый­лық­тың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат», І, ІІІ дәрежелі «Барыс» орден­дерінің иегері, Алматы қаласы және Алматы облысының құрметті азаматы Нұрлан Мырқасымұлы шығар­машылығы, қайраткерлігі туралы айтылар сөз аз емес. Оның ондаған драмалық шығармалары республика ­театрларында үздіксіз қойылып келеді.

Оразалин шығармашылығы мен қайраткерлік қарымының жарқырап көзге түскен тұсы – Тәуелсіздік кезеңі. Ақын үшін бұл уақыт – жалаң ұран емес, құрандай қасиетті ұғымдарды жан-жүрегімен арқалаған сынның, халық тағдыры таразыға түскен тарихи жауапкершілік белесі болды. Реті келген соң, үлкеніміз де, кішіміз де іштей мойындаған бір шындықты айтқым келеді. Нұрлан Оразалин – қос ғасыр тоғысындағы тарихи катаклизмдер мен өтпелі дәуірдің сын-сағаттары шыңдаған көрнекті ақын, қарымды қайраткер, осы кезеңдегі қазақ қоғамына есімі барынша кең танылған тұлға. Бұл – уақыт дәлелдеген шындық.

Мен бұл сөзді дарынды ақынның, қайраткер басшының әрі қызметтес, әрі шығармашылық ұстанымы жарасқан қаламдас інісі ретінде айтып отыр­мын. Өйткені біз осы жылдарда төраға Ораза­­линмен қарашаңырақ қаламгерлер ұйы­мының ыстығын да, суығын да қатар жүріп бірге көрдік. Жасыратыны жоқ, тұрлаулы тарихтық еншісіне айналып бара жатқан қасиетті төріміздің Оразалин тізгінін ұстаған жиырма екі жылы оңай болған жоқ. Нұрлан ағамыздың осыған дейінгі үлкен өмір мектебінен өткені, Жоғарғы Кеңес пен Сенаттың депутаты болғаны, «Егемен Қазақстан» газетін басқарып, ұзақ жыл Жазушылар одағы тізгінін ұста­­ғаны, Мәскеу, Ыстанбұл, Вашингтон, Бейжің секілді әлем әдебиетінің ордалы төрлерімен байланыс орнатып, біраз халықаралық ұйымдарды басқар­ғаны қаламгерлер тұғырнамасының оң жолға түсуіне де, тұлғаның ұлт руханияты­ның алдың­ғы легінен көрінуіне де көп септігін тигізді. Ақын­дармен – ақынша, әкімдермен әкімше сөйлесу дейтін үлкен өнер екенін де осы жылдарда сезіндік. Сезін­гендіктен... Берік Шаханов, Иранбек Оразбаев, Смағұл Елубай, Сұлтанәлі Балғабаев, Талаптан Ахмет­­жан, Жұмабай Шаштайұлы, Маралтай Ыбыраев, Жанар­бек Әшімжан, Тұрысбек Сәукетаев секілді әріптестері төраға айналасына топтасып, ұйым мәрте­­бесін биіктету үшін тас-түйін жұмыс жүргіздік.

Қысқасы, сол береке, сол бірліктің арқасында тығырыққа тірелген ұйым бірте-бірте қайта біртұтастанды, қолды болған ғимараттары мен басылымдары одақтың өз иелігіне оралды...

Мінбердегі шешілер шешендігін, топ бастар көсемдігін, қайраткерлік қырлары туралы таратып айтсақ, сөзді ұзартып алармыз...

...Нұрлан Оразалин ағамыз жетпіске толған мерейлі тойында: «...Аспан­таудан күз ауса... қар бораған, Ақ толқыны аптық­қан Арман алаң... сол толқындар сыйлаған саған арна, Арғымағың алқын­бай аламанда, Мәре­сінен көмбенің қиып өтіп, Рухың­­ды тағы да биік етіп, Жанарынан жас пар­­лап барады әні, Жалқын сәуле жалт етіп қарағаны... Арғы­мағың жазады жыр қана­тын, Солай енді бұл өмір, Нұр­лан ақын! Аспан таудан күз ауса...»  деп толғаппын...

Содан бері де жеті-сегіз жылдың ақшаң­қан жазы мен алтын күзі өтті... Мен көштің бетін Сарыарқаға бұрып, Астанаға келдім. Ағамыз Алатауына арқасын сүйеп, Алматы дейтін Алаштың ұлы қаласында тұрып жатыр. Өмір... Қоғам... Заман... Ел туралы тереңнен толғар бетті сөзі мен текті мінезінен жаңылмайтын ой-толғауларын жиі оқимын. «Биіктік», «Кеңістік» дейтін қоғам, әдебиет, өнер, тұлғалар хақындағы екі бірдей мақалалар кітабы оқырман қолына тиді. Сәйгүлік жыры да бабында. «Күретамыр», «Жоғалған жұмақ», «Хақ тынысы» дейтін үш өлеңдер жинағы – тұяғымен жер тарпыған үш бірдей қанатты тұлпар-пырағы, бұйырса, оқыр­манына жол тартқалы тұр.

Тамырын тереңнен тартар тағдырлы жырды Тәңірі қолдасын дегім келеді сөз соңында.

 

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,

Абай атындағы ­Мемлекеттік сыйлықтың ­лауреаты