Үздік ғылыми журналдардағы жарияланымдар, еліміздегі үздік ғалымдардан дәріс алу, ең үлкен кітапхана, бай студенттік өмір, жайлы жатақхана, заманауи спорт орталығы, сонымен қатар белсенді нетворкинг – басқа да мүмкіндіктер Nazarbayev University (NU) студенттерін, әсіресе шағын қалалардан келген, Орталық Азиядағы ең үздік университетте оқуды кеше ғана армандаған студенттерді таңғалдырады.
Мәдениет Беспаев – Павлодар облысы Ертіс ауданы Қосағаш шағын аулының тумасы. Бала кезінен Мәдениет физикаға, ғарышқа қатысты барлық нәрсеге қызығатын: «Ғарыш туралы энциклопедия менің ғаламды зерттеуге деген сүйіспеншілігімді оятты. 7-сыныпта Павлодар қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне оқуға түсіп, оны үздік бітірдім. Емтихандарды сәтті тапсырып, NU-ға «Механикалық және аэроғарыштық инженер» мамандығына түстім. Осылайша, қызығушылығым мен хоббиіме толық сәйкес келетін мамандықты осы университеттен таптым. Сондай-ақ NU-ды таңдаудың негізгі себептерінің бірі оның жоғары мәртебесі әрі студенттеріне жеке және кәсіби өсуге беретін мүмкіндіктері болды», дейді студент.
М.Беспаев бакалавриат бітіргеннен кейін осы университетте магистратурада оқуын жалғастыруды ұйғарады. Ол NU-да алған білімі оның тамаша маман болуына септігін тигізетініне сенімді.
NU-ға үміткерлердің көпшілігі грант бойынша оқиды, олар үздік оқыса, стипендия да беріледі. NU-ға түсуге ауылдық квота жоқ, ауылдық талапкерлер тең шарттармен қабылданып, ең дарынды балалар еліміздің жетекші ЖОО-ға түседі.
NU студенттерге зерттеушілерге өте маңызды Q1 деңгейіндегі беделді ғылыми журналдарда жариялау мүмкіндігін береді. Студенттер ғылымдағы алғашқы қадамын профессорларымен бірге сенімді түрде жасайды, басқа университеттерде ондай мүмкіндік жоқ. Студенттер бірінші курстан бастап ғылыми жобаларға қатысып, үздік оқытушылардың жетекшілігімен тәжірибе, білім алады. Бұл зерттеу дағдыларын дамытуға, ғылымның әртүрлі саласын терең түсінуге көмектеседі. Студенттер халықаралық конференцияларға қатысып, атақты зерттеушілермен ынтымақтаса алады. 2023 жылы NU студенттері 300 ғылыми мақаланың авторы, олардың 64%-ы беделді Q1 журналдарында жарияланды. Бұл студенттер зерттеулерінің жоғары деңгейін, кәсіби қызметке дайындығын көрсетеді.
Мәдина Аманкелдинова Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласында өсіп, Зайсандағы Х.Мұстафина атындағы орта мектепті бітірген. Оған ең қиыны ағылшын тілін меңгеру еді, ал Мәдина өз бетімен дайындалды. Еңбекқорлығымен грантқа ие болып, қазір компьютерлік ғалымдар бағытында оқып жатыр. «Мен NU-ды таңдадым, өйткені елімізде осы жерде ғана халықаралық деңгейде білім ала алатынымды түсіндім, сонымен қатар мұнда шетелдің ең жарқын, ең өршіл жастары жиналған өте сапалы қоғамдастық бар».
Университет студенттерінің дарындылығын қолдауға, дамытуға, оларға білім алу мен өсуге бірегей мүмкіндік беруге ұмтылады. Аталған жоғары оқу орны әрбір ізденушінің студенттік өмірге қатысу арқылы әлеуетін толық ашатын қолайлы ортаны қамтамасыз етеді. Студенттік үкімет, спорт клубтары (олардың саны 80-нен асады), түрлі бастама студенттерге университет өміріне белсене араласып, көшбасшылық қабілеттерін дамытуға жағдай жасайды.
Университеттің басты мақсаты – өз түлектеріне еліміздің дамуына белсенді қатысуы үшін табысты мансапқа қажетті білім мен дағдыларды беру. Университетте Абай философиясына негізделген «Толық адам» тәрбие жұмысының тұжырымдамасында студенттердің бойында ізгілік, зерделілік, саналы күш-қуатты дамытудың маңыздылығы көрсетілген.
Құрылғаннан бері NU әртүрлі салада, соның ішінде инженерия, ғылым, гуманитарлық ғылымдар, медицина, бизнес, білім беру, мемлекеттік саясатта табысқа жеткен 10 000-нан аса студентті даярлады. Жұмыспен қамтылған түлектердің 90%-дан астамы еліміздің экономикалық, әлеуметтік дамуына өз үлесін қосып келеді.