• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Қазан, 2024

«Жасыл» бағдарламамыз Бакуде таныстырылды

74 рет
көрсетілді

Әзербайжанның Баку қаласындағы ADA университетінде «COP29 аясында ауыл шаруашылығы мен су ресурстарын басқарудағы тұрақтылық пен инновациялар» тақырыбында халықаралық симпозиум өтті. Айтулы іс-шараны Әзербайжан Үкіметімен бірлесіп Қазақстан, Мажарстан, Италия елшіліктері ұйымдастырды.

Қазақстанның Әзербай­жан­дағы елшісі Әлім Байел Қазақ­станда жүзеге асырылып жатқан климаттың өзгеруіне, экологиялық проблемаларға және су тапшылығына қатыс­ты ша­раларға тоқталды. Ол елі­міз­дің халықаралық климат­тық келісімдер бойынша міндетте­мелерін орындау бойынша жұ­мыс жүргізіп жатқанын әрі тұрақ­­ты даму мақсаттарының ұлттық күн тәр­тібінің құрамдас бөлігіне айналғанын атап өтті.

Осы тұрғыда Ә.Байел Қазақ­стан 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын нақты 15%-ға азайтуды, ал мүмкін болып жатса, мұны халықаралық қаржы институттарының елеулі қолдауымен 2030 жылға қарай 25%-ға азайтуды жоспарлап отырғанын айтты.

Сонымен қатар елші Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Каспий теңізінің экожүйесін әрі сүтқоректі­лерін, соның ішінде Каспий итбалығының тіршілік ету ортасын қорғау үшін ел тарихында тұңғыш қорғалатын теңіз табиғи аумағын құру жобасына ерекше тоқталды.

Дипломаттың айтуынша, еліміз­дің «жасыл» күн тәртібін ілгерілету жөніндегі ұстанымын Мемлекет басшысының 2026 жылы БҰҰ және халықаралық ұйымдардың қамқор­лығымен Қазақ­станда Аймақтық климат­тық саммитті өткізу туралы бас­тамасы да растайды.

«Сондай-ақ біз Орталық Азия үшін климаттың өзгеруі мен жасыл энергетика жөніндегі Жобалық кеңсені құрып жатырмыз, бұл ретте әріптестерімізді осы бастаманы қолдауға шақырамыз», деді Ә.Байел.

Конференцияға қатысушылар Қазақстанның Халықаралық Арал­ды құтқару қорындағы төраға­лығының басымдықтары тура­лы хабардар болды. Елшінің айтуын­ша, басымдықтар Орталық Азия ай­мағының экожүйелері мен бар­лық елдерінің мүдделері ескері­ле отырып жүзеге асырылады. Осы ретте дипломат Қазақ­станның өз күшімен Солтүстік Аралды құтқару ісінде едәуір жетіс­тікке қол жеткізгеніне назар аударды.

Бакуда өтетін БҰҰ-ның Кли­маттың өзгеруі жөніндегі негіз­демелік конвенциясы тараптары конференциясының 29-сессиясына (COP29) тоқталған Ә.Байел Қазақстан осы іс-шараны ұйымдастыру мәселесіне белсенді атсалысатынын айтты. Бұл ретте ол жиналғандарға детальдары алдағы COP29 саммитінде жарияланатын Орталық Азиядан Әзербайжан арқылы Еуропаға жасыл электр энергиясын экспорттау бойынша Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан арасындағы ірі бірлескен жоба туралы айтып берді.

Сондай-ақ симпозиумда Әзер­байжан Энергетика ми­нистрінің орынбасары Эльнур Сол­танов, Мажарстан елшісі Томаш Торма, Италия елшісі Лука ди Джанфранческо сөз сөйледі. Одан кейін ғалымдар мен мамандар су ресурстарын қорғау және климаттың өзгеруі мәселелері бойынша баяндамалар жасап, қажетті шараларды талқылады. Біздің елімізден «Жасыл Даму» АҚ-ның сарапшысы, география ғылымдарының докторы Александр Чередниченко баяндама жасады.