• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Ауыл 10 Қазан, 2024

Ауыл медицинасы жақсарып келеді

85 рет
көрсетілді

Өңірде денсаулық сақтау саласының 561 мекемесі бар. Саланың ахуалын жақсарту барысында қыруар жұмыс атқарылып жатыр. Соның ішінде ауылдық жердегі медицина мекемелерін жаңғыртуға, кадрмен қамтамасыз етуге жіті көңіл бөлініп отыр.

Ауыл медицинасының ахуалын жақсарту өте өзекті. Бұл ең алдымен ел адамдарының кір жуып, кіндік кескен топырағында түпкілікті тұрақтауына, елді мекендерді сақтап қалуға септігін тигізеді. Туған жерден үдере көшкен ағайыннан көшудің себеп-салдарын сұрасаңыз, алдымен айтары – ауыл медицинасының ахуалы. Әрине, жалғыз медицина ғана емес, жол, ауыз су, жұмыс орны тәрізді мәселелер де бар. Дегенмен, халқымыздың «бірінші байлық – денсаулық» деуі тегін емес. Басы ауырып, балтыры сыздағандар, зейнет жасына жетіп денсаулығын күйттегендер қолжетімді медицинаның шарапатын көргісі келеді.

Осы орайда ауыл меди­цина­сының ахуалын жақсартуға «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» қанатқақты ұлттық жобасы мен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының шарапаты тиіп отырғандығын айта кетуіміз керек. Өткен жылы жөндеу жұ­мысын қажет ететін 14 нысан­ға 2,2 миллиард теңге қаражат бөлінді. Оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ­­960 миллион теңге қарастырыл­­ған. Ойға алған шаруаның оңы­нан оңғарылғандығын нақты деректермен өрнектей кетелік. Төрт жоба сәтімен аяқталып, құ­рылысшылар қалағынан жаңа шыққандай жұтынған ғимараттар ел игілігіне пайдаланыла бастады. Сонымен қатар Целиноград ауданы Қоянды селосындағы медицина мекемесіне осы за­манғы медициналық құрал-жаб­дық сатып алынды. Атбасар ауданындағы Новосельское село­сындағы фельдшерлік-акушер­лік пункт абаттандырылды. Мұн­дай жұмыс Сочинское селосында да жүргізіліп жатыр. Біржан сал ауданының орталығы Степняк қаласындағы аудандық аурухана мен емханаға жөндеу жұмыс­тары жүргізілді. Алдағы уақыт­та Бұланды ауданындағы Возне­­сенка, Ерейментау ауданындағы Тор­­ғай елді мекендерінің медицина­лық мекемелерін жөндеуге жобалау-сметалық құжаттар дайындалып жатыр. Мұндай оң мысалдар қазір тіптен көп. Ауыл-аймақта жаңадан салынып жатқан фельдшерлік-акушерлік пункттер ауыл тұрғындарының үміт отын тұтатты.

Саланың серпін алуына «Ауылда денсаулық сақтауды жаң­ғырту» ұлттық жобасы сеп­тігін тигізіп отыр. Осы жоба аясында Атбасар қаласындағы аурухананың жансақтау бөліміне күрделі жөндеу жұмысын жасау қолға алынды. «Көкшетау 2015» серіктестігімен келісімшарт жасалып, 41,2 миллион теңгенің жөндеу жұмыстары басталып кетті. Қалалық аурухананың бас ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалау-сметалық құжаттары дайындалып жа­тыр. Биылғы жылы Атбасарда­ғы көпбейінді ауданаралық ауруханасына жалпы құны 1,3 миллиард теңге болатын 23 ме­дицина­лық құрал-жабдық сатып алу жос­парланып отыр. Степ­ногорск қаласындағы ден­саулық сақтау мекемесінің бір­неше блокта­­рын күрделі жөн­деуден өткізуге конкурс жария­ланды. Үстіміздегі жылы көп­бе­йінді қалалық ауруханаға 64 медициналық құ­рылғы сатып алу көзделген. Өзге де ден­саулық сақтау мекемелері заманауи медициналық құ­рал-жабдықтармен жарақ­тан­ды­ры­лады. Мұндай оң өзге­ріс­тер ауыл медицинасының талап­қа сай қызмет етуіне жағдай туғызады.

Денсаулық сақтау саласының түйткілді мәселесінің бірі – кадр тапшылығы. Биыл бірқатар тиім­ді шаралардың қолға алынуынан өңірдегі кадр тапшылығы 22 пайызға азайды. Әсіресе жан жадыратар жаңалық – ауылдық жерлерге 131 дәрігер жұмысқа орналасты. Олардың 76-сы – жас маман. Осылайша, бұрын 244 дәрігердің жұмыс орны бос тұрса, енді білікті, жас мамандармен толығып жатыр. Сөз арасында облыстағы медициналық мекемелерде жеті мыңға жуық маманның жұмыс істейтінін айта кету керек. Олардың 1,6 мыңы дәрігерлер болса, алты мыңнан астамы орта буын медицина қызметкерлері.

Осы орайда қабылданған тиімді шараларды сәл таратып айтатын болсақ, дәрігерлерге жайлы пәтерлер мен өмір сүруге қолайлы жатақханалар беріледі. Кей жерлерде пәтер ақысын тө­леуге белгіленген тәртіпке сәйкес көмек көрсетіледі. Ақ халатты абзал жандардың балалары үшін бала бақшалардан орын бөлініп, олардың жұбайларын жұмысқа орналастыру мәселесі де қарастырылады. Міне, осындай әлеуметтік қолдау жас мамандардың бетін ауылға бұрып жатыр. Нақты деректер келтіретін болсақ, өткен жылы облыста жас мамандарға көтерме төлем аудандық, облыстық маңызы бар қалаларда 1,5 миллион теңгеден төленді. Ал ауылдық жерлерде 2,5 миллион теңгеге дейін көбейтіліп отыр. Бұл да ауылға аңсары ауатын жастар үшін көп-көрім көмек.

Облысқа жыл басынан бері 130-дан астам дәрігер келген. Қалаларға отызға жуық маман орналастырылса, 85 маман ел ішінде қызмет етпек. Алпыстан астам дәрігер баспана мен кө­терме қаражат алды. Тағы бір ек­пін түсіріп айта кетерлік жайт, жергілікті бюджет есебі­нен көтерме төлемдерді төлеуге бө­лінген қаражат анағұрлым кө­бейді. Облыстық әкімдік 300 грант бөліп отыр. Резидентура­да оқуға 35 грант қарастырыл­са, облыс орталығындағы Ш.Уәли­ханов атындағы Көкшетау уни­верситетінің медицина факуль­тетінде оқып білім алуға 50 грант бөлінген. Қазіргі уақытта осы факультетте 74 болашақ дәрігер білім алып жатыр.

Орта буын медицина қызмет­керлеріне жергілікті бюджет есебінен 190 грант бөлінді. Әр жыл сайын дәрігерлердің орта­ша жалақысын 30 пайызға, орта медицина қызметкерлерінің жала­қысын 20 пайызға көбейту шара­лары жалғасып жатыр. Қазір дәрігерлердің орташа еңбек­ақысы шамамен 545 мың тең­гені құраса, орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 305 мың теңге төңірегінде.

Осындай бірқыдыру тиімді шаралардың арқасында ауыл медицинасының алпыс екі тамырына қан жүгіріп, толыққанды қызмет көрсету мүмкіндігі туындаса, елдің де берекесі кіріп қалар еді.

 

Ақмола облысы