• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Жоба 11 Қазан, 2024

Жұмыс табуға септесетін платформа

168 рет
көрсетілді

Елордалық жұмыссыз жандарды жарылқаған «Joltap» жобасы «Jumystap.kz» платформасын іске қосты. Жаңа қосымшаға екі ай ішінде 30 мың адам кіріп, оның 7 мыңы тіркелген. Ендеше, бұл бастаманың мақсат-міндеті қандай?

Ұлттық статистика бюросы биыл сәуір айындағы есебінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистр­лігінің жұмыспен қамту орган­дарына 315,6 мың отандасымыз жұмыссыз ретінде ресми тіркелгенін мәлімдеді. Ал жалпы еңбек етуге құлықсыз азаматтар қатары 450 мыңға жеткенін жазды. Көрсеткішті аймақтарға жіктесек, көш басында Алматы, Түркістан, Маңғыстау облысы мен Астана қаласы тұр. Түйткілді мәсе­ленің ушығуына әсер етуші негізгі фак­тор қатарында өнеркәсіптің әркелкі дамуы, ауылдық жерлер­дегі жұмыс орын­­дарының тапшы­лығы, урбанизация бар.

Әйтсе де, мемлекет ел эконо­ми­касының аяғына тұсау болып отыр­ған өткір мәселені жүйелі шешуге кіріскен. Оның бірі – «Joltap» әлеуметтік жобасы. Астанада бұл бастама жаңа мамандықтарды тегін игеріп, өз ісін ашуға, тұрақты жұмыс табуға, ­52 мемлекеттік қолдау шаралары бо­йынша кеңес алуға мүмкіндік береді.

Игі жоба аясында еңбекке ара­ласқан Айбат Мұталов алға­шында мамандардан «Баршаға мүмкіндік» модульдік пунктінде кеңес алғанын айтты. Кейін өзінің «дәнекерлеу» мамандығын жетілдіріп, жыл басында жеке кәсібін бастаған.

– Кеңседе маған газбен дәне­керлеуші курсының оқу үдерісі түсін­дірілді. Оқыту офлайн фор­матта екі аптаға созылды. Жұмыс күндері екі сағаттан тек теорияны ғана емес, сонымен қатар тәжірибе де үйрендік. Іс жүзінде бізге әрдайым кеңес сұрай алатын тәлімгер берілді. Олар сабақта қосылыстың қалай дәнекерленетінін, оттықты қандай бұрыш­пен, қандай жылдам­дықпен жүргізу керек­тігін көрсетті. Нәтижесінде, ма­ман­­дан­дырылған оқудан өтіп, жеке кәсіпті дамытуға күш салдым. Бизнесті ашпас бұрын іштей қатты уайымдадым. Бастапқыда кәсіпорыннан өрт сөндіру гидранттары мен болат тістерге стендтер жасау қызметтерін алдық. Өз ісіңді жүргізуде тәжірибең болмаса қиын екен. Мәселен, кей қызметкер күтпеген жерден жұмыстан кетіп, оларды алмастыратын маман таппай тосылдым. Бірақ мәселе оңтайлы шешілді. Болашақта жоба аясында SMM, есепші курстарын да меңгеруді жоспарлап отырмын, – деді жас кәсіпкер.

Қазір Астана қаласында жұ­мыс­сыздық деңгейі 4,5%-ды құрап отыр. Сондықтан бұл жобаға 18-50 жас аралығындағы кез келген елордалық тұр­ғын қатыса алады. Бүгінде 21 мың аза­мат мемлекеттік қолдау шарасы мен қаланың өзекті жұмыс орындары тура­лы кеңес алып, 16 жұмысшы және цифр­лық дағды жөнінен қысқамерзімді оқудан өткен.

Жауаптылар әлеуметтік бастаманы одан әрі жетілдіріп, арнайы «Jumystap.kz» платформасын жасақтады. Бастама алғаш тамыз айында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің «Joltap» түлек­терімен кездесуінде іске қосылды.

– Сайтқа тек Астана қаласының азаматтары мен бизнес өкілдері ғана емес, тіпті Алматы, Темір­тау, Семей сияқты аймақтардан жұмыс берушілер де қосылып жатыр. Платформаға телефон нөмірін жазу арқылы ғана тір­келуге болады. Қазіргі уақытта сайтта 7 мың адам тіркелген. Яғни әрбір төртінші адам тіркелуден өтеді деген сөз. Бұл – отандық стартап үшін өте жақсы нәтиже. Осынша қолданушының ішінде 1 мыңы кәсіпорын болса, 6 мыңы – жұмыс іздеуші. Жұмыс беру­шілердің ішінде ірі әрі желілік кәсіпорындар да бар. Сайтта жұмыс бойынша 1 100 хабарлама жарияланды. Алайда бұл – осыншама жұмыс орны бар деген сөз емес. Кей кезде бір хабарламаның артында 20, тіпті 200 адамға тапшылық тұрады. Яғни бос жұмыс орны саны – осы 1 100 хабарламадан көп деген сөз. Қоғамдық тамақтану, қызмет көрсету, сау­да сала­ларында қызметкер тапшылығы бар. Онда жұмыс берушілер кемінде 200-ден аса хабарлама қалдырған, – деді «Joltap» жобасының сараптама бөлімінің менеджері Ерасыл Ділдәим.

Оның айтуынша, көбіне қол­дану­шылар кеңседегі жұмысқа, цифр­лық тапсырмалар мен сау­да сала­ларына қызығушылық біл­діреді екен.

– Отандастарымыз сатушы-кассир, бариста, графикалық дизайн, сату менеджері, таргетолог, тігінші, СММ, есепші, жүргізуші, мерчендайзер, күзет­ші, жүк тасымалдаушы сияқты мамандықтарға үндеу қал­ды­рып жүр. Сайттың негізгі мақ­саты – жұмыс берушілер мен үміт­керлерді бір-бірімен тез арада байланыстыру. Осының бәрі адамдардың ыңғайлығы үшін Whatsapp мессенджері арқылы жүзеге асырылады, – деді ол.

Сервистік платформа еліміз­дің барлық азаматына тегін түрде қолжетімді. Негізгі қол­дану­шылар қатарында тұрақты жұмыс іздеуші мен үйден жұмыс істеуді қалайтын азаматтар бар. Бұған қоса уақытша тапсырыс орындаушыны іздейтін кәсіпкерлер де кездесетін көрінеді.

– Бұл платформаның басқа да жұмыс іздеуге мүмкіндік беретін сайт­тардан айырмашылығы бар. Біріншіден, 6 мың жұмыс іздеушінің жартысы – «Joltap» жобасының түлектері. Яғни жұмысқа дайын 3 мың үміткер бар деген сөз. Екіншіден, тек тұрақты жұмыстан бөлек, кішігірім тапсырысты орындайтын маман иелерін табуға болады. Айтпақшы, тапсырыс аумағы шектелмеген. Басқа елден тапсырыстар да қабылданады. Үшіншіден, сіз жұмысты немесе қызметкерді делдалсыз және төлемсіз таба аласыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2025 жылды «Жұмыс­шы мамандықтары жылы» деп жариялады. Осыған байланысты «Jumystap.kz» сайты халық арасында жұмысшы мамандықтарын ілгерілетуге, еңбек құндылықтарын кеңінен насихаттауға, жұмыссыздық дең­гейін азайтуға өз үлесін қосады ­деген сенімдеміз, – деді Е.Ділдәим.

Жаңадан құрылған сайтта күн сайын­ қолданушылар пікірі ескеріліп, оның жұмысы цифр­лық технологиялар есебінен жетілдіріліп келеді. Егер кейбір жұмыс іздеуге мүмкіндік беретін платформаларда алаяқтар кезіге­тін болса, бұл сайтта мұндай хабар­ла­маларға жол берілмейді. Мұны жауап­тылар жіті қадағалап отырады.