• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Білім 11 Қазан, 2024

Шеберлік дәрісін тыңдады

94 рет
көрсетілді

Астана қаласы Әдістемелік орталығының ұйым­дас­­тыруы­­мен №104 мектепте елордалық жас мұғалім­дерге арналған «Ізденіс. Креатив. Шабыт» атты фестиваль өтті. Фестивальға 300-ден аса педагог қатысты.

Биыл алғаш рет ұйым­­­­дас­­тырылып отыр­­­ған игі іс-ша­­ра­­ның мақ­са­ты – жас маман­дарға инно­ва­­ция­лық білім ортасын құру­ға көмек беру, кәсіби дамуы­на ықпал ету. Сондай-ақ педа­гог­тердің шығар­машылық қабілетін, сыни ойлауын, эмоциялық интеллектіні дамыту, заманауи оқыту құралдары мен әдістерін үйрету.

Фестиваль барысында бі­лік­ті пе­да­гогтер мен әдіс­кер­лер «Пе­да­­го­­гикалық өзара әрекет­тес­тік­тегі эмпатия, сыныпта қо­лай­­лы атмосфера құру», «Ideal Ustaz» тақырыбында тренинг өткізді. Іс-шара әрі қарай «Шығар­ма­шылық тәсіл, шығарма­шы­лық­ты сабаққа кіріктіру» «Тап­сыр­малар жасау үшін жасанды ин­тел­лект құралдарын пайдалану», «Дизайндік ойлау», «Оқу үде­рі­сіндегі жасанды интеллект: зама­науи технологиялармен прак­ти­калық құралдар» тақыры­бын­­­да­ғы шеберлік сағат­та­рымен жал­ғасты.

Жобаға бастамашы болып отырған Әдістемелік орталық­тың әдіскер маманы Саят Манар­бек­­ұлының айтуынша, фестиваль жыл сайын жалғасын тауып отырмақ.

– Фестиваль биыл бірінші рет ұйымдастырылды. Бұған тек Астана қаласындағы еңбек жолын енді бастаған мұғалімдер қатысып жатыр. Айта кетейін, осы жылы елордада 423 маман мектепке жаңадан қабылданған. Қалалық мекеме болғандықтан, тек Астана­дағы жас мамандарды қам­тыдық. Ал егер жоба министрлік тарапынан қол­дау тауып жатса, респуб­ликалық деңгейде де ұйымдастыруға мүдделіміз. Жалпы, фести­вальды жыл са­йын ұйымдас­тыруды жоспарлап отырмыз. Өйткені жас мамандарды қолдаудың маңызы зор. Оларға бағыт-бағдар беруіміз керек. Мұғалім білікті болса, білім сапасы да жоғары. Фестиваль аясында жас мамандардың тәжірибе алмасуына, бірлесіп жобалар жасауына ықпал ету арқылы кәсіби қауымдастық құрғы­мыз келеді. Сонымен қатар мұғалімдерге инновациялық педагогикалық тәсілдер мен технологияларды үйрете отырып, өз сабақтарына заманауи оқыту құралдарын, әдістерін енгізуге ынталандыруды мақсат етеміз. Егер мұғалім жаңа идеяларды іске асырып, шығармашылық тұрғыда бел­сенді болса, оқушылардың да білім­ге құштарлығы артады. Мұғалімдердің кәсіби дең­гейін көтеру арқылы елі­міз­­дегі білім сапасын жақ­сар­ту­ға болады,– дейді әдіскер маман.

Іс-шара барысында жас педагогтер Қазақстан Республи­касының еңбек сіңірген ұстазы Күшай Тердікбаевпен TedX форматында сұхбат құрды. Ардагер ұстаз оларға қолдау білдіріп, білім саласын дамыту бағытында ақыл-кеңесін айтты.

Фестиваль соңында жас мамандар осындай пайдалы алаңды ұйымдастырғаны үшін орталық ұжымына, басқа да жауапты мамандарға алғысын білдірді.

Қасым Қайсенов атындағы №27 мектеп-лицейдің ағыл­шын тілі пәнінің мұғалімі Нұралы Орын­­басаров тәжіри­белі ма­ман­дардың жас мұға­лім­­­дерге жа­на­шырлық танытуы аса маңыз­­ды екенін атап өтті.

– Мен осы жылы оқу бітіріп, мектепте еңбек жолым­ды бас­тадым. Сондықтан бұл фести­вальдың маған берері көп. Қам­тылған тақырыптар өте өзекті. Соның барлығын өз тәжірибемде жүзеге асырамын деп отырмын. Тренинг барысында жасанды интеллектінің көмегі туралы айтылды. Қазір соның нәтижесінде жұмысымызды жеңілдетуге болатынын көріп жүр­міз. Бұны оқушы­лар да тиім­ді жағынан пайдалана алады. Мы­салы, мен «Shyraq» деген жасанды интеллект жобасын қол­дана­мын. Мұнда мұғалімдерге керек тақы­рыптың бәрі бар. Әрі бұл – отан­дық жоба, – дейді жас маман.

Ал №79 мектеп-лицейі мұға­лімі Нұр­лан Жолдасбаевтың ай­­туынша, жас мамандар әрда­йым тәжірибе алмасып, білімін жетілдіріп отыруы керек.

– Фестиваль ойдағыдай өтті. Біршама тың ақпарат алдым. Мұғалім үнемі жан-жақты болуы қажет. Бүгінде заман талабы сондай. Әсіресе бірінші бөлімдегі эмпатия тақырыбы қызық болды. Өйткені қазір оқушылармен жұмыс істеу күрделі. Ал мұғалім өз бойын­дағы эмпатия сезімін оятып, яғни өзін оқушының орнына қоя отырып, өзара жақсы байланыс орнатса, сабақ үрдісі жеңілдей түседі. Сондық­тан әрбір мұғалім эмпатия сезімін кәсіби деңгейде жетілдіруге тиіс. Осы алған тәжірибемді алдағы уақытта сабақтарымда қолданамын, – дейді педагог Н.Жолдасбаев.